ҚР чемпионатына еліміздің барлық аймағынан 200-ден астам спортшы келген. Аталған сайыс кикбоксшыларды алдағы халықаралық тунирлерге іріктейтін жауапты сын болмақ.
– Елімізде бұқаралық спортты дамытуға баса назар аударылып отыр. Қазіргі таңда Шымкент қаласында бұқаралық спортты дамытумен қатар, жоғары спорт шеберлігін одан әрі жетілдіруге қала әкімдігі тарапынан қолдау көрсетілуде. Шаһарда кикбокс спортымен 600-ден аса спортшы тұрақты түрде шұғылданады. Осы жарысқа қатысушылар арасынан алда жоғары жетістіктерге жететін дарынды жастар шығатынына сенім білдіреміз. Жарыста тек мықтылар жеңіске жетсін, – деді басқарма басшысының орынбасары.
ҚР Кикбоксинг федерациясының президенті Тастанбек Есентаев ел чемпионаты алда Португалияда өтетін әлем чемпионатына іріктеу кезеңдерінің бірі екенін атап өтті. ҚР чемпионатынан кейін ұлттық құрама қайтадан жасақталады.
Сондай-ақ, жиында кикбокс спортына қосқан үлесі үшін бірқатар азаматтар ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды. Жарыс жеңімпаздары 17 тамыз күні анықталады.