ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында Оңтүстік Қазақстан облысының фотокөрмесі өтті. Онда қойылған 25 фотосуретте Қ.А.Ясауи және Арыстан баб, Қарашаш ана кесенелері, көне Отырар мен Сауран қалалары, Ақмешіт үңгірі, "Алаш" этноауылы, этноорталық бейнеленген.
Сондай-ақ экспозицияға күнгейдің тамаша табиғатының фотосуреттері де еніп отыр. Фотокөрмеге ЭКСПО комиссарлары, комиссарлардың орынбасарлары, көрмелердің халықаралық бюросының делегаттары мен павильон директорлары, дипломатиялық өкілдік басшылары, халықаралық ірі компаниялардың иелері мен 100 елден келген қонақтар қатысты.
Айта кетерлігі, Оңтүстік Қазақстан облысы осындай іс-шараны өткізген алғаш облыс. Оңтүстіктегі туризмнің дамуын жаңа сатыға көтеретін іс-шараға облыстық кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасы мұрындық болыпты. Басқарманың бастамасына Ontustik Tourism және "Оңтүстік Қазақстан облысындағы туризм индустриясын дамыту орталығы" қолдау білдірген.