Шымкентте «Үлгілі отбасы» байқауының жеңімпаздары анықталды. Шымкент қалалық ардагерлер кеңесі мен қалалық ішкі саясат бөлімі сайысты биыл екінші рет ұйымдастырып отыр. Байқау отбасының мәртебесін биіктету, қарттарды құрметтеуге бағытталған.
Байқауда бес отбасы өз өнерлерін көрсетті. Жиында Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбай отбасы құндылығын сақтау маңызды екенін, қазіргі кезде салт-дәстүрден ажырап бара жатқанымызды атап өтті.
Отбасы мүшелері сайыс барысында шашбау тағу, тұсаукесер, беташар сынды дәстүрлерімізді жаңғыртты. Одан бөлек, салт-дәстүрлер бойынша қойылған сауалдарға жауап берді.
Шымкент қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әбдіманап Ақмолда бастаған қазылар сайыстың қорытындысын шығарды.
Сонымен, биылғы байқаудың жеңімпазы – Қансейітовтер отбасы. Үлгілі отбасыға 200 мың теңге қаржылай сыйақы берілді. Әбілхановтар отбасы екінші (150 мың), Қанаевтар отбасы үшінші орынды (100 мың) иеленді. Сондай-ақ, Әлназаровтар отбасы ынталандыру сыйлығымен (10 мың) марапатталды.