Версия для печати

Жеңіске жетелеген бір ауыз сөз... Избранное

Пятница, 30 Ноябрь 2018 05:12 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 3774 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Қазақ көркем гимнастикасының примасы ретінде танылған Әлия Юсупованың ел үшін сіңірген еңбегі орасан, спорттағы жетістіктері де елеулі. Ол Елбасының ықылас танытып, еркеше құрметіне ие болған даңқты спортшы. Тыңнан түрен салған дарын талай додада ел абыройын асқақтатты. Бүгінде Елбасының қолдауымен ашылған тұңғыш гимнастика мектебін басқарады. ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында бас бапкер шәкіттерінің жарқын жетістіктері және Елбасымен болған кездесулері жайында әңгімелеген еді.

155

 

Әлия Юсупова – қазақ көркем гимнастикасының қарлығашы. Он жылдай ел намысын түрлі додада абыроймен қорғап, қазақ қыздарының да осынау сұлу спортта алар үлесінің бар екенін дәлелдей білді. Бүгінде шәкірттері сол белестерді бағындыруға ұмтылып жүр. Биыл Джакартада өткен Азия ойындарында көркем гимнастшыларымыз қос алтынды қоржынға салып, артынша Болгария астанасы Софиядағы әлем біріншілігіне қатысты. Бұл қажырлы еңбек пен ұзақ дайындықты қажет ететіні даусыз. Шымкенттегі гимнастика мектебінде осылай топ жарсам екен деген өрендеріміздің қатары да жыл санап артып келеді.
– Мектептің ашылғанына биыл 5 жыл толып отыр. Шәкірттеріміз осы жылдарда біраз додада жүлделі орындардан көрінді. Атап айтсақ, Рио олимпиадасы мен Азия ойындарында тамаша өнер көрсетті. Джакартада өткен аламанда Алина Әділханова бас жүлдені жеңіп алса, Даяна Әбдірбекова алтын олжалады. Топтық және көпсайыста қос алтын ел қоржынына түсті, – дейді Әлия Мақсұтқызы. – Ал жасөспірімдер арасында Роза Абитова есімді гимнастшымыз жеке орындауда Азия чемпионы атанды. Ол, сондай-ақ, Аргентинада өткен жастар арасындағы байрақты бәсекеде жақсы өнер көрсетіп қайтты. Бұл үшеуі биыл еліміздің команда штатына кіріп отыр. Жалпы штаттық топта бес қыз болса, оның үшеуі Шымкенттен екені біз үшін үлкен жетістік. Ал биыл алғаш рет Моңғолияда өткен Азия кубогында
Эльжана Таниева бірінші орынды иеленді. Бұдан өзге де спортшыларымыз халықаралық байқаулардан құр алақан қайтқан емес. Шәкірттеріміз жеңістерімен бізге үлкен қуаныш сыйлап жүр. Көркем гимнастикамен айналыссам деген балақайларымыздың көптігі де қуантуда.
Қазақстандағы көркем гимнастика мектептерінің арасында алғашқы орындамыз. Келер жылға жоспар көп. Азия чемпионатына қатысып, қыздарымыз байрақты бәсекеде топ жарып, Токио Олимпиадасына жолдама алу біздің басты міндетіміз. Бұл ретте қыздармен қатар, бапкерлер де талмай еңбектенуде.
Айта кетелік, 2009 жылы Әлия Юсупова Елбасының қабылдауында болған еді. Сол жылы Шымкенттегі «Нұрсәт» шағынауданының ашылуында Елбасының қолынан пәтер кiлтiн алу бақытына ие болды. Бұл – Елбасымыздың спортшыларға деген қамқорлығы. Танымал гимнасшы осы ретте Елбасымен алғашқы дидарласуы жайында сөз қозғады.
– Ең алғаш рет Нұрсұлтан Әбішұлы Афина Олимпиадасы алдында бізді қабылдады. Мемлекет басшысы сол кезде барлық спортшылармен қатар маған да ерекше сәттілік тіледі. Бұл менің Елбасымен алғаш кездесуім еді. Сонда айтқан әр сөзі жарыста мені жігерлендірді. Елбасының артқан сенімін ақтау үшін барымды салып, жақсы өнер көрсетуге тырыстым. Ал биыл «Нұр Отан» партиясындағы жиында Мемлекет басшысы ерекше ықылас танытып, менің шәкірттерімнің жетістіктеріне риза екенін жылы сөзбен жеткізді. Бұл мен үшін, барлық шәкірттерім үшін үлкен қуаныш. Спорттағы жетістіктеріміз Елбасымыздың салиқалы саясаты, осы салаға деген жанашырлығы деп білемін. Мемлекет басшысы әр Жолдауында салауатты өмір салтын ұстану керек екенін айтады. Биыл өңірлерде 100 сауықтыру орталығын салуға тапсырма берді. Міне, бұл – барлық қазақстандықтар үшін жасаланып отырған жағдай деп айтар едім, – дейді Ә.Юсупова.