ЖОЛДАУДАҒЫ БАСТАМАЛАР – ШЫМКЕНТ ДАМУЫНЫҢ АЛТЫН АРҚАУЫ
Среда, 09 Ноябрь 2022 05:26ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары елімізде түпкілікті өзгерістер жасау, саяси, құықтық және экономикалық жүйені жаңарту арқылы ұлттық модернизацияны жүзеге асыру бағытында еңбектеніп келеді. Мемлекет басшысы биылғы наурыз айындағы Жолдауында саяси реформаларға басымдық берген болатын. Сонда айтылған бастамаларды жүзеге асыру үшін маусымда конституциялық реформа жүзеге асырылғаны баршаға мәлім. Ал қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдау негізінен экономикалық және әлеуметтік мәселелерге арналды. Демек, бұл Жолдауды жаңа, әділетті Қазақстанды құру жолындағы жүйелі жұмыстардың жалғасы ретінде бағалауға болады. Ол отандық экономикадағы ең өзекті мәселелерді қамтып, стратегиялық мақсаттар мен қысқа және орта мерзімді перспективадағы міндеттерді айқындап беріп отыр.
ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТАЛАБЫ ОРЫНДАЛДЫ
Среда, 09 Ноябрь 2022 05:23Автобустар кешікпей қатынайды
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов әр тоқсан сайын халықпен тұрақты түрде кездесіп, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап келеді. Есеп беру кездесулерінде қозғалған барлық мәселе бақылауға алынып, мүмкіндігінше жедел түрде шешіліп жатыр.
Достықта – жаңа мектеп
Среда, 09 Ноябрь 2022 05:00Достық шағынауданында 300 орынға арналған жаңа мектеп ашылды. «Жан-Нұр» жалпы білім беру мектебінің ашылуына Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі
Рахымберді Мүлкеманов пен Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева қатысты.
Шымкент әкімі азаматтарды қабылдады
Пятница, 04 Ноябрь 2022 08:18
Шымкент қаласында ҚР Бас прокура-турасының бастамасымен өтіп жатқан «Заң керуені» акциясы жалғасуда. Шымкент қаласы-ның әкімі Мұрат Әйтенов те аталған акцияның аясында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қабылдау барысында Шымкент қаласының прокуроры, қалалық полиция департаментінің бастығы, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы, қала әкімінің орынбасарлары, қала әкімдігінің салалық басқармаларының басшылары да азаматтардың талап-тілектері мен арыздарын тыңдады.
–Бұл еліміздің Бас прокуратурасының бастамасымен өтіп жатқан акция. Ол жергілікті жерде халыққа жедел құқықтық көмек көрсету, құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, заңдарды түсіндіру, заңды құқықтарын іске асыруға мүмкіндігі жоқ әлеуметтік топтарды анықтау, елдегі қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті нығайту мақсатында өткізілуде. Әрине, Шымкент қаласының прокуратурасында азаматтарды қабылдау орталығы бар және онда кезекші прокурорлар азаматтарды кез келген уақытта қабылдайды. Дегенмен, шалғай елді мекендерге де өзіміз барып, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап жатырмыз, – деді Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Ержан Марат.
Бұл күні 250-ден астам азаматтың арыз-шағымын тыңдалды. Әртүрлі себептермен қиын жағдайларға тап болып, жәрдем сұрап келгендердің тізімі алынып, шешу жолдары қаралды.
«Заң керуені» акциясы қарашаның 1-4 күндері аралығында өтеді. Акцияның алғашқы күнінде Шымкент қаласында 500 адам өздерінің сұрақтары мен арыздарын айтқан. Тұрғындардың басым көпшілігі әлеуметтік мәселелерді қозғаған.
Ағарған жерде береке бар немесе мемлекет агроөнеркәсіп кешеніне ірі инвесторларды тартуы тиіс
Пятница, 04 Ноябрь 2022 06:58–Бөкейхан Нұралыұлы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың басым бағыттары нақты көрсетілді. Осы салада жұмыс істеп жүрген кәсіпкер ретінде аграрлық саладағы реформаның нәтижесі қандай болады деп ойлайсыз?
–Сарапшы мамандардың болжамы бойынша, жақын келешекте әлемде ауқымды азық-түлік дағдарысы болуы ықтимал. Мұндай жағдайда мемлекеттер арасындағы үлкен саясаттың маңызды тақырыбы қазіргідей энергия ресурстары емес, тамақ өнімдері болады. Демек, азық-түлік қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздіктің ең маңызды бөлігіне айналып келе жатыр деген сөз.
Міне, осы жағдайларды ескерсек, Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы саласына баса назар аударғаны орынды. Бұл реформаның нәтижесінде ауыл шаруашылығының дамуы, аргоқұрылымдардың іріленуі және инновациялық технологиялардың кеңінен қолданылуы өнімділіктің артуына себеп болады. Нәтижесінде, отандық нарықта сапалы, экологиялық тұрғыдан таза, бағасы қолжетімді азық-түлік өнімдері көбейеді.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жүйелі түрде жолға қойылса, бұл саладағы кәсіпорындарда жүздеген мың адам жұмыспен қамтылады. Бүгінде Мемлекет басшысының пәрменімен бос жатқан ауыл шаруашылығы жерлері түгелденіп, мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. Бұл жерді оның қадірін білетін, тиімді пайдаланатын азаматтарға беруге жол ашып отыр. Алдағы уақытта шаруашылықпен айналысқысы келетін кез келген азамат жерді конкурс арқылы алуына мүмкіндік туады.
Президенттің бастамасымен ауыл шаруашылығы саласында қолға алынатын бұл реформалар – халықтың бүгінгі әл-ауқатын жақсартумен қатар, келер ұрпақтың қамын ойлаудан туған маңызды бастама.
Жалпы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы – жаңа, әділетті Қазақстанды құру жолындағы шешімін күткен мәселелер мен нақты қадамдарды қамтыған маңызды құжат. Ол ел дамуындағы стратегиялық мақсаттарды белгілеп, қысқа және орта мерзімді перспективадағы міндеттерді айқындап беруімен құнды. Жолдаудың өзегі ретінде Президент ұсынған жаңа экономикалық саясатты айтуға болады. Ол бизнеске барынша қолдау көрсетуді және халықтың әл-ауқатын сапалы әрі инклюзивті тұрғыда жақсартуды көздейді.
–Сіз Шымкент қаласын сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған «Бөрте-Милка» компаниясын басқарасыз. Компанияның қазіргі тыныс-тіршілігі мен болашақ жоспарлары туралы айтып беріңізші...
–Компания 2016 жылы құрылды. Сол жылы біз Венгриядан Гольдштейн Фриз дейтін сүтті бағыттағы асыл тұқымды ірі қараның 400 басын сатып әкелдік. Соның негізінде 2016-2017 жылдары фермамызды құрдық, ал, 2018 жылы тәулігіне 50 тонна сүт өңдейтін зауыт салдық. Қазір мал басы 1200-ге жетіп отыр.
Ферма шведтің DeLaval компаниясының ең заманауи технологиясын қолданып салынған. Мұндағы жұмыстың үлкен бөлігі, мәселен, сиырды сауу және оның тұратын орнын тазалау секілді жұмыстар автоматтандырылған. Сондай-ақ, жем жеп денесі қызған сиырларды салқындату жүйесі, метеостанциясы бар желдеткіш жүйесі, малдың тойғанын анықтау камералары орнатылған.
Бүгінде «Бөрте Милка» сауда белгісімен 25 түрлі өнім шығарамыз. Оның ішінде 5 түрлі йогурт, 4 түрлі айран, 4 түрлі қаймақ, тұздалған айран, құрт, май және «Бөрте таңы» атпен піскен айранның газдалған түрін шығарып жатырмыз. Өнімдеріміз Түркістан облысы мен Шымкент қаласына тарайды. Алдағы уақытта Жамбыл және Қызылорда облыстарына да өз өнімдерімізді жөнелтуді жоспарлап отырмыз.
«Бөрте Милка» сүт өнімдерінің басты ерекшелігі – экологиялық тұрғыдан таза, табиғи өнім болуында. Біз тек өз фермадағы сиырлардан сауылған сүтті пайдаланамыз. Әрі өнімдерге құрғақ сүт ұнтағы мен өзге де жасанды тағамдық концентраттар қосылмайды. Соның есебінен сақтау мерзімі де өзге сүт өнімдерімен салыстырғанда қысқа. Иә, бұл өнімнің өзіндік құнының қымбат болуына әсер етеді. Өнімімізді Алматы мен Астана секілді үлкен қалаларға жөнелте алмаймыз. Себебі, ол жаққа барып қоймаға, одан дүкен сөрелеріне түсіп, тұтынушының қолына тигенше сақтау мерзімі өтіп кетеді. Біздің өнімдерді тоңазтқышта плюс 2-4 градус температурада сақтау керек. Әйтпесе, тез бұзылады.
Ал, компаниямыздың алдағы жоспарына тоқталар болсақ, бұқтырылған ет пен шұжық шығаратын зауыт ашу ойымызда бар.
–Мемлекет тарапынан қандай қолдау көріп отырсыздар?
–Мемлекет халық тұтынатын сүт және сүт өнімдерінің бағасын тұрақты деңгейде сақтап тұру үшін субсидия беріледі. Егер фермадан 400 бас аналық ірі қараңыз болса, сауылған сүттің әр литріне 30 теңге, ал, аналық бастың саны 600-ден асса, әр литріне 45 теңге төленеді. Сондай-ақ, жылына бір рет жем-шөп алуға да субсидия төленеді.
–Мемлекет тарапынан осындай қолдау көрсетіліп жатса, Сіздер секілді фермаларды көбейтіп, ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз етуге не кедергі? Саладағы өзекті мәселелер қайсы?
–Кез келген бизнестің өзіндік қиындықтары бар. Ең бірінші мәселе жем-шөптің жылдан жылға қымбаттауы дер едім. Екіншіден, сиыр фермаларының сүтті өз бетінше өңдейтін зауыты жоқ. Ал, зауыттардың өз фермасы жоқ.
Мәселен, 100 басқа дейінгі сиыры бар ферма ашсаңыз сүтті өткізу өте қиын. Себебі, зауыттар өнімді мол мөлшерде жеткізіп беретін ірі фермалармен жұмыс істегісі келеді. Себебі, әрқайсысында 50-100 бас малы бар көптеген шаруашылықтардан сүт жинап жүру тиімсіз. Сүтті тасымалдау, жинау, сақтау дегеннің бәрі басы артық жұмыс пен шығын болады. Әрі әр фермадан келген сүттің сапасын, майлылығы қандай? Ол фермалардың бәрі бірдей малын жұқпалы ауруларға қарсы вакцинациялады ма, жоқ па? Осының бәрін қадағалау керек болады.
–Демек, сүт өнімдерін өндіру ісі дамуы үшін салаға мейлінше ірі инвесторлардың келуі керек қой...
–Иә, мемлекет агроөнеркәсіпке ірі инвесторларды тартуға жағдай жасауы керек. Ірі фермалар көбейсе, олар өздерінің сүт өңдеу зауыттарын ашса, салада даму болады. Бірақ, ірі инвесторлардың бұл салаға қызғушылығы жоғары емес. Себебі, аграрлық салаға құйылған инвестицияның қайтарымы басқа салалармен салыстырғанда аздау әрі ол үшін ұзақ уақыт еңбек етуге тура келеді. Бұл, әсіресе, мал шаруашылығына қатысты.
Ата-бабаларымыз ертеде-ақ «Диқан диқанға бір жылда теңеледі, шаруа шаруаға он жылда теңеледі» деп айтып кеткен ғой. Расында бір мал шаруашылығының аяғынан тік тұрып, мал басы көбейіп, нарықтан өз орнын иеленіп, тұрақты табыс әкеле бастау үшін шамамен 10 жылдай уақыт керек. Біздегі инвесторлардың көбі оған қарағанда ақшасын құрылыс пен саудаға салып, тезірек пайда тапқысы келеді.
Дегенмен, халқымыз ағарған бар жерде береке бар деп есептейді, ақ мол болсын деп бата жасайды. Әрі тамақ өнімдеріне деген сұраныс жылдан жылға көбеймесе, азаймайды. Тек сабыр мен еңбекқорлық, істің көзін таба білетін ұқыптылық болса, бұл салада да табысқа жетуге болады.
–Әңгімеңізге рахмет!
«ШЫМКЕНТ – КӘСІПКЕРЛІК БЕЛСЕНДІЛІГІ ЖОҒАРЫ ҚАЛА»
Четверг, 03 Ноябрь 2022 04:03
Жуырда Шымкент қаласына Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жұмыс сапарымен келді. Министр Шымкент қаласы Нұршуақ шағынауданының тұрғындарымен кездесіп, ауданның инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысымен танысты.
–Шымкент қаласының инженерлік инфрақұрылым желілерін дамытуға республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп жатыр. Соның нәтижесінде тұрғындардың жол, ауыз су, сапалы электр қуаты мен табиғи газбен қамту секілді бірінші кезектегі өзекті мәселелері шешімін табуда. Бүгінгі сапардың мақсаты осы бағытқа бөлініп жатқан бюджет қаржысының қаншалықты тиімді игеріліп жатқанын бақылау және тұрғындарды қандай проблемалар мазалайтынын адамдардың өз аузынан есту, - деді
Әлібек Сәкенұлы.
Нұршуақ шағынауданының тұрғындары кейінгі уақытта инфрақұрылым мәселелеріне ерекше назар аударылып, мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын жеткізді. Алда қылышын сүйретіп қыс келе жатқанын айтқан нұршуақтықтар биыл басталған табиғи газ жүйесінің құрылысын тезірек аяқтауды сұрады.
Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков Ұлттық экономика министріне Нұршуақ шағынауданында және жалпы қала аумағында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Оның айтуынша, Нұршуақта 6 мыңдай халық қоныстанған. Шағынаудан ауыз сумен былтыр қамтылды. Электрмен қамту жұмыстары өткен жылы басталған. Мердігер компания ретінде «Электромонтаж» акционерлік қоғамы таңдап алынған. Компания 7,8 шақырым 10кВт кабельдік желі және 198 шақырым 10/0,4 кВт әуе желісін орнатқан. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың соңына дейін аяқталады. Ал, табиғи газбен қамту жұмыстары биыл басталды. Құрылыс кестеге сәйкес жүргізілуде, аяқталу мерзімі 2023 жылға жоспарланған.
Мұнан кейін Ұлттық экономика министрі «Стандарт» индустриалды аймағында болып, ондағы жұмыс барысымен танысты.
–Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан жаңа экономикалық саясатының ең маңызды, басым бағыттарының бірі – шағын және орта бизнесті жан-жақты қолдау. Өйткені, осы кәсіпкерлер елдегі орта таптың негізін қалайды. Ал, орта тап өкілдерінің үлесі көп болса, еліміздің экономикасы қуатты болып, халықтың әл-ауқаты артып, тұрмыс сапасы жақсарады. Міне, осы тұрғыда Шымкент қаласы бұрыннан кәсіпкерлік белсенділігі жоғары қала. Енді шағын және орта бизнеске арналған индустриалды аймақтың ашылуы мен өзге де мемлекеттік қолдау шаралары қалада бизнестің дами түсуіне ықпал етеді, – деді Әлібек Сәкенұлы.
Айта кетейік, Шымкент қаласындағы бұрынғы қорғасын зауытының аумағында инвесторлардың есебінен «Стандарт» жеке индустриалды аймағы салынуда. Мұнда шағын және орта бизнес субъектілері шоғырланады. Аумағы 118 гектарды құрайтын жеке индустриялық аймақта 176 мың шаршы метр дайын өндірістік алаңдар, оның ішінде 64 мың шаршы метр қойма алаңдарын салу жоспарланған. Жалпы құны 30 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жоба аяқталған кезде 3 мың адамға жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Сонымен қатар, Ә.Қуантыров үшінші мегаполистегі жұмыс сапары барысында жергілікті кәсіпкерлермен жүздесті. «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткен жиынға ведомства басшысы Әлібек Саматұлы, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев, кәсіпкерлер палатасының басшылары мен іскер азаматтар қатысты.
– Біздің өңірлерді аралаудағы мақсатымыз – халықпен, кәсіпкерлермен бетпе-бет жүздесу, оларды тыңдау. Мұндай жиындар әр өңірде тұрақты түрде өтіп келеді. Себебі, Ұлттық экономика министрлігінің мақсаты – макроэкономиканы тұрақтандырумен қоса шағын, орта және ірі кәсіптің де дамуына жағдай жасау. Ал, ол үшін кәсіпкерлер өздері тап келетін күрделі жағдайларды айтып, жетістіктерімен, тәжірибелерімен бөліскені барлық тарапқа пайдалы. Сондықтан, бұл кездесу еркін түрде өткені дұрыс, – деді Әлібек Саматұлы.
Ары қарай жергілікті кәсіпкерлер сөз алып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды, министрдің тікелей жауабын тыңдады. Мысалы, «Барыс–2007» ЖШС-інің басшысы Айжан Найымбекова бидай өнімдерін терең өңдеуге жатпайтын кәсіпорындарға жеңілдік қарастыру керектігін және өнімдерді орау қаптамаларын шетелден сатып алатындарын, осыған байланысты қазақстандық өнімдерге қолдау көрсету қажеттігін айтты.
Ал, белсенді жас Жасур Жұматаев Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған жастарға жеңілдікпен берілетін несие туралы толығырақ білгісі келетінін жеткізді.
Министр еркін тақырыпта өрбіген жиында айтылған әр сұрақты, ұсыныс-тілекті жазып алып, сол мезетте жауап беріп отырды. Оның айтуынша, көптеген жағдаймен таныс, алдағы уақытта елордада тиісті мемлекеттік органдармен бірге қаралады.
Абай ауданында атқарылған істер ауқымды
Пятница, 28 Октябрь 2022 05:209 айда аудан экономикасына 32,7 миллиард теңге инвестиция тартылған
Бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің жанындағы ақпараттық-коммуникациялар орталығында Абай ауданының әкімі Бұқарбай Парманов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы аясында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баспасөз брифингін өткізді.
Брифингте Б.Парманов аудан аумағында 34 шағын аудан мен елді мекен орналасқанын, оның ішінде 453 көп қабатты үй, 258 аула мен 2 саябақ бар екенін атап өтті.
Әкімнің айтуынша, Абай ауданына 2017 жылы 22,6 миллиард теңге бөлінсе, 2022 жылы 110,8 миллиард теңге бөлінген. Егер бұл мәлімтті сала бойынша талдар болсақ, 2022 жылы ауыз суға — 5,2 миллиард теңге, сапалы электрмен қамтуға — 5,2 миллиард теңге, табиғи газбен қамтуға — 5,3 миллиард теңге, кәріз жүйесінің құрылысына – 1,4 миллиард теңге және аудан аумағын абаттандыруға 956,1 миллион теңге бөлінген.
Сондай-ақ, Б.Парманов биыл жол құрылысы саласына – 2,4 миллиард теңге, көшелерді, аулаларды, қоғамдық орындарды жарықтандыруға – 5 миллиард теңге, ал, санитарлық тазалыққа 2,6 миллиард теңге қаралғанын атап өтті.
Абай ауданында бюджет қаржысының айтарлықтай үлкен бөлігі әлеуметтік салаға жұмсалып отыр. Аудан әкімінің айтуынша, бұл бағытқа жұмсалған қаржы 2017 жылы – 18,1 миллиард теңгені құраған болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 75,3 миллиард теңгеге жетіп отыр екен.
Б.Пармановтың сөзінше, 2022 жылдың 9 айындағы қорытындысы бойынша ауданда өнеркәсіп саласында 56,8 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, экономикаға 32,7 миллиард инвестиция тартылған. Сондай-ақ, құрылыста 3,9 миллиард теңгенің жұмысы атқарылса, аудан аумағында 65,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті.
–Мемлекет басшысы Жолдауда 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтуді тапсырды. Осыған орай «Стандарт» жеке индустриалды аймағы салынуда. Мұнда шағын және орта бизнес субъектілері шоғырланады. Аумағы 118 гектарды құрайтын жеке индустриялық аймақта 176 мың шаршы метр дайын өндірістік алаңдар, оның ішінде 64 мың шаршы метр қойма алаңдарын салу жоспарланған. Жалпы құны 30 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жоба аяқталған кезде 3 мың адамға жаңа жұмыс орны ашылады, – деді Б.Парманов.
Бұқарбай Рысқұлұлы аудан аумағы бойынша 34 елді мекеннің 33-і сапалы ауыз сумен қамтылғанын атап өтті. Оның айтуынша, 2020 жылы ауыз суға 1,9 млрд. теңге бөлініп, Қызылжар, Игілік, Жаңаталап, Нұршуақ, Батыс, Тәуелсіздікке 20 жыл, Ынтымақ-2, Ақтас-2 елді мекендері ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізілген. Ал, 2021 жылы 6,9 млрд. теңге қаралып, 9 елді мекенге ауыз су беріліпті.
Сонымен қатар 2022 жылы бұл мақсатқа 5,2 млрд. теңге бөлініп, Құрсай елді мекенінде орталықтандырылған ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстар 2022 жылдың соңында аяқталып, елді мекен сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.
–Абай ауданының 8 елді мекені орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтылған. Бұл елді мекендерде 116 мыңға жуық адам немесе аудан халқының 36 пайызы өмір сүреді. Ал, 207 мың адам тұратын қалған 26 елді мекен кәрізбен қамтылмаған. 2020-2022 жылдары аралығында 1 нысанның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, 3 елді мекенде кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталды. Қалған елді мекендерді қамту мақсатында 2022-2025 жылдары аралығында Абай ауданы аумағында 2 кәріз тазалау имараты (КОС) салыну жоспарлануда. Нәтижесінде, 2025 жылға дейін Абай ауданы 59 пайызы орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтылады деп күтілуде, – деді аудан әкімі.
Б.Пармановтың айтуынша, аудан аумағы бойынша 34 елді мекеннің 31 елді мекені мемлекеттік электр жарығымен қамтылып отыр. Қалған 3 елді мекен жеке меншік транформаторларды пайдаланады. 2021 жылы 5 елді мекенді (Ынтымақ-2, Айкөл, Игілік, Тәуелсіздікке 20 жыл, Ақжар) электр жарығымен қамту үшін жалпы 7,2 млрд. теңгеге жоба жасылып, ағымдағы жылы 5,2 млрд теңге бөлінген. Биыл 3 елді мекеннің (Нұршуақ, Батыс, Жаңаталап) құрылыс аяқталып, сапалы электр жарығымен қамтылып, аудан аумағы 100 пайыз электр жарығымен қамтылатын болады.
Сонымен қатар аудандағы 34 елді мекеннің 24-і (73,5%) табиғи газ жүйесімен қамтылса, қалған 10 елді мекен қатты отынды пайдалануда. 2021 жылы 1 елді мекен (Алтынтөбе) табиғи газбен қамтылды. Ал, 2022 жылы 5,3 млрд.тг қаралып, 7 елді мекенде (Көкбұлақ, Батыс, Арғымақ, Ақжар, Ақтас-2, Ақтас, Нұршуақ-2023 жылға өтпелі) құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мұнан бөлек 2023 жылы 3 елді мекенге (Ынтымақ-2, Айкөл, Тәуелсіздікке 20 жыл) құрылыс жұмыстар жоспарлануда. Ал, 2024 жылы 1 елді мекеннің (Құрсай) жаңақұрылыс аумағы табиғи газбен қамтылатын болады.
Брифинг барысында аудан әкімі білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, көшелерді жарықтандыру, жол құрылысы, «Халық қатысатын бюджет» жобасы және ирригациялық жүйелерді орнату бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА БАЛАМАСЫ ЖОҚ ЗАУЫТ
Среда, 26 Октябрь 2022 04:57Республика күні мерекесі қарсаңында Шымкентте алюминий банкаларын шығаратын ірі кәсіпорын іске қосылды. Бұл зауыттың елімізде ғана емес, бүкіл Орталық Азияда баламасы жоқ.