ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Моңғолиядағы Өлгей қаласына барып, қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесті. Бұл туралы pm.kz. сайты хабарлайды
Естеріңізге салсақ, ҚР Премьер-Министрі 15 шілде күні Ұлан-Батыр қаласында өтетін XI АСЕМ саммитіне қатысу үшін Моңғолияға барған болатын. Өлгей қаласы орналасқан облыс халқының басым бөлігін қазақ диаспорасы құрайды. Мұнда барлығы 90 мың адам тұрса, оның 88,7% бөлігі қазақтар екен. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Моңғолия басшылығы диаспора мәселелеріне ерекше көңіл бөледі.
Кәрім Мәсімов Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Үкімет Өлгей қаласындағы селден зардап шеккен отбасыларға қаржылай көмек көрсететінін атап өтті. Премьер-Министр жақын күндері көрсетілетін қолдау қандастарымызға табиғи апат салдарын жоюға жәрдемдеседі деген үмітін білдірді.
Еске салайық, Моңғолияның Өлгей қаласында 10 шілде күні сел жүріп, салдарынан тұрғын үйлер қирап, су астында қалды.