Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов Рио Олимпиадасының жүлдегерлері – Жазира Жаппарқұл мен Отгонцэцэг Галбадрахты қабылдап, сый-құрмет көрсетті.
Күміс жүлдегер Жазираға «Нұрсәт» шағынауданынан екі бөлмелі пәтер және «Toyota Land Cruiser 200», ал дзюдошы қызға – бір бөлмелі пәтер мен «Toyota Land Cruiser Prado» көлігі берілді. Көңілдері алып-ұшқан қос спортшы да ел ағаларына дән риза.
– Жетістік оңайлықпен келмейді. Жарқын жеңіс келесі Олимпиадада жалғасады деп сенеміз. Бұл сый-сияпатты бүкіл Оңтүстік жұртшылығының атынан берілген алғыс деп біліңіздер. Жолдарың әрдайым ашық болсын, – деді Б.Атамқұлов жүлдегерлерді құттықтап. Өңір басшысы ОҚО денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаевтың да еңбегін атап өтті.
Жазира көптің көзінше пәтерін ата-анасына сыйлайтынын айтты. Ал көлікті өзі жүргізбек. Дайындыққа қаңтар айында кіріседі. Кездесуге келген жеңімпаз қыздың әкесі Әбдірахман Құдайқұловтың көңілі толқып тұр. Жазирасы халықтың қызына айналғанына куә болу үлкен қуаныш.
– Елбасыға, облыс басшыларына рақмет. Жазирам халқының қызы болды ғой. Келесі Олимпиадада алтын аламын деп айтты. Тіл-көзден аман болса, ол арманына жетеді деп сенемін, – дейді көңілі толқыған әке.
Дзюдошы Отгонцэцэг Галбадрах бір ай тынығып, жаттығуға қайта кіріседі. Жаңа жылдан бастап Гранд-Слам, Гран-при жарыстарына қатысады. Келесі жылғы басты сын – әлем чемпионаты. Қос батыр қыз да енді алдағы жарыстарға тыңғылықты дайындалмақ.