Шәмші әндері шырқалды

Пятница, 07 Октябрь 2016 07:09

Шәмші Қалдаяқовтың қай әнін алып қарасаңыз да, санаға тез жатталады, жүрек қылын шертеді. Үлкен де, кіші де қосыла шырқап кететіні содан болар. Шымкент көгінде кешелі бері ән падишасының әндері қалықтауда. Яғни, композитордың атындағы «Менің Қазақстаным» халықаралық əн фестивалі биыл Шымқалада жалғасын тапты.

 MG 8300Ашылу салтанатында облыстық мəдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов сөз сөйлеп, қатысушыларға сəттілік тіледі.

– Аталмыш фестиваль биыл халықаралық деңгейде жетінші мәрте өткізіліп отыр. Жыл сайын Астана қаласында өтетін байқау Оңтүстік Қазақстан облысы əкімдігі мен Мəдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Шымкентте ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мен қонақтары үш күн бойы Шəмші əндерімен сусындап, талантты жастардың өнеріне куə болады. Мәңгілік елдің идеясын ұстанған ұлы дала елінің нұрлы жолдағы мəдениеті мен өнері үстем болсын деп тілеймін. Байқауда шын таланттың бағы жанады деп сенемін, – деді ол.

Байқауға Қырғызстан, Қытай, Ресей мен еліміздің түкпір-түкпірінен 50 қатысушы бақ сынауға келген. Әрқайсысы өз өңірінің талантты ұл-қызы, жүзден жүйрік шыққандар. Олар екі кезең бойынша өнер бәсекесіне түсуде.

 MG 8257

Үш қыз, үш жігіттен құралған «Аманат» халық студиясы Омбы қаласынан келіпті. Топтың негізі 1996 жылы қаланған екен.

– Жиырма жылдан бері топтың құрамы бірнеше рет өзгергенмен, бағыты айныған жоқ. Көбіне халық əндерін шырқаймыз. Əрине, əр өңірдің сенімін арқалап келгеннен кейін барша қатысушының мақсаты – топ жару ғой. Біз де жеңіске жетсек дейміз. Əн падишасының «Кешікпей келем деп ең», «Ана туралы жыр» деген екі əні мен халық əні «Гүлдариға», «Бір үйдің баласындаймыз» деген əндерін орындамақпыз, – дейді топ əншісі Асылбек Əйтімов.

Ал Оңтүстіктің намысын үш үміткер қорғауда. Байқауға қатысушыларға Қазақстанның халық əртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғали Нүсіпжанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Серік

 MG 8275

Еркімбеков, ҚР еңбек сіңірген əртісі, əнші Бағдат Сəмединова, Шәмші Қалдаяқов атындағы музыкалық қордың директоры, композитордың ұлы Əбілқасым Қалдаяқов баға береді.

Әйгілі композитордың 35 жыл отандасқан аяулы жары Жәмила Қалдаяқова әрбір әнді көзіне жас алып, тыңдады.
– Шәмшінің көп әндерінің алғашқы тыңдарманы болдым. Жастардың талабы, таланты сүйсіндірді. Есіме жолдасымның «Сыр сұлуы» әнін жазып, маған орындап берген сәті түсіп, көзіме жас келді. Алдымен өзі айтып, соңынан маған жаттатушы еді, – дейді Жәмила апа.

Байқау жеңімпаздарының есімі бүгін «Шəмші əлемі» гүлзарында өтетін салтанатты жабылу рәсімі мен гала-концертте белгілі болады. Бас жүлде иегерін 1 миллион теңге сыйақы күтіп тұр.

Шымкентте «Ontustik Tourism-2016» атты халықаралық туристік форумы өтті.

Жиынға Кувейт, Македония, Испания, Пәкістан, Моңғолия, Оңтүстік Корея, Чехия елдерінің Қазақстан Республикасындағы Елшілері мен Консулдары, шет елдік және қазақстандық туристік операторлар, БАҚ өкілдері, жалпы саны 300-ден астам адам келген.

 MG 8372

Өңірге шетелдік туристерді тарту, қызмет көрсету сапасын арттыру, ақпараттарды молайту, тағы басқа өзекті мәселелер форумда қызу талқыға салынды. 

– Еліміздегі туризмді дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасында «Оңтүстік Қазақстан – Ұлы Жібек Жолының жүрегі» ретінде дамыту көзделген. Қазір бұл бойынша облыс әкімдігі жұмыстар жүргізіп жатыр. Елімізде бірінші болып туристерге қызмет көрсететін орталық бізде ашылды. Өңірде туризм саласы бойынша бірнеше бағытты дамытуға мүмкіндік бар. Ең негізгі бағыт – тарихи-мәдени туризм, – деді облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев. 

 MG 8445

ҚР инвестициялар және даму министрлігінің Туризм индустриясы департаментінің директоры Марат Иғалиев, Түркі Кеңесі Бас хатшысының орынбасары Абзал Сапарбекұлы, ОҚО туризм индустриясы ассоциациясының төрайымы Гүлмира Ақбердиева, Del network international компаниясының жетекшісі Масимилиано Авогадри тағы басқалар сөз алып, «Заманауи Жібек жолы» халықаралық туристік жобасы, ОҚО-ның туризм индустриясының мүмкіндіктері пен перспективалары, т.б. тақырыптарда баяндама жасады. 

Форум аясында, жол бойы қызмет көрсету нысандарын салу, туризм мектебін құру және Оңтүстік өңіріне инвестиция тарту тағы басқа бағыттарда 7 меморандумға қол қойылды.

Шымкентте еліміздің түкпір-түкпірінен келген көркемсөз оқу шеберлері бас қосты. 18 жылдан бері дәстүрге айналған Оралхан Бөкей атындағы сайысқа облыстық және қалалық іріктеу кезеңдерінің 16 жеңімпазы қатысты.

 MG 7805

 MG 7716Прозалық шығармалардан үзінді оқу және поэтикалық туындыны мәнерлеп оқу бойынша сайысқа түскен оларға жазушы Мархабат Байғұт, қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазықызы,
ақын, «Жұлдыз» әдеби журналының бас редакторы Ұлықбек Есдәулет, филология ғылымдарының докторы, фольклортанушы Кенжехан Матыжанов және «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп баға берді.

– 1998 жылы бірінші рет тіл мерекесін атап өту жөнінде мәдениет министрлігінде шешім қабылданды. Сол кездегі министр Алтынбек Сәрсенбайұлы қалай өтетіні жайлы ақылдасып, сұрау салғанда Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауын өткізуді ұсындық. Өйткені Оралхан жиындарда бас қосқанда «Өзі де Шұға десе, Шұға-ау» деп Бейімбет Майлиннің шығармасынан шашын қайырып қойып, нақышына келтіріп, үзінді оқитын. Ережесін бекіттік. «Атамұра» баспа корпорациясын басқарып жүрген Мұхтар Құл Мұхамедке қоңырау шалдық. Ол қаржылай қолдау көрсетіп, осылайша 1998 жылы бірінші рет байқау өткіздік. Алғашқы жеңімпаз атанғандардың ішінде бүгінде театр сахнасында ойнап жүрген танымал әртістер бар, – дейді Ұлықбек Есдәулет.

Сонымен байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені (180 000 теңге) Алматы облысынан келген Қадыржан Сабырақын қанжығасына байлады.

 MG 7787

– Мен Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылынан келдім. Бұл жерге келгеннің өзі де жеңіс деп білемін. Қатысушылардың барлығы өз облыстарында дара шығып, үмітін үкілеп келген кіл мықтылар. Жеңімпаз атанғаныма өте қуаныштымын. Оралхан Бөкейдің «Атау керек», сондай-ақ, Мұқағали Мақатаевтың «Шәмілге жазған хаттардан» шығармасынан үзінді оқыдым. Сөз өнерін, киесін түсінетін жастардың көп екеніне тағы бір көзім жетті, – дейді жас ұстаз Қадыржан Серікбекұлы.

Ал қостанайлық Айдана Камелге жүлделі І орын бұйырса (150 мың теңге), қарағандылық Айсұлу Нұртай ІІ орын (120 мың теңге), Солтүстік Қазақстан облысынан келген Ақмарал Хехнай ІІІ орынды (100 мың теңге) иеленді.

Белсенді қатысқаны үшін Елдос Құлшаровқа (Атырау облысы), Мақсұтбек Абылайға (Шығыс Қазақстан облысы), Бақыт Мыңбайға (Оңтүстік Қазақстан облысы), Айнұр Қапановаға (Павлодар облысы) ынталандыру сыйлығы (50 мың теңге) табысталды.

 MG 7845

Ал қалған 7 үміткерге байқауға қатысқаны үшін 20 мың теңге көлемінде сыйақы берілді.

Айта кетейік, бұл байқауды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысымен «Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы» ұйымдастырды.

Көңілге шуақ сыйлаған фестиваль

Среда, 28 Сентябрь 2016 06:18

DSC 2179

Қала тұрғындары Шымкенттің туған күнін биыл сегіз күн тойлады. Таң қылаң беріп атқаннан Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументтің маңында аудан өнерпаздарының, шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламасы мерекелік көңіл күй сыйлады.

14455871 1171089499604405 233034247 o

– Қаламыз күн өткен сайын шырайланып, құлпырып келеді. Əкімшілік-іскерлік орталығы, жаңа ғимараттар, көпқабатты үйлер бой көтерді. Көрмеге қойылған фотосуреттерге қарап, Шымкентті басқа қырынан таныдым. Ауа райы да бүгін ерекше шуағын шашып тұр. Киіз үйлер тігіліп, алтыбақанда балалар асыр салып ойнап жүр. Мұның бəрі адамға жылылық сыйлайды. Бүгін Шымкентті бұрынғыдан да қатты жақсы көріп тұрмын, – дейді қала тұрғыны Гауһар Байшымыр.

14453928 1171089526271069 1716575225 oСалтанатты жиын қала тұрғындарын қайталанбас қызыққа кенелткен «Шырайлы Шымқалам» фестивалімен жалғасты. Дана Еспенбетова жеміс-жидек пен көкөністерден түрлі туындылар жасап, сүйікті қаламызға деген ыстық ықыласы мен сезімін өзгеше өрнекпен жеткізуге тырысыпты. Ол көкөністердің бетіне мәнер түсірумен бір жылдан бері айналысады екен. Қаладағы мекеменің бірінде есепші болып істейтін ол карвинг өнерін ғаламтордағы видеоларды қарап, үйреніп алған. 

– Бұл өнер – төзімділікті, ептілікті талап етеді. Қиялың бай болуы керек. Қазір тек өнер ретінде ғана қарамай, қосымша табыс көзіне де айналдырдық. Қала тұрғындары мерекелік кештерге, іс-шараларға, тойларға жеміс-жидектерден осындай әдемі туындылар жасап беруімізді өтініп, шақырып жатады. Бағасы 30-150 мың теңге аралығында. Қызығушылық болса, арнайы курстарға қатыспай-ақ, интернеттен видеоларды көріп, қайталап жасап, меңгеруге болады. Қала күніне ерекше сый ұсынғым келді. Өйткені, Шымқаламызды жақсы көремін, – дейді Дана.

Бұдан бөлек, ұлттық салт-дәстүр, қолөнер бұйымдары және Шымкенттің кешегісі мен бүгінін бейнелейтін фотосуреттер көрмесі əр адамға əдемі əсер қалдырғаны анық.

 

«Аға сарапшылар қызметі» халықаралық бағдарламасы ОҚО Кәсіпкерлер палатасы қолдауымен 2013 жылдан бастап жүзеге асып келеді. Қазір өңір кәсіпкерлері бұл бағдарламаның игілігін көруде. Германия елінен келген тәжірибелі керомогранит өндіретін «Зерде-Керамика» зауыты мен «Алтын адам» тігін фабрикасы қызметкерлеріне бар білгенін үйретуде.

 MG 3052

Германиялық Ульрих Клоке маркетинг, бизнес идеяларды жүзеге асыру, сатылымды ұлғайту, нарықтық талдау жасау сияқты салаларды зерттеуге бар өмірін арнаған жан. 1974 жылы Германияда құрылыс заттары дүкенін ашып, керамогранит өңдеумен айналысып келеді. Әлемнің біраз елінде болып, осы саланың қыр-сырын бөлісіп жүр.

– Қазақстанға алғаш рет жолым түсті. «Зерде-Керамика» зауытының жұмысы шетелдік стандарттарға сай жүргізіледі екен. Қызметкерлердің бойында «білсем», «үйренсем» деген құштарлық басым. Зауыт өнімінің сапасын арттырып, оны қолжетімді ету үшін талдау жүргізіп, өз жобаларымды ұсынып отырмын – дейді ол.
«Зерде-керамика» зауыты жылына 2 млн шаршы метр керамикалық плиткалар шығаруға қабiлеттi. 175 адам жұмыспен қамтылған. Олар үш ауысыммен жұмыс істейді. Зауыт мамандары алдағы уақытта кафельдерге ою-өрнек салу, түрлi-түстi етiп безендiру iсiн де қолға аламыз деп отыр.

 MG 3131

– Өнім түрлерін арттыру және оның сапасын жоғарылату мақсатында «Аға сарапшылар» бағдарламасының берері мол. Бізде күніне 800 мың шаршы метр өнім шығарады. Итальяндық құрал-жабдықтар орнатылған. Еліміздің ірі қалаларында 42 дилерлiк орталығымыз бар. Сондай-ақ, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжiкстаннан да тапсырыс берушiлердің қатары артып келеді, – дейді «Зерде-керамика» зауытының коммерциялық директоры Артур Пазылбеков.

Ал ерлер және әйелдердің классикалық үлгідегі костюмін тігетін «Алтын адам» фабрикасы енді қыз-келіншектерге арнап, күздік, қыстық сәнді пальтолар тігуді қолға алды. «Аға сарапшылар қызметі» бағдарламасы аясында Германиядан арнайы маман алдырып, жұмысшыларды оқытуға кірісті. Себебі, бұл кәсіпорында білікті дизайнерлер тапшы.

Ятта Хайдельманн зауыт қызметкерлеріне он күннен бері дәстүрлі нақыштарды сақтай отырып заманауи үлгідегі сырт киімдерді қалай жасауға болатынын үйретуде. Ол атақты Erwastil, Хиршберг, Finnkarelia Mode GmbН сән үйлерінде модельер-конструктор болып қызмет еткен, сән саласының тәжірибелі маманы. Тігін фабрикасының дизайнері Ақбота Өнербаева болса шетелдік маманның жанынан күнұзақ айналшықтап шықпайды.

– Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Бала күнімнен қолөнерге жақын болып өстім, бос уақытым бола қалса кесте тігетінмін. Бүгінде классикалық үлгідегі және сырт киімдерге ерекше ою-өрнек салып, нәзікжандылардың көңілінен шығатындай етіп, ұсынып жатырмын – дейді Ақбота.

Осылайша, таяу күндері қыз-келіншектер отандық пальтоларды киюге мүмкіндік алады. Бағасы қолжетімді болмақ. Ал «тапсырыс берсе, ер-жігіттерге арналған сырт киім тігіп беруге дайынбыз» дейді зауыт қызметкерлері.

– Адами капиталды дамыту, маркетингтік сараптама жасау, сату мен бизнес мақсаттарды жүзеге асыру – әр кәсіпорының дамуына түрткі болатын бірден-бір себеп. Шетелден келетін сарапшылардың келіп-кету мен жалақы шығындары бағдарлама есебінен төленеді. Ал кәсіпкерлерден сарапшыны тұратын орынмен қамтамасыз ету ғана талап етіледі, – дейді ОҚО Кәсіпкерлер палатасының Адами капиталды дамыту бөлімі басшысы Берік Кенжебаев.

Есімі оның – Ербатыр

Среда, 28 Сентябрь 2016 04:00

Қала күні қарсаңында Шымкент қаласының əкімі Ғабидолла Əбдірахымов №4 облыстық перинаталдық орталықта болып, ең жас азаматқа туу туралы куәлігін тапсырды.

 MG 3612

«Қазығұрт» шағынауданында тұратын Асанова Ақбота мен Хансейіттің бұл жетінші сəбиі. Əкесі Ербатыр деп есім беріпті. Жыл басынан бері облыстағы 22 300-інші сəби болып дүние есігін ашып отыр.

– Бұған дейін бес қыз, бір ұлымыз бар еді, енді серік болып Ербатырымыз өмірге келді. Бойы 56 см, салмағы 3 келі 800 гр. Сəбиіміз екеуіміздің денсаулығымыз, көңіл күйіміз жақсы. Келіп, арнайы сыйлығын тапсырып, құттықтаған шаһар басшысына алғысым шексіз, – дейді батыр ана.
Қала әкімі нəрестеге ұзақ ғұмыр тілеп, балалар арбасы мен төсек-жабдығын сыйға тартты.

Ғабит Мәуленқұлов, Қаратау ауданының әкімі

– Ғабит Патшаханұлы, Қаратау ауданына әкім болып тағайындалғаныңызға көп уақыт бола қойған жоқ. Жұмысты неден бастадыңыз?

– Қызметке кіріскеніме бар-жоғы енді екі ай болады. Арнайы кесте түзіп, халықтың тұрмыс-тіршілігімен, өзекті мәселелерімен танысу үшін әзірге 12 елдімекенді аралап шықтым. Халықты мектеп ғимаратына жинап, ұсыныстарын, өтініштерін тыңдадық. Қазан айының ортасына дейін ауданға қарасты барлық елдімекенді аралап, тұрғындармен кездесіп, танысып шығамын.

– Қазір ауданда қандай мәселе өзекті болып тұр?

– Ең бірінші мәселе – жол. Әсіресе, балалар үшін мектепке баратын аяқжол болмай, олар шаң-топыраққа көміліп барып жүр. Ертең жаңбыр жауса, балшыққа батады. Сондықтан қариялармен ақылдасып, 7-8 елдімекенге мектепке дейін шағал тас төсеп бердік. Бұдан бөлек, ауызсу, жарық, жылуға қатысты түйіні тарқатылмай тұрған мәселе көп. Жақсы жаңалығымыз да аз емес. Жаңа оқу жылында біздің ауданда үш бірдей жаңа білім ордасы бой көтеріп, оқушыларды қабылдады. Сайрам тұрғын алабында ойын алаңшалары салынып жатыр. Сондай-ақ, бірнеше іс-шаралар өткіздік.

 MG 2296

– Жуырда ауданда бала тәрбиесіне қатысты жиын өткенін білеміз. Осы мәселеде қолға алынып жатқан іс-шараларға тоқталсаңыз...

– Иә, Қаратау ауданында жыл басынан бері кәмелетке толмаған жасөспірімдерге қатысты 44 қылмыстық іс қозғалған. Былтырғы статистикалық мәліметке жүгінсек, жасөспірімдер арасында қылмыстың саны екі есеге өскенін көрсетеді. Бала тәрбиесін тек ата-ана мен ұстаздарға ысырып қойып,біздің қарап отыруымызға болмайды. Олардың жат қылықтарымен бірге күресуіміз керек, оларды осындай жағдайға не итермелегенін анықтап, дұрыс жолға салуымыз қажет. Сол себепті біз «Жастар тәрбиесі – өзекті мәселе» деген бастаманы қолға алып, бірінші семинар-тренинг өткіздік. Оған қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты. Бала тәрбиесіне қатысты орталық ашу туралы, басқа да ұсыныстар түсіп, жақсы идеялар, ойлар айтылды. Алдағы уақытта тұрақты түрде ұйымдастыратын боламыз. Ұсыныс-пікірлер бойынша жұмыстар қолға алынады. Нәтижесін көреміз деген сенімдеміз. Бұдан бөлек, «Мектепке жол» акциясына қаратаулықтар белсене қатысты. 700-ге жуық баланы мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтыдық. Кәсіпкерлердің қолдауымен 50 балаға мектеп формасын әпердік. 40-тан астам отбасының үйіне қызметкерлерімен бірге барып, қажетті керек-жарақтарды балаларға өз қолыммен тапсырдым. Сосын Тәуке хан бабамыз «Жеті жарғыны» жариялаған Мәртөбе біздің ауданда орналасқан. Ата-баба рухына тағзым етіп, жастарға үлгі-насихат ету үшін осы төбеде театрландырылған қойылым жасадық. Еліміздің туын желбіреттік. Сонымен қатар дінге байланысты арнайы комиссиямыз бар. Жат ағымға еріп кеткен отбасылардың бар екені шындық. Олардың алдын алу үшін имамдармен, жастармен бұрын айына бір рет кездессек, қазір екі рет жүздесетін болып шештік.

 MG 2313

– Қаратаудың кәсіпкерлері белсенділік танытып, үнемі игі істің басы-қасында жүреді. Демеушілердің қамқорлығы, жұмысының нәтижесі қандай?

– Қаратау ауданындағы шешімін таппай жатқан өзекті мәселелерді шешуге қолдау танытып, атсалысып жатқан депутаттарға, кәсіпкерлерге алғысымды білдіргім келеді. Кейбірі біздің ұсыныстарымызды аяқсыз қалдырмай, көмек қолын созып жатыр. Бір кәсіпкер тұрмысы төмен отбасыларға 1,5-2 тоннадан көмір түсіріп беруге келісіп отыр. Бұл да азғантай жалақыға қарап, күнін көріп отырған отбасыларға көмек, қолдау болмақ. Қайнарбұлақ саяжайы аумағындағы кей елдімекендерге күндігіне төрт рет су тасушы көлікпен тіршілік нәрін жеткізіп беруде. Тағы бір кәсіпкеріміз үш жерге құбыр тартып беретін болды. Шағал тас төсеп беріп жатқан кәсіпкерлер бар. Жағдайы төмен отбасыларды азық- түлікпен қамтып, үнемі көмектесіп жатқандар да аз емес. Бастамамыз көп. Көп жағдайда қаржыға келіп тіреледі. Кәсіпкерлер, депутаттар игі іске қолдау танытып отыр.

– Қызметте қандай басшысыз? Қаталсыз ба?

– Қаталмын деп айта алмаймын. Жұмыс болған соң, кейде қатал болуға тура келеді. Ең бірінші қызметкерлерден тәртіпті, жауапкершілікті талап етемін. Бауыржан Момышұлы атамыз «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп тектен-текке айтпаса керек. Тәртіп болған жерде жұмыс та жүйелі жолға қойылады. Адам баласы болғаннан кейін кейде түрлі қиындықтармен бетпе-бет жолығасың. Ондай кезде түсіністікпен қарауға тырысамын. Ұжымымыз – ұйымшыл, бастамашыл. Жұмыс кестесіне қарамай, келген халықты қайтармай, мұң-мұқтажын тыңдап, мүмкіндігінше көмектесіп жатырмыз.

– Қазір «Қала күні» мерекесі тойлануда. Сіз үшін Шымкент несімен ерекшеленеді?

– Өзім Созақ ауданы, Шолаққорған ауылында туып-өстім. Мектепті бітірген соң Алматыға оқуға түсіп, кейін қызмет бабымен Атырау, Астана қалаларында тұрдым. Шыны керек, Шымкентке ауысып келгенде қаланың көркіне таңырқап, жолдан адасып жүргенім рас. Өйткені, қала кеңейген, танымастай өскен, өркендеген. Адамдарында жылылық, мейірімділік бар, сонысымен ерекшеленеді. Шымқаламыздың тұрғындарын «Қала күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Шырайы жылдан жылға арта берсін!

– Сұхбатыңызға рахмет!

Бесінші маусымын ашты

Понедельник, 26 Сентябрь 2016 04:24

Оңтүстік көрермендеріне, әсіресе кішкентай бүлдіршіндерге бес жылдан бері қуаныш сыйлап келе жатқан «Оңтүстік цирк» мекемесі тағы бір жаңа маусымның шымылдығын түрді.

 MG 2821

«Балақай-алақай», «Джунгли», «Жаңа жылдық таңертеңгілік», «Таңғажайып керуен» атты төл қойылымдарымен қуантқан цирк ұжымы бұл жолы Ресейден келген «Мұздағы шоу» циркінің қойылымымен ашуды жөн көріпті.

Осылайша Оңтүстік көрермендері алғаш рет көңілді клоундар мен әуе гимнасттарды, үйретілген аң-жануарлар шоуын мұз үстінде тамашалады. Ал қар жауған сәті көрермендерге таңғажайып әсер сыйлады.

 MG 2541

– Біздің ұжымның цирк сахнасына аяқ басқанына енді бес жыл толады. Басқа цирктерден ерекшелігіміз сол, біздің әртістер де, жан-жануарларымыз да мұз үстінде өнер көрсетеді. Қойылымымыз кішкентай көрермендер мен олардың ата-аналарына ұнайды деп ойлаймыз, – дейді «Мұздағы шоу» циркінің директоры Оксана
Сергеева.

Ашылу салтанатында ОҚО мəдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов ізгі лебізін білдіріп, цирктің арнайы қонағы, Олимпиаданың күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұлға сый-сияпат тарту етті.

 MG 2865

– Біз үнемі жарысқа дайындалып, жаттығу залында жүретіндіктен циркте болмаппын. Бірінші рет қойылым тамашаладым. Қатты ұнады. Енді кішкентай іні-сіңлілерімді ертіп келіп тұрамын, – дейді Ж. Жаппарқұл.

Айта кетейік, қойылым қазанның 2-не дейін жалғасады.

Страница 1 из 15