Жеңісті жолды жалғайтын жампоз Избранное

Пятница, 01 Декабрь 2023 05:04 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 2912 раз

Таяуда Венгрияның Будапешт қаласында каратэден әлем чемпионаты өткен-ді. Бұл сында отандық спортшылар 1 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлдеге иелік етті. Шымкент қаласының дарынды спортшыларының бірі Қайсар Алпысбай 60 келіде күміс жүлдеге ие болды. Жерлесіміз 2023 жылы жарқын жеңістерге қол жеткізді: 4 халықаралық турнирде, Азия чемпионаты және Азия ойындарында топ жарып, әлем чемпионатында жүлдегер атанды. Біз спортшының жеңісті сәттеріне және қаладағы каратэ спортының дамуына тоқталғанды жөн көрдік.

862

 

«Басты мақсатым – Дархан ағамның жеңісті жолын жалғастыру»

Қайсар Алпысбай әлем чемпионатында 6 жекпе-жек өткізді. Алдымен Реза Хейдариді (Канада) 9:1, Олег Мелехинді (Беларусь) 5:4, Талла Разахты (Сенегал) 5:0, ширек финалда словакиялық Доминик Имричті 5:4, жартылай финалда италиялық Анхело Кресцензоны 5:1 есебімен жеңді. Ал финалда грекиялық Кристос-Стефанос Ксеносқа ұпай санымен есе жіберіп, күміс жүлдені олжалады.
2021 жылы шымкенттік каратэші Софья Берульцева Дубайдағы (БАӘ) әлемдік сайыста қола жүлдегер атанған. Биыл да жерлестеріміз жеңісті дәстүрді жалғастырды. 60 келіде Дархан Асаділов әлем чемпионаты және Олимпиада ойындарында жүлде алып, Азия ойындарының жеңімпазы болды. 2008 жылы әлем чемпионатында күміс, 2018 жылы қола жүлдені қоржынға салды. Токио ойындарында жүлдеге қол жеткізіп, спорттық мансабын аяқтаған болатын.
Мінекей, Асаділовтің орнын басар жампоз шығып отыр. Ол – Қайсар Күмісбекұлы Алпысбай.
Қайсар 1995 жылы Шымкент қаласында туған. 6 жасынан бастап каратэмен шұғылданады. ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 5 жылдан бері Шымкент қаласының жоғары спорт шеберлігі мектебінің шәкірті. Жеке бапкері – жоғары санатты жаттықтырушы Бақтияр Тоқсейітов.
Қайсар Алпысбай Токио ойындарынан кейін жарқырап көріне бастады. Ең әуелі 2013 жылы жасөспірімдер арасында әлем чемпионатында (Испания) 3-ші орын алды. 2015 жылы жастар арасында Азия чемпионатының жүлдегері атанып, сол жылы ересектер құрамасына өтті. 2018 жылы Мароккода өткен «Премьер-Лига» халықаралық турнирінде қола жүлдеден олжа салды. Алғашқы ірі халықаралық турнирлердегі жеңісті сәттер осылай басталған.
2019 жылы ҚР Жазғы Спартакиадасында ІІ орыннан көрініп, 2021 жылы Португалия және Ресейде өткен «Премьер Лига» Халықаралық турнирінің жеңімпазы атанды. 2022 жылы Коньяда (Түркия) өткен Ислам ынтымақтастық ойындарының жеңімпазы.
Биыл елімізді керемет жеңістерімен қуантты. Атап айтқанда, «Премьер Лига» Халықаралық турнирі (Египет), «Kazakhstan Open» Халықаралық турнирі (Алматы), «Марсель Опен» Халықаралық турнирінде (Франция) қарсылас шақ келтірген жоқ. Азия чемпионаты және Азия ойындарында топ жарса, әлем чемпионатында күміс жүлдеге иелік етті. Әлем чемпионатынан кейін Мәскеуде өткен «Moscow Karate Universe» Халықаралық турнирінен де алтын жүлдемен оралды.
Қайсар биылғы жарыстар аяқталғанын айтады. Енді жаңа маусымға дайындалмақ.
– Биылғы жетістіктеріме көңілім толады. Наурыз, сәуір айларында өткен халықаралық турнирде ғана жүлдесіз қалдым. Қалған жарыстың бәрінде жүлдеге жеттім. Енді міне, Оралда өтетін ҚР чемпионатынан босатылып отырмын. Келесі жылы Азия чемпионаты және Премьер-Лига турнирлеріне қатысамын. 2025 жылы әлем чемпионаты да келіп қалады. Менде жалпы дүниежүзілік ойындар мен Олимпиада ойындарының ғана жүлдесі жоқ екен. Қазір нағыз бабымда болсам да каратэ Париж ойындарының бағдарламасынан тыс қалып тұр. Осы жағдай өзекті өртейді. Енді 2028 жылғы Олимпиада ойындарын күткеннен басқа амал жоқ. Олимпиада ойындарының жүлдегері Дархан Асаділов ағамыз бізге үлгі көрсетті. Жаттығу жиындарында, жарыстарда әрдайым бірге болдық. Көптеген ақыл-кеңестерін айтты. Менің ендігі басты мақсатым – Дархан ағамның жеңісті жолын жалғастыру, – дейді өзі.

«Мұрны сынса да, бәсекені жеңіп шықты»

Әлем чемпионатының күміс жүлдесі оңайлықпен келген жоқ. Спортта мінез көрсетіп, намысты жанысаң ғана жеңіске жетесің. Қайсар да әлемдік бәсекеде ерлік көрсетіп, қиын сәтте жеңісті жұлып алды. Бұл туралы жеке бапкері болған жағдайды бізге әңгімелеп берді.

861


Бақтияр Иманұлы Тоқсейітов жоғары спорт шеберлігі мектебінде 5 жылдан бері қызмет атқарады. Қазірігі уақытта каратэден ересектер арасында Шымкент қаласы құрамасының аға бапкері қызметінде.
– Шәкіртім әлем чемпионатында мұрнын сындырып алғанын көпшілік біле бермейді. Бұл жағдай ширек финалда словакиялық спортшыға қарсы өткен кездесуде болды. Бағымызға орай, дәрігерлер одан әрі жарысты жалғастыруға рұқсат берді. Жеңіліп тұрған сәтте қайсарлық танытып, Словакия каратэшісінен басым түсті. Содан шәкіртіме жартылай финал бәсекесіне шықпай-ақ қойсаң деп ұсыныс айтып едім. Қайсар мұнымен тоқтамайтынын, соңына дейін бағын сынағысы келетінін айтты. Командамызда Рахат деген дәрігер екеуміз сынған мұрнын қалпына келтіріп бердік. Сөйтіп ол спорттық мінезбен, жеңіске деген құштарлығымен италиялық қарсыласты жеңіп шықты. Осы бәсекеге бар күшін салды, – дейді Бақтияр Тоқсейітов.
Қ.Алпысбай 2019 жылдан бері Бақтияр Тоқсейітовтің қол астында жаттығады. Алға қойған жоспарлары көп-ақ. Жерлесіміз келесі жылы Премьер-Лига турнирлеріне, Азия чемпионатына қатысуды жоспарлап отыр. Жеке бапкерінің айтуынша, қазіргі уақытта спортшы жарақаттарын емдеп жүр. Келесі жылы да өз мықтылығын дәлелдеуге күш салмақ.
Шымкент қаласының жоғары спорт шеберлігі мектебі спортшының жаттығуына барлық жағдай жасап отыр.

«Жеңісті дәстүр жарастығы»

Шымкент қаласының каратэшілері биыл Жазғы Азия ойындарында 2 алтын, 1 күміс жүлде олжалаған еді. Ұлттық құрама көшбасшысы Софья Берульцева (+68 кг) мен Қайсар Алпысбай (60 келі) өз салмағында қарсылас шақ келтірмей, жеңімпаз атанды. 84 келіде Данияр Юлдашев күміс жүлдені қоржынға салды. Бұл – тарихи жетістік.
Биыл Малаккада (Малайзия) өткен ересектер арасындағы XIX Азия чемпионатында Шымкент қаласының спортшылары 2 алтын, бір қола медаль еншіледі. Ерлер арасында 60 келі салмақ дәрежесінде Қайсар Алпысбай жеңімпаз атанса, 84 келіде Данияр Юлдашев қола жүлдені қоржынға салды. Токио Олимпиадасының және әлем чемпионатының қола жүлдегері Софья Берульцева (+68 кг) өз салмағында үздік шыққан.
Жазғы Азия ойындарында каратэден еліміздің ұлттық құрамасы тарихта алғаш рет командалық есепте бірінші орын алды. 3 алтын, 3 күміс, 2 қола жүлдеге иелік еткен ел спортшылары Қытай, Жапония құрамасын да артта қалдырды.
Тарихтан сыр тартсақ, еліміздің каратэшілері алғаш рет Пусандағы (Оңтүстік Корея) додада жүлдегер атанған-тын. 70 келіде жерлесіміз Шаттық Қажымұқанов күміс жүлдемен оралған. Одан кейін 2006 жылы Дохада (Катар) Шаттық Қажымұқанов +75 келіде қола жүлде еншіледі. 2010 жылы Гуанжоуда (Қытай) Дархан Асаділов алтын жүлдеге қол жеткізген. Ал 2018 жылы Джакартада Данияр Юлдашев үшінші орыннан көрінген. Соңғы Ханчжоу ойындарында абырой биігінен көрініп, қала спортшылары тарихи жеңіске жетті.
Ұрпақтар сабақтастығы деген осы болар. Биыл Азия чемпионаты және Азия ойындарында жеңімпаз болған жерлестеріміз әлем чемпионатының да күміс жүлдесін тарту етті.
60 келіде ұзақ жыл ұлттық құрамада көшбасшы болған Дархан Асаділовтің ізбасары Қайсар Алпысбай жеңістерімен елді қуантып отыр. Біз Қайсарға алдағы жауапты бәсекелерде сәттілік тілейміз.

Последнее изменение Понедельник, 04 Декабрь 2023 09:51
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.

Другие материалы в этой категории: « ҚАУІП ЕТКЕННЕН АЙТАМЫН ЖОЛДАМА ҮШІН ЖАНТАЛАС »