«Конституциямыз дала заңдарымен сабақтасып жатыр»
Пятница, 27 Август 2021 09:28Әлемдегі барлық мемлекет азаматтарының ерік-жігері мен таңдауы сол елдің басты заңы аясында жүзеге асатыны анық. Басты заңы деп отырғанымыз – Конституция. Тура 26 жыл бұрын қабылданған қазақ елінің Ата Заңы мемлекеттігіміз бен біртұтастығымыздың қайнар көзі. Осы уақыт аралығында ол өрлеу мен рухани-саяси тұрақтылықтың алтын қазығына айналып үлгерді. Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ербол ЖАНҒАЗИНМЕН Конституция күні қарсаңындағы сұхбатымыз тәуелсіздік төлқұжатының салмағы мен сотқа артылған сенім турасында өрбіді.
– Ербол Әмірғалиұлы, ел Конституциясы әз Тәукенің «Жеті жарғысы» сияқты әділеттік пен құқық нормаларына қаншалықты жауап береді?
– Жеті жарғыны «Тәуке хан заңдары» деп те атап жүр. Оған әкімшілік, қылмыстық істер, азаматтық құқық нормалары, сонымен қатар салық, діни көзқарас туралы ережелер енгізілген. Бір сөзбен айтқанда, қазақ қоғамы өмірінің ешбір қыры елеусіз қалмаған. Әйтеке би ұсынған бір ғана сүйек құнына тоқталайық.
1685 жылы Әлі сұлтан мен қарапайым халық арасындағы жанжал үлкен дау тудырады. Сұлтанның есерсоқ баласы сұлу, әнші-домбырашы қызға бүркітін шүйліктіріп, қастандық жасайды. Қыз бүркіттің тегеурініне шыдамай, көз жұмады. Ашынған ағайындары төреге келіп құн сұрайды. Әлі сұлтан оларды қабылдамай кері қайтарып жібереді. Талабы орындалмаған құн сұраушылар Әйтеке биге келіп шағымын айтады. Әйтеке жанына сіргелі батыры Қазыбекұлы Жабайды, байбақты батыры Шоланды ілестіріп Әлі сұлтанға барады. Бидің айбарынан аяқ тартатын Әлі сұлтан амалсыз құн төлеуге келіседі. Алайда Әйтеке қыз құнына қосымша оның өнерлі екенін айтып, «өнер құнын» және қыздың жоқтаушыларын келеке қылып, сүйек сындырғаны үшін «сүйек құнын» төлеуді талап етеді.
Ал қазақ елінің қазіргі Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Мемлекет тарихында ерекше маңызға ие Ата Заңымыз өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Онда Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны, ең қымбат қазынасы – адам және адам өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені келтірілген. Бағамдай білгенге басты құжаттың жүздеген жылдар бойы қалыптасып, жетілдіріліп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғымен» сабақтасып жатқанын аңғару қиын емес.
Мысалы, шешендік өнер қағидаттары өз мән мағынасын жоймай, іске асып келеді. Конституцияның 77-бабындағы қарапайымдылық, тараптардың, іске қатысушылардың мүмкіндігін шектемеу, тараптарды татуластыруға тырысу, сот шешімдерінің кінәлі тараптарға қатаң жаза тағайындалғанның өзінде қоғам алдындағы әділеттілігі мен дала заңдарына сай болуын қамтамасыз ету талабы билер сотының мазмұнын айшықтайды. Қазіргі уақытқа дейін бұл үрдіс үзілген емес.
– Ата Заңымызда судьяның құқықтары мен міндеттері қалай белгіленген?
– Конституцияда көрсетілгендей, Қазақстан Республикасының сот төрелігін сот жүзеге асырады. Заңда көзделген жағдайда қылмыстық іс, сот ісін жүргізуді алқабилер халықтың тікелей қатысуымен жүзеге асырады. Заң аясында құрылған Жоғарғы сот және басқа да соттар республиканың соттары ретінде айқындалады. Сот жүйесі конституциялық заңмен белгіленеді. Қандай да бір атаумен дереу, шұғыл, төтенше сот құруға жол берілмейді. Сондықтан соттардың құқықтары мен міндеттері заңмен белгіленсе, сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады. Сонымен қатар сот билігі Конституция мен нормативтік-құқықтық актілер, халықаралық шарттар негізінде туындайтын барлық істер мен дауларға қолданылады. Сот шешімдерінің, үкімдері мен қаулыларының республиканың бүкіл аумағында міндетті күші болады. Ол қандай жағдайда болса да орындалуы керек. Әйтпесе, үлкен жауапкершілік қарастырылған.
Сот төрелігін іске асыру кезінде судья Конституцияға бағынады. Нақты істер бойынша есеп бермейді. Бірінші сатыдағы сот үкіміне разы болмаған адам аппеляциялық сатыдағы сотқа, оған да қанағаттанбаса Жоғары сотқа шағымдана алады. Дамыған елдерде сотқа деген құрмет те, құқықтық сана да жоғары. Ал судья айыпталушыға үкім шығармайынша ол адам кінәсіз деп есептеледі. Әдетте аяғына жетпеген істер бойынша кісіні алаяқ, қылмыскер, жемқор айыптап жатады. Алайда, үкім күшіне енбейінше оны бұлай атауға ешкімнің құқығы жоқ.
Еліміз егемендікке қол жеткізгелі сот билігінің әділ әрі ашық болуы үшін көптеген жобалар жүзеге асырылды. Соның бастысы медиация тәртібінде істерді қарау тәжірибесі жемісін беріп, нәтижесінде халықтың сотқа деген сенімі артты. Медиация арқылы татуласу тараптар үшін де, сот үшін де өте тиімді. Себебі сотта қаралатын істер саны азайып, тараптар үшін дауды медиатор арқылы жылдам әрі шығынсыз шешуге мүмкіндік бар.
– Соңғы жылдары жиі орын алып жүрген қылмыс түрлері қандай? Былтырғы және биылғы статистиканы сөз етсек...
– Өткен жылмен салыстырғанда биылғы 6 айдың көрсеткішінде қылмыс саны көп. 2020 жылы 6 айда 932, ал осы жартыжылдықта 1060 іс түсті, яғни 13,1 пайызға артық. Қаламызда ұрлық, алаяқтық жиі кездеседі. Оңай жолмен үй, әлеуметтік көмек алғысы келетіндер сан соғып қалып жатады. Қай қайсысы да соңын ойламайды, байыбына бармайды. Олар пара берудің де жауапкершілігі барын түсінуі тиіс. Өздері ақша бергеніне өкініп, кінәсін мойындаған соң олар жазаға тартылмайды. Одан бөлек, көлігін қараусыз қалдырып кететіндер, малды өріске иесіз жіберетіндер де көптеп келеді. Дегенмен, аң аулаушыларға қатысты жаза қатаңдатылғалы мал ұрлығы азайды. Жол апаттары бойынша да енді тараптардың кешірімі қабылданбайды.
– Карантин жұмыстарыңызға қаншалықты әсер етті?
– Ия, өткен жылдан бері әлемді алаңдатқан пандемиядан қашықтан жұмыс істеуге тура келді. Бірақ қиын кезеңде абдырап қалған жоқпыз. Біз бұған дайын болдық. Сот ісі, сот төрелігі бір күнде тоқтаған жоқ. Санитарлық талапты сақтап, сот отырыстарын жүргізіп отырдық. Кейбір адамдар әлі күнге жағдайды дұрыс түсінбейтін секілді. Онлайн сот отырыстары кезінде көбі сотта отырғанын сезінбей жүрдім-бардым жауап беріп жүрсе, біздің ескертуімізден кейін кемшіліктер қалпына келді.
– Қазақстандағы кез келген азамат өз құқығын білуі міндетті. Алайда, құқықтық сана деңгейінің төмендігінен қазіргі таңда азаматтардың алдануына, заң бұзушылықтарға байланысты көптеген істер орын алуда. Осындай жағдайлар болмау үшін құқықтық сана деңгейін қалай көтеруге болады деп ойлайсыз?
– Бұрын көшеде келе жатқанда адамдардың көлігінен темекіні сыртқа лақтырып жататынын жиі байқайтынмын. Бір кездері азаматтар көлікте қауіпсіздік белдігін тақпайтын. Қазір айыппұл салынатын болғандықтан бұдан арылды. Біз құқықтық сана мәдениетін насихаттай беруіміз керек. Қазақстанның алдында құқықтық мәдениеті жоғары, заңды құрметтейтін, гуманизм мен әділеттілік қағидалары әрекет ететін құқықтық, азаматтық қоғам құру міндеті тұр. Ал азаматтық қоғамның құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыруда сот жүйесі негізгі роль атқарады.
– Алқабилердің қатысуы сот жұмысына қаншалықты оң ықпал етуде?
– Алқабилер соты қазақ тарихында әлімсақтан бар. Араз болып келгендердің дауын билер алқалы топта шешкен. Ал алқабилердің сот залындағы процеске қатысуының өзіндік мәні бар. Олар, ең алдымен, тараптардың мүдделерін қорғайды. Көзқарасын ашық білдіріп, кейбір жағдайларда судьяның істі дұрыс қарауына ықпал етеді. Сөйтіп, судьяның істі оңтайлы қарауына септігін тигізеді.
Елімізде бұл жүйе 2007 жылдан бері қолданыста. Бұл демократияның ажырамас бөлігі ретінде азаматтық қоғам институттарын дамыту мен адам құқықтарын қорғаудағы жауапты кезеңге айналды. Одан бері талай іс алқабилердің қатысуымен қаралды. Ең бастысы, мұндай сот процестерінің ізгілікті және әділдікті арқау ететіні халық көңіліне үлкен сенім ұялатады.
– Дауласушы тараптардың көңілінен бірдей шығу мүмкін емес. Осы орайда халықтың сотқа деген сенімі немен өлшенгені дұрыс?
– Ата Заң аясында мемлекетіміз Президент басқаруындағы үш билік тармағынан құралып, оның бірі ретінде тәуелсіз сот билігі бекітілді. Соттың қызметі мен мәртебесі заңды түрде анықталғаннан кейін сот өкілдері өздеріне артылған орасан зор жауапкершілікті айқын сезініп келеді. Сот жұмысына қандай да бір араласу, сот актілерін орындамау сотты құрметтемеу болып саналады. Ондай әрекеттері үшін қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілік көзделген. Дегенмен, қандай істе болмасын, біздің шешімімізге тараптардың бірінің көңілі толмауы қалыпты құбылыс. Бірақ қара қылды қақ жаратын судьялар қашанда құрметке лайық. Сотқа сенім – судьяға сенім. Сондықтан әріптестеріміз шиеленіскен мәселелерді ушықтырмай шешуде бар күш-жігерін салып, әділ сот төрелігін әрі қарай жалғастыра беретініне сенім зор.
– Сот саласының жұмысы судьяларға үлкен жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Тақырыптан сәл ойыссам деймін. Еңбек жолыңыз туралы айтсаңыз...
– Еңбек жолымды Өскемен қаласындағы мемлекеттік мекемеде заңгер кеңесшісі болып бастадым. Одан соң Зырян қаласының (қазіргі Алтай) прокуратурасында аға тергеуші болып тәжірибе жинақтадым. Кейін Алматы қаласының Әуезов аудандық прокуратурасында, Бас прокуратурада қызмет атқардым. Кадр басқармасының, сот актілерінің қадағалау бөлімінің прокуроры ретінде тәжірибе жинақтадым. 1995 жылы тамыз айында сотқа келдім. Содан бері осы салада қызмет етіп келемін.
– Судья ретінде қараған алғашқы қылмыстық істі еске түсіріп, жай-жапсарын айтып берсеңіз...
– Қазақ қызына қатысты іс есіме түсіп отыр. Бизнесмен жігіт әйелі жоқта оны үйіне қонаққа шақырады. Екеуі бірге тамақтанады, көңіл көтереді. Сол сәтте қыз оның өте дәулетті адам екенін байқайды. Ұйықтап жатқан жігіттің көзін жоймақшы болып, денесіне пышақ сұғып алады. Ауыр жарақат алғанына қарамастан жігіт жоғары қабаттың терезінен секіріп, құтылып кетеді. Кейін қылмыскердің нашақор екені анықталды. Сол кезде қыз пәтерде қолына іліккен бағалы заттарды тонап кетеді. Айыпталушы ұзақ жылға сотталды. Істің ақиқатын анықтадым. Жігіт те кінәлі болған соң кешірім берілді. Қызға профилактикалық емдеу ісін тағайындадым. Одан кейін де небір ауыр қылмыстық істер кездесті.
– Ербол Әмірғалиұлы, мерейлі мереке құтты болсын! Оқырманға айтар тілегіңіз...
–Бұл – еліміз үшін ең қастерлі, ең ұлық мереке. Мемлекетіміздің құқықтық негізін айқындаған Ата Заңымыздың қабылданғанына 26 жыл толып отыр. Аз уақыт ішінде Ата Заңымыз заман талабына сай екенін дәлелдеді. Тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп, мемлекетіміздің бүгіні мен болашағын баянды етті. Осы орайда Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдаған атаулы күнмен баршаңызды құттықтаймын. Басты құндылықтарымыз – тәуелсіздігіміз, келісім мен бірлігіміз нығая берсін. Әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Іріктеудің екінші кезеңі басталады
Пятница, 27 Август 2021 09:21
1 қыркүйектен бастап Президенттік кадр резервіне кандидаттарды іріктеудің екінші кезеңі басталады. Оның қорытындысы бойынша мемлекеттік секторлардан 50 адам іріктеліп алынады. Бұл туралы Ақпараттық коммуникациялық орталықта өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Әли Көмекбаев хабарлады.
Баспасөз мәжілісінде агенттік басшысы үміткерлерге қойылатын негізгі талаптармен таныстырды.
– Президенттік кадр резервіне кандидаттарды іріктеудің екінші кезеңіне құжаттар онлайн түрде қабылданады. Ал үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар бұрынғыдай Қазақстан Республикасының азаматы болуы қажет, жасы 35-тен аспаған жоғары білімі бар және өңбек өтілі 5 жылдан кем болмауы тиіс. Бұл жолы жастар резервтерінен білім мен дағдыдан бөлек, қоғамдағы мәселелерден хабардар болып, оны шешуге қызығушылық танытуы жоғары бағаланады. Мұнан бөлек, арнайы тапсырмалар беріліп, үміткерлердің білімі мен білігіне басымдық беріледі, - деді Әли Амантайұлы.
Сондай-ақ ҚР Парламенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Әділет Нысанбаев резервке алудың кезеңдерін мәлімдеді.
– Резервке алу үшін үміткерлерге бірнеше жүйелі кезеңдерден өту керек. Олар: кандидаттардың құжаттарын қабылдау, сандық және мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау, ситуациялық тапсырмаларды шешу, құзыреттерді бағалау, сараптамалық комиссияда қатысушылармен әңгімелесу, кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияда қатысушылардың кандидатураларын қарау. Көптеген кезең онлайн режимінде өтеді, – деді филиал директоры.
Ескертетін жайт, биылғы жастар Президенттік кадр резервіне іріктеудің жаңашылдығының бірі үміткерлерге мемлекеттік тілді білу деңгейін растайтын құжат талап етіледі.
Жаңғыру жолындағы міндеттер
Среда, 25 Август 2021 06:29Шымкент қалалық Әл-Фараби ғылыми-әмбебап кітапханада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы идеологиялық платформа ретінде» тақырыбында семинар-тренинг өтті.
Өңірлік жоба өкілдеріне арналған семинар «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕ АҚ «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен Жамбыл облысынан кейін үшінші мегаполисте жалғасуда. Интерактивті форматта өткен тренингті «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Жанар Боқанова жүргізді.
– «Ұлттық сана – адамды мемлекетімен, қоғамымен біріктіріп отыратын рухани феномен. Сондықтан ұлттық идеологияның болашағын қоғам талқысына салу – ең дұрыс шешімдердің бірі. Жаңғырудың қадамдарын халық саналы түрде өзі таңдауы тиіс. Ұлттық идеология мемлекетке де, сол мемлекеттің негізін құраушы қазақ халқына да ауадай қажет, – деді Жанар Қалиқанқызы.
Тыңдаушыларға жаңғырудың басты шарттары және «Рухани жаңғыру» бағдарламасының идеологиялық платформасы жан-жақты түсіндірілді. Аталған бағдарламаның негізгі міндеттері мен жобалары талқыланып, жүзеге асқан жұмыстардың нәтижесі айтылды. Сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» идеологиялық жұмыс жүйесінің маңыздылығы мен өзектілігі, жүргізілген зерттеу бойынша қазақстандықтардың жаңа заманауи келбеті таныстырылды. Семинарға қатысушылар арасында топтық сайыстар ұйымдастырылып, тақырып аясында пікір алмасты. Сондай-ақ, құндылықтарға бай адамның портретін жасады.
«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕ АҚ «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Жанар Боханова бұдан кейінгі жұмыс сапары барысында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ұжымымен кездесті. Орталық басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының оқу орнында жүзеге асырылу барысымен, негізгі орталықтар жұмысымен танысты. Кездесуге республикалық орталықтың жетекші менеджері Төлеу Әбішев, Шымкент қалалық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің өкілдері, университет тарапынан бірінші проректор Қайрат Нұрманбетов, «Рухани жаңғыру және Қазақстан халқы Ассамблеясы» орталығының қызметкерлері қатысты.
Ж.Боханова бағдарламаның республикалық және жергілікті деңгейдегі мемлекеттік органдардың тиімді қызметін талап ететін кезеңге өтуінің, сонымен қатар, жоғары оқу орындарының жастарды «Рухани жаңғыру» тұрғысынан тәрбиелеуінің маңызына тоқталды. Университетте атқарылған жұмыс нәтижелері мен білім ошақтарының бағдарламаны жүзеге асыруға қосқан үлесіне назар аударды.
А.ЖӘДІГЕРҰЛЫ
Қ.НҰРҒАБЫЛ
#13 Жұмыспен қамту көрсеткіші жақсарды
Среда, 25 Август 2021 05:18
Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде жұмыссыздықпен күрес мемлекет тарапынан қарқынды жүргізіліп келеді. Ел саясатының негізгі ұстанымы да осы. Сондықтан бұл бағытта жыл сайын мемлекеттік бағдарламалар жанданып, салалық мамандарға нақты тапсырмалар жүктелуде. Атап айтқанда, «Кедейлік және жұмыссыздықпен күрес», «Өңірлерді дамыту», «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Нұрлы жол», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту», «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы» секілді бағдарламалар жүйелі жүзеге асып, жыл санап жұмыссыздар саны азайып келеді.
Ел тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде Шымкент қаласында жұмыссыздық мәселесін шешуде мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асырудың нәтижесінде жақсы көрсеткіштерге қол жетті. Статистикаға сүйенсек, 2011 жылы шаһарда 1941 азаматқа жұмыс ұсынылған. Ал 2020 жылы 39 623 азамат жұмыспен қамтылып, бұл көрсеткіш 20,4 есеге көбейді. 2021 жылдың қаңтар айынан бері қалада 16 768 адам мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көріп, жұмыс тапқан. Тағы бір дерек, Шымкентте 2013 жылы 60 тұрақты жұмыс орны құрылса, 2021 жылдың қаңтар айынан бүгінгі күнге дейін 3599 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылып, 60 есеге көбейген.
Бүгінгі таңда үшінші мегаполисте әлеуметтік сала толыққанды цифрлы жүйеге өтті. Бұл бағыттағы кез келген қызмет көрсету электронды түрде жүзеге асады. Соның ішінде жұмыс іздеген азаматтар бұрынғыдай табанынан тозбайды, портал арқылы қай мекемеде бос орын бар екенін көріп отырады.
– Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және азаматтық хал актілерін тіркеу саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырады. Басқарма тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 26 түрі автоматтандырылған. Яғни, кез-келген адам «Egov» порталы арқылы өзіне керек қызмет түрін электронды түрде ала алады. Оның ішіне азаматтық хал актілер бойынша қызметтер, жұмыссыз ретінде тіркелу, қандас мәртебесін беру және тағы басқалары кіреді. Сонымен қатар, басқармаға қарасты «Жұмыспен қамту орталығы» халыққа қызметті «Open Space» форматында көрсетеді, – дейді қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова.
Тарихқа шегініс жасасақ, 1990 жылдардағы елдегі экономикалық дағдарыс Шымкенттің де өндіріс орындарының тұралатқаны мәлім. Жаппай өндіріс орындары жабылып, жұмыссыздық жайлап, бұл халықтың күнкөрісінің нашарлауына әкеліп соқты. Ең қиын кезеңде халыққа кәсіппен айналысып, нәпақа табу тығырықтан шығатын жалғыз жол болды.
Жас та тәуелсіз мемлекеттің алдында өнеркәсіп саласын қайта құрып, ішкі және халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті өнім шығаратын, экономикалық тұрғыда тиімді салаға айналдыру міндеті тұрды. Мұндай күрделі міндетті жүзеге асыруға кейінгі он жылдықта қабылданған реформалар өз ықпалын тигізді. 2000 жылдан бастап Қазақстан экономикалық өрлеу жолына түстi. «2000-2002 жылдары кедейлікпен және жұмыссыздықпен күрес» жөніндегі бағдарлама қабылданып, ауқымды жұмыстар жүргізілді. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде елдегі жұмыссыздық Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен мемлекеттік бағдарламалар арқылы шешілуде.
Биыл нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының төртінші жылына қадам бастық. Бағдарламаның мақсаты – еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар санын арттыру, шағын несие беру арқылы ауыл және қала тұрғындарын өзін өзі жұмыспен қамтуға ынталандыру.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, өткен жылы 1,4 млн-нан астам отандасымыз жұмыспен қамту шараларына тартылды. Оның 783 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты. Сөйтіп, жыл соңында елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрады. 649 мың адам бағдарлама қатысушысы болса, үштен бірінен көбі – жастар. 43 пайызы – әйелдер. 319 мың адам тұрақты, ал 210 мың адам субсидияланған жұмыспен қамтылған. Тәуелсіздік жылдары ішінде айқын міндеттер көзделген жүйелі жобаның шарапатын шымкенттіктер де сезініп келеді. Бағдарлама білім алуға мүмкіндігі болмаған жастардың тегін оқуына, кәсіби курстардан өтуіне, мамандық бойынша тәжірибе жетілдіруіне жол ашты.
Қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы мамандарының мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері 16 мыңнан астам адам әлеуметтік шаралармен қамтылса, 5177 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Екі мыңға жуық түлек жастар тәжірибесі бойынша, 2832 адам қоғамдық жұмысқа жолдама алып, 260 жұмыссыз азамат әлеуметтік жұмыс орындарынан жұмыс тапты. Шаруасын дөңгелеткісі келген 41 шымкенттік шағын несие, 584 адам қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қол жеткізді. 1900 азамат «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқуға жолданды.
Мемлекет ұсынған мүмкіндікті тиімді пайдаланған кәсіпкердің бірі – Гүлжазира Рысқұлова. Үш апталық курстан өткен ол 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі мемлекеттік грантты иеленіп, жиһаз шығару кәсібін жолға қойды. Төрт бала тәрбиелеп отырғанына қарамастан ісін ілгерілуге үлгеріп жүр.
– Грант есебінен құрал-жабдық сатып алып, арнайы цех аштық. Шүкір, тапсырыс толастаған емес. Сұранысқа сәйкес түрлі үлгідегі жиһаз шығарамыз. Мұнымен тоқтап қалмай, шеберхана құру ойда бар, – дейді «Бастау бизнес» жобасының түлегі.
Аталған бағдарлама аясында былтыр кейіпкеріміз сияқты 4828 адам қайтарымсыз грант алды. Кәсіпкерлік негіздеріне оқытатын жобаға 2820 адамға жолдама берілді. Мемлекеттік қолдау шаралары биыл да қарқынды жалғасын тапты.
Ал қысқа мерзімді кәсіптік оқуға осы жылы 2500 шымкенттікті бағыттау жоспарланды. Ол – арнайы білімі жоқ немесе біліктілігін жоғалтқан жандар үшін таптырмас мүмкіндік. Осы орайда 30-дан астам мамандық тізбесі бекітілді. Олардың қатарында дизайнер, кондитер, тігінші, автоэлектрші, тас қалаушы, кран машинисі, визажист, шаштараз шебері, аспаз және тағы басқалар бар. Оқуға тартылғандарға ай сайын 17 мың теңге мөлшерінде стипендия төленеді.
Статистикаға сүйенсек, мегаполис халқының 239 мыңнан астамы – жастар. Қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы бүгінде мыңнан астам бағдарлама қатысушысына жолдама берілді. Олардың қатарында медбике, фельдшер, экономист, қаржыгер, бухгалтер, тіс дәрігері, кадастр, техник мамандар бар. Жыл соңына дейін 2500 жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Ол үшін тілек білдіруші enbek.kz порталында электронды цифрлы қолтаңба арқылы жұмыссыз ретінде тіркелуі тиіс. Сонымен қатар тұрғылықты мекенжайындағы жұмыспен қамту орталығына бара алады.
– Кейбір жастар диплом алғасын мамандығы бойынша жұмыс таппай, уақыт жоғалтады. Жұмыс тәжірибесін жинау үшін мемлекет 6 айлық «Жастар тәжірибесін» ұйымдастырады. Ол бағдарлама мамандығы бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын бітіргеніне 3 жыл толған және 29 жастан аспаған жұмыссыз түлектерге арналған. Биылғы жалақы мөлшері 25 айлық есептік көрсеткіш шамасында. Бұл дегеніңіз – 72 мың теңге, – дейді қалалық Жұмыспен қамту орталығының директоры Сұңғат Абдуллаев.
Шымкентте жуырда «Алғашқы жұмыс орны» жобасы басталды. Жоба шартына сәйкес жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығымен жоғарғы оқу орны немесе колледж түлегін 2 жылға жұмысқа орналастыру туралы шарт жасасады. Экологиялық үстемеақы төлемін қоспағанда жергілікті бюджеттен субсидиялаудың бір айдағы мөлшері 20 айлық есептік көрсеткішке тең. Жұмыс беруші жұмыс көлемі мен күрделілігіне қарай қажетінше өз қаражаты есебінен қосымша үстемеақы белгілейді. Еңбекақының алғашқы біржылдық бөлігін мемлекет субсидиялайды. Қазіргі таңда 50-ге жуық жас бағдарлама аясында қала аумағындағы мекемелер мен кәсіпорындарда жұмысқа орналастырылды.
Жалпы, Шымкентте 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жүйелі жүзеге асырылуда. Ресми мәліметтерден тұрақты жұмысқа орналасушылар қатарының артқанын байқаймыз. Шағын несие алып, кәсібін өрге домалатамын деушілерге де қолбайлау жоқ. Мемлекет тұрғындарды нәтижелі жұмысқа тартуға, олардың жеке іс бастауына немесе жаңа мамандық игеріп, екі қолға бір күрек табуына барынша жағдай жасауда. Мысалы, электронды еңбек биржасының қолданысқа енгізілуі жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасындағы байланысты жеңілдете түсті. Жұмыс берушілер жұмыспен қамту орталықтарының көмегінсіз-ақ enbek.kz порталына кіру арқылы кадр таңдай алады. Ал жұмыс іздеушілер порталға тегін тіркеледі. Сайттан еліміздің кез келген өңіріндегі, қаласындағы, бос жұмыс орнын көруге болады. Бір сөзбен айтқанда, бұрын айлап іздейтін жұмыс орнын енді екі апта ішінде табуға мүмкіндік бар.
– Бағдарламаның тағы бір тиімді тұсы – мүмкіндігі шектеулі азаматтар да назардан шет қалған емес. Олар қоғамдық бірлестіктерде белсенділігімен көзге түсіп жүр. Қиын жағдайға түскен азаматтар, сол сияқты, жазасын өтеп келгендер де біздің көмегімізге жүгініп, өздерін қоғам мүшесі ретінде санауына толық жағдай жасалуда. Сонымен қатар, Instagram және Facebook әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларымызда қала тұрғындарына ұдайы пайдалы ақпарат ұсынып келеміз, – дейді Сұңғат Абдуллаев.
Кез келген мемлекеттегі жұмыссыздық мәселесінің белең алуы қоғамға қауіпті. Өйткені ол – кедейшілік деңгейінің артуына түрткі болатын басты себеп. Ал халқын кедейлік жайлаған елдің ертеңі бұлыңғыр. Сол себепті мемлекетіміз егемендікке қол жеткізгелі бері жұмыссыздықты азайтуды саясаттың басым бағыты ретінде қарастырып, сәт сайын түрлі бағдарламаларды қолға алып, оның жүйелі жүзеге асырылуына күш салып келеді.
Әлем елдерін сынаққа алған пандемия кезінде Қазақстан Үкіметі осындай сын-қатерге жауап ретінде «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған» жол картасын әзірледі. Ол бойынша еліміздің әр аймақтарында инфрақұрылым, инженерлік-көлік нысандарын жөндеу, абаттандыру шаруасына мейлінше көп жұмыс күшін қажет ететін объектілер анықталып, жұмыспен қамту орталықтары арқылы жалақы мөлшері бекітілді. Бұл, әсіресе, қалада жұмыстан қысқарып қалған немесе орналаса алмаған жастардың өз өңірлеріне барып қызмет жасауына ықпал етті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдегендей, бағдарлама аясында өткен жылы 239 мың жұмыс орны құрылды. Оны орындауға 2 млрд 400 млн АҚШ доллары бөлінді. Жұмыспен қамту шаралары биыл 1 млн 200 мың адамға шарапатын тигізеді деп күтілуде.
Жалпы айтқанда, 2017 жылы екпін алған «Еңбек» бағдарламасы осы уақыт аралығында ел игілігіне айналып үлгерді. Ордалы отыз жылды артта қалдырған мемлекеттің қолдау шараларына шымкенттіктер де бір кісідей атсалысып, белсенділік танытып жүр. Жүйелі жобалардың қай-қайсысы да қазіргідей дағдарыс жағдайында ел экономикасының дамуына әсер етіп, халықты еңбекпен қамтуға және жұмыссыздар санының кемуіне оң ықпал етеді.
Жылудың қарызын төледіңіз бе?
Пятница, 20 Август 2021 07:03
Үшінші мегаполисте жылу маусымына дайындық жұмыстары жүріп жатыр. «Қуатжылуорталық-3» МКК басшылығы жылу қазандықтары қысқа дайын екенін жеткізді. Алайда өткен жылы құбылған ауа райының жайын ескерсек, жан-жақты әзірліктің сапалы болуы маңызды. Алдағы суыққа жылу қазандықтары мен желілері төтеп бере ала ма? Дайындық жұмыстарымен танысып қайттық.
Қаладағы 1945 көпқабатты тұрғын үйдің 1448-і, ал 482 бюджеттік нысанның 92 пайызы жылу маусымына дайын. «Қуатжылуорталық-3» МКК-нің бас инженері Еділ Бүркітбаев биылғы әзірлік жоғары деңгейде, мекеме тарапынан жыл сайын ескірген құбырларды жөндеу мен жаңалау жұмыстары жүйелі жүргізіліп тұрады, - дейді.
– Жылу нормаға сай таратылады. Ал жаз бойы тозығы жеткен жылу құбырлары ауыстырылып, жаңартылды. Бірақ қысқа дайындықты тұрғындар өз үйінен бастауы керек. Себебі үй іргесіне келіп тұрған жылу пәтер ішіне жетпеуі мүмкін, – дейді ол.
Бұдан бөлек Е. Бүркітбаев ПМК-49, «Сайрам», «Спорт», «Қатынкөпір» шағынаудандарындағы қазандықтардың әлі күнге ескі екенін айтады. Жылдар бойы тозған жабдықтарды жаңарту алдағы күннің еншісінде дегенді алға тартты.
Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбековтің мәлімдеуінше, шаһардағы жылу жүйелерінің жалпы ұзындығы 419,3 шақырым. Жылу маусымынан кейін қысыммен тексеру жұмыстары жүргізіліп, орын алған ақаулар ретке келтірілген. Атап айтқанда, мердігер «Тұран» ГГ-2007» серіктестігі 4 ауданда жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Жылу беретін 12 қазандықтың 10-ы күрделі жөндеуден өткен. Қалған екеуінің жұмыстары күз басталғанша толық аяқталмақ.
– Қазандыққа қажетті көмір көлемі – 1,1 мың тонна. Қоймада 200 тонна көмір бар, қалғаны қазанға дейін толық тасымалданады. Қала аумағында орналасқан жылу жүйесіндегі 17 сорғы стансаларының қысқы маусымға 14-і дайын, қалғанында жұмыс жалғасуда, - дейді Б. Болатбеков.
2021 жылы жылу жүйелерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында 29,5 шақырым жылу жүйесі ағымдағы жөндеуден өткен. Бүгінде жоспарлы жұмыстың 77 пайызы орындалып, қалғаны кестеге сәйкес қыркүйек айының соңына дейін толық аяқталады. Нәтижесінде жылу жүйелерінің тозу деңгейі 38 пайыздан 37-ге төмендеген.
Осы жолы шымкенттіктерге 77,6 мың тонна көмір керек болса, тасымалдаушы мекемелердің қоймасында оның 50 мың тоннадан астамы бар. Қалғаны қажеттілікке қарай тасымалданады.
Түйіні шешілмеген түйткілдің бірі – кейбір тұрғындардың тұтынған қызмет ақысын төлемеуі. «Қуатжылуорталығы-3» МКК-нің бөлім басшысы Асқар Булешовтың сөзінше, борышкерлер қатары пандемия кезінде көбейген. Осылайша қордаланған қарыз 258 миллион теңгеге жетіп отыр. Әсіресе, Еңбекші, Әл-Фараби, Қаратау аудандарының тұрғындары берешегін қайтаруға асығар емес. Қазір борышкерлерден 86 миллион теңге қарыз сот арқылы өндіріліп жатыр.
Қалай болғанда да жылу маусымында айтылған істің қаншалықты атқарылғаны алдағы маусымда айқындалмақ. Әзірге жеткізілген отын, жөнделген ЖЭС, ауыстырылған жылу желілері бойынша бәрі жоспарға сай атқарылған.
#12 Түрленген туризм шаһар тынысын ашады
Пятница, 20 Август 2021 05:50
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы шеңберінде үшінші мегаполистегі туризм мүмкіндігін сараламау әсте қате болар еді. Көз тартатын әлем қалаларын еске алсақ, келешекте Шымкент те сондай әлемнің түкпір түкпіріндегі туристерді өзіне тарта алатын ғажайып мекенге айналмауы мүмкін емес. Өйткені ондай мүмкіндік бізде көп.
«Адамға өмір бір-ақ рет беріледі. Ал оны Шымкентте сүру керек». Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әзіл-шыны аралас бұл сөзін миллиондаған тұрғынның бірауыздан қолдайтыны шындық. Тасын түртсең, тарихы көрінетін көне шаһарда туризмді дамытпау мүмкін емес. Себебі шежірелі өлке туристер көп ат бұрасын бұратын аймаққа сұранып тұр. Рас, туризм – қомақты табыс көзі. Оған шөлейт аймақтар мен тастың үстінде отырған көптеген мемлекеттің өз қазынасын туризмнен түскен пайдамен толтырып отырғаны дәлел. Бұл ретте жасыл желекті Шымкенттің жөні бөлек.
Шымкенттің жаңа тынысы
Тәуелсіздік алып, мемлекет аяққа тұрған соң Шымкентке келуші туристердің қарқыны өсті. Мысалы, 2003 жылы бұл көрсеткіш 37 708 болса, 2020 жылы 213 394-ке жетті. Осы уақыт аралығында жеке инвестиция және бюджет есебінен 100-ден астам саябақ, мұражай, демалыс орны іске қосылды. Қазір қалада 110 қонақ үй, 25 әлеуметтік нысан, 5 театр, 7 мұражай, 10 саябақ, 18 аквапарк және 4 табиғи су қоймасы орналасқан.
Шырайлы мекеннің 2200 жылдығы мен ТМД елдерінің мәдени астанасы болуы оның туристік аймаққа айналуына ықпалын тигізді. Қала қонақтары мен саяхатшыларға қызмет көрсететін туристік фирмалар көбейді. Түрлі маршрут ұсынатын нұсқалар саны артты. Атап айтқанда «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы биыл қала әкімінің тапсырмасымен құрылды. Қаңтар айынан бастап қызметін бастаған орталықтың қала қонақтары мен туристерге ақпарат беретін (әуежай, теміржол вокзалы, Арбат, «Абай», «Орталық», «Тәуелсіздік» және «Жайлаукөл» саябақтары) 7 туристік дүңгіршектер іске қосылды.
Елімізде қалаға келетін туристер саны бойынша Шымкент қаласы 5 орында. Оның ішінде резиденттер (ҚР азаматтары) бойынша да 5 орын болса, шет ел азаматтары тұрғысынан 5 орынға жайғасты.
Бес айда қалаға келуші туристердің саны – 71 156 адамға жетіп, оны 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (47 741 адам) 149,1%-ға ұлғайған. Ішкі туризм бойынша келушілер саны – 69 733 адам, кіру туризмі бойынша – 1 423 адам.
Статистикалық деректер бойынша 3 айда орналастыру орындарында тәулігіне 99 756 төсек-орын ұсынылып, (бір жолғы сыйымдылық) саны - 4 889 бірлікті құрап, 111,5%-ға артып отыр. Көлікке қолжетімділікті қамтамасыз етуде 2020 жылы Шымкент бағытында «FlyArystan" әуекомпаниясы тарапынан 7 рейс ашылса (Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Павлодар), биыл Ақтөбе, Орал және Семей қалаларына тікелей рейстер іске қосылған.
– 365 күннің 300 күнінде жаймашуақ болатын ауа райы тек Шымкентте. Қаламызға келген адамға жанына керектінің бәрі табылады. Шаһардың брендін тек қызғалдақ, дәмді палау, кәуап, самса ғана емес, интелектуалды қала ретінде қалыптастырмақпыз. Туристерге Шымкентті жаңа қырынан танытқымыз келеді. Өйткені әрбір қаланың өзіндік ұраны болуы тиіс. Шаһарға жасыл қала, қызғалдақтар қаласы, арзан қала деп әртүрлі теңеу береді. Біз Шымкенттің брендіне өтімді тауар ретінде қарағанымыз жөн. Сонда мегаполиске туристердің қызығушылығы молаяды, – дейді «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының басшысы Айдарали Раманов.
Яғни жүзеге асатын жаңа жобалар саяхатшылардың қызығушылығын оятары анық. Шымкентті шахмат қаласы ретінде қалыптастыру идеясының өзі не тұрады?! Қаланың бір көшесін тұтас жасылға айналдыру да бизнесті барынша дамытатыны сөзсіз. Жаңа жобалардың қай-қайсысы да экономиканың табыс әкелетін бөлшегі. Бір сөзбен айтқанда әрбір турист микроинвестор.
Мұнан бөлек, үшінші мегаполистің ең маңызды туристік нысаны – «Ескі қалашық» тарихи-мәдени кешені. Ол еліміздегі туристендіру картасының ТОП-50 тізіміне енді. Бүгінде аталған аумақта «Шымқала» кешені іске қосылды. Жобаны сапалы жүзеге асыру үшін көрсетілген аумақтың шебер-жоспары әзірленді. Жоба аяқталған соң жақын аумақта орналасқан Қошқар ата өзені, Тәуелсіздік саябағы, Ордабасы алаңы мен Шығыс базарын біріктіретін туристік орталыққа айналды. Бұдан бөлек, Сайрам тұрғын алабындағы тарихи орындарды туризмге дайындау жұмыстары қолға алынды. Қазіргі таңда «Қызыр» мұнарасы меценаттардың қолдауымен абаттандырылды.
Қалада орналасқан 30 туристік нысанға 3 тілді аудиогиді бар QR-төлқұжаттар жасалды. Оларға бағыттайтын 30 навигациялық стелла орналастырылды. Қаланың туристік инфрақұрылымын дамыту аясында туристік автобустарға арналған тұрақтар жасалуда. Бүгінгі күні алғашқы нүкте Әл-Фараби алаңында жүзеге асты. Алдағы уақытта аталған тұрақтар Бәйдібек би ескерткіші, Шымкент-цирк, Наурыз алаңы, Дендросаябақ және Ордабасы алаңында да пайдалануға беріледі.
Шаршасаңыз Шымшаһарға келіңіз!
Қалаға келген туристер мен қонақтар мегаполистің көз тартарлық көрінісін гидтің көмегімен екіқабатты экскурсиялық автобуспен аралап, тамашалауға болады. Сапар барысында мамандар қала тарихымен, тарихи ескерткіштермен таныстырады. Бір кеште танысып шығуға, міне, осындай мүмкіндік жасалған. Шырайлы Шымкенттің басқа қалалардан тағы бір артықшылығы бар. Мұнда ежелгі шығыстың ас дайындау өнерін паш ететін дәмханалар мен тамақтандыру орындары жеткілікті.
Қала тұрғындарының ең сүйікті демалыс орны – Асанбай Асқаров атындағы дендропарк. Самал жел, таза ауа серуендеушілерге керемет көңіл-күй сыйлайды. Ал өлкетану мұражайы өңірдің мәдени-тарихи өмірінен дерек береді.
Тәуелсіздік саябағын тамашалау тіптен бөлек. «Әнші» субұрқақтар классикалық және қазіргі заманғы музыканың ырғағымен жан-жағына түрлі-түсті жарық шашып, мерекелік күйге бөлейді. Көрікті тарихи жерлерді аралап шығуға уақыт табылып жатса, тіптен ғанибет. Қонақтар мен туристер демалысын ұмтылмастай етіп өткізе алатына күмән жоқ.
Қасиет қонған Қошқар ата
Қаланың дәл ортасынан ағатын Қошқар ата өзенінің орны бір төбе. Жазда өзен жағасы қала тұрғындары мен қонақтарына лық толады. Ине шаншар орын табылмайды. Аптап ыстықтан сая іздеген үлкен-кіші осы жерге үйір. Табиғат-Ананың керемет тартуы іспетті бұлақтың суы шырайлы қаланы кесіп өтеді. Ал әлемде ортасынан қаланы қақ жарып ағатын өзендері бар қалалар сирек кездеседі. Жазда өзі жанға сая, суы дертке шипа өзенді қаланың бойтұмары десек, қателеспейміз.
«Шымқала» тарихи-мәдени кешені
Былтыр ғана бой көтерген ескі қалашықтағы аспан асты музейі бүгінде көрнекті орынға айналып үлгерді. 4,5 гектар аумақты алып жатқан Цитадельдің ең биік нүктесінен мегаполис алақандағыдай көрінеді. Мұндағы мәдени қабаттардың тереңдігі 14 метрге дейін жетеді. Археологтар ең төменгі қабатынан «б.з.д. ІІ ғасырдың басы мен ІІІ ғасырдың аяғы» деп көрсетілген керамика бұйымдарының бөліктерін тапқан.
Археологтар бұл жердің 8 мың шаршы метр аумағын аршуы тиіс болатын. Сол аралықта ХІХ ғасырдағы қалалық цитадельдің тарихи тұрпатын қалпына келтіру үшін реставраторлар қосылды. Құжат қабырғалар мен мұнараны, қырғын кезіндегі және бақылау алаңшаларын, кіру есіктерін қайта қалпына келтіруге жол ашты. Бұл оның ертеректе пайда болғанына, археологиялық ескерткіштер қатарында екеніне дәлел. Ал XIX ғасырда қоқандықтар бекіністі алғаннан кейін төбе аумағы цитадельге айналған. 1864 жылы патша генералы Черняевтің әскері цитадельді басып алған соң қыраттың айналасына қорған тұрғызылыпты.
«Шымқала» тарихи-мәдени кешені эмпирикалық және материалдық болмысымен ерекшеленеді. Мұнда жолы түскен қонақтар мен туристер тек тарихты ғана түгендемейді. Сәулет және құрылыстың түр-түрімен танысады. Бұл оның тарих, мәдениет пен археология нысаны ретінде бүгіні мен болашағына кепіл бола алады. Зор әлеуеті мен дәстүрлер жиынтығының арқасында аталған нысан этнографиялық-туристік бағытта пайдаға жарап тұр.
– Ендігі жерде тарихи-мәдени кластер мен музей орталығы ретінде қарастыру қажеттілігі туындауда. Бұл музей ісінде қордаланған мәселелер мен сұрақтардың шешімін табуға, еліміз бен Орталық Азия көлеміндегі сала жұмысын жандандыруға ықпал етпек. Бүгінде мұндай шаралар жоқтың қасы. Осы орайда кешенді кезең-кезеңімен дамыту керек, – дейді кешен директорының міндетін атқарушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Саттар Мәжитов.
Ұлы Жібек жолы, көне қала аумағында керуен сарайларының болуы, цитадель атанған «Шымқала» кешенінің өзі, сонымен қатар Сайрам немесе ежелгі Испиджабтағы музейдің жаңа кейіпке енуі тарихи нысанның екінші тынысын аша түсетіні сөзсіз. Бәрінен бұрын бұлар – туристер мен меймандарды тартудың бірден-бір жолы. «Ескі қалашық» қазір жаңаша түрленді. Қаланың тарихи кіндігіне айналған көне қамал орны ашық аспан астындағы музейге айналып отыр.
– Алда оның айналасына музей, кітапхана және тағы басқа нысандарды топтастырып, бәрін бір орталыққа шоғырландыру міндеті тұр. Сол кезде жаңа идеялар мен интеллектуалды-рухани жобалардың бастау бұлағына айналары анық, – дейді тарихшы.
Еске салсақ, 2020 жылдың 29 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев археологиялық жұмыс нәтижесімен және мәдени кешенді одан әрі дамыту жоспарымен танысып, оған оң бағасын берген болатын. Ал 2019 жылы Шымкент қаласының 2200 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы мерейтойлар күнтізбесінен орын тапқаны белгілі.
Цитадельден табылған зеңбіректер мен пулемет оқтары да келушілер назарынан тыс қалмайды. Мәдени қабат құрылысы да әр алуан. Бірін-бірі қайталамайды. «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының басшысы Айдарали Рамановтың сөзінше, Шымкентке келуші туристер саны жыл санап артып келеді.
Шымкент – бүгінде ірі мегаполис. Жергілікті халықтың еңбекқорлығы мен төзімділігі көпке үлгі. Қандай жаңашылдықтың болмасын, осы қаладан бастау алып жататыны баршаға аян. Міне, осыдан болар, біздің қоғамда «не шықса да, Шымкенттен шығады» деген сөз қалыптасты.
Қазақстандағы ішкі туризмнің бағыты сан алуан. Өзге аймақтардан ерек түстік өңірде тарихи-мәдени орындар, көне қалашықтар мен киелі жерлер көп. Енді, міне, Елбасы айтқандай, етек-жеңімізді жинап, экономикамызды аяқтан тұрғызып, қаражат жинағаннан кейін туризмді дамыту мәселесіне де келдік. Ал бұл бюджет тайқазанын толтырып, елдің тұрмысын түзетуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда туризмнің басым түрлері ретінде тарихи-мәдени (сакралды) туризм, экстремалды туризм, гастрономиялық және медициналық туризм түрлері айқындалып отыр. Туризмді дамыту – қай жағынан алып қарасаңыз да сұранып тұрған сала. Таңғажайып сырға толы табиғатымен қатар көнеден шежіре тартатын тарихы, мәдени-рухани өзгешеліктері шетелдіктер үшін ғана емес, Қазақстанның басқа өңіріндегі тұрғындар үшін де нағыз тартымды бола алады.
ШЫМКЕНТ: 1000 ОҚУШЫҒА ОҚУ ҚҰРАЛДАРЫ ТАРАТЫЛДЫ
Среда, 18 Август 2021 12:22Үшінші мегаполисте қала әкімдігі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің ұйытқы болуымен «Мектепке жол» акциясы өтті.
Қайырымдылық шарасы Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және «Қайырымды істер» марафоны жобасы аясында ұйымдастырылды.
Ақмешіт орталық мешітінде өткен акцияда 1000-ға жуық мектеп оқушысына оқуға қажетті құрал-жабдықтар табыс етілді.
-Отбасындағы бірнеше баланы мектепке дайындау, ата-анаға салмақ түсіретіні анық. Мұндай жағдайда әке-шеше барлық баласын жаңа оқу жылына толық дайындай алмайды. Осы орайда әлеуметтік көмекке мұқтаж аз қамтылған отбасылар, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жеткіншектерге көп болып, көмектесу игілікті іс. Індет жағдайына байланысты сөмкелер мен оқуға қажетті оқу құралдары үйлеріне жеткізіледі. Игі шараны «Зекет» қайырымдылық қоры және еріктілер атқарады,-деді қаланың бас имамы Бағдәулет қажы Абдрахманов.
Айта кетейік, «Мектепке жол» акциясы Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандық мешіттерінде жалғасын табатын болады.
ҰЛЫ АҚЫН ЕСКЕРТКІШІНЕ ГҮЛ ШОҚТАРЫ ҚОЙЫЛДЫ
Среда, 11 Август 2021 11:15
Шымкентте қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбай - ұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Бұл рәсім 10-тамыз кемеңгердің туған күніне және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Салтанатты шараға қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Есенова, филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы Ақжол Қалшабек қатысты.
– Ұлы ақын қазақ әдебиетінің негізін қалаушы ретінде өміршең құнды мұралар қалдырды. Қай шығармасын алсақ та, халқын білім-ғылым іздеуге, қоғамды өркендетуге шақырған әдеби еңбектері, адамзатты сүю мен ой тазалығы туралы пікірлері өзектілігін жоймайды. Сондықтан Абай мұрасы әлі де зерттелу керек, – деді Бахадыр Нарымбетов.
Жиналғандар Ұлы Абайдың әндерін жанды дауыста орындады.
Ғұлама ойшылдың туған күніне арналған 12 іс-шара карантин талаптарын сақтай отырып, күні бойы жалғасты.