7866

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Әбдіманап Төлебаев және Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Тимирхан Варзиловтың қатысуымен Ақпараттық-коммуникациялық орталығында қаладағы эпидемиологиялық жағдай бойынша брифинг өтті.

Баспасөз жиынында Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері кәсіпкерлік нысан иелерін санитарлық нормаларды сақтауға шақырды.
– Мақсатымыз айыппұл өсімін көбейту емес, бірақ кәсіпкерлік нысан иелері талапқа сай жұмыс істемесе, шара қолданамыз. Бұл ретте эпидемиологиялық ахуал кезінде ұйымдастырылған мониторинг бойынша 457 дәріханаға тексеру жүргізілді. Олардың 87-сінен заң талаптарын бұзу анықталып, айыппұл салынды. Және олардың 27-сі сотқа жолданып, бүгінде 8-не тергеу жұмыстары жүргізілуде, – деді Ә.Төлебаев.
Баспасөз мәжілісінде қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы қалыпқа түсе бастаған эпидемиологиялық ахуал жөнінде сөз қозғады.
– Коронавирус инфекциясының кең таралуының алдын алу мақсатында қалада адамдар көп шоғырланатын қоғамдық орындарға насихат баннерлерін ілеміз. Бүгінде бетперде адамның киетін киімі секілді қажеттілікке айналды. Осы қалыпты әлі де сақтауымыз керек. Қазір жағдай қалыпқа келді деп, оған немқұрайлы қарасақ, үшінші толқын болуы әбден мүмкін. Ол – қарапайым шындық. Дегенмен әлем ғалымдары бұл вирусты ауыздықтау үшін күресуде. Бүгінде дүние жүзінде ғалымдар 160-тан аса вакцинаны сынақтан өткізіп жатыр. Оның ішінде екі вакцинаны еліміздің ғалымдары сынақтан өткізуде», - деді
Ш.Жұмабекұлы.
Оның айтуынша, әсіресе, қаладағы 36 базар басшысына үлкен міндет жүктеліп отыр. Себебі, адам ең көп шоғырланатын орын– базарлар. Ал кәсіпкерлер алдына келген тұтынушының маскасы болмаса, бетпердемен қамтамасыз етуге міндеттеледі. Яғни, кез келген кәсіпкерлік нысанының иесі тұтынушысының сақтық шараларына тікелей жауапты.
–Егер вирус қатты қарқынмен таралатын болса, кез келген қоғамдық, көпшілік орындарды жауып тастаймыз. Маусым, шілде айларында вирус кеңінен таралды. Өкінішке қарай, қалада бетперде тағып жүргендер сирек. Қазір бетпердесіз жүруге мүлде болмайды. Вирустан қорғану әр адамның өз жауапкершілігінде, - деп Ш.Мұқан шаһар тұрғындарын індеттен барынша сақтануға шақырды.

800-ГЕ ЖУЫҚ ДӘРІГЕР ОНЛАЙН-КЕҢЕС БЕРЕДІ

Ал Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а Тимирхан Варзилов қаладағы эпидемиялық жағдай бойынша мәлімдеді. Оның айтуынша, өткен тәулікте 43 науқас дертінен айыққан.
– 5-тамыздағы эпидахуал бойынша - 5025 Сovid-19 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 2572-і симптомдық, 2453 -і симптомсыз. Өткен тәулікте вирус жұқтырғандар – 14. Қазіргі таңда індеттен емделіп шыққан науқастардың саны – 3357. 1629 науқас емделуде, оның ішінде 94-і стационарда ем қабылдап жатыр - деді ол.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан - 5- тамызға дейін пневмонияның 14 312 жағдайы тіркелді, 10 962 науқас емделді.
Провизорлық және инфекциялық стационарлар бойынша айтар болсақ, қалада 2810 төсек-орын бар (инфекциялық төсек - 650, провизорлық төсек – 2160), оның ішінде бос төсек-орын саны 2087 құрайды. Бұдан бөлек, 211 мобильді топ ұйымдастырылып, олар 17 820 науқастың үйіне барып медициналық қызмет көрсеткен. Әр емханаға қосымша бір топтан жедел жәрдем көлігі жеткізілді.
Сондай-ақ, 53 182 адам дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Тегін берілетін дәрілік заттарды медицина қызметкерлері үйлеріне жеткізіп берді.
Қазіргі уақытта дәрігерлер 1430 платформасы арқылы онлайн кеңес беріп жатыр. Онда 720 дәрігер тіркелген.

2019061312152847144 fbd28ce95f5c3dc1ea77d4a731ced5a8

ҚР Білім және ғылым министрлігінде 28 жылда 13 министр ауысты. Жасыратыны жоқ, бұл салаға кіл «реформаторлар» келеді де, әрқайсысы өз өзгерісін енгізіп бола берем дегенше, қызметімен қош айтысады. Аталған министрлікті соңғы жылдары басқарған Бақытжан Жұмағұлов, Аслан Сәрінжіпов, Ерлан Сағадиев сынды экс-министрлердің реформалары көптің көкейінен кете қоймаған болар. Жыл сайын емес, ай сайын жасалатын жөнді-жөнсіз реформалардың пайдасынан зияны көп екенін екінің бірі біледі. Мәселен, ҚР Білім және ғылым министрлігін Ерлан Сағадиев басқарған үш жыл үштілділік дауы және «Әліппе» мен «Ана тілінен» бас тартумен есте қалды.

Осыдан 4 жыл бұрын мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер қолдарына «Әліппе» емес, «Сауат ашу» кітабын алған еді. Бұл бұйрыққа сол кездегі білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев қол қойған. Осылайша ол қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулығының негізін қалаған
Ахмет Байтұрсынұлының 1912 жылы Орынборда басылып шыққан «Әліппе» атты пәнінің тамырына балта шапты.
Баршамыз да «Бар ғылымға бас болған, «Әліппе» - ғылым анасы» деп «Әліппемен» әріп таныдық емес пе?! Оның алғашқы нұсқасында Құран сөзі кездеседі. Онда: «Бис­смиллаһи-рахмани-рахим» деген жазу жазылған. 1926 жылы «Әліппе» 14 жыл бұрын жарық көрген кітаптың жалғасы ретінде Қызылорда баспасында қайта басылған. Міне, осындай тарихы бар оқу құралының соңғы парағын Ерлан Сағадиев өз қолымен жапты.
Ал «Сауат ашу» кітабы 1,2,3,4 бөлікке бөлініп, қосымша дәптерлерімен таратылды. Ата-аналар мен ұстаздар қауымының басым бөлігі бала миына және соншалық ауыр сөмкені көтеріп, денеге түсетін салмағына орай аталған пәннің енгізілгеніне көңілі толмады. Қоғам белсенділері оқулықтарға кеткен шығынды есептеп, ысырапшылдыққа бой алдырған министрді сынның астына алған болатын.
«1913 жылы Алаш ардагері Аxмет Байтұрсынов басып шығарған, ғасырдан астам миллиондаған жасөркенге оқу-жазуды үйреткен, қазаққа азық болып келген, тілі жеңіл, 105 жылдық тәжірибеден өткен әліппе неден жазықты болды?» - деп Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуxан министрге сұрақты төтесінен қойған еді.
Халық қалаулысының «Сауат ашу деген орысша «ликвидация безграматности» деп аударылады. Бұл буыны қатпаған жас балаға емес, ересек адамға арналған» деген сөзі де нысанаға дөп тиген сын ретінде қабылданған.
Расымен, бірінші сыныпта оқытылатын ғасырдан астам тарихы бар оқулығын тәрк еткен біз сияқты халық жоқ шығар. Мәселен, славян xалықтарының «Букварь» оқулығы 1618 жылы жарық көрген. Төрт ғасырға жуық тариxы бар. Заманға сай өзгертіліп, толықтырылып отырады, оның өзінде кемі бес жыл тәжірибеден өткізбей кіргізбейді. Орыстардың «Азбукасы» 1574 жылы жарық көрген. Бес ғасырлық тарихы бар. Орыс әдебиетінің алыптары
К.Ушинский мен Л.Толстой да өздерінің «Азбукасын» жазып қалдырған. Қазірде букварьдің заманауи нұсқалары жасалған, бірақ, негізгі мазмұны сақталған.
Ал біз ше? Бір ғасыр бойы бағытынан ауытқымаған «Әліппені» бір күнде алып тастап, төрт жыл тәжірибе жасап көрдік. Нәтижесі қандай? Халық қозғалса, хан да тағында отыра алмайды. Ерлан Сағадиев өрескел қателігі үшін халықтың ашуы мен өкпесін арқалап кете барды.
Кейіннен министр боп келген Күләш Шәмшидинова «Әліппені» алдағы оқу жылында қайтарамыз!» деп көңілге үміт шоғын үрледі. Алайда, ол кісі министрліктің басшылық қызметінде өте аз мерзім отырды да, мәселе жайына қалды.
Қалай айтсақ та, «Сауат ашу» деген сауатсыз бастама білім саласын біраз былыққа батырды. Енді жаңа министр бұндай бассыздыққа жол бермеймін деп отыр. Оқушылар бірінші күннен бастап «Әліппемен» әріп танып, әліпби жаттап өседі. Әзірге бұл биылғы оқу жылының басты жаңалығы болып тұр.
Сағадиев керек етпеген «Әліппені» Аймағамбетов қайтарып берді. Білім және ғылым министрі әлеуметтік желідегі парақшасына былай деп жазды:
«Жақында Мемлекеттік жалпыға міндетті стандартқа өзгерістер енгізіліп, Әділет министрлігінде тіркеуден өтті.
Ондағы маңызды жаңалықтардың бірі – келесі 2021 оқу жылында бірінші сынып оқушылары «Сауат ашу» пәнінің орнына «Әліппе» мен «Ана тілін» оқитын болады.
Бірінші сынып оқушылары оқу жылының бастапқы екі тоқсанында «Әліппенің» бағдарламасын оқыса, қалған екі тоқсанда «Ана тілі» пәнін оқиды.
Сәйкесінше, орыс тілінде немесе басқа тілдерде білім алатын сыныптарда «Букварь» мен «Обучение грамоте» пәндері жүргізіледі.
Айта кетейін, «Әліппе» Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде дайындалады».
Министрдің мәлімдеуінше, қазіргі кезде оқулықтарды әзірлеу бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірыңғай бағдарлама жасаумен айналысатын жұмыс тобы құрылған.
Оның құрамында мықты тіл мамандары, әдіскерлер, бастауыш сынып мұғалімдері мен бұған дейін оқытылған «Әліппе» оқулықтарының авторлары бар. Министрдің орынбасары Шолпан Каринова осы жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізіп те үлгеріпті. Бағдарламалар мен оқулықтар дайын болғаннан кейін оларды пилоттық мектептерде сынақтан өткізу жоспарлануда. Кейін басқа мектептерге жіберілетін болады. Бұл мәселе министрдің жіті бақылауында.
Міне, жаңалық! Министр боп келгеніне тура бір жыл толған жас шендінің батыл шешімі мен жаңашыл қадамын қолдамаған жан некен-саяқ. Қазіргі күннің күшті құралы – әлеуметтік желілерде жұрт жаппай қуаныш пен алғыс сезімін білдіруде.
Соның бір көрінісі ретінде Шымкент қаласындағы №90 мектеп директоры Арман Орынбековтің пікірін келтіре кетейік.
– Маңызды жаңалық екенімен толық келісемін. Себебі, «Әліппе» мен «Ана тілі» пәндерін оқу алғаш әріп танитын бала үшін өте маңызды үдеріс. Олар сауат ашудың іргетасы іспеттес. Осы бағытта ҚР БҒМ-нің Мемлекеттік жалпыға міндетті стандартқа енгізіп жатқан өзгерістері, яғни, 2021 оқу жылында бірінші сыныптарда «Әліппе» мен «Ана тілі» пәндерінің қайта оқытуы ұлтымыздың болашағы үшін де маңызды деп санаймын. Себебі, оқулықтардың тіл білімінің негізін салушы, Алаш қайраткері, ғалым Ахмет Байтұрсынұлының «Әліппе» әдістемесі негізінде дайындалуы да ана тіліміздің мәртебесін биіктете түсеріне, тәуелсіз елдің болашағы – жастардың сауатты да білімді бола түсуіне үлкен ықпалын тигізетініне сенімдімін.
Аталған жаңалықты жылы қабылдап, қолдай отырып, мен басқарып отырған Шымкент қаласындағы 90 мектеп-гимназиясында «Әліппе» және «Ана тілі» оқулықтары бағдарламадан алынып тасталса да, мектепалды даярлық топтары мен бірінші сынып оқушыларына таратылып беріліп, олардың қосымша білім алып келе жатқандығын тілге тиек еткім келіп отыр. Мектеп-гимназияда бұл өзгерістердің үнемі үдерісте болып келе жатқандығын, бұл орайда бағытымыздың дұрыс екеніне көз жеткізіп отырмыз», - дейді мектеп директоры.

БІЛІМ БЕРУДІ БАСҚАРУ ОРГАНДАРЫНДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР

Бірінші сынып оқулықтарынан бөлек, келесі жылдан бастап білім беру саласын басқару жүйесі өзгереді. Бұл туралы да министр А.Аймағамбетов айтты.
Білім беруді басқару органдары жүйесінің дұрыс ұйымдастырылуы – білім беру сапасы мен тиімділігін арттырудың маңызды шарттарының бірі.
Сарапшылар аудандық, қалалық және облыстық білім басқармаларының өзара байланысы мен жұмыс жүргізу жүйесіндегі кемшіліктер туралы ұзақ уақыт бойы айтып келеді. Осы мәселені ескере отырып, жүйені өзгерту туралы шешім қабылданыпты.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тиісті Заң қабылданғаны белгілі.
«Енді 2021 жылдан бастап аудандық және қалалық білім беру бөлімдерін қаржыландыру және басқару құзыреті облыстық білім беру басқармаларына беріледі, яғни әр мектеп пен балабақшаның мәселелері облыстың бақылауында болады. Бұл – жалпы білім беру саласы үшін өте маңызды қадам».
Мысалы, ауылдағы мектепке жөндеу жұмыстары қажет болса, мектеп директоры аудандық білім бөліміне жүгінеді. Ал, аудандық білім бөлімінің басшысы аудан әкіміне емес, бірден облыстық білім басқармасына өтініш жібереді.
Айта кету керек, қазір аудандық және қалалық білім бөлімдері (яғни мектептер мен балабақшалар) аудан әкімдігіне қарайды. Сәйкесінше, қаржыландыру мәселесі сол аудан мен қаланың мүмкіндіктеріне (бюджетіне) тікелей байланысты.
Мұндай өзгерістер Білім және ғылым министрлігінен әр мектеп пен балабақшаға дейінгі «жолды» қысқартуға жағдай жасайды.
Мысалы, бір ғана Қостанай облысында жиырмаға жуық аудан мен қала бар, яғни, 20 әкім жұмыс істейді. Білім бөлімдерінің облыстық білім басқармаларына берілуі шешім қабылдау орталығының да 20-ға қысқаратынын білдіреді.
Бастысы, жаңа өзгерістер білім беру ұйымдарындағы жағдайды теңестіруге мүмкіндік береді.
Елімізде бірыңғай нормативтік құқықтық актілер, бірыңғай стандарттар мен талаптар болғанының өзінде, білім сапасы өңірлерде ғана емес, бір облыстың аудандарында да әртүрлі екені жасырын емес. Халықаралық зерттеулер нәтижесі де бір облыстың ішінде білім сапасындағы айырмашылық үлкен екенін көрсетті.
Осы сияқты қаржыландыру деңгейі мен басқару тәсілдерінің әртүрлі болуы мектептерді жылыту маусымына дайындау, оқулықтармен, компьютерлермен қамтамасыз ету, жөндеу жұмыстарын жүргізу барысына да әсер етеді.
Ашық айту қажет, қазіргі уақытта аудан мен қала әкімдіктеріне бағынатын мектептер мен балабақшаларға Білім басқармалары іс жүзінде әсер ете алмайды.
Тағы бір жаңашылдық – білім бөлімдерінің басшыларын аудан және қала әкімдері емес, облыстық білім басқармасы басшысы тағайындайтын болады.
–Басқару жүйесін өзгерту және білім бөлімдерін мектептермен және балабақшалармен бірге облыстық деңгейге беру, аудандық және қалалық білім бөлімдері мен білім басқармаларының басшыларын тағайындау мен жұмыстан босатуды БҒМ-мен келісу туралы норманы енгізу, бірыңғай біліктілік талаптарын қалыптастыру және қалалық, аудандық білім бөлімдері мен облыстық білім басқармаларының басшылығына кәсіби-практиктерді тарту, директорларды тағайындау жүйесін өзгерту, оларды аттестаттау және ротациялау институтын енгізу, қаржыландыру жүйесін дербестендірілген және жан басына шаққандағы деңгейге өзгерту – жалпы білім беру жүйесінің тиімділігін арттыруға сеп болатынына сенімдімін, - деді А.Қанатұлы.
Министрлік жақтан айтылған бұл жаңалыққа ұстаздар қауымы, тіптен, риза. Себебі, сапа артады, тиімділігі өте көп. Нағима Райымбекова деген желі қолданушысы мектеп басшылары мен орынбасарларын 3 жылда автоматты түрде ауыстыру жүйесі жемқорлыққа жол бермейтін бірден-бір оңтайлы жол екенін алға тартады. Әрине, пікірдің бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Бір айтарымыз, сол пікірлердің басым көпшілігі ризашылық, қолдау райында жазылып жатыр.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН.

Мақаламыздың басында білім саласын былыққа батырған министрлерді тілге тиек еткенбіз. Әңгіме ауаны «Әліппеден» басталды. Ал соңы министр мырзаның мүмкіндіктерімен аяқталғалы тұр. Қазақ баласына «Әліппе» мен «Ана тілін» қайтарып, мектептердегі және білім ордаларындағы бюрократиялық кедергілерді жоюға біртабан жақындаған министр А.Аймағамбетовке соңғы күндері ақпараттық шабуыл жасалуда. Бірқатар азаматтар Президент
Қ. Тоқаевтың атына хат та жазып үлгерді. Себебі, Асхат мырза жас та болса, 28 жылда жасалмаған ұстаздарды әрнеге жұмсаудан құтқарудың қадамын жасап, олардың беделін арттыру жолында нақты істер атқарды. Жоғарғы оқу орындарындағы жөнсіздіктер (сапасыз білім, диплом сату, т.б.) жөнделе бастады. Қаптаған қағаздан арашалап, екі-ақ журнал толтыратын деңгейге жеткізді. Білім саласын әкімдіктердің жүйесіз басқаруынан арашалап, облыстық білім басқармаларына тізгін беруді жүзеге асырмақ. Ел тарихында ең жақсы, барынша таза, нақты білімді бағалайтын ҰБТ өткізді. Ұлттық болмысымызға барынша басымдық бере бастады. Қашанда халықпен бірге екенін көрсетіп келе жатыр. Ендеше, жас, іскер, білімді, саланы жетік білетін маманға мүмкіндік беру қажеттігі айтпаса да түсінікті шығар... Біздікі шендіні мақтап, шапан кию емес. Ұлт мүддесіне қызмет ететін министрге қолдау көрсету.

erm 5860

...«Қызым, мерекеңізбен! Бақытты бола түсіңіз!»

Сіз маған осылай жиі хабарлама жазып, хабарласып тұратынсыз, Мырзагелді ата! Сондай қазаққа үлгі боларлық үлкен зиялы тұлға бола тұра күнгейдегі газеттің жас тілшісінің хал-жағдайын біліп, менің әрбір қадамыма баға беріп отыратыныңыз асқан мейірімділік екенін білсемші!.. Тұла бойыңыз тұнған тектілік еді ғой. Қарап тұрсам, арда басыңызбен әрдайым «Сіз» деп сөйлеп, «қызым» деп кең жүрегіңізге сыйдырған екенсіз. Әттең, сізбен саналы ғұмырыңыздың соңғы екі жылында ғана сыйлас болу бақыты бұйырған екен...
Тағы бірде: «Асхан ханым «ағам менімен хабарласуды ұмытты ма деп ренжіп қалатын болды-ау!..» деп әзіл-шыны аралас айтып едіңіз. Иә, мені сізбен және шығармашылығыңызбен жақындастырған Асхан апайым еді. Сіз туралы көп естеліктерді майын тамызып айтып беретін. Енді ол естеліктер мәңгілік сағынышқа айналғаны қандай ауыр...
Біздің газетпен үнемі байланысып, түрлі тақырыпта мақалаларыңызды, қоғамдық ой-пікірлеріңізді жолдап тұратын едіңіз. Сіз қайсы тақырып, қайбір мәселеге болсын терең пайыммен талдау жасап, өзіндік көзқарас, ойларыңызды білгірлікпен бөлісе білетін ғаламат талант иесі едіңіз. Ғалымдығыңызға қоса қаламгерлік қарымыңызбен де кеңінен таныла білдіңіз. Сіз қазақтың ақыл қалтасына айналған адам едіңіз!
Өзіңізден алған рухани сұхбатым бар еді. Өкінішке қарай, сол сұхбатты, сізбен болған соңғы әңгімемді оқырман назарына ұсынудың сәті енді түскенін қайтерсіз!?.

Кемелді кемел еткен не?

...Ол «Отырар» кітапханасынан өзіне арнап ашылған музей-кабинетінен өз заманында қаламдас болған бес қаламгерге бұрыш ашты. Бесеуіне де арнайы шкаф алдыртып, көпшілік сүйіп оқитын кітаптарын қойдыртты. Ол кім десеңіз, айтайық. Қызметінен бос кезде оқып, оқудан бос кезде қызмет етіп жетістікке жеткен қазақтың ардакүрең перзенті Мырзагелді Кемел. Ал ол өзіне берілген орыннан кімдерге бұрыш бөліп берді десеңіз, олар – өзімен 18 жыл аралас-құралас болып, бірге жүрген Фариза Оңғарсынова, бірімен 11 жыл, енді бірімен 9 жыл Парламентте қызметтес болған Шерхан Мұртаза мен Әбіш Кекілбаев, одан соң қазақтың қазынасы Ақселеу Сейдімбек пен Таласбек Әсемқұлов еді. Міне, тектілік, міне, қайырымдылық. «Мен, мен» деп кеуде қағатын өзімшілдер көбейген тұста «оқырман мені ғана оқи ма, менен де мықтылар бар ғой, соларды да оқысын» деген оймен осындай қадамға барғаны өнегелі іс емес пе?!
Мырзагелді Кемел экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры, ҚР Парламенті Мәжілісінің қатарынан үш рет депутаты. Бірақ бар ғой, осы ресми қызметтерінен гөрі бізге ол кісінің қаламгерлік қыры, психологиялық пайымдары қызығырақ. Себебі, оның бір кітабын оқысаңыз – бір академияны бітіргендей күй кешеріңіз хақ. Шығармаларын оқи отырып соншалық терең ізденіске қалай уақыт, мүмкіндік, тіпті күш-жігер табады деп таңғаласыз. Себебі, кітаптарында көптеген шетел авторларының ойын мысал етіп келтіреді. Және онысын өте тереңдікпен һәм асқан талғампаздықпен ұштастыра біледі.
Шерхан Мұртаза «Өзіме сабақ» атты кітабына алғысөз жазып, тіпті, кітаптың атауын да өзі қойып беріпті. Сонда: «Мырзагелдінің мақсаты – ұлы, ол халқы ояу, саналы бола түссе екен дейді. Оған апарар жол ұзақ екенін біледі және сол жолдың жақындауына қызмет еткісі келеді» деген сөзі бар.
«Жер бетіндегі жетпіс миллиард адамның біреуі біреуіне ұқсамайды», - дейді кейіпкеріміз «Құдай сөзі» атты мақаласында. Сол сөзіне сүйенсек, қазақта Кемелге ұқсайтын білімді, жан-жақты адам да қайталанбайтын шығар, сірә?..
«Өзіме сабақ» атты кітабында «Cаясат тізгін мен қамшыдан тұрады. Тізгінді ұстағандар саясатпен айналысудың бар қызығын толық көреді, қамшысын алғандардың қызығы мен таяғы қатар жүреді, бірақ, оларда кейде қамшыны өзге біреуге жұмсау мүмкіндігі болады, бұл ойы шектеулі кейбіреулерге рахат әкеледі. Сондықтан кіші биліктің өзіне құмарлар көп. Саясаткер бола тұрып парасатты, рухани бай болып қалу ілуде біреудің ғана қолынан келеді» деп жазады өзі де саясаткер һәм парасатты, рухани бай кейіпкеріміз. Рухани биіктік – ең үлкен бақыт. Кемелді кемел етіп тұрған сол.
Мырзагелді Кемел ешкімге арқа сүйемей-ақ билікте ұзақ жыл қызмет етті.
–Өзіңіз көп зерттеген қытай ақылманы Конфуцийдің «он бас жасымда оқуға ұмтылдым, отызымда кісілікке жеттім, қырықта күдіктерім жойылды, елуде Аспанның сырын түсіндім, алпыста менің түйсігім тереңдеді, жетпісте шектен шыққан өз жүрегімнің қалауын жасауды үйрендім» деген сөзі бар. Сіз осы күнге қалай жеттіңіз? – дегенбіз.
–Студент кезімде комсомол белсендісі болып, бүкіл Өзбекстанды аралап шықтым. Ауылда жүргенде тәп-тәуір деңгейім бар деп малданып жүргенде, Жоғарғы Кеңес депутаты болып, 45 жасымда Алматыға келіп, өзімнің білім-білігім, ой-өрісім, ойлау қабілетім аудан деңгейінде ғана екенін көріп, шошып кеттім. Үндемей үйрендім, кітапханадан шықпадым, Парламент архивін сүздім, бұқаралық ақпарат құралдарынан да көп білім алдым. Компьютер үйреніп, жаңадан қалыптасып келе жатқан интернеттен қажетті ақпараттар алдым. Осылай еңбектену арқылы жетілдім. Үлкен жетістіктерге жеттім. «Егер мен басқалардан көбірек білсем, ол менің ұлылардың иығына мініп тұрғандығымнан» дейді Ньютон. Ұлылардың иығына міне алу үшін де баспалдақ болар білім керек. Өмірден өзім үшін алынар сабақ жалғаса береді, - дейді «Ақыл қалта», «Өзіме сабақ», «Бес бәйіт», т.б. көпшілікке жақсы таныс кітаптардың авторы.
–Ескіден қалған бір сөзде: «Жетілу үшін молаға барып қабірдегі адамды бір түн мақта, ертеңіне барып бір түн датта, сонда қалай міз бақпайтын болса, мақтау мен даттауға солай міз бақпауды үйренсең, сонда жетілгенің» делінген. Сіз биік мінберлерде көп жүрдіңіз. Мақтау естігеніңіз заңдылық, даттау да болып тұрған шығар. Сондай сәттерден қалай шықтыңыз?
–Мақтауға да, даттауға да құлағы керең бола білген адам, егер онысы айладан, менмендіктен болмай, шын пиғылға айналған болса – жетілуге бет алған адам. Адам өзін-өзі мақтау қажеттілігіне қарсы тұра білу керек. Мақтаулы көрінуге тырысу өзгеге үстем қарауға алып барады. Біреуге жақсылық жасаған адам одан қайтарым күтпесін, жақсылықты қайтарымсыз, шын көңілмен жасағанда ғана қайтарым өзге жолдармен өзі келеді. Демек, жақсылық жасасам, қайтарымын күтіп емес, өзім үшін жасадым деп ұғынған ұтады. Мен де сондай сәттерден ұлылардың ұлағатын түйсініп, санама сіңіру арқылы шықтым.
Осы жерде астын сызып жазбасқа болмайды, Мырзагелді Кемел ұшан-теңіз білімнің иесі бола тұра өте қарапайым адам. Және өзін-өзі насихаттауға тіпті де құмар емес еді. Қатарынан үш шақырылымда Парламент депутаты болғанда да телеэкран алдында оңды-солды көлбеңдегенін көрмеппіз. Ал білім-парасаты бұл адамның ширегіне де келмейтін базбір жандардың өзін-өзі жарнамалауға жүдә епті әрі бейім екенін де байқаймыз. Ол бәзбіреулер сияқты байлыққа да ұмтылмады.
–Қырық жыл еңбек өтілім тұтастай мемлекеттік қызметші санатына жатса да, Парламент аппаратының қызметкері кезімде 38 мың теңгемен зейнетке шықтым, - деген –ді әңгіме арасында М.Кемел. – Өте ұқыптылық, үнемшілдікпен өзіме шектеу қою арқылы жалаң айлық жалақымен жүріп, балаларымды жетілдірдім. Одан артылдыру тіпті қиын еді, жинап тастаған ештеңем жоқ. Жатпай-тұрмай қосымша жұмыстар істедім. Өмірге өкпем жоқ. Қазір ұшақпен баруға тиіс жерге пойызбен барғанда пенделігім ұстап, аздап өкінемін. Бірақ, бұл жолды да өзім таңдадым, - дегенде сондай қадірлі кісі, жан-жақты білім иесі «осылай да қарапайым болуға болады екен-ау» деп ой түйгенбіз.

«Кедей болғыңыз келмесе, кәсіппен айналысыңыз»

–Бізде әлеуметтік бөліс дұрыс деп ойлайсыз ба? Біз неге кедейміз? – дедік бүгінгінің бүкпесіз шындығының сырын білмек ниетпен.
–41 жылдық еңбек өтілімнің бәрін мемлекеттік қызметке арнадым. Қатардағы мемлекеттік қызметкерге бұл қызметтің жақсы жағы – аз болса да ұдайы келіп тұратын жалақысы бар. Анда-санда айлығың да, мүмкін, қызметің де өсіп тұрады. Үмітпен өмір сүресің. Ал теріс жағы– өмірі жарымайсың. Айлық алғанға дейінгі қарызыңды қайтарумен өмірің өтеді. Бір жақсысы – құл емессің. Жұмысыңды дұрыс атқарсаң болғаны. Мемлекеттік қызметті жас мамандардың жақсы көріп, ұмтылатыны содан болса керек.
«Шыдағанға шығарған» деген бұл жұмысқа құмар болып, соны армандай бергенше, кәсіппен айналысқан тиімді. «Мен қашанғы кедей болуға тиіспін. Менің маңдайыма жазылған осы ғана болуына қашанғы төземін?» деп өзімізге сұрақ қоялық. Соның жауабын ізделік. Соның бір жолы – әуелі саудамен, сосын қаржы жинап алып, кәсіппен айналысу. Мамандану. Өз ісінің үздігі болуға тырысу. Ерінбеу.
Біз қандай адам болуымызды өзіміз таңдаймыз. Біздің қандай болуымызды ешкім айқындап бере алмайды. Жақсы адам санатына ене алмағанымызды байқасақ – жөнделейік немесе өкпелесек, өзімізге өкпелейік.

қазақтың ақыл қалтасы

Мырзагелді Кемел қазақшалаған Бальтасар Грасианның «Ақыл қалта» кітабы 300 жыл ұмытылып, Габриэль Гарсия Маркес шыққанда барып, зерттеушілер «тірілткен кітап». Бұл кітап – мораль айтудың көкесі. 300 бөлікке бөліп алып, ақыл айтады…
Жеке және кәсіби даму саласындағы шешендік өнерінің шыңына шыққан ең мықты кеңес берушілер Брайан Трейсиді, Луиза Хейдің «Көгілдір кітабын», Пауло Коэльо, ежелгі грек даналарының ақыл-ойларын, Лао Цзыдың «Лидердің Даосы», т.б. көптеген еңбектерді қазақ тіліне тәржімалап, ұлтымызға қажеттілерін елеп-екшеп берді. Қазір түрлі тренинг өткізіп, ақыл айтатын психолог жаттықтырушылар, коучтар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп кетті ғой. Және олар онысын үлкен ақшаларға өткізеді. Ал М.Кемелдің психологиялық бір кітабын оқысаңыз, бір университеттің білімін алуға болады. Мәселен, өзім «Өзіме сабақ», «Жазбаша трениг», «Өзіме көзқарас» атты кітаптарынан көп пайдалы дүние таптым. Аталған еңбектерде теория ғана айтылмайды, тәжірибе жүзінде жасауға түрлі үлгілер де көрсетіледі.
Мырзагелді Кемел – біздің үлгі тұтар үлкен зиялымыз тек шетелдің ғана авторларын зерттейді екен деген ойдан аулақ болайық. Ол әуелі Абайды, сосын әл-Фарабиді әлдеқашан зерттеп, талдап қойған. Оның үстіне қазір Абай мен әл-Фараби сияқты ұлыларға үлкен бетбұрыс жасалып жатыр.
–Қазақтың тарихы келте, жөнді сақталмаған дегенді көп айтамыз. Бір өзі мыңға, миллионға татитын Абайымыздың қадіріне де енді жеткендейміз. Мен қазақты үшке бөлген болар едім: Абайды оқығандар, Абайды оқысам деп жүргендер және Абайды оқу керектігі ойына кіріп те шықпайтындар деп. Ең жоғарғылар – туғаннан біліп туғандар, келесісі – оқып барып, танып білгендер, одан кейінгісі – тал қармағанда ғана оқитындар, одан төменгі адамдар тал қармағанда да оқымайтындар. Олар – надандар. Ал надандар – тірі өліктер, - деді терең күрсінген кейіпкеріміз. Иә, Конфуций тағылымына сүйенсек, көктем шыққанмен гүлдемейтін, гүлдегенмен өнім бермейтін ағаштар бар.
–Отырарлық ғұлама, ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби 948 жылы Египетте жазған «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы» трактатында қала тұрғындарының бақытты өмір сүруіне жағдай жасаған жоғарғы билік өнеріне көңіл бөлген. Онда әл-Фараби қайырымды қала тұрғындарының жақсы және игілікті өмір сүруі көбіне басқарушы билік өнеріне байланысты екенін, тек қайырымды билеушілер билеген халқы бар қалалар ғана бақытқа жете алатынын айтады.

«Асүйдегі патриоттық»

Білім-білікке, танымға ұмтылатын адамға әлеуметтік желілерде мол қазына бар. Тек ерінбей іздену, өзіңіздің жаныңызды сусындататын дүниелерді ала білу қажет. Мырзагелді Кемел жасының егде тартқанына қарамастан, компьютердің құлағындай ойнайтын. Ол әлеуметтік желі белсендісі еді. Жариялаған жазбалары ешкімді бей-жай қалдырмайды. Ойлары қоғамдық резонанс тудырып жатады.
–Бәріміз де Батырхан Шүкенов дүние салғанда әлеуметтік желінің қуатын ерекше байқаған болармыз. Содан бері 5 жылдан сәл ғана асты. Біз бұл уақытты текке жіберген жоқпыз – әбден белсенді болып алдық. Сол мерзім ішінде халқымыздың басынан түрлі оқиғалар өтті. Уақытты босқа кетірмедік, соларды талқылауға әмбебаптандық. Социализм кезінде: «тротуарлық патриоттық» немесе «асүйдегі патриоттық» деуші едік. Енді олар «күңкіл-сүңкіл» ғана болып қалды. Жаппай «топтық», «көшедегі» патриотизм түрлерін жабайы игеру басталды. Нәтижеде, барлығымыз да білгір блогер қызметіне сұрау салдық. Өзімізді олардан кейін көрмедік, -дейді ол әлжеліде шешенсіп, шын өмірде бейқам, бейтарап жүретіндер жайлы.
Ол елордадағы 5 сәбидің өліміне қатысты, одан кейін Арыстағы жағдай орын алғанда да, қазіргі «әйелдер көтерілісі» жайлы да көңіл түкпіріндегі ойларын жасырмай жайып салып отыратын. Мақтаралды су алған кезде де «Су пайдалану мәселесінде жүйелілікке жете алмай жүрміз» деп біздің газетке мақала да беріп еді. Қазақта тұлға көп, зиялы да жетерлік. Бірақ, соның бәрі халқының басына күн туғанда, қиын кездерде қынаптан қылыш суырғандай қып үн қата бермейтіні жасырын емес. Ал Мырзагелді Кемел қай кезде болмасын қазақтың жанын ұғып, жан жарасына саналылықпен қолдау көрсетіп жүрді.
М. Кемел Шымкентке қоныс аударғысы келіп еді. Бірақ, Күнқаланың құшағы оған ашыла қоймады. Өзіне мұнда тұру бұйырмаса да, «Отырар» кітапханасынан музей-кабинеті ашылып, кейінгі ұрпаққа керемет тарту жасап кетті. Қазаққа ақыл қалта бола білген адамның рухани мұрасы әлі талай-талай ұрпаққа ұлағатты өнеге болып қалатынына сенемін.
Мен екі жылдың ішінде таныған Мырзагелді Кемел осындай тұлға еді. Көп оқыды, көп жазды. Қоғамға бар қайратымен қызмет етті. Ақ, адал өмір сүрді. Ол өлген жоқ. Оның екінші ғұмыры енді басталды.

ОНЛАЙН ОҚИТЫН БОЛДЫ…

Пятница, 17 Июль 2020 05:27

1585737246 onlajn-obuchenie

1 қыркүйектен бастап мектеп оқушылары да, ЖОО студенттері де бірінші тоқсанды қашықтан оқитын болды. Коронавирус індетінің таралуына байланысты олар үйде отырып білім алады. Ал балабақшаны бітіріп, әлі әріп танымаған балаларға қашықтан оқу қиынға түсетіні анық. Сондықтан ата-аналардың өтініші бойынша мектептерде бастауыш 1-4 сыныптарға кезекші топтар ашылуы мүмкін. Шалғай ауылдардағы балалар мектеп қабырғасында оқуын жалғастырады. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн брифинг өткізіп, көптің көкейінде жүрген өзекті сауалдарға жауап берді. Министр оқу жылына қызу дайындық басталғанын алға тартып, пандемия кезеңінде әрбір маман мен оқушының денсаулығы маңызды екенін атап өтті.

Қашықтан білім беру – технологияға тәуелді

«1 қыркүйектен бастап 1-11 сынып аралығындағы оқушылар қашықтан оқиды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке, Білім және ғылым министрлігіне, әкімдіктерге жаңа оқу жылын ұйымдастыру бойынша бірнеше тапсырма берген болатын. Сол тапсырмалар аясында жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Үкімет отырысында осы мәселені бөлек қарап, тиісті шешім қабылданды. Басты мәселе – балалар мен педагогтардың қауіпсіздігі, олардың денсаулығы. Қазір ахуал қиын. Денсаулық сақтау министрлігі берген мәліметті қарайтын болсақ, күз айларында жылда болатын ЖРВИ инфекциясы да таралады. Министр Алексей Цой: «Мектепте дәстүрлі оқытуды бастау – балалар арасында ауру жұқтыру деңгейін арттырып, вирустың мектептен тыс та таралуына жол ашуы мүмкін» екенін айтты. Барлық жағдайды қарастыра отырып, тиісті шешім қабылдадық. Әрине, бұл өте күрделі шешім. Қазіргі уақытта қоғамда осы мәселеге қатысты бірнеше ой, ұсыным бар. Осы шешімді қабылдамас бұрын сарапшылармен сөйлесіп, пікірлерін тыңдадық. Ата-аналардың да пікірін тыңдап, халықаралық тәжірибені зерделедік. Ең бастысы – бүгінгі күнгі ахуал. 1 қыркүйектен бастап 1-11 сынып аралығындағы оқушылар қашықтан оқиды. Оларға барлық тиісті жағдайды жасап беруіміз керек», - деді А.Аймағамбетов.
Былтырғы оқу жылында болған қиыншылықтардың алдын алу үшін ұстаздардың материалдық-техникалық базасы күшейтіліп, білім ордаларын интернетпен қамтамасыз етуге басымдық берілмек. Колледждер мен жоғары оқу орындары да қашықтан оқытуды жалғастырады. Оқыту негізінен Zoom, Google Meet, Kundelik.kz сынды интернет алаңдары арқылы жүргізілді. Алайда, көптеген өңірде ғаламтор желісінің нашар болғандығынан оқу процесінде бірқатар ақау болды. Мұғалімдер тарапынан түскен шағымдар да жеткілікті. Жаңа оқу жылында олқылықтарды болдырмау мақсатында министрлік бірқатар шараны қолға алып отыр. Әсіресе, мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға ерекше басымдық берілмек. Мұғалімдердің талабына сай бұған дейін қолданылған барлық интернет алаңдар жаңартылды. Стримингке шығу мүмкіндігі бар платформалар ерекше назарда. Балаларды қашықтан оқыту үшін ведомство 5028 білім беру цифрлық ресурсын дайындап, желіге орналастырды. Ал ұстаздар өзінің ақпараттық қоры мен бейнематериалдарын жаңадан іске қосылған елордалық электронды мектеп сайтында сақтай алады. 350 мың мұғалім цифрлық сауаттылығын арттыру үшін арнайы курстардан өтеді.
Қашықтан білім беру – технологияға тәуелді. 20 шілдеден бастап еңбек демалысынан шығатын педагогтарды ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Олар балаларға қашықтан білім беру әдістерін меңгеріп, техникалық біліктіліктерін жетілдіруге кіріседі. Сонымен қатар телесабақтар түсіру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Білім министрі компьютерлердің жетіспеушілігіне қатысты біршама мәселе туындап отырғанын жасырған жоқ. Қазір елімізде 405 мың компьютер бар, бірақ көбісі ескірген. «Жалпы 21 балаға 1 компьютерден келеді, біздің алдымызда тұрған міндет: кем дегенде 5 балаға біреуден жеткізуіміз керек» деді Асхат Аймағамбетов.
«Жергілікті әкімдіктердің бірінші кезектегі сұрағы да компьютерлерді жаңарту бойынша түседі. Бұл бағытта жұмыс қарқынды жасалып жатыр. Қазір 36 мың жаңа компьютер сатып алынды. Жаңа оқу жылында бұл жұмыс жалғасады. Дүниежүзілік банктен алынған заем қаржыландыру жоспары бойынша келесі жылдың бюджетіне қарастырылған. Бірақ біз қазір тиісті ұсыныс беріп, қаржы министрлігімен жұмыс істеп жатырмыз. Біздің ұсыныс – ол қаржыны биылға жылжытып, осы компьютерлерді алуға жұмыс жасау», - деді министр.
Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, алдағы уақытта халықтың вирус жұқтыру деңгейі тұрақты төмендейтін болса, мектептерді біртіндеп аралас оқыту және штаттық форматта оқытуға көшіру мәселесі қарастырылатын болады.

Бастауыш сыныптар қалай оқиды?

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова жаңа оқу жылында кезекші сыныптардың қалай оқитынын түсіндірді. «Ата-аналардың қалауымен және мектептердегі жағдайды ескеріп, бастауыш, яғни 1-4 сыныптардың оқуына рұқсат беріледі. Әрине, кішкентай балалардың оқуға ынтасы әлі қалыптаспаған. Сондықтан, өтінім негізінде мектептерде кезекші сыныптар ашу жөнінде шешім қабылданды», - деді вице-министр «Атамекен» ҰКП өткізген онлайн жиналыста. Спикер ата-аналардың пікірін тыңдап шыққанын айтты. Олардың арасында санитарлық шараларды қатаң сақтап, оқу процесін мектепте жүргізуді қолдайтындар және баласын мектепке жіберуге түбегейлі қарсы адамдар да бар. Вице-министрдің айтуынша, кезекші сыныптарда оффлайн және онлайн форматта өтетін пәндер тізімі анықталады. «Кезекші сыныптар қашан жұмыс істейді? Кей пәндерді – мектепте, кей пәндерді – онлайн оқытуға жібереміз. Мәселен, бастауыш сыныпта сауат ашу, жазу, математика, тіл пәндері оффлайн форматта өтеді», - деді Ш. Қаринова. Оның айтуынша, әкімдіктер сыныпты топқа бөліп оқытуды да ұсынып отыр. «Елімізде екі ауысымды, үш ауысымды мектептер бар екенін, онда бала саны көп екенін түсінеміз. Бір күні – бірінші топ, ертесіне – екінші топ оқиды. Ондай да тәжірибе әлемде бар. Бұл әдісті Сингапур ұсынып отыр. Кезекші сыныптар ата-аналардың өтінімі бойынша құралады, біз кезекші сыныпта бір ғана сыныптың балаларын оқытуды ұсынып отырмыз», - деді вице-министр. Оның айтуынша, бастауыш сыныптар тамақпен қамтамасыз етілмейді. «Себебі сабақ қатаң карантин шараларымен ұйымдастырылады. Тамақ берілген жағдайда балаларға қауіп төнеді. Оқушылар оқу, жазу, есептеу сияқты негізгі сабақты мектепте, музыка, сурет сияқты қосымша сабақтарды үйде онлайн режимде оқиды. Демек мектептің оқу жүктемесі ауыр болмайды», - деп атап өтті ол.

Мұғалім мен оқушы үшін арнайы тариф әзірленуде

Ұялы байланыс операторлары мұғалімдер мен оқушылар үшін арнайы тарифтік жоспар әзірлеп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев мәлімдеді.
«Ұялы байланыс операторларымен бірге мұғалімдер мен оқушыларға арналған арнайы тарифтік жоспар әзірлеу мәселесі пысықталды. Бұл тарифтік жоспар мұғалім мен оқушы арасындағы лимитсіз қоңырауларды, сондай-ақ білім және ғылым министрлігі белгілеген отандық білім беру ресурстарына лимитсіз қосылуды қарастырады», – деді А.Жұмағалиев.
Оның айтуынша, бұл қашықтан оқыту форматына көшуге, шалғай ауылдарда электронды қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Балабақшалар әзірге жұмыс істемейді

– «Карантин мерзімі созылғанын бәріміз білеміз. Соған сәйкес мектепке дейінгі ұйымдар жұмыс істемейді. Карантин уақыты аяқталғанға дейін эпидемиологиялық жағдайға байланысты шешім қабылданады. Соның ішінде мектепке дейін білім беру ұйымдарына да қатысты шешім қабылданады. Біз осы бойынша белсенді жұмыс істейтін боламыз. Бұл жерде де маңыздысы - балалардың қауіпсіздігі», - дейді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Студенттердің оқу ақысы төмендеуі мүмкін

Жаңа оқу жылында демалыс мерзімі өзгермейді. Жаңа оқу жылына қатысты бұйрық әзірленіпті. Осы құжатта демалыстың мерзімі көрсетілген. Ол өзгермейді. «Қашықтан оқыту жүйесі болса да, балалар қатты шаршайды. Сондықтан демалыстың болғаны дұрыс. Оған қатысты ешқандай өзгеріс жоқ. Демалыс сол күйінде қалады», - деді Аймағамбетов онлайн брифингте.
Сондай-ақ жаңа оқу жылында студенттер қауымы да қашықтан оқуын жалғастырады. ЖОО мен колледждерге келуге тек жекелеген жағдайларда ғана рұқсат етіледі. «Жеке кесте бойынша зертханалық жұмыстар, өндірістік оқыту және кәсіби практика үшін болады. Шалғайда орналасқан колледждерде аз контингентімен санитарлық режимді нығайта отырып өткізіледі»,- деді ведомство басшысы.
Университеттер барлық қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға міндетті. Оқу бағасын төмендету мәселесі де білім ордасы басшылығының шешіміне сәйкес өзгеруі мүмкін.

Қайырымдылық – хайп емес

Пятница, 17 Июль 2020 05:24

aeros45001

ХІХ ғасырда Махамбет пен Исатай батырлар «Жалаулы найза қолға алып, Жау тоқтатар күн қайда?!» деп жалаң аттың жалымен, жалаң қылыш жүзімен ереуіл атқа ер салып, еңку-еңку жер шалып ерлердің ісін бітіргені тағлымды тарихымыздан мәлім. Ал бүгін, ХХІ ғасырда ел басына індет келіп, күн туғанда шын ерлер қайырымдылық жасап, сырқаты меңдеген адамдарға дәрі-дәрмек тауып беріп, оттегі аппараттарын тасып игі іс жасап, ерікті болып, белсенділік танытуда.

Қазір бір жұтым ауаның өзі баға жетпес байлыққа айналғандай. Мәселен, Шымкент қаласында барлық 24 медициналық мекемеге бір күнде 1200 кислород баллоны қажет екен. Індет қатты өршіген тұста оттегіге қажеттілік бірінші орынға шыққаны жасырын емес. Енді ол ауыр күндер артта қалды. Үшінші мегаполисте төрт ауруханаға оттегі бекеті орнатылды. Жалпы қалада 722 оттегілік төсек-орын дайындалған. Бұған қоса оттегі өндіретін тағы бір цех іске қосылмақшы.
Шымкенттік кәсіпкер Балтабай Асан қалада ашылған оттегі өндіретін бір бекеттің иесі. Бекет тәулігіне сұранысқа қарай 1000-нан 2000-ға дейін баллон толтырады екен. Балтабай ағамыздың көмегімен Самал-3 шағынауданынан ашылған провизорлық орталықтан 200 науқас емделіп шықты.
Ал Шымкенттен өзге өңірлерде оттегі баллоны өте тапшы. Қазіргі таңда алаш жұрты үшін сындарлы шақта айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева бастаған, белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы, блогер-журналистер Жанат Бақыт, Дәулет Мұқаев, Динара Сәтжан қоштаған бір топ қоғам белсенділері Түркия мен Қытайдан 1000 оттегі концентратын сатып алып, 1000 ауруханаға тарату үстінде. Түркия мемлекетіндегі бір зауыттан тағы 500 аппарат алуға келісімшарт жасамақ.
«Әрқайсысы 150 мың теңгеге бағаланатын аппараттардың қаржысын айналдырған бес күннің ішінде тиындап жинап берген қара халықтың аз-маз қаржысы қалталы байдың миллионынан құнды. Әйтпесе, қалталы азаматтарға жалынып жаздық, өлеңдетіп жаздық. Бірақ, еш үн қатпады. Аурудың емі осы апппарат болса, жылдам іске кірісейік деп инстаграм арқылы ақша жинауды бастап кеттік», - дейді Айнұрдың өзі.
Қоғам белсендісінің айтуынша, аппараттарды сатып алуын алыпты. Бірақ, оларды жергілікті ауруханаларға таратуда айтарлықтай кедергілер кездесіпті. Мемлекетімізде елге жеткізілген гуманитарлық көмек, дәрі-дәрмектерді «СҚ-Фармация» компаниясы үлестіретін көрінеді.
Айнұр бастаған қайырымды азаматтар осы мәселеге орай Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевқа үндеу жасап, нәтижесінде елге жеткізілген оттегі аппараттары тиісті орындарға еш қиындықсыз жеткізілетін болды. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген рас қой. Қоғам белсенділері ашқан қайырымдылық шотына соңғы 100 теңгесін салғандар да болды. Әншілер қауымы 50 шақты аппараттың қаржысын аударды. Стамбул қаласында тұратын Қайша Керей атты қандасымыз өзі баспанасыз, пәтер жалдап жүрсе де 1 аппараттың ақшасын аударыпты.
Иә, айналдырған 5-6 күннің ішінде 3-4 блогер осынша қаражат жинағанда республика көлеміндегі кәсіпкерлер аппаратты үйіп тастайды екен ғой деген де ой келеді. Алайда, көп кәсіпкер көшпелі елдің көгендеулі бұзауындай үн-түнсіз, басын көтерер емес. Егер еліміздің «мен, мен» деген қалталы азаматтары тізе қосса, әлі де қаншама адамды ажалдан арашалап қалуға үлгерер еді. Күзде бұл тажалдың екінші толқыны келеді дегенді карантин басталысымен-ақ сала мамандары ескертіп өткен болатын. Сондықтан, қамдануымыз керек!
Кәсіпкер демекші, «Kazmedpribor Holding» ЖШС басшысы Рахат Байзақов қала тұрғындарына 150 дана төсек-орын, инфузия құюға арналған 400 дана штатив және 40 дана медициналық бағана сыйлады.
25-тей жекеменшік клиникалар медициналық көмек берді.
Шымкент қаласының іргесінде орын тепкен Сайрам ауданының кәсіпкерлері де сауапты іс жасады. Қарабұлақ ауылының тұрғыны, ерікті - Б.Хасантаевтың бастамасымен сайрамдық кәсіпкерлер 5 млн теңге көлемінде қаржы жинап, оның 3,5 млн теңгесіне 19 Бобров медициналық тыныс алу құрылғыларын сатып алды. Өкпе қабынуына, коронавирус індетіне шалдыққан науқастарға аса қажетті құрылғылар орталық ауруханаларға орнатылып, өз қызметін көрсете бастады.
Еріктілер қажетті медициналық құрылғыларды Алматы қаласынан алып келді. Сондай-ақ, оттегі баллондарын толтырып келу жұмыстарын да сәтті ұйымдастыра алды.
Кәсіпкерлердің демеушілігінен артылған қаражатқа ауруханаға азық-түлік алынды. Себебі, мұнда емделушілермен қатар, қауіпті дертті емдейтін медицина қызметкерлері де 14 күнге дейін үйінен оқшауланып, қызмет етеді.
Емханада ерікті боп, қиын сәтте қиналғандардың қасынан табылып жүрген отандастарымыз да бар. Тіл жанашыры Арман Рахмет біраздан бері Атырау облыстық ауруханасында ауыр науқастарға кислородты баллондар жеткізумен айналысып жүр. «Біз қазір 2 жігіт күндіз, 2 жігіт түнде 12 сағаттан ауысып, кислородты баллонды тасып, жалғап жұмыс жасап жүрміз», - деп жазба қалдырыпты өзінің фэйсбук парақшасында. Шын мәнінде ерікті ер. Бізге осындай ерлер идеал болу керек.
Шымкенттік Зарина Жиембаева – шынашақтай ғана қазақтың қызы. Жүрегінің кеңдігінің арқасында тау қопарды деп айтуға болады. Әйтпесе қолында уыс-уыс байлық жоқ, жәй ғана жанашыр достарымен бірлесіп қаланы кезіп, тапшы дәрі-дәрмек, оттегі баллондарын, матрацтар, төсек-орын, орындықтар және т.с.с. науқас адамдарға аса қажетті заттарды іздеп, тауып жеткізіп жүр. Арасында балалар үйіне де бас сұғып, жетім балалардың киім-кешегі, кеңсе тауарлары, ойыншық, тамақтарына дейін тасиды. Одан қолы қалт етсе, жалғызбасты, қиын жағдайда қалған зейнеткерлерге де азық-түлік жеткізіп жүргені. Өрімдей қыз бір шымкенттік қалталы азаматты үйін провизорлық орталыққа айналдыруға көндіріпті дейді. Ол мұның барлығын теп-тегін істеп жүр. Зарина мен оның командасына сенген адамдар Алматы, Тараз, т.б. қалалардан дәрі-дәрмектер жіберіп жатыр.
Таяу күндері Каспи банк 100 жедел жәрдем көлігін сыйлап ерледі. Тәуекелсіз іс бітуші ме еді? Арамызда батыр азаматтар осындай-осындай тәуекелдерге бармаса, онсыз да аз қазағымыз кімге аманат?!
Белгілі айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек асарлатып Алаш үшін үн қосқан Айнұр әріптесіне өлеңмен онлайн сәлемдеме жолдаған екен. Сонда: «Қыз нашары бір шәугім шәй бере алар, Ал сен болсаң мың үмітті жалғадың. Ізгіліктер үміттерді оятты, Науқас елде кеуделерді зіл басқан» деген өлең жолдарын тыңдадық. Мың үмітті жалғаған, осындай ер адамға бергісіз тірлік тындырып жүрген ерікті қыздарға мін артып, сын тағатындар да бар екен. Тіпті, «тоқтат!» деп сес көрсететіндер де кездесіпті. Қайырымдылықты – хайпқа балайтын қай-қайдағы біреулердің іс-әрекеті расында қынжылтады.
Олардың қай-қайсысы да жарнама үшін жақсылық жасаудан аулақ. Иә, олар істерін жарияға жар сала істеп жатыр. Себебі, ақша жиғанда халықтан жияды, сосын сол қара халыққа есеп бермесе тағы болмайды. Хайп үшін дейтіндер әсте қателескенін түбінде мойындайтыны хақ. Оданда әркім қолдан келген қайырлы ісін жасаса игі. Тым болмаса өзі үшін де, өзге үшін де үйінен шықпай, карантин қағидаларына бағынса дейміз.
Айнұр, Қайрат, Дәулет, Жанат, Динара, Балтабай, Арман, Зарина... Қазақ елінің тар жол, тайғақ кешуінде алаң да алаң, алаң жұртына жанашыр ұл-қыздар осылардай болсын! Қу шөппен ауыз сүрткенше, осы қыз-жігіттерге қолдан келгенше көмектескен ләзім. Елімізде атымтай жомарттар көп екенін білеміз. Сондай жомарттардың жанашырлығы мен қайырымдылығы қазіргі күрделі кезеңде керек-ақ.

Дәл бүгінгі күннің батырлары деп дәрігерлерді айтуға болады. Дертке шалдыққандардың жанына дәру боламын деп жүріп, өздерін сақтап қала алмаған ақ халаттыларды ойласаң, ет жүрегің езіледі. Шымкент қаласында соңғы бір ай көлемінде 9 дәрігер өкпенің екіжақты қабынуынан қайтыс болды. Індеген індетпен алысып, сырқаттарды сауықтырамын деп жанұшырып, жұртқа жанашырлықпен #үйде_қалыңыз! деп жүріп, өздері үй бетін көрмей өмірден өтіп кетті. Өкінішті…

lyudi-umirayut-ot-oteka-legkikh -a-ne-ot-kvi- -vrach-umolyaet-peresmotret-protokol-lecheniya-v-rk- -baigenews.kz Дәл осы тұста шымкенттік реабилитолог Айна Бакееваның Президентіміз Қ.Тоқаевқа жолдаған видеоүндеуі елді елең еткізді. Дертке шалдыққандарға бар білім-білігімен, күш-қайратымен көмек көрсетуге ұмтылған ол «науқасты уыс-уыс дәрі-дәрмексіз, дұрыс тыныс алудың көмегімен қалай айықтыруға болады, оларды жансақтау бөліміне дейін жеткізбеудің жолы қандай?» деп шырыл қағуда.
«Қасым-Жомарт ағай! Сізді инфекционистеріңіз орта жолда қалдырды. Біздің инфекционистеріміз неге шетелдердің, мәселен, Италияның ем-домын зерттеп алмады? Қазір біздің адамдарымыз коронавирустан емес, тромбоздан шыбын құсап қырылып жатыр» деп басталатын дәрігердің үндеуінде нақты не айтылды?
–Науқастың тыныс алу жолдары ісініп, жан сақтау бөлімінен бір-ақ шығып жатыр. Алдымен аурудың тарихын жақсылап зерттеп алу керек. Тұзды ерітінділер тіндердің ісінуіне әкеледі. Бізде коллоид ерітінділері жоқ. Алдымен қанды антикоагулянттармен сұйылтып, суықты тоқтату керек. Емдеу хаттамасын қайта қарауды өтінемін! «Дексаметазон» мен «Эуфиллинді» тамырдан жібергенде адамның қан қысымы төмендейді. Бұл мүлде қажет емес. Дексаметазонды жамбастан салу керек, сонда нәтиже береді. Қазір адамдар ковид пневмониясынан емес, өкпе қабынуынан кетіп жатыр. Біздің елімізде өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмектер жоқ. Қазіргі таңда дұрыс ем тағайындамаудың нәтижесінде 35-40 жастағы тепсе темір үзетін жігіттер қайтыс болуда. Мен ем тағайындаймын, бірақ, адамдардың оған қажетті препараттарды таба алмай қиналғанын білемін. Себебі, дәріханада вирусқа, суыққа қарсы дәрілер тапшы. Дәріханалардағы қоқысты шығаратын уақыт жетті! Бет алды тау-тау дәріні тағайындай берген де дұрыс емес! Бұл адамдардың бүйрегі мен бауырына кері әсер ететінін біле тұра бұлай істеуге болмайды. Бұл – ұлттың саулығына жауапкершілік. Сол үшін коронавирус жұқтырып ауырып қалғандарды емдеу хаттамасын қайта қарауды өтінемін, - деді терапевт.
Осы видео әлеуметтік желіде кеңінен таралып кеткені сол екен, Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цой шымкенттік реабилитологтың видеосына қатысты түсініктеме берді.
«Доктор Айнаның бүгінгі медицинаның емдеу әдісінің қиындығы туралы мәлімдемесіне байланысты көп сұрақ болды. Бүгін біз онымен байланыстық. 40 минуттай сөйлестік. Мен негізгі мәселені түсіндім. Медициналық қызметкерлердің арасында әлеуметтік желілерде түрлі емдеу курстарын жариялайтынын және соған уайымдайтынын айтты. Біздің науқастар осыны желілерде оқып өздігінен емделе бастайды, препараттарды ішеді. Кейде бұл препараттардың салдарынан жағдайы нашарлайды. Оған азаматтар осы сұрақтың жауабын білу үшін хабарласады. Біз онымен сөйлестік», - деді ол ОКҚ онлайн-брифингінде.
Алексей Цой министрлік емдеу бойынша мамандар бекіткенін, ресми ұсыным дайындағанын атап өтті. Олар ДСМ сайттарына және әлеуметтік желілерге жүктеледі.
Осындай пандемиялық қиын-қыстау кезеңде қынаптан қылыш суырғандай етіп сөйлеген шымкенттік дәрігерге бүкіл ел риза. Ол соңғы апталарда инстаграм әлеуметтік желісінде және Ютубта тегін онлайн кеңес берумен айналысып жатыр. Қаншама жағдайы ауыр науқастардың қыл үстінде тұрған өмірін сақтап қалды. Жан сақтау бөлімінен үйіне қайтарғызып, адам ағзасына кері әсер ете қоймайтын ем-дом беріп, дұрыс тыныс алуды үйретіп жүр.

ӨЗІҢІЗГЕ ОТТЕГІ СЫЙЛАП, ЖЕЛДЕТКІШ БОЛЫҢЫЗ!

А.Бакееваның айтуынша, қазір бір-бірімізді немесе мемлекетті, әкімді кінәлайтын уақыт емес. Етек-жеңімізді жинап, өзіміз үшін әрекет жасауға талпынуымыз керек. Құс екеш құйтақандай құс та ұясын салып, балапандары үшін тіршілік етеді, қарекеттенеді. Ал кейбір еңгезердей адамдар отырып алып «ана жерім, мына жерім» деп ойбайлауды ғана біледі. Тым болмағанда өзі үшін дұрыс тыныс алуға талпынса ғой! «Ауа жетпей жатыр!» деп үрейге басып, оттегі баллондарының көмегіне жүгінудің мүлдем қажеті жоқ! Құр бекер байбалам салу да кері әсерін тигізеді.
Одан кейін ауырып жатқан туыстарымыздың алдында еңсеміз езіліп жүргені де жақсылыққа апармайды. Олай етпесеңіз, сіз оның миына «болды, бәрі бітті!» деген бағдарламаны орнатып бересіз. Бұның бәрі – уақытша құбылыс. Айқай-сүрең, дүрбелең туғызба! Бір өкпемен де өмір сүріп жүргендер бар.
Содан соң адамдардың арасында жөтелгенде бас ауыруына жиі шағым айтады. Шынтуайтында, жөтелген жақсы! Егер сіз жөтелсеңіз, тыныс алу жолдарыңыз жазылып жатыр деген сөз. Ал басыңыздың ауырғаны ол айқау-шудан деп біліңіз. Жасы келген қарт адамды етпетінен жатқызу дұрыс емес. Олар бұл жатыста тұншығады. Кез келген адам өз-өзіне оттегі аппараты немесе жасанды желдеткіш бола алады. Ол үшін алдымен ағзаны магний дәруменімен («Магне В6», «Пустырник Форте») қамтамасыз етіңіз. Сонда буын, бұлшық еттер босаңсып, демалады. Ағза демалғанда ғана дұрыс жұмыс істейді.
Иә, Айна дәрігер өзінің эфирлерін орыс тілінде жүргізеді. Бірақ, барлығын өте ұғынықты түсіндіріп береді. Жүрегі ұлтым деп соққан ақ халатты дәрігер онсыз да аз қазақты сақтап қалуға барын салып жатыр.
Жекеменшік клиниканың докторы, терапевт, реабилитолог Айна Бакеева осылайша емдеу мен асқынулардың болжамына түсініктеме беріп, азаматтарды ДҰРЫС ТЫНЫС АЛУҒА шақырады. Ал ол үшін оның жекесіне шығып, беймезгіл мазалаудың қажеті жоқ. @densaulik_ инстаграм парақшасына кіріп, сондағы видеонұсқаулықтар бойынша әрекет етсеңіз, жеткілікті.
Иә, қазір желілерде түрлі кеңестер беріп, ақыл айтатындар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткені рас. Бірақ, тыныс алу, оның ішінде дұрыс тыныс алу туралы тұшымды кеңесті білікті дәрігерден тыңдағаныңыз мақұл.
Осындай күрделі кезеңде еліміздің медициналық жүйесіндегі кемшілікті керек жерінде сынай да білетін, кеңесін де аямайтын білімді де білікті дәрігерлердің бары қуантады. Жанашумен қатты айтып қойған жері де бар. Жүрегі де, жаны да нәзік әйел заты емес пе?! Арасында көзіне жас алып, жылап та алады.
Жүрегі елім деп езіліп, қайраттанса, халқым деп қиындыққа қасқайып қарсы тұра білетін Айнадай жанашыр дәрігерлеріміз барда біз барлық қиындықты бірге еңсереміз!

 

e5b8e74459401933cc2ff97cda4a2b1b

Мыңдаған оқушы мен олардың ата-анасын алдағы күзде мектептерде сабақ қайта жалғаса ма деген сұрақ мазалап жүр. Егер оқушылар мектепке қайта барса, онда балалар мен мұғалімдер қандай сақтық шараларын жасауы тиіс болады?

Таяуда атақты Lancet ғылыми журналында 20 еуропалық елдің балаларын кең ауқымды зерттеу нәтижелері жарияланды. Сонда балаларда коронавирустық инфекция белгілі симптомдармен өтеді немесе өлім-жітім сирек болады деп көрсетілді.
Бұл зерттеу кейбір мектептерде сабақты қатаң сақтық шараларын жасай отырып жалғастыруға болады дегенге алып келді. Осындай шартпен Австрия, Дания, Германия, Норвегияның мектептері қайта ашылған болатын. Америкалық педиатрия академиясы да мектеп оқуларын қайта жалғастыруға кеңес беріпті.

Көптеген ата-аналар екі айлық карантин кезінде балалармен үйде отырудың артықшылықтарымен қатар кемшін тұстарын да сезініп үлгерді. Бұл өзіндік көңіл-күйге ғана әсер етіп қойған жоқ, оқушылардың сабақ үлгеріміне де тікелей әсер етті.
Негізінен балалардың көпшілігінің зейіні жабылып, сабақты «қатырмағаны» жасырын емес. Әсіресе, компьютері мен интернеті жоқтардың мәселесі өткір болды.
Шындығында, экономика еңбек ресурстарына тікелей тәуелді. Ал ата-аналар егер де балалары қауіпсіз әрі қолайлы жерде болса ғана жұмысын алаңсыз істей алады. Ал мұндай жағдайды тек мектеп қана қамтамасыз ететіні белгілі.
Мұндай кезеңде балалардың үйде болуының себебі індетті тоқтату үшін жасалғаны түсінікті. Пандемия басталған тұста коронавирустық инфекцияны тасымалдаушылар негізінен балалар деп есептелді. Сөйтіп олар ересектерге, әсіресе қарт адамдарға қауіп төндіреді деп саналды. Алайда, ғылыми зерттеулерде балалардың вирус жұқтыру қаупі сирек екендігі белгілі болып отыр.
Бұл көбінесе 12 жасқа дейінгі балаларға қатысты. Жасөспірімдер де инфекция таратуда ересектерге қарағанда аса белсенді емес. Коронавирус балалардан гөрі ересектен ересекке жиі жұғады.
Коронавирустың таралуы басқа вирустардан өзгешерек болып шықты. Тұмаудың таралуында балалар айтарлықтай рөл ойнаса, коронавирустық індетке кішкентайлардың қатысы шамалы екен. Бұл мектептерде сабақты қайта жалғастырған мемлекеттерде дәлелденген.
Медицина профессоры Алмаз Шарманның айтуынша, мектептердің ашылуы жөніндегі шешім нақты эпидемиялық жағдайға байланысты болмақ. Егер мұндай шешім қабылданатын болса, онда қатаң сақтық шараларын жасауға тура келеді. Сабақ барысында оқушылардың бір-бірінен 2 метр арақашықтықта отыруын қадағалау керек. Маска кию де аса маңызды әрі қажетті. Бұл әсіресе белсенді қарым-қатынас жасайтын жоғарғы сынып оқушыларына қатысты.
Мектеп ғимараттарын жиі желдетіп, оқушылар мен ұстаздардың дене қызуын өлшеп, симптомдарын тексеріп отыру керек болады. Қолды дұрыс жуу мен өзге де гигиеналық қағидаларға баса назар аудару қажет. Кіші жастағы оқушылар мен мүмкіндігі шектеулі балаларға мұның барлығын тәптіштеп түсіндіру керек.
Сонымен қатар мектеп ғимараттарында жақсы желдеткіштер орнату да аса маңызды. Оқушыларды кең ауқымды ғимаратқа орналастырумен бірге бұл да айтарлықтай қаражатты талап етеді.
Коронавирус жұғу, жұқтыру қаупі 12 жасқа дейінгі балаларда өте төмен болғандықтан, мектептерде ең алдымен бастауыш сыныптарды оқытып, жоғарғы сыныптар сабағын уақытша online режимде жалғастыра берсе ше? Бұны будандық үлгі десе де болады. Инфрақұрылым дайын болғаннан кейін барлық оқушыларға рұқсат беруге болады.
Қазіргі пандемия кезіндегі мектепте оқу жөнінде шешімді әлбетте ата-аналар да қабылдайды. Олардың кейбірі өз баласының денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатты алаңдаушылық білдірері сөзсіз. Егер баласын мектепке жібергісі келмесе, онда online режимде оқуға мүмкіндік қарастыру қажет.
Біздің әрқайсымыз қалыптасқан жағдайға орай жеке-дара таңдау жасай аламыз. Бұл қалыпты құбылыс. Ең бастысы балалар мен олардың жақындарының қауіпсіздігін қарастыратын ойлы шешімдер болса болғаны.

 

2020040616340755045 img-20200406-wa0100



400 мың компьютердің 40 % ғана жарамды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында әкімдіктерді жаңа оқу жылына дайын болуға шақырды.
– 1 қыркүйекте жаңа оқу жылы басталады. Менде министрліктің бұл жағдайға дайын екендігіне күмән бар. Балалар қалай оқиды? Мектепте немесе қашықтан? Жаңа оқу жылына мұғалімдердің дайындығы қандай? - деді ол.
Сонымен қатар, Тоқаев қашықтықтан оқытуға қатысты өз ойын білдірді.
«Қашықтан оқыту әдісіне көшу ісі инфрақұрылым мен интернет сапасына қатысты елеулі мәселелердің бар екенін көрсетті. Мұғалімдердің 20 пайыздан астамы үйлерінде толыққанды интернет пен компьютер жоқ болғандықтан, қашықтан тиімді оқыта алмады», – деді Мемлекет басшысы.
Президент осы мәселеге байланысты Үкіметке тапсырма берді.
– Үкіметке жыл соңына дейін 250 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл халқымыздың 99,3 пайызын қамтиды, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Тоқаевтың сөзінше, әкімдіктер жаңа оқу жылына тез арада дайын болуы керек.
– Мектептердің балансындағы 400 мыңнан астам компьютердің тек 40 пайызы ғана іске жарады. Бұл – әкімдіктер мен министрліктің жұмысының нәтижесі. Әкімдіктер жаңа оқу жылына дереу дайындалып, мектептер мен жекелеген мұқтаж отбасыларды қажетті техникамен жабдықтауға тиіс, – деді Президент.

БАЛАЛАР ҚАЙТАДАН ПАРТАҒА ОТЫРА МА?

Президенттің сынынан кейін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов елімізде биылғы оқу жылына қатысты үш нұсқаны жариялады.
«Білім және ғылым министрлігінде елдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып әзірлеген үш негізгі нұсқасы бар», - деді Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрлігінің онлайн форматтағы тілшілермен кездесуінде.
Министрдің айтуынша, бірінші нұсқа – қашықтан оқыту.
«Бұл нұсқа таңдалған жағдайда алыстағы елдімекендерді есептемегенде қалғанының бәрі қашықтан оқытылады», - деді ол.
Екінші нұсқа – іштей және қашықтан оқыту.
«Бұл жағдайда шектеу болуы керек: мектепте міндетті түрде термометрия, санитайзерлер болуы тиіс. Әлеуметтік қашықтық сақталып, сабақтар қысқартылуы керек. Яғни, кабинеттік жүйелер алынуы тиіс», - деді министр.
Асхат Аймағамбетов үшінші нұсқа - штаттық режимде қатаң санитарлық шектеу шараларын сақтай отырып, сабақты жалғастыру екенін жеткізді.
«Яғни балалар іштей оқиды да, қоңырау, сыныптардың толымдылығы, ауысым, кабинеттік жүйелерді алудан бастап асханаға баруға дейінгі шектеу шаралары күшінде болады», - деді министр.
Осы орайда Шымкент қаласының жаңа оқу жылына дайындығы қандай екенін білмек болып қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваға хабарластық. Жанат Арысбекқызы дәл қазіргі кезеңде министр айтқан үш нұсқаның екеуін қарастырып жатқанын айтады.
–Бірінші нұсқа – қашықтан оқыту. Бүгін ғана осы мақсатқа 11 мың компьютер сатып алдық. Оларды әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына береміз бе деп отырмыз. Бір жағынан, мектептің бұйымы болғандықтан, затты күтіп ұстамай ма деген де күмәніміз бар. Бірақ, бала денсаулығы бәрінен де маңызды.
Екінші нұсқа – бастауыш сыныптарын 20 баладан асырмай, арақашықтықты сақтап мектепте оқыту. Балаларға ауру жұқпайды дегенмен, ересек мұғалімдерінен жұғып қалса, не істейміз деген де қорқыныш жоқ емес. Сондықтан, әлі нақты шешім қабылданған жоқ. Министрліктің бұйрығы шыққаннан кейін әрекет ететін боламыз, - дейді басқарма басшысы.

МЕКТЕП ФОРМАСЫН КИМЕУГЕ РҰҚСАТ!

Жаңа оқу жылында Қазақстан оқушыларына сабаққа мектеп формасын кимей қатысуға рұқсат беріледі. Шешім елде коронавирус індеті мен пневмония өршіп, әлеуметтік-экономикалық жағдай қиындаған тұста қабылданды.
«Ата-ананың мектеп формасын сатып алуға шамасы келмесе, олар балаларын классикалық немесе іскерлік үлгідегі қарапайым киіммен қамтамасыз етуі керек. Біз осындай шешім қабылдадық. Қазіргі жағдай үшін осы шешім маңызды деп санаймыз» деді министр мектеп формасын сатып алу көптеген ата-ана үшін қосымша салмақ екенін айтып.
Аймағамбетовтың мәлімдеуінше, министрдің мектеп формасы туралы бұйрығына төтенше жағдай, карантин және форс-мажор жағдайларында жұмыс істейтін арнайы тармақ енгізіледі.
«Мейлі дәстүрлі болсын, мейлі қашықтан болсын, бұл шешім күшінде қалады. Егер басын қашықтан бастап, жыл ортасында дәстүрлі білім беруге көшсек, мұғалім оқушыдан мектеп формасын киіп келуді талап етпейді. Бұл шешім бүкіл оқу жылында күшінде болады. Егер оқушыда мектеп формасы болса – аға-әпкесінен қалса немесе ата-анасы алдын ала сатып алған болса – әрине, соны киіп келуге де болады» деді министр.
Мектеп оқулықтары да оқу режимінің қандай болатынына қарамастан оқушыларға түгел таратылмақ.

БІРІНШІ СЫНЫПҚА – ЖАҢА ПӘН

«Ең маңызды сұрақтардың бірі – педагогтердің қазіргі жаңа жағдайға дайындығы. Қандай нұсқа қабылданса да, педагогтерге жаңа дағды керек. Оны төртінші тоқсанда айқын байқадық.
Сондықтан, бес модульден тұратын осы курстар – ІТ-дағды, цифрлық педагогика мәселелерін қамтиды. Қандай нұсқа қабылданса да – осы курстарды жүргіземіз. Сондай-ақ компьютер мен серверлер, интернет мәселесі.
Қашықтан оқысақ та, қалыпты оқысақ та – мектептерге компьютер керек. Әкімдіктер осы мәселеге жіті назар аударып отыр. Егер мектепте бір компьютерге 20-25 баладан келсе, онда олардың ІТ-дағдысын дамытамыз деген сөз бекер», - деді ол.
Министр өз сөзінде ерекше қажеттілігі бар балаларға берілетін білім сапасы мәселесі де ұмытылмайтынын жеткізді.

Тірі энциклопедия

Пятница, 10 Июль 2020 03:43

7b1c6a93-dccd-445f-a20c-75b340f26e84

Қазақ өте балажан халық. Дүниеге сәби келсе, шаңырағы үшін одан асқан қуаныш жоқ. Халқымыз балаға әрдайым болмыстың бастауындай қарайды. Сондықтан кім-кім де баласына жақсы, мағыналы, ешкімде жоқ, көп қайталана бермейтін ат қойғысы келеді. Сіз де балаңызға не жақыныңызға қоятын ерекше есім таппай жүрсіз бе? Онда Бердалы Оспанның «Есімдер: сақтардан қазақтарға дейін» кітабын парақтап шығыңыз. Ерінбеңіз, себебі бұл кітапта келтірілген есімдер – сақ-скиф, ғұн, байырғы түркілер және қазақтардың, бір сөзбен айтқанда сонау сақ патшайымы Томирис өмір сүрген кезден бүгінгі күнге дейінгі қазақ халқының жүріп өткен тарихи дәуір жолдары қамтиды.

«Қазақ есімдері аспандағы жұлдыздардан да көп» деп жазады кітап авторы. Сенесіз бе, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында 550-ден аса адам есімдері келтіріліпті. Оның басым көпшілігі ер адамдардың аттары да, 65-і әйел есімдері. Бұл арқылы Абай өмір сүрген кезде қазақ есімдерінің қандайы қолданыста болғанын білуге болады.
Ал Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясында» 90 есім бар. Кеңес Одағы батырының осы бір шығармасы арқылы жиырмасыншы ғасырдың бірінші жартысында Қазақстанның оңтүстік өңірінде қандай есімдердің болғанын біле аламыз. Осындай жолмен еліміздің басқа аймақтарында жиі қолданылатын есімдерді жинауға мүмкіндік мол.
Баласына туғанда берілген есімімен қатар еркелетіп қойған есімдері бұрынғы есімін мүлде ұмыттырып жіберген кездер де тарихта баршылық. Мысалы, Қаныш, Шоқан, Абай, тағы басқа есімдер – осы бір құбылыстың дәлелі. Шоқан Уәлихановтың шын аты – Мұхаммед-Ханафия, Абай Құнанбайұлының шын аты – Ибраһим,
Қаныш Сәтбаевтың шын аты – Ғабдұлғани, Ғабит Мүсіреповтің шын аты – Ғабдұлғабит. Атақты кино және театр режиссері Шәкен Аймановтың шын есімі Шахкәрім екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Бұндай мысалдар қазақтарда көптеп кездеседі. Баласы болмағандықтан, інісі Оспанның атына жазылған ақын Абайдың шөбересі Алпаштың толық есімі Алыпарыстан.
Біз қазақ ұлтының мәдени мұрасының шексіз ғарышын зерттеушілердің бірі мәдениеттанушы Бердалы Оспанмен сұхбаттасқанда көп нәрсенің байыбына бардық. Кейіпкеріміз өзін есімтанушымын деп атайды. Қазақ есімдерін зерттеуде автордың өзіндік қайталанбас зерттеушілік жолы бар.
...Оның әкесі Әсілхан Оспанұлы ұлы ғалым әрі жазушы Мұхтар Әуезұлы өзі таңдап алған соңғы аспиранты, Қазақстанның оңтүстік аймағы ақындары Майлықожа, Құлыншақ, Мәделі, Ергөбек, Молда Мұса және басқалардың шығармаларын зерттеп жинап, жарыққа шығарған ғалым. 1972 жылы атақты генерал, Ұлы Отан соғысының батыры Сабыр Рақымовтың этникалық қазақ екенін, бауырлас – қазақ және өзбек халықтарының ортақ перзенті екенін дәлелдеген бірден-бір зерттеуші.
Ғалымның отбасында әрдайым білім мен кітап басты құндылық саналатын. Әсілхан Оспанұлының балалары жастайынан ғалымның инемен құдық қазғандай әдеби зерттеушілік жұмыстарының куәсі еді. Әкесінің осындай еңбекқорлығы балаларына үлкен үлгі болды.

– «Бір бала бар әкеден өте туады, бір бала бар, әкеден кете туады» демекші, сіз әкеңізден өте тудыңыз ба, кете тудыңыз ба? – дейміз ғой Әсілхан Оспанұлының баласы деген атты көтеріп жүрудің қаншалықты салмақты екенін білмек болып.

– Әкеміз тәрбиеге өте жомарт кісі болды. Бізді ұрып-соққан жоқ. Дауыс көтермеді деп айтпаймын, бәріміз де бала болдық қой. Отбасымызда шахматтан чемпионат болатын. Әкем екеуміз ойыннан бірден шығып қалатынбыз. Нұралы ағам мен Ералы інім шахматты өте жақсы ойнайтын. Әкем мен алтыншы-жетінші сынып оқып жүрген кезімде: «Осы Бердалы сөйлеген кезінде Карл Маркстың ойларын тыңдағандай боламын, жүйелі сөйлейді» деді. Біздің сабағымызды тексермейтін де. Кейде үш алып қалсам, әкеме айтпайтынмын. Шығарма жазуға келгенде алдыма жан салмайтын едім.
Әкеміз бен анамыз Оразкүл Батырбекқызы екеуі «Бала әбден ойынға қанып, сүйегі қату керек деген» принципті ұстанған болуы керек, мектепке 8 жасымда берді. Бірақ, оған еш өкінбеймін.

 

b1384dde-8136-4d73-b953-fafb9e266ab6


Ертеректе әкеме: «Бізге сіздердей болу қайда?» дедім. Әкем: «Жоқ, сендер бізден асып түсулерің керек» деді. Көп нәрсені түсінбедім. Жалпы, мен әкеме жақсы көмекші болатын кезде ол кісі өмірден озып кетті. Кубаның басшысы Фидель Кастро тарихшы Нуньес Хименес Кубаның тарихын жазған кезде көмекшілікке пәленбай аспирант берген екен. Қазақта, өкінішке қарай, М.Әуезұлына да, Өзбекәлі Жәнібекұлына да ешқандай көмекші берілмеді.
Жалпы, Бердалы Оспанмен әңгіме тиегін ағытқанда оның М.Әуезұлына деген айрықша құрметін байқау қиын емес. Екі сөзінің бірінде әкесінің ұстазын өзіне де ұстаз тұтып, мәртебесін көтеріп отырғаны. Мұхтар Әуезов деген сөздің аузымыздан шыққаны сол екен, Мұхтар Әуезұлы деп айтайық деп ескерту жасады.
–1932 жылы 10-маусым күні «Социалистік Қазақстан» газетінде «Мұхтар Әуезұлының хаты» жарық көрген. Қайым Мұхамедханұлының айтуы бойынша «Ахмет Байтұрсынұлы: «Бізді енді түрме-тамұқтан жібермейді. Сен билікпен тіл табысуға тырыс. Кешірім сұра!» деген. Бұны Қ.Мұхамедханұлына жазушының өзі айтқан. Демек М.Әуезұлы өз тегін «ОВ» деп жазуға КСРО билігінің қысымына байланысты мәжбүр болған.
Мұхтар ағамыз өз заманындағы барлық ауыртпалықты қара нардай көтерді. Елге қанша еңбегі сіңсе де, өзінің 50 жылдығын атап өткен жоқ. Себебі, ол кезде ағасы Раззақты «Ініңді ұлтшыл деп айт!» деп түрмеде әбден қинап жатқан еді.
Біз Алаш ардақтыларының басынан не өткенінен хабарымыз жоқ. Бердалы Оспанның айтуынша, Мұхтар Әуезұлы билікке ашық қарсы шыққан жоқ. Ол сол заманның мемлекеттік жүйесіне тікелей текетіреспей қарсы шықты. Халықты ағартты. ХХ ғасырға дейін қазақтың қазақ болуына еңбек етті. «М.Әуезұлы қағаз бен қаламның тапшы кезінде өндіріп жазған. Ал біз үйде отырып, жарытып жаза алмай отырмыз», – дегенде Бердалы Оспанның өзіне деген талапшылдығының жоғары екенін бағамдадық. Қалай болғанда да М.Әуезұлы бастаған қазақты таныту жұмысының бір шеті ендігі Б.Әсілханұлына жүктелген сияқты.
...Мен де Мұхтар ағаларымыз сияқты ұлт мәдениетіне әсер етуді армандағанмын. Өнердің әр алуан бағытына бой ұрған соң, өнерім шашырап кетті. Мәселен, мен сурет саламын. Суреттің бірнеше саласын меңгерген адаммын. Майлы бояумен, қарындаш, тушпен, ағашқа күйдіріп сурет cаламын. Көп қылқалам шеберлері Леонардо да Винчидің «Джокондасын» қарындашпен көшіре алмайды. Мен ағашқа күйдіріп көшіре аламын. Кезінде «Менің Джокондам» деген картина салғанмын. Алматыға келгенде көрмеден алынып тасталды. Мен атақты суретші болсам дедім. Ал Суретшілер одағына мүше болу үшін бүкілодақтық көрмеге қатысу керек екен. Әлем мойындаған Леонарда до Винчи де Суретшілер одағына мүше болмаған. Сондықтан мен де мүше болмасам ештеңе етпейді дедім. Бірақ, қазақ бейнелеу өнеріне ең кемі бір суретіммен үлес қостым деп ұялмай айта аламын.

– Бұл өнердің соңына түскен жоқсыз ғой?

– Түскен жоқпын, себебі, мен бұл өнердің құпиясын бір адамдай білдім.
Күніге ет жей берген маған қызық емес. Кезінде оюдың да аттарымен айналысқанмын. Құдай маған суретшілікті де, жазу өнерін де берген. Сурет салумен қатар музыкант болғанды жаным қалады. Сахнада өнер көрсеткенді жақсы көремін. Музыка саласында да айтарлықтай нәтижеге жеттім деуіме болатын шығар. Нота білмеймін, гитарада ойнай алмаймын. Бірақ, «Битлзға» деген қызығушылығымның арқасында музыка әлеміне де біраз саяхаттадым. Ұлтымның музыкасын битлздар арқылы таныдым. Әуенді ойнап, айтып, ести алатын дәрежеге жеттім. 60-тан асқанда ұстаздың алдына барып домбыра үйрендім. Мен үшін домбырадан асқан аспап жоқ.
1994 жылы ешкім шетелге шыға алмайтын уақытта Англияға барып Дүниежүзілік фестивалге қатыстық. Бірақ, бізді ешкім елеген жоқ.
Иә, өнерсүйер ортада оның «Қазақтың Джон Ленноны» деген лақап аты бар. Өйткені, Бердалы Әсілханұлы британдық әйгілі Beatles тобының адал жанкүйері. 1987 жылы «Музей» деген топ ұйымдастырып, 1994 жылы Егемен Қазақстанның атынан алғашқы болып Англия мемлекетінің Ливерпуль қаласында өткен аты әлемге әйгілі Beatles тобы музыкасының Бүкілдүниежүзілік фестиваліне қатысқан. Айта кету керек, КСРО тұсында бұл ән додасына ешкім қатыса алмаған. Осы өнер көрсету нәтижесінде еліміздің Тұңғыш Президентінің атына фестиваль ұйымдастырушылары атынан хат жолданған. Ол хатта: «Құрметті Президент! «Музей» тобы сіздің еліңіздің атын әлемдік музыкалық картаға енгізді» деп жазылған. Неге екені белгісіз, осындай ірі жетістік көрсеткен «Музей» тобы сол уақыттары еленбей қалды. Бәлкім, бұған ол кезде Қазақстанда шоу-бизнестің дамымауы да әсер еткен болар. Сөйтіп, өкінішке қарай, 2007 жылы Б.Оспан құрған музыкалық топ өз шығармашылық жолын тоқтатты.

– «Есімдер сақтардан қазақтарға дейін» деген еңбегіңізді жазуға аттай 15 жылыңызды арнапсыз. Жинаған есімдеріңіздің бұрынғы және қазіргі замандағы нақты иелері туралы мәліметтерді көптеп ұсынасыз. Өзіңіз автор ретінде аталған кітаптың қалай жазылғанына тоқталып өтсеңіз.

– Бірде інім Ералының ұсынуымен бір журналға есімдер туралы мақала жаздым. Сол мақалам бірден ағылшын тіліне аударылып басылды. Содан қайда қарасам да есімдер көзіме түсе бастады. Тельман Жанұзақұлының есімдер жайлы кітаптарын оқығанмын. Басқа да басылымдар бар. Ол кітаптарда қазақ есімдері бар, бірақ толыққанды емес. Қай есімді қай жерден алғаны белгісіз. Дегенмен ол ғалымдарды кіналауға болмайды. Сол кезгі зерттеу үрдісі солай болған. Ал мен қай есімді қай кітаптың қай бетінен алғанымды нақты көрсетіп отырдым. Біздің елімізде араб-парсы есімдері жиі қойылады деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Ал шын мәнінде бізде нағыз қазақ есімдері көп. Мен не жазсам да дәлелдеп жазғанды жақсы көремін. Есім теруді әуелі «Абай жолынан» бастадым. Қазір қазақтар белгілі «16 қыз» әніндегі Бипыл қыздың есімі екенін, Қанжығалы Бөгенбай батырдың қызының аты Борсылдақ екенін, Бәтес француздың есімі екенін, Жамбылдың нағашысының атын білмейді.
Менің кітабымның маңыздылығы – қазақ тарихында тұңғыш рет сақ есімдері, ғұн, байырғы түркі, мәмлүктердің есімдері бар. Мен былайша айтқанда құрылымы әмбебап сауда орталығына ұқсас кітап жаздым. Менің кітабымда бірінші рет қазақтың пірлерінің тізімі дәлел-дәйектерімен жасалды. Ол да бір зерттеу. Мен осы кітапты жазғанда, алғашында, шынымды айтсам, не істеп жатқанымды да түсінбедім. Бірақ, менде әкемнің атын аласартып алмайын деген сезім болды. «Кімнің баласысың?» дегенде «Әсілхан Оспанұлының» аты аталғанда бірнәрсе тындыруым тиіс деп есептедім. Бір жағы, «Әсілхан Оспанұлының ұлдары ұсақталып кетіпті» деп айтпасын деген талпыныс қой. Бір есім жазу үшін пәленбай кітап ақтару керек. Бір білгенім, бұл кітап мені жайыма қоймайды екен. Бұл бірнеше том болатын кітап. Әлі жалғасы жазыла береді,- дейді Б.Оспан.
«Кітабыңыздан басқа жазған мақалаларыңыздың қайсысын ерекше атар едіңіз?» деген сұрағымызға Бердалы аға былай деді: «Иә, ондай мақалаларым бар. Мысалы, 1922 жылы жарық көрген «Шолпан» журналы туралы «Ғасыр таңында туған «Шолпан», «Тәңір қазақ поэзиясында», «Қазақ пірлері», «Мұғамила Әуезованың аналары», «Генерал Сабыр Рақымов – Отанға оралу» (ағылшын тілінде), «Ғани Іләйұлымен екі кездесу», «Жазушы Бердібек Соқпақбайұлымен жүздесу». Қазақтың ұлы тұлғалары туралы «Ұлылар да түс көреді», «Ұлылар да көзіне жас алады», «Ұлылар да әзілдейді», «Ұлылар да өкінеді», «Ұлылар да соңғы сөзін айтады» т.б. Менің мақтанып айта алатын бір мақалам «Құдайберген Жұбанұлының домбырасының ізімен» деп аталады. Мен үшін 18 тіл білген, 39 жасында халық жауы деп жала жабылып, ату жазасына бұйырылған ұлы әдебиетші ғалымның домбырасын табу өмірімдегі ерекше бір оқиға болды. Екі тілде бірдей жазатын болғандықтан уақыт та көбірек керек».
Ал қазір жазылып жатқан қазақ салттары үлкен бір, ұшы-қиыры шексіз ғарыш іспетті тақырып. Бердалы Оспан бірнеше жылдан бері қазақ салттары туралы мақалалар жазумен айналысып келеді. Қазір әр салтты зерттеп зерделеп, нақты деректі мәліметтермен дәлелдеп жазған мақалаларының саны 150-ге таяп қалыпты.
...Өнер адамы қалыпқа сыймайтыны кәнігі құбылыс. «Ұлы адамдар ауылда туады да, Парижде көз жұмады» деген сөз бар ғой. Сөйтсек, бұл сөздің астары «орта керек» дегенге саяды екен. Бердалы ағамыз да Шымкенттен Алматыға өкпелеп кеткен жоқ. Орта іздеп кетті. Мәселен, ол қазір Мұрат Әуез ағасына, басқа да жасы үлкен белгілі танымал тұлғаларға қалаған уақытында қоңырау шала алады, жүздеседі.
Бердалы Оспан туралы ізденгенде оның жан-жақты дарын иесі, музыкант, суретші, этно және мәдениет еріктісі, есімтанушы, арасында ертегі жазып, әндер де шығаратынын білдік. Әлемге әйгілі Beatles тобының әндерін қазақ тіліне аударып, қазіргі кезде альбом жазуда. Мыңдаған оқырманы бар интернет сайттары мен порталдарда, түрлі газет-журналдарда қазақ мәдениеті жайында көптеген мақалалары жарық көрген. Өзі: «Егер менің бөлмемде үлкен дөңгелек айналма үстел мен ортасында ыңғайлы креслом болса, оның бір шетінде ноутбук, бір шетінде қылқалам, екінші жағында ноталар, көркем шығарма жатар еді. Сонда айналып жан-жақты жұмыс істеп отыра берер едім» дегеніне таң қалмадық. Себебі, сұхбат барысында оның өз ісіне қандай құштарлықпен берілгенін сезіндік. Бердалы Оспан сияқты тұлғаның қазақ халқына өлшеусіз үлес қосып келе жатқанын тағы бір түйсіндік. Біз оны «тірі энциклопедия» дер едік. Өйткені, оның білмейтіні жоқ. Қазақты қазаққа таныту үшін аянбай еңбек етіп келеді. Оның мәдени-тарихи тақырыпта жазған еңбектері, мақалалары келешектің мұрағатында көздің қарашығындай сақталары сөзсіз.

Страница 12 из 41