Үздік әлеуметтік жоба жетекшілері марапатталды
Среда, 22 Август 2018 03:55Елімізде «Нұр Отан» партиясының бастамасымен «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» республикалық байқауы ұйымдастырылғаны белгілі.
Байқаудың аймақтық деңгейдегі жеңімпаздарын марапаттау мақсатында Шымкентте салтанатты шара болып өтті.
– Партияның облыстық филиалында өткен аймақтық іріктеу комиссиясының қарауына 19 жоба ұсынылды. Соның ішінде 3 жоба жүлделі орынға ие болды. Комиссия мүшелері жоба жеңімпаздарын анықтауда әлеуметтік мәселелерді шешуге ақпараттық ынталандыратын және осы салада еріктілер қозғалысын дамытатын, сондай-ақ қиын өмірлік жағдайды жеңуге көмектесетін жобаларға ерекше назар аударды, – деді «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қалыйма Жантөреева.
Байқау нәтижесі бойынша бірінші орынды Айдана Жораеваның «Әлемді сезіну» жобасы иеленді. Оған бір миллион тенгенің сертификаты тапсырылды. Екінші орын және 700 мың теңге «Арманға ұмтыл» жобасының авторы Шалтан Еркінбайға бұйырса, үшінші орынды «АИТВ-позитивті жасөспірімдердің статусын ашып, жасөспірімдерді әлеуметтік психологиялық бейімдеуге психологиялық дайындау» атты жобамен Жанетта Жазықбаева иеленді. Бұл жобаға 500 мың теңгенің сертификаты берілді.
Сондай-ақ, аймақтық конкурстық комиссиясының шешімімен «Даму» жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Айгүл Елібаева және «Жалынды жастар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сардор Исманов ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Жеңімпаз деп танылған әлеуметтік жобалар республикалық байқауға жолдама алды.
Қазақстан халқы 18 млн 272 мың адамға жетті
Среда, 15 Август 2018 04:56Өсім 2017 жылдың 1 шілдесімен салыстырғанда 238 мың адам немесе 1,3 пайызды көрсетіп отыр. Бұл туралы еліміздің статистика комитеті хабарлады.
Қазақстан халқының ішінде қала тұрғындарының жалпы саны 10 млн 529,1 мың адамға жетіп, жалпы халық санының 57,6 пайызға жетті. Ал 7 млн 743,3 мың адам (42,4 пайыз) ауылды жерде тұрады.
АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде 2018 жылғы қаңтар-мамырда туғандар саны 159,9 мың адамды құрады, бұл 2017 жылғы тиісті көрсеткішпен салыстырғанда 2,9% көп. Туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға 21,15 туғанды құрады.
2018 жылғы қаңтар-мамырда республика халқының табиғи өсімі өткен жылғы тиісті мерзімен салыстырғанда 3,8 мың адамға немесе 3,8% көбейіп, 103,5 мың адамды құрады. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 13,69 адамды құрады.
2018 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстанға келген адамдардың саны 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 26,5 пайызға қысқарып, кетушілердің саны 14 пайызға артты. ТМД елдерінен келгендердің саны жалпы көрсеткіштің 77,2 пайызын, достастық елдеріне кеткендердің саны 89,7 пайызын құрады.
Өңіраралық көшіп-қонушылардың үлесінде еліміздің жалпы ішкі көшіп-қонушылар саны 31,5%-ды құрады. Өңіраралық көші-қонның оң айырымы:
• Шымкент қаласы
– 40 622 адам;
• Алматы қаласы
– 14 185 адам;
• Астана қаласы
– 4 898 адам;
• Ақмола облысы
– 25 адам.
Шымкентте коттеджді қалашық салынады
Пятница, 21 Июль 2017 11:21Халқымыз «Үйі бардың күйі бар» деп бекер айтпаса керек. Кейінгі жылдары елімізде тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінде мемлекет қолдауының нәтижесінде баспанаға қолы жетіп, қуанышы қойнына сыймай жүргендердің қатары аз емес. Ендігі бір жаңалық – биылдан бастап мемлекеттің барлық тұрғын үй бастамалары «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүзеге аспақ. Аталған бағдарлама 5 негізгі бағытты қамтиды.
Соның ішінде Тұрғын үй құрылысы-жинақ банкі несиелік баспана бағытын жүзеге асыруға мүдделі. Ал биыл сәуірден бастап, үй құрылыс жинақтары шартын жасау ақысыз болмақ. Шарттық соманы арттыру үшін алынатын комиссия көлемі 0 теңге болып бекітілді.
«Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс-жинақ банкі» АҚ ОҚОФ кеңесшісі Шәрипа Қожамжарованың мәлімдеуінше, облыста мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы екі бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Біріншісі жергілікті әкімдік арқылы болса, екіншісі – «Бәйтерек Девелопмент» акционерлік қоғамы бойынша салынатын үйлер. Биыл жергілікті билік арқылы жалпы аумағы 31,6 мың шаршы метр болатын 558 пәтерлік 11 үй тапсырылады. Үйлі болудың қарапайым шарты, есеп-шотыңызда пәтер құнының 30 пайызы жинақталған болуы керек.
– «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламалары «Қазақстанның тұрғын үй жинақ банкі» салымшыларының баспаналы болуға деген сенімін арттырып отыр. Бұл бағдарлама арқылы кез келген азамат есепшоттағы қаржысының көлеміне қарамай, конкурсқа қатыса алады. Төлем қабілетіне қарай, пәтер алуға мүмкіндік көп, – дейді Ш. Қожамжарова.
Ал «Бәйтерек Девелопмент» акционерлік қоғамы бойынша биыл 180 мыңнан астам шаршы метр болатын баспана тапсырылмақ. Банк өкілдерінің айтуынша, 2018 жылға дейін 3086 пәтерлі 55 үй ел игілігіне беріледі. Осылайша, алдағы 15 жылда ел тұрғындарын толығымен баспанамен қамту жоспары бар. Пилоттық жоба ретінде Шымкентте екі коттеджді қалашық бой көтеретін болады.
30 348 жұмыс орны ашылған
Среда, 19 Июль 2017 04:31Жаңа жұмыс орындарының құрылуы бойынша ОҚО еліміздегі барлық облыстар ішінде көш бастап тұр. Өңірімізде жыл басынан бері 30 мыңнан астам, нақтырақ айтқанда, 30 348 жұмыс орны ашылған.
Ал ашылған жаңа жұмыс орындарына 4 127 азамат жұмыспен қамту органдары арқылы жұмысқа орналасқан.
Тарқатып айтсақ, 2017 жылдың 1 шілдесіне дейінгі мәліметке сәйкес, жаңадан ашылған жұмыс орындарының ішінде 1 667 орын «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша, 1 030 орын «Нұрлы жер», 115 жұмыс орны «Индустриялды-инновациялық даму», 396 орын «Бизнестің жол картасы – 2020», 18 134 орын мемлекеттік салалық бағдарламалар арқылы құрылса, 7 627 орын «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы мен 1 379 орын «2020 жылға дейінгі аймақтарды дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған.
Оңалту орталығының қызметі жанданады
Среда, 05 Июль 2017 05:22Биыл Шымкенттегі құрылысы тоқтап тұрған 200 орындық мүгедектерді оңалту орталығының құрылыс жұмыстарын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында аяқтау көзделіп отыр. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен мәжілісте облыс әкімі Ж. Түймебаев мәлім етті.
Республикалық бюджеттен құрылысқа бөлінген 1,1 млрд теңге қысқартуға ұшырап, қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамаға өзгеріс енгізілуде. Егер ғимарат құрылысы аяқталса, саладағы бірқатар қордаланған мәселелер өз шешімін таппақ.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы М. Отаршиевтың хабарлауынша, өңірімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтар санының өсуі байқалады. Қазіргі таңда облыста 117 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азаматтар есепке алынған. Өкінішке қарай, олардың саны облыс халқының 4 пайызын, республикада тұратын мүгедектердің 18 пайызын көрсетіп отыр.
Көшелерге асфальт төселуде
Пятница, 09 Июнь 2017 05:19Қала көшелерінің жолдарын жөндеу жалғасуда. Қазіргі таңда шаһардағы «Жиделі» шағынауданында жұмыстар қарқын алған. Жұмысшылар осындағы Тұрдалиев және Беркімбаев көшелеріне ірі түйіршікті асфальттың алғашқы жолағын төсеп қойған.
Сондай-ақ, бұдан бөлек Шымкентте бірнеше көшеде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай жауапты сала өкілдері қала тұрғындарынан мұқият болуды сұранады.
Мәселен, қазіргі уақытта ескі қалашықтағы Амангелді көшесі жабық. Онда жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Бұған қоса жөндеу жұмыстары Сыпырған ата көшесінде, А-2 және Темірлан тасжолы, Жібек жолы, Төреқұлов және Байтұрсынов көшелерінде қызу жүргізілуде.
«ON DANCE» жастарға жат емес
Среда, 07 Июнь 2017 05:43Шымкенттегі Әл-Фараби алаңында «ON DANCE» талантты жастарды қолдау жобасы аясында көше билерінен фестиваль өтті.
Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы ұйымдастырған шараға Өзбекстан, Қырғызстан елінен және Алматы, Тараз қалаларынан 7-8 жастан тұратын 11 команда қатысып, өз өнерлерін көрсетті.
Фестивальдің мақсаты – жастардың заманауи би өнерін, талантын жандандыру, дарынды жастарды қолдау, ынталандыру және жастар арасында көше билерін дамыту. Фестивальге Алматы қаласынан келген Италияда өткен «Solo Contro II Mondo», Ресей Федерациясында өткен «FunBox», Украинада өткен «Adrenalin Fest» байқаулардың жеңімпазы Бауыржан Сейфуллин төрелік етті.
Жас дарындар бақ сынаған байқауда облыс әкімінің кубогын Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан республикасы жастарынан құралған «Достық» командасы жеңіп алды. Айта кетерлігі, сайыстың жүлде қоры 1 млн теңге болатын.
Шымкент төрінде өткен бұл шараға қонақ ретінде МС және диджей Улан, «Mega Dance GK» студиясының жас бишілері қатысып, әдемі кештің әрін келтірді. Фестивальді жалпы 5 мыңға жуық жастар мен қала тұрғындары тамашалады.
Көпір қолданысқа берілді
Среда, 07 Июнь 2017 05:35Шымкентте Бадам өзеніндегі көпір жөндеуден кейін қайта пайдалануға берілді. Бұл көпір қайта жөндеу үшін ағымдағы жылдың 25 мамырында уақытша жабылған болатын.
Бадам өзені арқылы өтетін, мал базары маңындағы жол өткелі өткен ғасырдың 60-жылдары салынған. Оның жөндеуге дейінгі жағдайы жүргізушілер мен Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің мамандарын біраз алаңдатқан еді. Айта кетерлігі, көпір тек екі шағынауданды ғана жалғастырып жатқан жоқ, республикалық тасжолдың маңызды бір бөлігі саналады.
Жөндеу жұмыстары 10 маусымға дейін созылады деп жоспарланған болатын. Дегенмен, құрылысшылар жұмысты мерзімінен бұрын, яғни 10 күнде аяқтап отыр. Мамандардың мәлімдеуінше, көпірдің жол жабыны толық жаңартылған, ал тіреулері әлі де жарамды.