Өнеркәсіп өнімінің артуына Шымкенттегі арнайы экономикалық және индустриалды аймақтардың ықпал зор екені белгілі. Атап айтқанда, Шымкентте жалпы аумағы 869 гектарды құрайтын 5 өндірістік алаң жұмыс істейді, онда 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құрумен, 358 млрд. теңгеге 337 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бүгінде бұл жобалардың басым көпшілігі іске асып, нақты кәсіпорындар өнім өндірумен және өңдеумен айналысып жатыр.
Бұдан бөлек Шымкентте өндіріс алаңдарына қажеттіліктің артуына байланысты тағы 5 өндірістік алаң ашылады. Оның ішінде «Жұлдыз», «Бозарық», «Стандарт» индустриалды аймақтарын ашу және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен көлік-логистикалық аймақтың аумағын кеңейтуге бағытталған жобалары бар.
Инженерлік инфрақұрылым желілерінің құрылысы аяқталуға таяп қалған «Жұлдыз» индустриялық аймағында машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 200 млрд. теңгеге 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске аспақ. Бұл 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Аталған аймақта инвестициялық құны 147 млрд. теңге құрайтын, 42 жобаны іске асыру жұмыстары басталып кеткен. Оның ішінде 2023 жылы инвестициялық құны 7 млрд. теңге құрайтын, 400-ден аса жаңа жұмыс орындарымен 5 жобаны іске қосу көзделуде.
Ал, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 7 айда 26 млрд.теңгені құрап отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,7 пайызға артқанын байқауға болады. Оның ішінде, әсіресе, мал шаруашылығы бағыты бойынша өсім қарқынды. Нақтырақ айтар болсақ, шымкенттік фермерлер мен диқандардың өткен 7 айда өндірген өнімінің көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстыра қарағанда 4 пайызға артып отыр.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарын дамыту мақсатында аумағы 132 гектар құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде 21 жобаға 23 млрд.теңге инвестиция тартылып, 1 800-ден астам жұмыс орны ашылады.
Соңғы жылдары экономикаға тартылған инвестиция көлемінің артуы бойынша Шымкент қаласы республикада алдыңғы қатардан көрініп келе жатқаны белгілі. Нақтырақ тоқталып өтетін болсақ, Шымкент республикалық қала мәртебесіне ие болғалы бері, яғни, 2018-2022 жылдары аралығында шаһар экономикасына 2 трлн. теңгеден астам инвестиция тартылған. Оның үстіне бұл көрсеткіш жылдан жылға артып келеді.
Осы оң үрдіс биыл да жалғасын тауып отыр. Оның дәлелі ретінде 2023 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында Шымкенттегі негізгі капиталға тартылған тікелей инвестициялардың көлемі 282,8 млрд. теңгені құрағанын айтуға болады. Ресми деректер бұл көрсеткіш өткен 2022 жылдың қаңтар-шілде айларындағы көрсеткішпен салыстырғанда 23,9 пайызға артқанын көрсетіп отыр.
Шымкент қаласы әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы ұсынған деректерге сүйенсек, шаһар экономикасына тартылған инвестиция көлеміндегі осындай қарқынды өсім көп қабатты тұрғын үйлердің, жекеменшік мектептердің, әуежайдағы жолаушылар терминалының құрылыстарының, құрал-жабдық сатып алуға және өндіріске бағытталған өзге де инвестициялар есебінен қалыптасқан. Бұған қарап кәсіпкерлік, өнеркәсіп және құрылыс секторларындағы қарқынды өсім тұтастай алған Шымкент қаласы экономикасының орнықты дамуына негіз болып отыр деген қорытынды жасауға болады.
Басқарма таратқан ресми деректер бойынша, құрылыс жұмыстарының көлемі 86,5 млрд. теңгені құрап, 8,6 пайызға артқан. Ал, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 426 мың шаршы метрге жетіп, көрсеткіш 14,5 пайызға жақсарған. Оның ішінде, жеке тұрғын үйлер – 214,4 мың шаршы метр.
Шымкент қаласында өткен 7 айдағы жалпы сауда көлемі 1 триллион 124 млрд. теңгені құрап, 7,4 пайызға артқан болса, оның ішінде, бөлшек сауда 23,1 пайызға артып, 432,6 млрд.теңгені құрап отыр.
Мұнан бөлек, есепті кезеңде Шымкент қаласында жалпы көлік қызметінің көлемі де қарқынды түрде артқан. Атап айтқанда, 2023 жылдың қаңтар-шілде айларында бұл бағытта 121 млрд. теңгенің қызметі көрсетіліп, өткен жылмен салыстырғанда 26,6 пайызға артқанын айта кеткен жөн. Оның ішінде жүк айналымы 40 пайызға, жолаушылар айналымы 2 пайызға артқан.
Сондай-ақ, байланыс қызметі 5,5 млрд. теңгені құрап, 13,8 пайызға өскен. Бұл өсім интернет, ұялы байланыс және кабельді инфрақұрылым жүргізу қызметтерінің артуы есебінен орын алып отыр.