ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев пен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкент қаласындағы №3 балалар үйінің тыныс тіршілігімен танысты.
Министр балалар үйіне соңғы үлгідегі медициналық физиокабинетке арналған «Бином» медициналық құрылғысын сыйға тартса, өңір басшысы 20 тәрбиеленушіге ЭКСПО-2017 көрмесінің билеттерін тарту етті.
– Мұнда балалардың ештеңеге алаң болмай өсуіне, оқуына, жалпы азамат болып қалыптасуларына барлық жағдай жасалынуы тиіс. Сондықтан мекеме қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктеледі», – деген облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы балалардың Астанаға барып-қайту шығындарын да өз есебінен жүзеге асыратынын жеткізді.
Аталған мекеме жыл басынан бері ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қамқорлығына алынған болатын. Қазіргі таңда мұнда 3 жастан 11 жасқа дейінгі 68 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиеленеді. Мекемеде 45 қызметкер жұмыс істейді. Оның жиырма бірі педагог, он бесі тәрбиеші, төртеуі дәрігер.
Балалар үйінде оқу-тәрбие жұмысы толығымен қазақ тілінде жүргізіледі, би, вокал, қолөнер үйірмесі жұмыс істейді. Үйірмеге 58 бала қатысады. Сабақтан тыс уақытта түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Балалар оқу құралдарымен толық қамтылған.