Блок-бекеттердегі жағдай қандай?
Среда, 29 Апрель 2020 00:25
Шымкенттегі Бозарық 3-ші және 9-шы блок-бекеттегі жағдай қоғам назарын аударды. Дәрігерлер мен полицейлер ауыз сусыз, антисептиксіз жұмыс істеуге мәжбүр. Оған қаламыздағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанындағы арнайы мониторингтік топ мүшесімен бірге жасаған рейд кезінде көз жеткіздік. Карантин талаптарына қайшы жағдайларға қанықтық.
Бозарықтағы 3 блок-бекетте қай күні болмасын халық қарасы қалың. Шұбатылып кезек күткен жеңіл машиналар мен ауыр жүк көліктерінің соңы көрінбейді. Қала кіреберісіндегі блок-бекетке дәрігерлер, «103»-тің мамандары, полицейлер мен әскери қызметкерлер тартылған. Мұндағы әскери қызмет сарбаздары қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етсе, полицейлер бекеттен өтетін автокөліктер мен тұрғындарды қадағалайды. Ақ халаттылар минут сайын өтіп жатқан әрбір тұрғынның денсаулығын тепловизормен тексереді. Сырттай қарағандағы бұл көріністе мін жоқ секілді.
Бірақ бізді күні-түні алдыңғы шепте еңбек етіп жүрген жандардың жағдайсыз күйі қынжылтты. Сала мамандарының қай қайсысы да бір минут та дамыл таппайды. Тікесінен тік тұрып қызмет атқаратын олар 8 сағаттан 3 ауысымда жұмыс істейді. Алайда карантин талаптарын қадағалаған бекеттегі қызметкерлер үшін ауыз су түгілі қол жуатын, жуынатын қара судың тапшы болып тұрғаны таңқалдырды. Антисептик таусылған. Қолғап пен бетперде 3 сағат сайын ауыстырылуы тиіс десек те, ол талаптың орындалуына аталған қорғаныш заттарының дәл осы маңызды учаскеде жетіспей жатқанын қалай түсінуге болады? Бұл аз десеңіз, олардың киім ауыстыратын жайы да қарастырылмаған. Қысқасы, блок-бекетте жұмыс істеп жатқан қызметкерлерге жағдай жасалмағанын көзімізбен көріп, көңіліміз құлазыды. Тек әскерилерге ғана көңіл бөлінген сияқты. Олар үшін палатка тігіліп, тынығатын керуеттер қойылған. Тамақтану уақыты да мерзімімен... «103»-тің мамандарының ахуалы да жүдеу көрінбеді. Арнайы қорғаныш киім, маска, медициналық қолғаппен қамтылған. Былай айтқанда, шағымы жоқ. Әйткенмен әскерилерге арналған палатканың жанындағы полицейлер үшін тігілген палатканың іші жалаңаш. Қара жерде екі матрас қана жатыр. Күні бойы тапжылмастан тұратын 15 полицейдің кезекпен аяқ суытып алуына жасалған бар жағдай осы ғана.
Айтпақшы, екі күннен бері ауа райы ысыды. Сынап бағасы 30 градусқа көтерілді. Күн астында дамылсыз жұмыс істейтін қызметкерлерді ыстықтан шөл қысатыны анық. Адам жанына арашы жандар еріндері кезеріп, өткен кеткен адамдарды журналына тіркеп жатыр. Бекеттегілерді тағаммен қамтамасыз ету қарастырылғанда, ауыз су жеткізу мәселесіне неге мән берілмеген? Әлде сала мамандарының жағдайын қарлығаштың қанатымен су сепкендей болып жүрген еріктілер ғана ойлауы қажет пе?
Орын алып отырған олқылықтарды Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің Қаратау ауданы бойынша мамандары келіп тексеріпті. Ескерту жасап, кемшілікті жоюды тапсырған. Бірақ сонан бері бір апта өтсе де ахуал ешқандай өзгермеген. Мәселе шешімін таппай, аяқсыз қалған.
– Карантин енгізілгелі блок-бекеттерге бақылау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мақсатымыз - жемқорлықтың алдын алу мақсатында заңға қайшы әрекеттерді әлеуметтік желілерге жариялап, құзырлы органдарға жолдаймыз. Шешімді жауапты мамандар шығарады,– дейді Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы арнайы топ мүшесі Дастан
Асқарұлы.
Сала өкілінің сөзінің жаны бар
Бұдан бөлек жүргіншілер мен жүргізушілердің заңға қайшы әрекеті де тыйылмай тұр. Көбісінің рұқсат қағазы жоқ. Берілген анықтамалары жарамсыз. Бірақ бекетке бекітілген қызметкерлер кейбір азаматтардың келеңсіз әрекеттері мен оғаш мінездеріне еріксіз шыдас беруде. Дене қызуын тексерткісі келмей қарсылық танытатын, індеттің көбейгенін дәрігерлерден көріп, дөрекі сөздерге тізгін беретін базбіреулер де кездеспей қалған жоқ.
– Бұлардың аппараты жұмыс істемейд. Өтірік тексереді, – деп тепсінген жігіт ағасының қылығы қынжылтты. Оның денсаулығы үшін алаңдап, тікесінен тік тұрып жұмыс істеп тұрған дәрігерлерге алғыс айтудың орнына орынсыз мінез көрсеткеніне жөн болсын дедік іштей.
Енді бірі «Қалаға тіркелгенмін. Мекенжайым осында. Неге бекеттен өте алмаймын? Екі күн қатарынан келдім, рұқсат қағазымды арқалап. Жаяу жүрмін. Кері қалай қайтамын? Отбасым, балаларым осында», деп ашуға булықты. Аудандардың бірінен келген бұл жігіт рұқсат қағаздың сайтта тіркелетінінен бейхабар. Мұны түсіндіруге тырысқан полиция қызметкерінің сөзіне құлақ асар түрі жоқ.
Жолаушылардың көпшілігі қалаға кіріп шығу туралы талап пен тәртіпті ескермейтін сыңайлы. Тиісті талапты біліп тұрса да оған бағынуды жөн санамайтындары да бар. Тіпті жүргізушілердің кейбірі полицейдің қолындағы планшетте өздерінің рұқсат берілген тіркеуде жоқтығы үшін құқық қорғау қызметкерімен жаға жыртысуға дайын екенін көрдік. Әйтеуір қалай да бекеттен өту үшін өрекпіген жұрт..
9 блок-бекетте де жағдай көңіл көншітпейді. Ара қашықты сақтайтын орын белгіленбеген. Бұл бекеттегілердің де да ауыз суға жарымай отырғанын білдік. Киім ауыстыратын, қол жуатын орын да ескерілмеген. Ал бекет маңында қалаға кіре алмай, айналсоқтап жүргендердің қатары аз емес. Таңертеңнен бері 43 жаяу жүргінші өткізілген. Қуаныштысы, індет жұқтырған адамдар тіркелмепті.
Блок-бекетте болған бірнеше сағатта бірталай заңсыздыққа куә болдық. Әрине, бүгінгі төтенше жағдай ешкімге оңай тиіп тұрған жоқ. Дегенмен заң талабы бәріне ортақ. Ал рейд барысында көз жеткізген жайларды ескерсек, қатерлі дертті ушықтырмаудың жолында жан аямай алдыңғы шепте жүрген дәрігерлер мен тәртіп сақшыларының еңбегі мен жағдайы назардан тыс қалмағаны жөн. Блок-бекеттерге жауапты басшылар ең алдымен осыны ескерулері керек.
Жұлдызшы Нұрғабыл Қозыбай:«Індеттің атын атауға болмайды»
Пятница, 24 Апрель 2020 00:31
Табиғат құбылыстарына болжам жасау ертеден келе жатқан үрдіс. Ауа райының тосын мінезіне алдын ала болжам жасаушылар түрлі тәсілдерді қолданған. Олар пайдаланған затына қарай жауырыншы, жұлдызшы, тамыршы болып бөлінген. Ата-бабадан келе жатқан үрдісті жалғастырушылар арамызда әлі де бар. Олардың бірі – елімізге белгілі ауа райын болжаушы Нұрғабыл Қозыбай. Жуырда жұлдызшымен аз-кем сұхбаттасқан едік. Әңгімеміз жаһанды жайлаған індет, табиғат құбылысын зерттеу жайында өрбіді.
– Елімізде коронавирус індетін жұқтырғандар күннен-күнге көбейіп келеді. Пандемияның шарықтау кезеңі туралы ақпараттар көп. Жалған деректер де толассыз. Сан алуан болжамдарға не айтасыз?
– Қазақ – ырымшыл халық. Қорқынышты нәрсенің атын көбейеді деп айтпайды. Қасқырды да атамаған. Түз тағысын «ит-құс» деп астарлап жеткізген. Сол сияқты, бұл індетті атаудың қажеті жоқ еді. Алайда оны ақпарат көздері ашықтан-ашық жариялады. Әлеуметтік желілердегі қорқынышты хабарлар ел ішінде дүрбелең туғызды. Біріншіден, жаман нәрсе жайлы алыпқашпа сөзді көп айттық. Күні бұрын елімізге келетінін айтып, болжам жасадық.
Екіншіден, биыл – 2020 жыл. Қатар тұрған сандарды біреулер жақсы көреді. Цифрлардың сырын, мағынасын білмейтіндіктен, мұндай жылдың қайтып келмейтінін айтып мақтайды, мақтанады. Дегенмен жыл басталмай жатып, зардабы байқалды. Жиырма санында екі – екеу. Ал қосындысындағы 4 – қауіпті сан.
– Неге? Қазақта 4 саны киелі ғой?
– Ғылымға сүйенсек, әр санның ерекше қасиеті бар. Табиғат заңдылығы мен үйлесім сенімімізге сіңіп, әдетке айналған. Базбіреулер «Мына санға сенбе, оны Алла біледі» дейді. «Күнә, болмайды» деген шектеу қояды. Бұл санның қауіптілігі жөнінде шығыс халықтарының өз тұжырымдары бар. Мәселен, жапондарда 4 саны өлім деген мағынаны білдіреді. Еуропа елдері 13 санын ұнатпайды. Оларда 13-үй, 13-пәтер деген болмайды. Әуекемесінде де 13 цифры көрсетілмейді.
– Жұқпалы аурудан құтылуға қатысты айтылып жатқан кеңес көп. Болжам да жетеді. «Қауіпті вирус қатты ыстықта жойылады» дейді. Шымқалада жаз қалай басталады?
– Иммунитетті сәл жақсартқаны болмаса, ел арасындағы «сарымсақ пен имбирь қорғайды» деген жай сөз. Бұл ауа арқылы тарап, өкпеге ұялайтындықтан тыныс алу жолдарын сақтауымыз қажет. Дәрігерлердің кеңесін тыңдап, карантин талаптарын сақтаған жөн. Ғалымдар үрей туғызған індеттің 35 градустан жоғары температурада жойылатынын айтып отыр. Алдымызда жаз маусымы келе жатыр. Биыл жаз ыстық болады. Ми қайнататын аптап тамыздың ортасына дейін сақталады. Ал коронавирус індеті жаздың алғашқы айының соңында тоқтайды.
– Сәуірдің басында күн суытып, қар жауғаны белгілі. Бұл жылда күн райы қандай болады?
– Соңғы үш жылда Шымкентте қыс қатаңдық танытпады. Көбіне қыс маусымы көктемге қарай созылып кетеді. Наурыздың аяғына, сәуірдің басына қарай қар жауып жатады. Биыл жауын мөлшері жақсы болады. Таулы аудандарда егін, шөп бітік шығады. Сәуірдің 20-нан бастап күн 20-25 градусқа жылиды. Айдың аяғына қарай шымкенттіктер көктемге тән жаймашуақты сезіне алады. Биыл жауын мөлшері көп түседі.
– Карантинде немен айналысып жатырсыз?
– Қазақстанда ауа райын болжайтын екі адам ғана бар деп әзілдейтінмін. Белгілі жұлдызшы Назарбек Қожамсейітов екеумізді біреулер көріпкел деп ойлайтын. Көзі тірісінде ағамызға мұның ғылым екенін дәлелдейік деп ұсыныс айттым. Ол кісі «ата-бабамнан келе жатқан құбылыс дәстүрін құпия ұстаймын. Ешкімге жарияламаймын» деді. Өкініштісі, өзімен бірге табиғатты зерттеудің тылсым құпиясын алып кетті. Қазір ауылдарда күн қабағын білетін қариялар бар. Бірақ олар 5-6 болжам ғана жасайды. Ұзақ мерзімге келгенде тосылады.
Деректерге сүйенсек, Қазақстанда 10 мыңға жуық балгер бар екен. Олар неге ауа райын болжамайды? Себебі табиғаттың тілін түсінбейді, ғылымын білмейді. Табиғаттың сырын ұғу үшін 200-300 болжам жасай білуің қажет. «Қазақтың құпия ғылымы» деген кітабымды жазып бітірдім. Қазір баспаханада терілуде. Редакторы – жазушы, тарихшы Момбек Әбдіәкімұлы.
– «Ауа райын болжау – ата-бабамнан келе жатқан қасиет» дедіңіз. Құбылысты аңғаруды қалай үйрендіңіз?
–Қазақ халқы ертеден табиғатқа етене жақын өскен ғой. Ауа райын күн қабағына, жан- жануарлардың тыныс-тіршілігіне қарап болжағаны белгілі. Өзен, көлдің суы тартылатынын, молаятынын, жайлаудың шөбі шүйгін, тақыр болатынын күн ілгері байқаған. Күн қызарып батса, ыстық болады. Даланың күні жылитын болса, шегіртке шырылдап, бақа құрылдайды. Сиыр 2-3 күннің, түйе 2-3 айдың, қой жарты жылдың, жылқы бір жылдың ауа райын болжайды. Ай туар алдында табиғат заңы бойынша 3 күн қабағы бұзылады. Атам Қозыбай табиғаттың тілін жақсы білетін. «Өліара жақындады, тоғыс келіп қалды. Күн райы бұзылмай тұрғанда қораны жөндейік» дейтін. Бала болғандықтан мағынасына түсінбейтінмін.
Бір күні әкем Уақтан құлағыма тосын естілетін сөздердің мағынасын сұрадым. Ол өліра, тоғыс алдында туатын айдың өзгерісін айтып берді. Кейін айтылғанболжамдарды бақылап көрдім. 7-8 сыныпта оқып жүріп, алдағы ауа райының қандай болатынын біліп, табиғат тылсымына қаныға түстім.
Сол уақытта жарық көретін «Білім және еңбек» журналын жаздырып, оқыдым. Басылымдағы ғалымдардың зерттеулері мен еңбектерін бас алмай оқыдым. Түрлі болжамдарды жинадым. Сөйтіп болжау жағынан әкемнен озып кеттім. Әкем бір айдың ауа райын білсе, мен бір жылға жорамал жасайтын деңгейге жеттім. Бір күні кластастарыммен табиғат туралы әңгімелестік. Мен «ертең жаңбыр жауады» дедім. Олар маған сенбеді. Айтқанымдай ертеңіне жауын жауды. Сыныптастарым жорамалымның дәл келгеніне таңғалды.
– Әрі қарай ғылымға ден қойдыңыз ба?
– Несін айтасыз, ғылымға қатты қызықтым. Әйтсе де, оқуға түсе алмадым. Алғаш рет «Оңтүстік Қазақстан» газетіне болжамдарымды жолдадым. Редакциядағылар «Ауа райын қайдан білесің? Жорамалың сәйкес келмесе бізге сөз келеді»деп баспай қойды. Мұнан бетім қайтқан жоқ. 1989 жылы «Білім және еңбек» журналының екі бетіне ғылыми еңбегім шықты. Аз ғана уақытта аты-жөнім елге танылды. Тіпті совхоз директоры жұмысқа шақырды. Ұсынысқа ойланып жүргенде журналдан хат келді. Зерттеу еңбегім академиктерге ұнап, редакцияға жолығуға шақырыпты. Ойланбастан Алматыға тартып кеттім.
Басылымдағылар мені көріп таңырқады. «Жас екенсің ғой. Ауа райын қалай білесің» деп аң-таң қалды. Сол жолы академик Әбуали Қайдармен кездестім. Ол кісі «Қазақтың мақал-мәтелін жинадым. Ауыз әдебиетінің жанрлары толық зерттеліп бітпеді. 50-ге жуық жинаған ауа райы болжамдарым да бар» деді. Академик менің журналист болғым келетінін біліп, филология факультетіне оқуға кеңес берді.
Ертеңіне ғалымдардың конференциясы өтті. Мен баяндама жасадым. Ешкім еңбегіме қарсы болмады. Бәрі қолдады. КазГудың филология факультетіне оқуға қиындықсыз түстім. Күндізгі бөлімде оқып жүріп, болжамдарым «Оңтүстік Қазақстан» газетіне басылып тұрды. Кейін қызметке шақырғасын, оқуымды сырттай бөлімге ауыстырдым. Облыскомның жанынан ғылыми кеңес беру бюросында, облыстық ауылшаруашылығы ғылыми кеңес беру экономика бюросында қызмет істедім. Нарық жылдарында бизнеске кеттім.
– Өкінішіңіз жоқ па?
– Өкінбеймін. Әр салада бақ сынаған, тәжірибе жинаған дұрыс.
– Тышқан жылынан қандай ерекшеліктер күтуге болады?
– 2020 жылы пандемияға байланысты аздаған экономикалық дағдарыс болады.
– Алдағы қыс қатты болмай ма?
–Жоқ. Себебі, жер бетіне дүниежүзілік жылыну келді. Мұнан соңғы жылдары қыстың болмағанын білесіздер. Зауыттардан шыққан түтін, автомобильдерден бөлінген көмертек жердің шамадан тыс жылынуына әкеліп соқты. 1975 жылдары қар тізеден жауатын. Боран мен желден үйілген қардың биіктігі 30 метрге жететін. Қазір мұндай қар түспейді. Жердің 0,3 градусқа жылынғанын ескерсек, 10 жылда қыстағы сынап көрсеткіші 3 градусқа жоғарылайды. 50 жылдан кейін жер беті 15 градусқа күрт жылиды екен. 50 жылда суық ауа +5 градуспен алмасады. Бұл температурада жерге қар түспейді. Яғни алдағы 50 жылда Шымкентте қыс болмайды.
– Әңгімеңізге рахмет!
Өз өзіңді оқшаула
Пятница, 17 Апрель 2020 02:06
Жұқпалы індет тарағалы «103» қызметінің жұмысы күрт көбейді. Төтенше жағдай енгізілгеннен соң ең алдымен жауапкершілік осы сала мамандарына жүктелді. Жедел жәрдем стансасының бекеттеріне күніне 2500-ден астам қоңырау келіп түседі.
Тәулігіне 1500 адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіледі. Айта кету керек, күн сайын денсаулығына шағымданып, хабарласатындардың саны бұрынғыдан еселенді. Олардың көкейінде жаһанды жайлаған кеселді жұқтырып алдыма деген алаңдаушылық басым. Ал орталыққа қоңырау соққан науқастардан алдымен аурудың себеп-салдары сұралады. Туыстармен қарым-қатынасы тексеріледі. Сонан кейін шақырту санаты анықталады.
– Көбісі басы ауырып, жөтелсе, дене қызуы көтеріліп, жайсыз сезінсе ауру жұқтырдым деп үрейленеді. Хабарласқандардың 30-40 пайызы коронавирусқа қатысты сауал қойып, кеңес сұрайды. Қазір тыныс жолы ауруларының артқаны байқалады. Шақыртулардың ішінде қан тамыр аурулары, инсульт, инфарк сырқаттарының саны өскен, – дейді оперативті бөлімнің диспетчері Сымбат Маханбетәлі.
Сын сағатта қатерге қарамастан жедел жәрдем бригадасының дәрігерлері науқастарға көмек көрсетуге әрқашан дайын. Оларға басы ауырып, балтыры сыздағанның бәрі туысындай. Кеселмен бетпе бет келсе де, мамандар алдыңғы шепте белсенді жұмыс істеп жатыр. Мұнан бөлек, төтенше жағдайда құлау, жол-көлік оқиғалары көбейген.
Қазір «103»-тің мамандары шұғыл шақыртулардың бәріне қорғаныш костюмдерімен барады. Талапқа сай бет, қол, көздің бәрі жабық болуы керек. Медициналық қорғаныш киімдері қалың резинкадан жасалған. Ішіне ауа кірмейді. Қуаттағыш арқылы берілетін оттегі 8 сағатқа жетеді. 3 қабатты бетперде, індеттен қорғаныш костюмі жұқпалы ауру болмаса, бір тәулікке киюге жарайды. Ал 3 қабатты маска мен медициналық қолғап 3 сағат сайын ауыстырылып тұруы тиіс. Егер індет жұқтырған науқасқа баратын болса, онда киілген арнайы костюмдер шақыртудан кейін шұғыл ауыстырылады.
Қала бойынша 10 жедел жәрдем бекеті, 100 бригада бар. Мұндағы мамандардың бәрі өз қызметін жақсы біледі. Коронавирус індетін жұқтырған адамдарды жедел жәрдем бригадасы арнайы медициналық стационарларға тасымалдайды.
Қалалық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Гүлнар Құрманбекова шымқалалықтарды карантин талабын қатаң сақтауға, үйден сыртқа шықпауға шақырады. Оның айтуынша, қауіп әлі сейілген жоқ. «Ауру жоқ» деп бей-жай қараған тұрғындардың бейқамдығынан індеттің ілмегіне іліккендер саны 15 сәуірдегі жағдай бойынша 43 адамға жетті.
– Көктем мезгілінде созылмалы аурулар бас көтереді. Ескі сырқат асқынады. Әзірге шақыртулардың ішінде коронавирусқа шалдыққан науқастар жоқ. Әйткенмен адамдар бұл кеселдің қауіпті екенін түсінбей жүр. Карантиннің мәні жауапкершілікте екенін ұғынуымыз қажет. Барынша оқшауланып, сіз бен біздің ет жақындарымыздың амандығы үшін бей-жай қарамауға тиіспіз. Өзіңді қорғаудың жолы үйден шықпау, – дейді №2 бекет меңгерушісі
Эльмира Тасбауова.
Айта кетейік, Үкімет басшысы тағайындаған үстемақы шымкенттік 1290 медицина қызметкеріне берілді. Оның ішінде жедел жәрдем стансасының бекеттерінен 129 дәрігер, 668 фельдшер, 421 жүргізуші сыйақы алды.
Қаладағы карантин уақыты 1 мамырға дейін созылды. Төтенше жағдайдың сәтті аяқталуы өзіміздің жауапкершілігімізге байланысты. Дәл қазір үйде отырсақ, вирус жұқпайтыны анық. Біз қауышармыз, жолығармыз. Оған дейін бір-бірімізден алыста болған жөн. Өз-өзіңді оқшаула. Қоғамдық орында бетпердеңді ки. Сонда елді дүрбелеңге салған дерттен аман боласыз, дейді дәрігерлер.
Орамал – өмірлік аксессуар
Пятница, 17 Апрель 2020 02:01
Ақын Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған Нұрғиса Тілендиевтің «Әже туралы» әнінде «Менің жаным жаулығыңа түюлі» деген сөз бар. Танымал әннің мәтініне қарап, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде орамалдың рөлінің маңыздылығын байқауға болады. Аналарымыздың арындай болған жаулықты дәріптеу мақсатында әлеуметтік желіде «Орамалды ару» челенджі кеңінен тарап кетті. Өңірлердегі қыз-келіншектер ә дегеннен бір-бірін қолдап әкетті. Аз уақытта желі беті көз жауын алатын жаулықты жандардың фотосына толды.
Иә, орамал тағу – салт-дәстүрдің бірі. Кешегі ата-әжелеріміз ақ жаулықты құрметтеді. Әдебін сақтады. Ұлттық болмысын ұмытпады. Орамалды қыз-келіншек отбасылы адам екенін аңғартады. Ана екенін, адал ниетпен аттаған шаңырағы бар екенін білдіреді. Осыдан оның қадір-қасиетін ұғуға болады. Алайда орамал сәннен қалған емес. Ол – өміршең аксессуар. Кез келген киіммен үйлесімді. Сәндеп тағудың да түр-түрі бар. Шалма қыласыз ба, тюрбан ретінде көресіз бе, еркіңіз. Қазақ әйелі қашанда орамалсыз жүрмейді. Игі дәстүрді отбасында қалыптастырған жандардың әдемі үйлесімділігіне сүйсінесің. Тәубе дейсің.
Орамалды келіншек
Желіде эстафетаны жалғастырған Аяулым Тастанбектің сұлулығына ажар берген орамалы көпті сүйсінтті. Келбетімен үйлескен жаулық талай нәзік жандының қызығушылығын тудырды. «Маған жараспайды», «Басымда тұрмайды», «Сусып түсе береді», «Таққым келмейді» деген келіншектер оған сырттай қызықты. Аяулым орамалды насихаттаудан жалықпайды. Мерекелерде өмірлік аксессуарды сыйлап, құрбыларының көңілін көтеріп қоятыны бар. Екі баланың анасы қазір орамал тағудың хас шебері. Гардеробында түрлі-түсті ұлттық брендтің сан түрі бар.
– Ақ жаулықты жақсы көремін. Сәндеп тағуды қыз-келіншектерден үйрендім. Қазір түрлендіріп қолдану хоббиіме айналды. Бұрынғыдай емес, орамал тағатын келіншектер көбейіп келеді. Әлеуметтік желілерде сәнді тағуды үйрететін парақшалар мен видеолардың көбеюі қуантады. Ежелгі шығыс, араб стилімен ұштастырып, заманауи үлгіде тағылатын түрлері көп. Қалауыңа қарай, үлгісін аласың. Біріншіден, жалаңбас жүргенше орамалмен жинақы көрінесіз. Екіншіден, орамал әрбір келіншек пен әйелдің ары мен сәні. Керек десеңіз, тартып жүруге міндетті киімі, – дейді Аяулым.
Дәстүрлі ұлттық бренд
Орамалды ұнатпайтын нәзік жанды жоқ. Күнделікті өмірде тартпаса да, қонаққа, асқа барғанда іздейтіні анық. Құран оқылған жерде әйел адам жалаңбас отырмайды. Несін айтасыз, базар нарығында бұл тауардың түр-түрі бар. Қалтаңның шамасына қарай сатып аласың. Десе де, ұлттық бренд кәсіпке айналды. Әнші Роза Әлқожаның орамалын қалада былай тұрсын, ауыл-аймақтағы қыз-келіншектер қолдан-қолға тигізбейді. «Мен сыйға тартқан орамал» дүкендер желісі еліміздегі облыс орталықтары мен қалаларда жұмыс істейді. Сөйтіп, орамалды ауыл әйелдері ғана тағады деген ұғым санадан көмескілене бастады. Себебі, қалалық нәзік жандылар да өмірлік аксессуарға біртіндеп бет бұруда. Әншімен қатар, шымкенттік Мариям Еркінбекова орамал бизнесін дөңгелетіп отыр. Көпбалалы ана алдымен жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, 3 айлық тігіншілік курсты оқыпты. Сөйтіп тігіншілік кәсіптің қыр-сырын үйренеді. Атамекен Палатасының «Бастау Бизнес» бағдарламасы арқылы 505 мың теңге грантты ұтып алады. Биылдан бастап, орамал, тюрбан тігуді қолға алды.
– Алғашқыда жұмыс бастау оңай болған жоқ. Келушілердің назарын әлеуметтік желілердің көмегі арқылы (mariam_turbans) тарттым. Сөйтіп алушылардың қатарын жинадым. Қазір кәсібім жайлап дамып келеді. Көбіне сұраныс қала аумағындағы қыз-келіншектерден түседі. Өзге өңірлерден қызығушылық танытып жатқандар да бар. Ауылдарда қазақы ұлттық нақыш жақсы сақталған. Той көйлектерінен гөрі, камзол, көйлекті орамалдармен үйлестіріп алады, – дейді Мариям Әбибуллақызы. Шебердің қолынан шыққан отандық өнімнің қай-қайсысы да әдемі. Өзі тігеді. Өзі гүл өрнегін салып, түрлі ою-өрнекпен көмкереді. Мариямның инстаграм парақшасында тюрбанның 50-ге жуық түрі бар. Бағалары да қолжетімді. 2000 теңгеден басталады. Сапалы матадан жасалған аксессуарлар жас келіндердің басында желбіреп жүр. Орамал жараспайтын әйел бола ма? Мариям карантин біткен соң шашақты, ою-өрнекті, таспен көмкерілген үлкен орамалдар тігуді қолға алмақ.
Иә, орамал тағудың өзіндік ұстанымы бар. Ақ түсті орамал қуанышты, жақсылықты білдірсе, қара түс қасіретті байқатқан. Ең бастысы, жаулық сыйлық, жол тарту ретінде маңызды рөл атқарады. Сондықтан «Орамал тонға жарамаса да, жолға жарайды», «Орамал тон болмайды, жол болады», – деген сөз қалған.
Өміршең аксессуар
Қазір орамал тағудың әдісі көп. Беті толықша келген қыздарға кез келген орамал жарасады. Көбіне қыздар реңіне, түсіне қарай таңдайды. Беті сопақ бойжеткендер шаштарын түйіп немесе шашының көлемін үлкейтіп тақса болады. Сосын кекіл түсіріп, тақса да жарасады.
– Орамал тағу жоғалды дегенге келіспеймін. Мұндай өмірлік аксессуар шаш үлгісін қажет етпейді. Салонға баратын уақытты үнемдейсіз. Кез келген киімге үйлестіріп таққан орамал сіздің ажарыңызды ашады. Ал, орта жастан асып, немере сүйіп отырған апаларымыз бен самайын ақ шалған әжелеріміздің жалаңбас жүргенін көргенде ыңғайсызданамын. Әйелдер қауымы ортаның ықпалымен кеткендей. Шашын бұйралап, орамалсыз жүреді. Жас қыздарға шашты жайып жүру де сән. Десек те, жасымыс әйелдер үшін бұл үлгі ерсілеу дер едім,– дейді стилист Гүлмира Темірова.
«Әйел орамал тақпаса арын ұмытады, күйеуінің барын ұмытады, шашы тамаққа түседі, үйіне келген қонақтың назары түседі», – деген сөз бар. Шындығында әйел адамның жалаңбас жүруі көзге қораш көрінеді. Медицина саласы да өмірлік аксессуардың нәзік жандыларға пайдалы екенін айтады. Мамандардың мәлімдеуінше, әйелдер жерден қуат алады. Содан болса керек, әйелдің шашы ауадағы шаң-тозаңды жинайды. Ал ашық-шашық киім ағзада гормон жүйесінің бұзылуына әкеліп, жыныс мүшелеріндегі қатерлі ісік және өзге де ауруларға жол ашады.
Түйін.
Орамал тағу қазақ әйеліне ғана тән үрдіс емес. Түркі тілдес
халықтар да орамалды қастерлеп, пайдалана білген. Демек, өмірлік аксессуардан үркуге не тосырқауға негіз жоқ. Ол – өміршең. Ол қайталанбас дүние. Қай кезде де құндылығын жоғалтпайды. Қысқасы, ақ жаулық жамылған аналарымыз бен орамал таққан келіндеріміз азаймасын.
АЛЛЕРГИЯ алаңдатып тұр
Среда, 08 Апрель 2020 05:50Ауру айтып келмейді. Дегенмен кейбір аурулардың белгілі бір маусымға қарай бас көтеретіні, өршитіні болады. Айталық қазір аллергияның қозатын кезі. Түшкірініп, пысқырынатын бұл кесел көп адамда кездеседі. Көз қышиды. Мұрын бітеледі. Дем жетпей, дегбір кетеді. Десек те, түшкірсе болды, өзін «аллергиямын» деп диагноз қоятындар бар. Сөйтіп өз бетінше ем-шараға кірісетіндері де аз емес.
Денсаулығыма қауіп келеді деп ойламайды. Дәрінің де, инъекцияның да түр-түрін сынақтан өткізеді. Өкініштісі сол, аллергияның дәріден соң өршитінін ескере бермейді. Ауру белгілері қатты байқалғанда ғана сан соғады. Дерт меңдеп, жанына батқанда ғана дәрігердің есігін қағады. Осыдан келіп «Аллергиядан жазылуға бола ма?» деген сауал туындайды.
Қала тұрғыны Ақжібек Мұстафина жыл сайын көктемді мазасыз қарсы алады. Маусымды дәрі қабылдап, екпе салғызумен өткізеді. 37 жастағы келіншек 14 жылдан бері аллергиямен ауырады. Кесел басталғанда оның алғашқы сәбиіне аяғы ауыр болатын. Ол аллергияның алғашқы белгісін «салқын тиді» деп елемепті. Босанғасын аурудан айыққандай болған. Бірақ көктем шыға жағымсыз күй қайта басталды. Шарасы қалмағасын аллерголог маманнан кеңес алды. Дипроспан салдырды. Бірақ антибиотиктің әсері көпке бармады. Амалы қалмаған Ақжібек дәрігер іздеп табанынан таусылды. Аллергия үшін маманның нұсқауынсыз жасамаған шарасы жоқ. Құрбысының кеңесімен түрлі компаниялардың шөп дәрісін ішті. Небір дәруменді қолданды. Әдепкіде сәл-пәл тәуір болады. Сосын ескі кесел қайтадан «әдетіне» басады.
НЕДЕН ПАЙДА БОЛАДЫ?
Дәрігерлер маусымдық аллергияның уақытша кесел екенін айтады. Бірақ ауырған адамның арқасын кеңге салуына болмайды. Он жыл бұрын дүниежүзілік ғалымдар «ХХІ ғасыр - аллергия ғасыры» деп дабыл қақты. 2020 жылдары жер шарының әрбір бесінші тұрғыны аллергиядан зардап шегеді деп болжады. Әзірге дерек пен дәйектің шындығына көз жеткізген ешкім жоқ. Десе де, шымкенттік дәрігер Гүлсім Байділдаеваның айтуынша, ауаның ластануы, сапасыз тамақтану, дене қимыл қозғалысының шектелуі, жүйке жүйкесінің әлсіреуі бүгінгі аллергияның себеп-салдары болып тұр. Қазір бұл кеселдің түрі көп. Алайда ғылыми тұрғыда толық дәлелденбеген. Ғалымдардың мәліметі де әралуан. Бірі – 400-ге жуық десе, бірі – 4 мыңдай дейді. Ал сәуір айы басталғалы маусымдық аллергия белең алды. Жоғары санатты дәрігер Гүлсім Мүсірепқызы адамға өсімдіктің бәрі кері әсер бермейтінін алға тартады. Біреу жусаннан, енді біреу түрлі өсімдіктің тозаңынан аллергия болатын көрінеді.
– Қазір шетелдік жеңіл фаст-фуд өнімдері, газдалған сусындар көп. Мұның бәрі негізінен адам ағзасына қауіпті. Адамның өңеш, жұтқыншақ, асқазанынан бастап ішкі рецепторлар бар. Ол жағымсыз нәрсе барғанда тітіркенеді. Ұшық шығады немесе дене бөртіп, аллергия береді. Яғни ауру ішкі ағзаның ластануынан өршиді. Тіпті үйде жүретін жәндіктер де ауру көзінің ошағы болып табылады. Біреулер «шөпке жақындаған жоқпын, бірақ сауылған малдың сүтін ішемін» дейді. Үй жануары да сол көк шөпті жейді ғой. Біздің климатымыз құрғақтау. Біреулер ауа алмастырғанда аллергиядан құтылдым деп ойлайды. Бірақ одан көмек бола бермейді. Көкөністер мен цитрустық жемістер, кондитерлік тәттілер де бұл дертке себеп болады. Себебі көкөністің дені дәрінің, гербицидтің көмегімен өседі. Ал тыңайтқыштарды шамадан тыс қолдану адам ағзасына зиян. Балалар арасында да аллергия алаңдатарлық жағдайға жеткен. Диатез көп. Балаға тағам жақпаса, денесі бөртіп шығады. Ондайда әлгі жақпайтын тағамды тұтынуды шектеген жөн, - дейді жоғары санатты дәрігер Гүлсім Байділдаева.
ТҰҚЫМ ҚУАЛАЙДЫ...
Мамандардың айтуынша, аллергияны ерте бастан анықтаған жөн. Өзіне диагноз қойып, дәрігердің рұқсатынсыз дәрі-дәрмек қабылдау кеселді күшейтеді. Соның салдарынан ауру ұлғаяды. Дер кезінде емделмесе, ол демікпеге айналады. Айта кету керек, аллергияның тұқым қуалайтын сипаты да бар. Егер анасында аллергия болса, ауру балаға 25 пайыз беріледі. Ата-анасында болса, 50 пайызды құрайды екен. Бірақ бұл аллергиясы бар ата-ананың барлығының баласы осы кеселге кезігеді деген қисын емес. Ол адам иммунитетінің мықтылығына байланысты екен.
Дәрігерлердің йтуынша, аллергияны бойға дендетіп келетіндердің қарасы көп.
– Емханаға осы сырқат түріне шағым айтып келетіндер көп. Олардың арасында үлкен кісілер де, балалар да бар. Біз нақты аллергия бар ма, әлде суық тиді ме, алдымен соны анықтаймыз. Соған орай, ем-шара жүргіземіз. Науқастарға симптоматикалық, яғни уақытша көмек береміз немесе АСИТ (Аллерген-спецификалық иммунотерапия) арқылы емдейміз. Бұл аллергияға деген сезімталдықты төмендетеді. Негізінен, бұл ауруды қыста емдеген жөн. Емдеу шараларының барлығы медициналық мекемеде әрі аллергологтардың бақылауымен өтуі тиіс, - дейді дәрігер.
Кеселдің алдын алу үшін аллергологтар саламатты өмір салтын ұстануға, газды сусындар және тез дайындалатын тағамдардан бас тартуға кеңес береді. Ал кей тағам түрлеріне сезімталдығы барлар гиппоаллергендік диета сақтауы қажет. Жүкті әйелдер дұрыс тамақтанып, аяғы ауыр және емізіп жүрген уақытта дәрі-дәрмек қолдануды шектегені жөн. Аллергиясы бар адамдар құс қауырсынынан жасалған жастық, жүннен тоқылған киім, төсеніш, жұмсақ ойыншықтардан бас тартқаны дұрыс.
Ал шаң-тозаңға аллергиясы барлар ағаш гүлдеген кезде ол маңға жоламағаны жөн. Шаң-тозаң киім мен шашта жиналатындықтан, киімді жиі ауыстырып отырған дұрыс. Сырттан келген соң, душ қабылдаған жөн. Бөлмеңізді жиі желдетіп, күн сайын 2-3 рет тазалап тұру керек. Егер аллергия белгісі байқалса, міндетті түрде маман дәрігерге қаралыңыз.
Қазір қалада сала мамандарының жетіспеушілігі байқалмайды. Алайда аурудың өршуіне байланысты аллерголог маманға сұраныстың артатыны анық. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша бұл кесел соңғы 30 жылда әлем бойынша ең жылдам тарап бара жатқан дерт түріне айналған. Қазір денсаулық министрлігінің созылмалы аурумен ауыратын адамдарды емдеп, сауықтыру керек деген сөзінің жаны бар. Өйткені аллергия жылдан-жылға көбейіп отыр.
Мұхтар ШЕРІМ: «САТИРА САРАЙЫН САЛАР ЕДІМ!»
Среда, 01 Апрель 2020 06:56Мұхтар Шерім- қазақ сатирасындағы танымал тұлғалардың бірі. Оқырман оның әдемі әзіл, уытты әжуә, өткір қалжыңмен шымшылайтын шығармаларын іздеп жүріп оқиды. Көңілді күлкісін көмкеретін сатира снайперінің тілі семсер. Қаламы қуатты. Қай кезде де әзіл-сықақтың сағын сындырмайды. Нысанаға алған дүниесіне дөп тиеді. Интермедиялары әзілдің әрін, сахнаның сәнін келтіріп жүрген сықақшымен сұхбатымыз күлкі күніне орайлас келіпті.
– Мұхтар аға, бүгін – Күлкі күні. Сатираның сардары ретінде осы мерекенің тойланбауына ренішіңіз бар сияқты?
– Шынымды шымшылап айтсам, біздің елде мереке көп. Тойшыл қазақпыз ғой. Энергетиктер, мұнайшылар күні дейміз бе, осындай мейрамдардан көзіміз сүрініп, кірпігіміз жер тірейді. Ал, жылына бір келетін Күлкі күні ресмиленбеген. Десек те, бұл күнге қолдау көрсетіліп, сатириктер марапатталып, әр түрлі іс-шаралар өткізіліп жатса, оның несі айып?
Сатира да халыққа қызмет етеді. Кемшіліктерді кеңірдектен алып, оны келемеждейді, әшкерелейді. Астары бар әзіл-қалжың ойсыздарға ой салады, жетесіздерді желпіндіреді, сіркесі су көтермей жүргендерге қуаныш, шаттық сыйлайды. Олай болса, «жай Күлкі күні ғой» деп елеусіз, ескерусіз қалдырмай, күлкінің де қуатты қару екенін ескерген жөн дер едім. Мәселен, ақындар айтысы қалаған уақытында өтеді. Ал, жыл он екі айдың басқа күндерінде сатириктерді бәрі ұмытып кетеді. Осы жағы мені қынжылтады. Оларды «сынағыш, мінегіш» ретінде бағалап, көлеңкеде қалдыра салатындары да жасырын емес.
– Әлемді жайлаған, елімізді де алаңдатқан коронавирус кезінде немен айналысып жүрсіз?
– Тәртіпке бағынған оқушыдай үйде отырмын. Аты өшкір індетке деген ызамды сықақ арқылы білдіріп жатырмын. «Қорықпа қатын!» «Коронавирус, кетші әрі!» сияқты сарказм уытына суарылған дүниелерімді әлеуметтік желілерге жариялап қоямын. Уайымға салынған оқырмандарымның көңілін көтерсем деймін ғой. Біреулер: «Мынадай қиын жағдайда күлудің керегі не?» деп тыржиюы мүмкін. Тыржиғандарға ыржиямын. «Екінші дүниежүзілік соғыста да, окопта да күлкі болған. Небір анекдоттар айтылған. Солдаттар әзіл-қалжыңмен бірін-бірі қағытып, көңіл көтерген басылымдарда фашистерге арналған сатиралар, карикатуралар жарық көрген. Демек, коронавирусты келемеждеуге, сойып, іреп, бәйтеректің бір бұтағына іліп қоюға қақым бар. Құдай алапаттың бетін ары әкетсін, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!
– Шымкент күлкісі бренд деп едіңіз? Өзіңіз мұрындық болған «Күлкі жәрмеңкесі» соңғы жылдары саябырсып қалды...
– Оның рас. «Күлкі жәрмеңкесін» сонау 1986 жылы ұйымдастырдым. Әрине, менде қаражат қайдан болсын, облыстық мәдениет басқармасының қанаты астында зыр жүгірдім. Халықаралық әзіл-сықақ фестивальдерін өткіздік. Ол кезде жалындаған жас едім. Сатира үшін тиынсыз тегін жұмыс істедім. «Шаншардың» Уәлибегі бірде: «Күлкі жәрмеңкесін» 20 жыл сүйреледім» дегенде, көзінше: «Інім-ау, «Күлкі жәрмеңкесінің» әкесі мен ғой, сен кейін келген шешесісің! Осы сенің ішің бір бөлмелі пәтер сияқты, ішің тар, сәл кеңейтсеңші? Жүсіп екеуіңді Алматыға апарып, «Тамашаға» танытқанымды міндетсінбеймін, бірақ пойызда келе жатып, «Шаншар» бола ма, басқа бола ма, театр ашайық, сендер ойнайсыңдар» деп қол алысқан едік. Кейін ұмытып кеттің, театрыңның 25 жылдығында атымды атауға да қорықтың, өйткені, шындықтан қорқасың, ә?» деп әзілмен әрлеп, назымды жеткізгенім бар. Менің жаман әдетім, бетке былш еткізіп айта саламын. Уәлибекке рахмет, ағалап, арқамнан қағып, әңгіменің ауанын басқаға бұрып жіберді. Қасында отырған жас жігіт түкке түсінбей қалды. Шынында, «Күлкі жәрмеңкесі» соңғы жылдары өтпей қалды. Оған кінәлі әр жылдары басқарған мәдениет басқармасының басшылары, олардың күлкіге күңкілмен қарайтындығында болса керек.
– Сатира – күрделі жанр. Бұл салаға келуіңізге не себеп болды?
– Ақындар айтады ғой: «Анамнан туыла сала өлең жазып кеткендеймін» деп. Осылай әзілдесем де, сегізінші класта оқып жүргенімде тұңғыш рет «Әлиманың әлегі» атты әзіл әңгіме жаздым. Ол аудандық газетке жарияланғанда, қуанғанымды көрсеңіз! Ауылға аудан орталығынан Әлима есімді жынды кемпір келіп тұратын. Әжемнің көйлегін, камзолын киіп, сол кемпірдің кейпіне түсіп, ауылдасымыз Зебершенің үйіне барайын. Даусымды өзгертіп: «Зеберше қайда? Ол мені тастап кетті. Менің аяғым болса ауыр, күйеуің ұятсыз екен!» дегенімде, әйелінің түрі бұзылып кетті. Сол күні Зеберше көкем әйелін үйді айналдыра қуып жүргені есімде. Сол күні марқұм әкемнің «Бұлай әзілдеуге бола ма? Қонаққа шақырып, түсіндірейік!» деп ренжігені бар. Қой сойып, Зеберше көкемді әйелімен шақырдық. Мен кемпір киімін киіп келгенде ғана, Зеберше көкем тістерін ақсита күлгені. Осы күлкісі санамды сызғылап, шабытымды шарықтатып жіберді. Етпетімнен жата қалып, «Әлиманың әлегін» жазып шықтым.
– Айтқандай-ақ, жеке театр аштыңыз, құтты болсын! Идея неден туындап еді?
– Ойымда театр ашу болған жоқ. Ақтөбе қаласында «Екі езу» сатира театрының жетекшісі, сатирик Нұрлыбек Жұбатқанмен шығармашылық байланыстамын. Бірде ол: «Аға сатираңызды театрлар жиі орындайды. Мәселен «Шаншар» Үбәнді алып шықты. Алдараспан «Еуро моланы» бұрқыратты. Неге өзіңіз театр ашпайсыз?» деді. Күтпеген ұсынысқа ойланып қалдым. Нұрлыбек менің шабытымды қамшылады. Шынында да интермедиялар іздемеймін. Біреуге жазшы деп жалынбаймын. Мұның бәрі қиялымдағы қызықты жобалар ғой. Күн сайын сатиралық әңгімелер жазамын. Сонан идеяның июін қандырып, театр аштым. Алғашқыда атауы «Сүзеген сөз» еді. Кейін «Мистер Мұхтар» деп өзгерттім.
Бұл айтуға оңай болғанымен, қиын шаруа екен. «Ойбай, талантым таудай, тас шайнап, құм түкіремін!» дейтін қыз–жігіттер келіп, бағын сынап жатты. Бірақ әзілге ебі, сатираға себі жоқтар көп екен. Жыл бойы кастинг жариялаумен келдім. Биыл қаймақтарын сүзіп алдым. Қиындыққа төзе алмағандары, ойнай білмейтіндері ойланбастан өздері хош айтысты. Әрине, «Көш жүре түзеледі» деген бар. Бізде әлі жарнама жоқ. Енді етек жеңімізді жинап жатырмыз. Сосын, сатира театры тек күлдіре беру керек деген ұстанымға қарсымын. Сатиралық театр от басы, ошақ қасын айналшақтамай, әлеуметтік мәселелерді қаужау керек, көрерменін ойландыруы тиіс. Бекжан Тұрдыбаев, Рахат Батырхан, Нұрзат Керім, Дана Сұлтан, Оралхан Бектұрғанов Ермаханұлы, Мэлс Сейіткәрімовтер осы талаптарыма құлақ асып жүрген талантты жастар. «Айран жалайық», «Жемқордың басын шабамыз!», «Қойыңызшы, ағай!», «Құдық», «Шындық қайтыс болып кетті», «Коронавирус» қойылымдары бүгінгі күннің өзекті тақырыптары деп білемін. Сценарийдің бәрін өзім жазамын. Олар шығарма іздеп, шаңдатып жатпайды. Коронавирус та келмеске кетер, сол кезде «Мистер Мұхтар» театры еліміздегі қалаларға гастрольді бастамақ.
– Саяси сатираны жиі жазып жүрсіз. Қорықпайсыз ба?
– Неге қорқам? Біздің жазып жүргеніміз нақты фактілерге құрылған памфлет немесе фельетон емес. Шығармаларым абстрактілі дүниелер. Мақтанғаным емес, әлеуметтік желілерде сықақтарым жиі жарияланып, оқырмандарым жылы лебіздерін білдіріп жатады. Сондай пікірлердің бірқатарын ұсынайын:
Aigul Torebekova:
–Сізді шенді-шекпенділер ғана емес, қараша халық, қалың бұхара жақсы біледі, мойындайды, сүйіп оқиды.
Шынтуайтына келгенде, қазақ сатирасында сіз секілді еңбек сіңіріп, өскелең ұрпаққа өшпес мұра қалдырып жүрген сатирик жазушылар ауыз толтырып айтарлықтай соншалықты көп емес қой. Сіздің астары саясатқа толы садағы мықты сатираларыңыздың жебесі шекпенділердің шекесіне тигендіктен, атақты қалтасынан берердей пейілдері тарылып, тыжырынып қалғаны бар шығар....
Ол үшін сіздің бас ауырып, балтырыңыз сыздай қояр деп ойламаймын. Десек те, Тəңір ием жар болып, халқы бағалап жатса шығармашыл жандар үшін одан асқан бақ жоқ. Сіз халықтың сүйікті жазушысы екеніңізге дау жоқ. Зайырлы еліміздің өркениетінің гүлденуі жолында жазғаныздан жазарыңыз, бергеніңізден береріңіз, көрген қызығыңыздан көреріңіз көп болсын!
Әміржан Қосанов, саясаткер:
– Мына заманда шенділер сатириктерді марапаттай қоймас... Ода жазыңыз!
Мырзан Кенжебай:
– Соңғы 20-30 жыл көлемінде қазақ сатирасында өз басым осы Мұхтар Шерімнің алдына түсетін ешкімді көрген емен. Әрине, извините за категоричность.
Қыдыр Байдүйсенов:
– КЕРЕМЕТ жазылған, оқи бергім келеді-ау, оқи бергім...Әй, мәладес! жарайсың, Мұхтар Шерім! Көз алдымнан елестеп кетер емес!
Худияр Хусанов:
– Ассалаумағалайкум, аға! Сіздің «Құдағи құшақтай береді» атты кітабыңыздан талай рет сахнаға сатиралық көрініс қойдық, солай жұлдыз болдық, сіз өте тапқыр жан екенсіз, қазір сізді интернеттен көріп отырғаным мен үшін өте бақытты шақ, мың жасаңыз, Мұхтар аға, мың жасаңыз!
Гүлнәр Сиқымбаева, белгілі әнші:
– Мұха!!!! Ішегім түйіліп қалды. Сенің жазғаныңа да, саған берген жауаптарға да!!! Көптен бері бұлай күлген жоқ едім. Рахмет барлығыңызға! Қазақ тілім Жасасын!!!!!!
Жолдасбек Дуанабай:
– Мұхтар Шерім қазақ сатирасының классигі! Әттең, дер кезінде бағалай алмай келеміз...
Қадірбек Демесін, Републикаға танымал әртіс:
– Мұхтар Шерімнің сатирасы – саяси, оны сахналай алмаймыз.
Алкайдар Лашкерұлы, әлеуметтік желі белсендісі:
– Жалпы Мұқа, сатира арқылы көптеген тақырыпты қамтып жүрсіз. Ел қандай мəселе бойынша даурығып жатса сол бойынша қалам сермейсіз. Сөзбен батыл түйрейсіз. Күлдіріп отырып жылатудың шебері деп сізді айтса болады. Бұрын Оспанхан Əубəкіровты оқысақ, қазір сізді оқитын болдық! Жасай беріңіз, жаза беріңіз.
Тасбике Сүлейменқұлова:
– Ұтқыр əзілмен жазылған. Мұхтар бауырым кейде Сізді жоғалтып алам. Жоғалып кетпеңізші, өтініш. Дүниелеріңізді оқысам, бір сергіп қалам. Қөңіл– күйім көтеріліп қалады.
Әрине, осындай жылы лебіздер көңіліме қуат, сатирама шуақ береді.
– Сатирик ретінде қоғамның дамуына қаншалықты үлес қостым деп ойлайсыз?
– Оны килограмдап, таразыға тартып кім көріпті? Дегенмен, оқырмандарымның ой-пікірлеріне қарағанда, сатирамның да өзіндік үлесі бар деп ойлаймын. Заман көшіне ілесіп жазу керек. Біздің көп сатириктеріміз заман көшіне ілесе алмай қалды. Кеңестік дәуір стилімен жазады. Ал мұндай сатира қоғамға қозғау сала алмайды.
– Әдетте сатириктер қалжыңбас, әзілқой келеді. Ал, сіз салмақтысыз?
– Қылжақбас болғым келмейтіндігімнен шығар? Оның үстіне қария болдық. Салиқалы әңгіме айтуымыз керек. Болмайтын жерде ыржалақтап, болмайтын жерде әзілдей беру де жөн емес. Әзілің өтетін жерде әзілдегенге не жетсін.!
– Әзіл-сықақ театрларында қазақы қалжың азайып бара жатыр. Неге?
– Оның бір ғана себебі бар, – авторларды тарта білмейді. Естіген–көргендерін шимайлап жазып шығады. Содан барып, дөрекіліктің басы қылтияды. Ал, Ресейде актерлер тек авторлармен жұмыс жасайды. Сосын, авторларды қалай насихаттайды десеңізші? Қаламақыларын да төлеп, ренжіте қоймайды. Ал бізде басқаша.
– Плагиаттар туралы не дейсіз?
– Шынында сатира жазу кім көрінгеннің қолынан келмейді. «Әу» дегеннің бәрі ақын ғой қазір. Бірақ сатираның жүгін сүйреу, оны арқалау, діттеген жеріне жеткізу қиынның қиыны. Бұл – талант арқылы келетін нәрсе, жазған дүниеңді белгісіз адам пайдаланса, әрине көңілің құлазиды. Жаның жабырқайды. Өйткені ол сенің «бір балаң». Бүгінде идеяңды ұрлағанымен қоймай, интермедияға өзінің атын қоятындар көп. Кейбір театрлардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, сатираларымның идеясын ұрлап, өңін өзгертіп, басын аяғына, аяғын басына шығарып, қайта жазып шығады да, сахналайды. Бірақ, бәрібір одан менің стилімнің «исі» шығып тұрады. Оның үстіне, авторлық құқықтарым қорғалған. Әзірге кешіріммен қарап жүрмін. Алдағы уақытта кім білген?
– Сізді қазақстандықтар жақсы біледі. Республикалық басылымдар сатираңызды қолдан қолға тигізбей басады. Бірақ өзіңіз тұратын жергілікті өңірдің жергілікті газет-журналдарынан сіздің дүниелеріңізді, сұхбатыңызды көре бермейміз. Осы шымқалалықтар сізді неге тосырқайды?
– Оның рас. Павлодар, Жезқазған, Қызылорда облысының газеттері сықақтарымды сұрап, басып жатады. Сұрамай-ақ жариялап жатқандары қаншама?! Авторлық құқымды бұзбаса мейлі. Қайта қуанамын. Ал, жергілікті газеттердегі әріптестерім «Өзіміздің Мұқаң ғой!» деп жүрсе керек, үндемейді. Олар үндемеген соң, мен де үндемеймін.
– Нені армандайсыз?
– Қолымда билік болса, сатира сарайын салып, сатира көшесін қалар едім!
– Әңгімеңізге рахмет!
Құрақ әлемінің ханшайымдары
Пятница, 06 Март 2020 03:40«Көрпе Fest» мегафестивалі Шымкентте ісмер әйелдердің басын қосты. Қазақтың төл мәдениеті мен өнерін дәріптеген іс-шараға үй шаруасындағы 300-ге жуық әйел мен көпбалалы ана қатысты. Олар көрме орталығында бір мезетте қолына ине-жіп алып, шеберліктерін шыңдады.
Әлеуметтік желі арқылы этнодизайнер Ырза Тұрсынзаданың Шымкентке келетінін естіген қыз-келіншектердің қуанышында шек болған жоқ. Көпшілік 4 наурызды асыға күтті.
Иә, «Аналар аманаты» деп аталған дәрістің тағылымы өзгеше. Әйелдер іс тігуден бөлек, кәсіп ашып, тірлігін дөңгелетуге машықтанады. Қолөнердің сырына қанығып, оны заманауи технологиямен ұштастыра білу арқылы кәсібінің көкжиегін кеңейтеді. Ол төлөнер үшін тәп-тәуір қызметін тастады. Тамаша дәстүрді төрге шығарды. «Көрпе Fest» мегафестивалінің тұсауы елордада кесілген. Содан бері еліміздің түкпір-түкпірін аралап жүр.
– Бір жағынан қуансам, бір жағынан қобалжыдым. ТМД елдерінің мәдени астанасы атанған Шымкентке бұрын іссапармен жиі келетінмін. Мұнда адамдардың мәдениеті ерекше. Іштей сүйсінемін. Көптен шеберлік сабағын өткізу ойымда болды. Қала басшысы Мұрат Әйтеновке өтінішімді жеткіздім. «Жас келсе – іске» деп, ұсынысыма бірден келісті. Төл кәсіпті қолөнерге құмарларға бес жылдан бері үйретемін. Дүние жүзін араладым. Этнобренд қалыптастырдым. Қазақтың қолөнері – француздың, жапонның брендтерінен күрделі, -дейді этнодизайнер.
Шебердің айтуынша, іс тігу қазақ қызы мен әйеліне жат емес. Қанымызда бар қасиет. Ұлттық нақыштағы құрақ көрпелердің әрбір өрнегі ұлттық таныммен, қазақтың салт-санасының көрінісімен сабақтасып жатыр.
– Іс тігуді қолына алған әйелдің болмыс мінезіне де ерекше әсер етеді. Мейірімі молаяды, көркем мінезі оянады. Қазір көпбалалы аналар мәселесі өзекті. Кейде оларды «ананы-мынаны сұрады» деп жазғырып жатамыз. Мүмкін біз әйелдердің жан-дүниесін түсінбейтін шығармыз. Бейнеттен шаршаған оларға терапия ретінде кәсіп үйретсе... Қала әкімінен қыз-келіншектер мен көпбалалы аналардың кәсібін жандандыруға ақысыз алаң сұрадым. Оларға қолдау көрсетсек, әрі қарай кәсібін өрге сүйрейтін еді, – дейді этнодизайнер.
Семинар-тренингке шебердің Нұр-Сұлтан, Атырау, Қарағанды, Қызылорда қалаларынан шәкірттері келді. Бәрі қызметін қолөнерге ауыстырған. Осының арқасында табыс тауып, екі жылда үй салып алғаны да бар.
–Түрлі салада еңбек еттім. Табысым жаман болған жоқ. Іс тігуге бұрыннан ебім бар. Десе де, құрақ көрпеге қызығушылық басым түсті. 2017 жылы семинар-тренингке қатысып, құрақтың қыр-сырын меңгердім. Ырза Тұрсынзада апамыздан әлі үйренеріміз көп, – дейді қызылордалық шебер Индира Табынбаева.
Ырза апайдың шәкірттерінің бірі – шымкенттік Айнұр Торгаутова. 40 жастағы келіншек қолөнерден табыс тауып отыр. «Ханшайым шатыры» жеке бизнес орталығын ашып, 6 әйелді жұмыспен қамтыған.
Көрме орталығындағы шеберлік сабағына шымкенттік қыз-келіншектерден бөлек, аудан-ауылдардан көпбалалы аналар келді. Бәрінің мақсаты бір – құрақ құрауды үйреніп, жаңа кәсіп бастау. Қазақтың қолөнерін үйде отырып жасаса, тәп-тәуір табыс тапса жаман ба? Қала әкімінің тегін курс ұйымдастыруға ықпал етуі – нағыз азаматтық. Ал курстың бағасы – 70 мың теңге. Ырза Тұрсынзаданың ютуб арнасы да бар. Мұнда қыз-келіншектер құрақ құраудың түрлерін үйренеді.
– Екі жылдан бері үйде шағын кәсіппен айналысамын. 6 баланың анасымын. Төлөнер детальдарын ютубтағы дәрістен үйрендім. Қазір құрақтың 5 түрін білемін. Ауылда іске қызығушылығы бар қыз-келіншектерді де іс тігуге баулимын. Қыздарым маған қолғанат, - дейді Сайрам ауданы Ақбұлақ ауылынан келген Роза Каракулова.
Шеберлік сабағына қатысушылардың арасында зейнет жасындағы әйелдер де бар. Солардың бірі – Мархабат Көбейқызы. Анасынан берілген ісмерлік сүйікті іске айналған. Құрақ көрпенің оюын ояды. 40 жылдан астам денсаулық саласында еңбек еткен әйел қыздары мен немерелерін қолөнерге тартыпты.
Ия, мереке қарсаңындағы семинар-тренинг ісмер әйелдердің тәжірибесін арттырып, кәсібін бастауға жол ашты. Қарлығаштың қанатымен су сепкендей игілікті іс-шара жұмыссыздар қатарын азайтпақ. Мегафестиваль аясында шеберлердің қолөнер көрмесі ұйымдастырылады. Сондай-ақ, байқау жеңімпаздарына сыйлықтар, семининарға қатысушыларға сертификат және «Аманат» сыйлығы тапсырылады.
«Жедел жәрдем» қолбала емес
Среда, 04 Март 2020 03:54Қым-қуыт тіршілікте басы ауырып, балтыры сыздамайтын жан жоқ. Әрине, сырқаттанған адамның «жедел жәрдем» қызметіне жүгінетіні белгілі. Ал алғашқы көмек көрсететін «103»-тің жұмысына қатысты мысал мың, пікір әралуан. Сондықтан сала қызметіне кейде атүсті баға беріледі.
Біреу жанымен жанталасып, «жедел жәрдем» көлігінде қиналып жатса, кейбір көлік иелері сиренасын дабылдатқан «103»-ке жол бермейді. Бара жатқан бағытына кедергі жасайды. Ал дәрігер мен науқас үшін әрбір секунд маңызды. Жол апаты немесе қылмыстық оқиға болған жерге де «103» жедел жетуі тиіс. Алайда жол кептелісінен кешігіп жеткенде ауыр сөзге де, ашулы кейіпке де кез болып, кінәні көтеретін «жедел жәрдем» қызметкерлері.
Негізсіз шақырту неге көп?
Әдетте «103»-ті «шақыртуға кешігіп келеді» деп сынайды. Негізі, «жедел жәрдем» шақыртуларға санатына сәйкес жіберіледі. Егер науқастың ауруы қауіпті болса, шақырту 1-санатқа жатады. Мұндайда бригада 10 минутта жетуі тиіс. Ал науқастың өміріне медициналық көмексіз қауіп төну жағдайы 2-санатқа жатқызылады. Мұндай кезде «103» 15 минутта келуі міндетті. Сондай-ақ, медициналық көмексіз денсаулығына зиян келсе, ол 3-санатты шақырту болып табылады. Мұндай жағдайда бригада 30 минут аралығында жетеді. Ал науқастың өміріне де, денсаулығына да қауіп төндірмейтін дерт 4-санатқа жатады. Оған 1 сағат аралығында баруына болады.
Шымкенттік «жедел жәрдем» стансасының дерегіне сүйенсек, 2018 жылы – 516 мың, 2019 жылы 643,036 шақыртуға медициналық қызмет көрсетілген. Оның ішінде 2018 жылы – 10 459, өткен жылы 14 484 қоңырау негізсіз болып шыққан. «Жедел жәрдем» стансасының бас дәрігері Гүлнар Құрманбекованың айтуынша, шақыртулардың негізсіз екені диспетчерлік бөлімде анықталады. Дегенмен, барлық шақыртуға жедел жәрдем баруға міндетті. Себебі, науқастардың жағдайын телефонмен айтып жеткізе алмайтыны түсінікті.
Әдеттегідей шақыртулар қатарын созылмалы сырқаттар бастап тұр. Бір өкініштісі, мұндай науқастар өз денсаулығына уақтылы күтім жасамайды, аурудың алдын алуға мән бермейді. Емханаға барып, дәрігер кезегіне тұруға мойны жар бермейді. Дерті қатты мазалағанда ғана жедел жәрдемге жүгінеді.
– Біздің қызметіміз – бір күндік. Ол емге жатпайды. Бойдағы ауру тәуліктен соң қайта бой көтеруі ықтимал. Мұндайда профилактикалық тексеруден өтіп, тиянақты ем қабылдау керек, - дейді «жедел жәрдем» стансасының оперативті бөлімінің аға фельдшері Майра Досыбаева.
Не керек, санат шақыртуына жатпайтын қоңыраулар көп. Әсіресе, негізсіз шақыртулар экомикалық тұрғыда қып-қызыл шығын. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бұған жол бермеу үшін жөнсіз шақыртқандарға айыппұл салу мәселесін қолдайды.
«Бұл шара көптеген елде қолданылады. Біз азаматтардың өз денсаулығы үшін, басқа адамдарға шұғыл медициналық көмек көрсетуге кедергі келтірмеуі үшін ортақ жауапкершілік ұғымын қалыптастыруды көздейміз. Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұл салуға болады. Неге шұғыл көмек көрсету ережелерін бұзу ескерусіз қалады?» - дейді министр.
Елеңдеткен дабыл
«Жедел жәрдемнің» дабылы құлаққа үйреншікті үн. Әйтсе де, «сиренаны неге сонша қатты қосады» деп шағымданатын тұрғындар да табылады. Ал белгіленген ереже, талап бойынша станциядан шақыртуға шыққан сәттен науқасты стационарға жеткенге дейін дабыл қосылуы тиіс. Сирена мен көлік жарығы таңғы сағат 8-ден кешкі 23-ке дейін қосылады. Бұл – қызметке енгізілген жаңашылдықтың бірі.
- Бұл тек Шымкенттегі жаңашылдық емес. Барлық өңірде сондай. «Жедел жәрдем» дабылы қосылды ма, өзге көліктер оған жол беруі керек, - деген бас дәрігер тұрғындарды денсаулығына қырағы болуға шақырады.
Денсаулықтың қадірін ауырғанда білесің. Таңғы сағат 4 пен 5-тің шамасында «103»-ті кез келген тұрғынның тектен текке шақырмасы анық. Дегенмен, көліктің ұшып баратын қанаты жоқ. Жүргізуші бағдаршамның қызыл көзінен өтпейді немесе иін тірескен көліктердің үстінен «секіріп» кете алмайды. Мұнан бөлек, мекенжайдың дұрыс берілмеуі, үй аулаларының көліктің кіруіне қолайсыз болуы тағы бар. Қаладағы және шағын аудандардағы асфальтсыз ойдым-ойдым жолдардың жағдайы үлкен мәселе. Мұндайда «Жедел жәрдемді» жылдам келе қоймады. Кешігіп жатыр» деп кінәлап, байбалам сала берудің де жөні жоқ екенін ескерткеніміз абзал.
Шымқалада «Жедел жәрдем» стансасының 9 бекеті, 97 бригадасы бар. 2020 жылдан бастап шақыртуларға кешігу азайды. Берілген 100 жаңа автокөлік олқылықтың орнын жойған көрінеді. Бас дәрігер Гүлнар Құрманбекованың айтуынша, көлік, кадр мәселесі шешімін тапқан.
Ақылы қызмет те бар
Әлемдік тәжірибеде жедел медициналық көмек көрсетудің екі тәсілі бар. Біріншісі, «Жедел жәрдем» көлігімен бірге дәрігер еріп барып, алғашқы ем-домды сол жерде көрсетеді. Екіншісі, шақырту жасаған мекенжайға 10-15 минуттың ішінде жетіп, науқасты ауруханаға жеткізеді. Біздің елімізде көбіне көп бірінші тәсіл қолданылады. Қан қысымы көтерілген, жүрегі ауыратын жалғызбасты қариялар «103»-ті шақыртушылардың көшін бастап тұр.
Сондықтан соңғы жылдары Қазақстанда «жедел жәрдем» қызметі екінші тәсілге ауыстырыла бастады. Енді «жедел жәрдем» бригадасы науқасты білікті мамандар емдеуі үшін бір сағат аралығында клиникалық ауруханаға жеткізуде. Бұл медициналық жағынан да, экономикалық тұрғыдан да тиімді.
Ақылы жедел жәрдем қызметі Шымкентте де бар. Шақыру құны – сағатына 10 мың теңге. 57-22-91 нөмірі шұғыл қоңырауларды қабылдайды. Зейнеткерлер мен мүгедектер үшін жеңілдік қарастырылған. Басқа өңірлерге науқасты жеткізу, әкелу қызметтерін де көрсетеді.
Ал шет елдерде 1-санаттағы шақыртулардан басқасына ақылы қызмет көрсетіледі. Террорлық оқиға немесе жол апатына түскендер үшін жедел медициналық көмек тегін. Ал қалғанына ақы төлейсіз. Германияда тәртіп қатал. Жөнсіз шақыртқандарға айыппұл салынады. АҚШ-та да қызмет құны медициналық сақтандыру есебінен қамтылады.
Экологияның ластануынан ба, әлде күнделікті тұтынатын тамақтың сапасыздығынан ба, болмаса әлеуметтік ахуалдың төмендігінен бе, бүгінде түрлі аурулар белең алды. Әрине, сырқаттанғанның бәрі бірдей ауруханаға жата бермейді. «Жедел жәрдемнің» көмегімен де жеңілдік табатын жағдайлар көп. Әйтсе де, сәл түшкірініп-пысқырынғанға «103»-ті шақыртып, «Жедел жәрдемді» қолбала көру де қисынсыз екенін айтқымыз келеді.