Еліміздің кең байтақ даласы мен аспанында қалықтаған, махаббат пен сағыныш сезіміне толы қайталанбас Шәмші әуендері ғасырдан-ғасырға әуелей беретіні ақиқат. Салтанатты кеште қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Сәкен Шакеев Шәмшінің шығармашылығы ұлттық музыка өнерінің ән жанрына аса айқын, соңғы леп әкелгенін тілге тиек етті.
–Ұлы дарын иесі өмірден өткенімен, көңілден кетпейді. Үш күн қатарынан шырайлы Шымқаламыздың аспанында Шәмшінің әсем әндері қалықтап, тыңдарманға тамаша көңіл-күй сыйлады. Байқаудың талаптарына сай, 14 жастан бастап қаламыздың талантты ұл-қыздары қатысып, екі іріктеу кезеңінен өткен үміткерлер ақтық кезеңде бақ сынасты. Тыңдарманды тәнті етіп, ақтық сыннан сүрінбей өткен өнерпаздарымызға қазылар алқасы өз бағасын беріп, жеңімпаздарды анықтады. Ән өнерімізде жарық жұлдыздай сәуле шашып, айрықша із қалдырған ұлы композитордың әсем әндерін әуелеткен өнерпаздарымызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді басқарма басшысы.
Байқауда қазылар алқасының қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды.
Бас жүлдені Айдос Сұлтанбек жеңіп алса, І орынға Жандос Әшірбек, ІІ орынға Мәди Сатман мен Мамырхан Жұбатов, ІІІ орынға Самат Әзімқұлов, Аяулым Қойшыбай, Әмірхан Сапарбек және Дәмелі Керімбекова лайық деп табылды. Сонымен қатар, әншілер арнайы номинациялармен де марапатталып, барлық жеңімпаздарға қаржылай сыйлық табысталды.