Қызметтік әдеп – мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық қағидаттарының жиынтығы. Мұндай әдеп адамдардың іскерлік қатынастарын, сондай-ақ олардың жеке мінез-құлқын іскерлік әлемде қабылданған мінез-құлық принциптеріне сәйкестік тұрғысынан қарастыруға және бағалауға мүмкіндік береді.
Іскерлік әдеп адамдардың жеке және іскерлік қасиеттерін және олардың қызметін бағалауды, сынға ашықтықты, өзін-өзі сынауды қамтитын әділеттілік сияқты ұғымға негізделген.
Жақсы беделге ие болу өте қиын, кейде бұл жылдарға созылады, бірақ сіз оны көбінесе ұсақ-түйек жағдайларға бола бірден жоғалтуыңыз да мүмкін. Маңызды телефон қоңырауына немесе хатқа уақытында жауап бермей немесе басқадай түрде әдептіліктің жоқтығын көрсете аласыз. Беделді болу үшін бәрі маңызды: сөйлеу мәдениеті, іскерлік киім, жүріп-тұру, мінез-құлық және т.б.
Ізетті қарым-қатынастағы әдептілік – бұл мінез-құлықтың мақсаттары мен нормаларының сәйкестігін түсіну ғана емес, сонымен қатар нақты бір адамға әдеп нормаларын қолдана білу. Ізеттілік дегеніміз – қарым-қатынастағы сыпайылық пен ұқыптылық, әріптестерінің әрбір ісіне шынайы қолдау білдіру, бұл дұрыс және ашық қарым-қатынастың ерекше түрі. Ізеттілік – іскерлік қарым-қатынастың ең қарапайым құралы, ол моральдық-психологиялық ұстаным мен іскерлік мәселелерді шешуге көмектеседі.
Адам өзінің іскерлік және жеке қасиетін еңбек ұжымында көрсетеді. Еңбек процесі қаншалықты реттелсе де, әрбір мемлекеттік қызметші жалпы қабылданған әдеп, адамгершілік мінез-құлық нормаларын сақтауы керек. Қызметтегі әдептілік кәсіби қызметтің ерекшелігіне байланысты адамгершілік сананың, адамдардың қарым-қатынасы мен мінез-құлық ерекшеліктерін көрсетеді.
Басшының кәсіби міндеті – жеке көзқарастарға, қызметтік талаптарға, қарамағындағылардың кәсіби пікіріне объективті және шынайы көзқараспен қарау. Әрбір қызметкердің, еңбек ұжымының ортақ іске қосқан жеке үлесін материалдық және моральдық тұрғыда әділ бағалауы тиіс.
Қызметтік қарым-қатынас мәдениеті бірқатар қызметтік әдеп ережелерін қамтиды. Қызметтік сұхбат жүргізе алмау, жұмыста өзін-өзі ұстай алмау көптеген адамдардың уақытын жоғалтумен қатар, ұжым ішінде түсініспеушілік, психологиялық шиеленіс тудырады және бұл істің сапасына кері ықпалын тигізеді. Мұндай шектен шығуды алдын алу үшін қызметте ресми, бірақ өте міндетті талаптарды сақтау жеткілікті: сыпайы қарым-қатынас, ақпаратты нақты және қысқаша түрде жеткізу, баяндамаға алдын-ала дайындық және нақты тұжырымдар.
Әдеп ұғымы ережелермен, мінез-құлық стандарттарымен байланысты. Тиісінше, іскерлік әдеп саласында бірінші кезекте сенімділік, әдептілік, уәдені орындау қабілеті бағаланады.
Іскерлік қарым-қатынастың моральдық жағы үлкен рөл атқарады. Іскерлік өмір тәжірибесінде адамдар жалпы мақсаттарға ғана емес, сонымен қатар кейбір маңызды жеке мақсаттарына қол жеткізуге тырысады. Осы жерде іскерлік қарым-қатынаста адамгершіліктің алтын ережесін ұмытпау маңызды: «Өзіңе қаламайтын нәрсені өзгеге жасама».
М.АКИШЕВ,
Шымкент қаласы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі