"Отбасы банкінің" кепіл шартын ХҚО-ға бармай-ақ тіркеуге болады

Среда, 06 Октябрь 2021 10:03 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 3103 раз

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрілігі, ҚР Әділет министрлігі және Отбасы банкімен («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) бірлесіп, жеке тұлғаларға арналған жылжымайтын мүлік кепіл шартын тіркеу бойынша мемлекеттік қызметке Blockchain технологиясын енгізді. Енді ипотека ресімдейтін қазақстандықтар кепіл шартымен baspana.otbasybank.kz порталындағы жеке кабинетінде таныса отырып, оған ЭЦҚ көмегімен қол қоя алады. Жылжымайтын мүлікке құқық ауыртпалығын мемлекеттік тіркеу туралы нәтиже хабарлама түрінде банк сайтындағы және eGov порталындағы жеке кабинеттерге келіп түседі.

– Бұған дейін азаматтар кепіл шартын тіркеу үшін банктен құжат алып, оны ХҚО-ға апаруы тиіс болатын. Халыққа қызмет көрсету орталығында ол шарт тіркелген соң, клиент ауыртпалық туралы анықтаманы алып, тіркелген шартпен бірге оны банкке ұсынатын. Енді Blockchain технологиясының көмегімен бұл процесс автоматтандырылды. Банк пен ХҚО арасында жүрудің  керегі болмайды, қажет құжаттарды банк ХҚО-ға өзі жібереді, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы басқармасының төрағасы Әділ Қожықов.

Жылжымайтын мүлік кепіл шартын онлайн тіркеу қызметін автоматтандыру банк клиенттеріне бұл процесті 3 күннен 1 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Отбасы банк тарапынан жылжымайтын мүлік кепілінің шарттарына қол қоюға және тексеруге жұмсалатын операциялық шығындар да қысқарады.

– "Отбасы банкінде" Blockchain қолдану арқылы кепілді онлайн тіркеу мүмкіндігі екі апта бұрын қосылды. Клиенттеріміз бұл мүмкіндікті көптен бері күтті. Бұған қарыз алушының «несие тарихы» дәлел. Онлайн қызметті іске қосудың алғашқы күні банкте көп балалы ананың «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша кредит ресімдеуі өтті. Оның қосалқы қарыз алушысы – басқа қалада тұратын қызы. Ол келіп, қажет құжаттарға қол қоя алмады. Сондықтан банк қызметкерлерінің жаңа қызметті бірінші болып сынап көру ұсынысына клиентіміз бірден келісе кетті. Қажет болғаны – тек электронды цифрлық қолтаңба. Бүгінде біз осындай 100-ге жуық кепіл шартын тіркедік, – деп түсіндірді "Отбасы банкі" басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Blockchain жүйесі – бұл деректерді үшінші тұлғаларға беру мүмкіндігін толығымен жоққа шығаратын жеке-жеке блоктардан тұратын тізбек жүйесі. Бұл жолданатын деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. "Азаматтарға арналған үкімет" аталған инфрақұрылымды барлық банкке ұсынуға әзір. Қазіргі таңда бірнеше банк тарапынан осы жобаға қосылу бойынша жұмыс жүргізілуде.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.