АДАМ БОСТАНДЫҒЫ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ Избранное

Среда, 29 Июнь 2022 04:34 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 1954 раз

30 маусым – халықаралық адам саудасымен күрес күні. Бұл атаулы күн 2013 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының резолюциясымен қабылданған. Себебі, адам саудасы тигізер зардабы бойынша әлемде қару мен есірткінің заңсыз саудасынан кейінгі үшінші орында тұр.

114

 

Адам және оның құқығы, бостандығы Қазақстанның мемлекеттік саясатының басым бағыты саналады. Сондықтан, адам саудасы секілді жағымсыздықпен күресуге бүкіл қоғам жұмылуы керек. Бұл тұста құқық қорғаушылардың еңбегі ерекше. Әсіресе, адам саудасынан зардап шеккендердің құқығын қорғауда, қылмыстық процесс барысында прокуратура өкілдерінің орны бөлек. Себебі, құзырлы орган өкілдеріне адам саудасымен күреске қатысты барлық орган жұмысын үйлестіру жүктелген. Бұған қоса жауапты органдардың жұмысының тиімділігін бағалайтын, қажет болса, тиісті шаралар қабылдайтын да – прокурорлар.

Прокурорлардың мәліметінше, адам саудасы секілді ауыр қылмысты ашуда, анықтау мен тергеудің ерекше әдістері қолданылады. Ал күдіктіге қатысты мәлімет беріп, тәртіп сақшыларына көмектескен қылмыс құрбандары арнайы қорғауға алынады.

Жуырда Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов ТМД елдер Бас прокурорларының үйлестіру кеңесінің 32-отырысының жұмысына қатысты. Басқосуда адам саудасы, заңсыз көші-қонмен күреспен қоса, қылмыстық жолмен табылған активтерді қайтару, экстремистік және басқа да заңсыз ақпараттардың таралуына жол бермеу секілді жұмыс бағыттары талқыланды. Берік Асылов өз баяндамасында Қазақстанда атқарылып жатқан жұмыс тәжірибесімен бөлісті.
Бұдан кейін Қазақстанның Бас прокуроры бірнеше елдегі әріптесімен екі жақты кездесу өткізіп, келісімдерге қол қойды. Құзырлы орган өкілдері алдағы уақытта қылмыстың барлық түрімен күресуде әріптестікті нығайтуға уағдаласты.

Осылайша елімізде, оның ішінде Шымкент қаласында адам саудасымен күрес тоқтаған емес.

– Адам саудасымен күрес – азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудың басты бағытының бірі. Адам саудасына қарсы іс-қимыл 3 түрлі бағытта өрбиді, яғни, адам саудасының алдын алу, кінәлі адамдарды жауапқа тарту және жәбірленушілерді оңалту бойынша шаралар қабылдаудан тұрады. Бұл бағыттағы күрестің тиімділігі құқық қорғау органдарының аталған шараларды толық көлемде жүзеге асыруына тікелей байланысты, – дейді Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Ержан Марат.

Қала аумағындағы адам саудасы қылмыстарының алдын алу мақсатында тіркелген әр құқық бұзушылықтарға қала прокуратурасы жазбаша нұсқау беріп, іс бойынша процесс прокурорын айқындайды, қадағалау жүргізеді.

– Дегенмен бұл бағыттағы күресті тек құқық қорғау органдары емес, сонымен бірге «Сана-сезім» және «Заң талабы» секілді қоғамдық бірлестіктер де белсенді жүргізуде. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2022 жылдың 5 айында адам саудасымен байланысты 2 іс сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Жыл басынан бері осы санатта тіркелген қылмыстық істерді тергеп-тексеру нәтижесінде әзірге сотқа жолданғаны жоқ. Ал 2021 жылы 12 іс тіркеліп, 6 іс сотқа жолданған болатын. Олар бойынша сот үкімдері қабылданған, – дейді Ержан Маратұлы.

Қала прокуроры орынбасарының айтуынша, бұл бағыттағы күрделі жұмыс бірнеше орган арасындағы келісіммен жүргізіледі. Атап айтқанда, жергілікті полиция департаментінің криминалды полиция басқармасы және «Сана-сезім» әйелдер бастамалық құқықтық орталығымен адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы өзара ынтымақтастық жөнінде меморандум орнатылған. Меморандумның басты мақсаты – қала көлемінде қылмыстық қудалау органдары мен қоғамдық бірлестік арасында адам саудасының алдын алу және жәбірленушілерді оңалту бойынша тәжірибе мен ақпарат алмасу.

– Статистикалық мәліметтер адам саудасы қылмыстарынан зардап шегетін азаматтардың басым бөлігі әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан кәмелетке толмаған жасөспірімдер екенін көрсетті. Осыға орай жәбірленушілерді оңалту жұмыстары мемлекет пен қоғамдық бірлестіктер тарапынан атқарылуда. Бұған қоса Қазақстан Республикасының «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» Заңына сәйкес адам саудасынан жәбір шеккен адамдар 30 АЕК мөлшерінде біржолғы өтемақы алуға құқылы. Сонымен қатар, «Сана-сезім» әйелдер бастамалық құқықтық орталығы жәбір көрген адамдарды оңалту, оларға психологиялық көмек көрсету жұмыстарын қосымша жүргізіп жатыр, – дейді Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Ержан Марат.

Осылайша құқық қорғау органдары қылмыстан зардап шеккендердің құқықтарын қалпына келтіру үшін қажет шараларды жүзеге асыруда.

Последнее изменение Среда, 29 Июнь 2022 11:56
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.