Әл-Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжанов 1 мамыр «Қазақстан халқының бірлігі күні» мерекесінің қарсаңында бір топ аналарды қабылдап, Елбасы Жарлығымен берілген «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерін салтанатты түрде тапсырды.
– Көпбалалы болудың бақытын әйел заты, анадан артық сезіне алатын жан жоқ. Өйткені, аналық махаббат пен мейірім ең әуелі әйел затының жүрегінде оянады. Әр баланы тоғыз ай тоғыз күн санап, бауырына басатын сәтті тағатсыздана күтетін алтын құрсақта аналарымыз аман болсын, – деді аудан әкімі.
34 жасында «Алтын алқа» таққан Шолпан Бабишбаеваның тұңғышы 10 сыныпта оқиды.
– Кішкентайым 1,5 жаста. Кеңседе жұмыс істемеймін. Есесіне, бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қараймын. Олардың әрқайсысы дарынды, бақытты болып өсуін тілейміз, – дейді ол.
Бұл күні Әл-Фараби ауданының 4 тұрғыны «Алтын алқа» және 12-сі «Күміс алқаға» ие болды.