Бала шақ пен болашақты жалғаған «күміс қоңырау»
Пятница, 26 Май 2017 04:28Соңғы рет сыңғыр қаққан күміс қоңырау үні Шымкент қаласындағы 7431 мектеп түлегіне өмірдің жаңа бір белесін нұсқады. Саналы тәлім-тәрбие берген «алтын ұямен» қоштасқан жас түлектерді алда Ұлттық бірыңғай тестілеу, мемлекеттік емтихандар және арман мен үмітке толы өмірдің сан тарау жолдары күтіп тұр.
А. Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясының бітіруші-түлектерінің салтанатты жиынына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты. Айта кетейік, аталмыш мектеп оқушылары ҰБТ қорытындысы бойынша бірнеше жылдар бойы қаладағы үздік мектептер қатарында келеді. Осы орайда, облыс әкімі оқушыларды, ұстаздарды, ата-аналар қауымын кезекті оқу жылының аяқталуымен құттықтап, ізгі лебізін жеткізді.
– Ел болашағы жастардың қолында. Қандай мамандықтың иесі болсаңыздар да бастысы, ұлтжанды ел азаматы болуды ұмытпаңыздар.
Елімізде қазіргі таңда балаларымыздың сапалы әрі заманға лайықты білім алуына қажетті барлық жағдайлар жасалған. Жыл өткен сайын білім саласын жақсартуға бағытталған жұмыстардың ауқымы кеңейіп келеді. Биыл облыстағы білім саласын дамытуға бюджеттен 44 миллиард теңге қаржы бөлінген. Яғни, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық. Өткен жылы 6 білім беру нысаны пайдалануға берілді. Биыл тағы 5 жаңа, 3 қосымша ғимарат тапсырылады, – деді Жансейіт Қансейітұлы.
72 түлегін үлкен өмірге шығарып салған А. Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясының ұжымы үшін өткен оқу жылы аса олжалы болды. Мектеп оқушылары халықаралық және республикалық деңгейдегі математика және ПОНИ байқауларында, «Русский медвеженок» зияткерлік байқауларында топ жарып, үздік нәтижелерін әйгіледі.
Мекеме директоры Гүлназ Әбілдаеваның айтуынша, «Алтын белгіге» үміткер Русалина Саркисова, «Үздік аттестат» иелері Әйгерім Жаңабаева мен Анастасия Малыхина қай кезде де мектеп ұжымының мақтанышына айналған. Салтанатты шара барысында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мектеп бітіруші түлектермен мектеп вальсін билеп, естелікке суретке түсті. Шара соңында түлектер алдағы өміріндегі сәттіліктің белгісі ретінде ақ көгершіндерді ұшырды.
Жалпы, өткен оқу жылында Оңтүстік өңірінің оқушылары республикалық Олимпиада сындарында 30 жүлделі орынға қол жеткізіп, 6 білім грантын иеленіпті. Бұл қатарда, жас ғалымдарымыз жаратылыстану-математика бағыты бойынша «Ең үздік олимпиадалық команда» аталымын жеңіп алса, түрлі халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларында 50-ден аса жүлделі орындарға ие болды.
Бүгінгі мектеп бітірушілерінің 1370-і «Алтын белгіге», 863-і «Үздік аттестатқа» үміткер. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 23 760 бітіруші өтініш білдіріпті. Бұл – түлектердің жалпы санының 71,8 пайызы. Ал Шымкент қаласы бойынша 5 230 түлек ҰБТ тапсырмақ.
Мектеп бітірушілер 29 мамыр – 9 маусым аралығында қорытынды аттестаттаудан өтсе, 20 маусым – 1 шілде аралығында ҰБТ тапсыратын болады.
Діни сауаттылықты арттыру – дәстүрлі дініміздің берік негізі
Среда, 24 Май 2017 06:02Қазіргі таңда ел аумағында Ақпарат және мәдениет министрлігіне тіркеліп, ресми түрде жұмыс істейтін 44 діни басылым бар. Ендігі жерде, аталмыш ақпарат құралдарының қызметін тиімді үйлестіру, қолына қалам ұстаған дін қызметкерлерін де публицистика жазуға үйрету, мақаланы оқырманға ұсынуда ақпараттың нақтылығына, оның безендіруіне және тақырыбына ерекше мән беру Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізгі ұстаным-міндетіне айналуы тиіс.
Осы орайда, басқарманың ОҚО бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен Отырар ауданының орталығы Шәуілдірде «Игілік бастауы – рухани жаңғыру» тақырыбымен діни журналистердің ІІ республикалық форумы өтті. Елдің бірқатар аймақтарынан жиналған форумға қатысушылар алдымен ондағы «Арыстан баб» және Түркістан қаласындағы Қ. А. Ясауи кесенесіне зиярат етіп, бабалар рухына арнап құран бағыштады. Сондай-ақ, Шәуілдір ауылында жаңадан бой көтеретін мешіттің іргетасын қалау шарасына қатысты.
Форумды ашып берген ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы Ахметжан Керімбек Басқарма төрағасы, Бас мүфти Ержан Малғажыұлы Маямеровтың жолдаған ізгі лебізін жеткізді. Сондай-ақ, осы салада еселі қызмет етіп жүрген бірқатар азаматтарды Басқарма төрағасының «Алғыс хатымен» марапаттады.
– ҚМДБ өкілдігінің баспасөз хатшылары мен БАҚ өкілдерінің өзара ақпарат алмасуы, асыл дінді насихаттауда бірізділікке келуі, діни журналистиканы жетілдіруге нақты қадамның жасалуы – шараның басты нәтижесі, міне осы болмақ. Бұл тұрғыда, діни басқарма мен осы салада жүрген тілшілер қауымының жиі бас қосып, «ортақ диалог» құруы – жамағаттың діни тұрғыдан сауатты болуына алғышарт болатыны сөзсіз, – деді Ахметжан Пірәліұлы.
Форум жұмысына қатысқан Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов ҚМДБ-ның уағыз-насихат, идеологиялық бағыттағы фунцияларын жүзеге асыруда ақпарат құралдарының мүмкіндігін мейлінше тиімді пайдалануды ұсынды. Бұл бағытта өкілдіктің баспасөз хатшыларын оқыту, біліктілік семинарларынан өткізу, білімін жетілдіру, олардың қызметіне қолайлы жағдайларды қарастыруды, осы арқылы олардың міндеті мен жауапкершілігін арттырудың қажеттігін жеткізді. Ал «Бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс жүргізудің тәсілдерін» күн тәртібіне ұсынған ҚМДБ-ның баспасөз бөлімінің меңгерушісі Ағабек Сыдықов діни тақырыпта жазу барысында әсіресе, журналистер қауымының ерекше есте ұстайтын этикалық жауапкершіліктерін атап көрсетті.
– Бүгінде діни насихат адамды имани тәрбиелеудің ошағына айналып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, ұлттық құндылықтарды ұлықтау, адамгершілік асыл қасиеттерді насихаттауға айрықша ден қойылуда. Себебі, біз зайырлы, яғни, діні мемлекеттен бөлек елміз десек те, бұл имансыз мемлекет дегенді білдірмесе керек. Иман болмаған жерде береке де жоқ. Сондықтан, өскелең ұрпақ санасына ұлттық-діни құндылықтарымызды сіңіре отырып, діни сана қалыптастыруға ден қоюымыз керек, – деді Ағабек Қонарбайұлы.
Діни тақырыптарды жариялаудың мәселелері және конфессиялық саладағы тұрақтылықты қамтамасыз етуде БАҚ-тың рөлі жөнінде жиынға қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, пікірлерін білдірді. Айтылған ұсыныстардың ішінде дін тақырыбын жазатын тілшілерді арнайы даярлау мәселесі көпшіліктің қызығушылығын туғызды.
Биылғы наурыз айында Өскемен қаласында бастау алған республикалық форумның жалғасы іспетті бұл шара тақырыбының ауқымдылығымен, айтылған пікірлердің құндылығымен айшықталды. Ендігі жиын алдағы қыркүйек айында Павлодар қаласында өтетін болып бекітілді.
Жиын соңында талқыға түскен тақырып аясында форумның арнайы қарары қабылданды. Форумға қатысушыларға сертификат, естелік сыйлықтар табыс етілді.
Мемлекеттік қызметшілер біліктілігін арттыруда
Среда, 24 Май 2017 05:15Бұл күндері аудандық маңызы бар қала, сондай-ақ, ауыл, кент, ауылдық округтердің басшылары үшін арнайы ОҚО әкімі аппаратының Мемлекеттік қызметшілерді даярлау орталығында біліктілігін арттыру семинары өткізілуде.
Жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізуге байланысты қолға алынған сынақтық шараға өңірдегі 186 тұрғылықты мекеннен арнайы өкіл қатысуы тиіс.
– Мамыр айының 16-жұлдызы мен шілде айының 27-сі аралығында мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған 14 семинар ұйымдастырылуда, – дейді Мемлекеттік қызметшілерді даярлау орталығы директорының орынбасары
Бақытгүл Ешмұратова. – Тиісінше, 179 әкім, 180 бас есепші, 45 заңгер, 93 өзге де мамандар, барлығы, 534 мемлекеттік қызметші 3 күндік семинарға қатысады. Ең бастысы, семинарға қатысушылар ондағы оқу мазмұны бойынша республикалық орталыққа онлайн жүйе арқылы тест тапсыратын болады. Соңында оларға арнайы сертификат табыс етіледі.
Онлайн-тестілеуде қызметшілерге бюджеттік процестер бойынша 50, коммуналдық меншікті басқару аясында 50 сұрақ беріледі.
Халық сенімінен шығу – басты талап
Среда, 17 Май 2017 05:02Шымкент қаласында өткен жылы тіркелген қылмыстық құқықбұзушылық дерегі алдыңғы мерзімдермен салыстырғанда 7,4 пайызға төмендеген. Оның ішінде, әсіресе, аса ауыр және ауыр қылмыстар саны едәуір азайып отыр.
Елімізде құрылғанына 1 жыл толған жергілікті полиция қызметі қазіргі таңда өткен мерзімді саралап, алдағы міндет-жоспарларын бағамдау үшін жергілікті тұрғындар алдында есеп беруде. Яғни, сала мамандарына тұрғындар алдында жылына 2 мәрте есепті кездесу өткізу жүктелген.
Әл-Фараби ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы Данияр Мейрханның есепті кездесуіне қала әкімі аппаратының басшысы Рашид Аюпов, қалалық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Сала басшысының айтуынша, қала аумағындағы құқықтық тәртіпті сақтауға және нығайтуға бағытталған шаралар өз нәтижесін беріп келеді. Бір жылдың ішінде құқыққорғаушылар түрлі бағыттағы 87 рейдтік шарасын ұйымдастырған. Өткен кезеңдермен салыстыра алғанда, кісі өлімі – 8,8 пайызға, денсаулыққа ауыр зиян келтіру – 6,5, зорлау – 48, қарақшылық – 30, бұзақылық деректері 24,5 пайызға төмендепті. Дегенмен, сала басшысы азаматтардың мас халде жасаған қылмыстарының саны едәуір артып отырғанын да атап өтіп, қынжылыс білдірді.
– Қазіргі таңда тіркелген жалпы қылмыстардың жартысынан көбін мүліктік қылмыстар, оның ішінде, бөтеннің мүлкін ұрлау деректері құрауда. Бұл ретте, әрбір төртінші ұрлық ұялы телефонға қатысты болып отыр. Дегенмен, деректерді ашу көрсеткіші 56,7 пайызға жақсарғанын да баса айтқым келеді, – деді Данияр Мейрхан.
Жарыссөзге жазылған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбай өз кезегінде, сала қызметіндегі ширата түсетін тұстарды атай отырып, учаскелік инспекторлар мен жергілікті тұрғындар арасын жақындата түсу қажеттігін жеткізді.
– Бертінге дейін ауыл ішінде қандай да бір құқықбұзушылық деректері тіркелер болса, күдіктілерді учаскелік полиция қызметкерлері дөп басып, тауып ала қоятын. Себебі, кімнің қандай мінез-құлықты адам екенін ел ішінде жүрген инспекторлар бағамдай білетін. Бүгінде өкінішке қарай, тұрғындар өз инспекторларын танымай да жатады. Біздер, ардагерлер кеңесі, ата-аналар, ұйымдар мен мекемелер инспекторлар қызметіне лайықты қолдау, жәрдем көрсетер болсақ, сол деңгейге қайта оралған болар едік, – деді Исамуддин Нәштайұлы.
Жарыссөзге шыққан қалалық мәслихат депутаты Ермек Дәрменов қаланың шалғай орналасқан елдімекендерінде жол-патрульдік полиция қызметін жиі жүргізуді ұсынды. Ермек Аманжолұлының пікірінше, осы арқылы құқықбұзушылық деректері жиі орын алатын аумақтарды тұрақты бақылауда ұстауға болар еді.
М. Әуезов атындағы ОҚМУ-нің студенті Талғат Есжанов ерікті жастардың қызметін, мүмкіндігін мейлінше кеңінен пайдалану қажеттігін жеткізді. Ол үшін де жоғары оқу орындарында құрылған жастар ұйымдарының белсенділері қолдан келген көмегін ұсынуға әзір.
Мұнан өзге де, өз ұсыныс-пікірлерін айта келген азаматтар әсіресе, пәтер ұрлығының, ұйымдаса жасалған қарақшылық әрекеттердің жиілеп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.
– Қазіргі таңда, облыс орталығында прокуратура қызметінің бастамасымен «Қауіпсіз қала» жобасы жүзеге асуда. Мақсат – қала аумағындағы құқықбұзушылық деңгейін төмендету. Бұл бағытта, көпқабатты тұрғын үйлерді жүйелі бақылауға алу мақсатында 479 бейнебақылау қондырғысы жұмыс істеуде. Әсіресе, бұған дейін жиі сынға алынып келген «Нұрсәт» және 8-шағынаудандарда бақылау күшейтілді. Сонымен қатар, ватсап әлеуметтік желісі арқылы «көршілер бақылауы» жобасы да қолға алынды. Әл-Фараби және Қаратау аудандары бойынша 44 көпқабатты үйде әлеуметтік желілер байланысы жүйеге қойылған, – деді Д. Мейрхан.
Айтылған сын-ұсыныстарға орай тиісті жауап берілді. Яғни, қоғамдық тәртiптi қамтамасыз ету бағытында бүгінде 149 азамат «полицияның қоғамдық көмекшісі» ретінде тіркеліп, қызмет етуде. Отбасылық-тұрмыстық қатынастағы қылмыстар мен құқықбұзушылықтарды болдырмау мақсатында, «Қауіпсіз қала», «Құқықтық тәртіп», «Қадағалау», «Тұрмыс», «Шартты» жедел сауықтыру іс-шаралары жүйелі түрде ұйымдастырылып тұрады. Нәтижесінде, бұрын сотты болғандармен жасалған қылмыстар саны – 18, ал отбасы-тұрмыстық қатынастағы қылмыстар саны – 25 пайызға төмендеген.
Дегенмен, өткен жылда кәмелетке толмағандар қолымен жасалған қылмыс көрсеткіші 48,4 пайызға өсіпті.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі аппаратының басшысы Рашид Аюпов саладағы өткен мерзімде атқарылған жұмыстарды оң бағалай отырып, полиция қызметіне алдағы уақытта тұрғындардың үлкен сенімі мен жауапкершілігі артылатынын жеткізді. Бастысы, сала мамандарының осы жолда күткен үдеден шыға білеріне сенім білдірді.
Қос ауданда – жаңа прокурор
Среда, 17 Май 2017 04:48Шымкент қаласының қос ауданында жаңа прокурор тағайындалды. Қала әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен актив жиынында облыс прокурының бірінші орынбасары Хали Маматаев Абай ауданы мен Әл-Фараби аудандарына тағайындалған прокурорларды таныстырды.
Әл-Фараби ауданының прокуроры қызметіне Сұлтан Шатемірұлы Орманов тағайындалды. Ол 1966 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік Ұлттық университетін «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Ал Абай ауданының прокуроры болып, Жомарт Нұрғалыұлы Нұрғали тағайындалды. Ол 1978 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. Халықаралық қазақ-түрік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Облыс прокурорының бірінші орынбасары Хали Рысқұлбекұлы қос азаматтың да іскерлік, кәсіби және адами қасиеттеріне жекелей тоқталды. Прокуратура саласында ұзақ жылдар бойы еңбек өтілдерінің барын ескеріп, бұл лауазымды жоғары деңгейде атқаруға толық негіз барын атап өтті. Және алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі.
Айта кетейік, бұған дейін Абай және Әл-Фараби аудандарының прокуроры міндеттерін атқарған азаматтар қызметтік мерзімі аяқталуына байланысты босатылды.
40 жаңа бағдаршам орнатылды
Среда, 17 Май 2017 04:32Шымкент қаласында көздері нашар көретін зағип жандарды қолдау мақсатында дыбысты бағдаршамдар орнатылуда. Қазіргі таңда бағдаршамдар орнатылған 20 жол қиылысында осындай 40 дана дыбысты бағыттағыш іске қосылған.
Бұл бағдаршамның ерекшелігі сол, қай көшенің қилысында тұрғаныңызды және жүруге неше уақыт қалғанын есіңізге салып, айтып береді. Сала мамандарының мәлімдеуінше, өңірде мүмкіндігі шектеулі 109 мыңнан астам азамат бар. Оның жартысына жуығы – зағип жандар.
Осындай бағдаршамдарды алдағы уақытта қаламыздың өзге де көшелеріне орнату жоспарланған. Бұдан бөлек, биыл 17 бағдаршам, 10 ақпараттық-көрсеткіштік белгілері, 1600 катафот және 30 жарық шамы бар белсенді жол белгісі орнатылады.
– Биыл қала аумағында алғаш рет пилоттық жоба ретінде жарық шамы бар белсенді жол белгілерін орнатып жатырмыз. Оның ерекшелігі сол – жүргіншілер өткеліне қойылған жарық шамдарға қаратып, бағана шамдары орнатылады. Яғни, кеш қарайған сәттен бастап, жарықтың өзара шағылысуының нәтижесінде, жаяу жүргіншілер өткелі алыс қашықтықтан байқалып тұрады. Бұл жоба әсіресе, жарық мөлшері жеткіліксіз қаланың шет көшелерінде жүзеге асырылмақ, – дейді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Наурыз Сүгірәлиев.
Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша бүгінде 167 бағдаршам, 7 мыңнан астам жол белгісі бар. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыты бойынша биыл қала бюджетінен 456 миллион теңге қаржы қаралыпты.
Қуатты әскер – мемлекеттің берік қалқаны
Пятница, 12 Май 2017 05:59ҚР Қарулы Күштерінің құрылғанына биыл – 25 жыл. Уақыт талабына сай әскери құрылымдар жаңарып, оның күш-қуаты жылдан-жылға нығайып келеді. Біздің өңір – еліміздің Оңтүстік қақпасы. Мұнда Шымкент горнизонына қарасты 10 әскери құрылымдық бөлім Оңтүстік шекарасының тұтастығы мен тыныштығын сақтауда қызмет етуде. Осы мерейлі датаға орай, Шымкент қаласында салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылды.
Тірегіміз – тыныштық
Отан қорғаушылар күні 500 жауынгерден құралған әскери оркестр «Ордабасы» алаңынан «Орталық» саябаққа дейін салтанатты маршпен жүріп өтті. Мерекелік жиынға қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев өңір халқын Отан қорғаушылар күнімен және ҚР Қарулы күштерінің мерекесімен құттықтады. Облыс әкімі әрбір Тәуелсіз мемлекеттің ең басты мақсаты – ел тыныштығын қорғау, мемлекет тұтастығын сақтау екенін атап өтті. Қоғамның және әрбір қазақстандықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етушілер қандай марапатқа болса да лайықты екенін жеткізді.
– Бүгінде Елбасының, Қазақстан Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық көрегендігімен ел армиясының жаңа келбеті, отаншыл рухы қалыптасты. Қарулы Күштер мемлекетіміздің тұрақты кепіліне айналды. Сондықтан, бұл күн – Отанды қадірлейтін, оның тарихын құрметтейтін, айбынды әскеріміздің атағын асқақтатқан, мемлекетіміздің қуатын айғақтайтын күн, – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Бұдан соң, өңір басшысы елдің қорғаныс қабілетін күшейтуге, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосқан 17 азаматты Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденімен, ҚР мемлекеттік наградасы «Ерлігі үшін» медалімен және «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, ОҚО әкімінің Грамотасы мен Алғыс хатымен марапаттады.
Сонымен қатар, 10 азамат ҚР Қорғаныс министрінің «Мінсіз қызмет үшін» медалімен наградталды.
Концерттік бағдарламамен жалғасын тапқан мерекелік шарада «Мәңгілік ел тұғыры – Қуатты Армия» – театрландырылған көрінісі қойылып, патриоттық әндер шырқалды. Сонымен қатар, тұрғындар тікелей көрсетілім арқылы Астана қаласында өткен ҚР Қарулы Күштерінің 25 жылдығына арналған әскери парадты тамашалады.
Айта кетейік, Астанадағы «Қазақ елі» алаңында өткен шеруде 5 мыңнан астам әскери қызметші салтанатты маршпен жүріп өтті. 300-ге жуық әскери техника мен заманауи қару-жарақ түрлері жұртшылық назарына ұсынылды. Сондай-ақ, 70-ке жуық әуе техникасы Қазақстанның авиациялық әлеуеті мен жауынгерлік әзірлігін байқатты.
Ерлік пен бірлікті қастерлеген мереке
Жеңіс күніне арналған шара «Қаһарман Ұлт» шеруімен бастау алып, оған 1,5 мыңнан астам тұрғын қатысты. Мерекелік шарада Әскери үрмелі аспаптар оркестрі тақырыптық марштар орындады. Салтанатты шара «Абай» саябағындағы «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қою рәсімімен жалғасын тапты.
Шараға қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін және барша оңтүстікқазақстандықтарды Жеңістің 72 жылдығымен құттықтады.
– Ұлы Отан соғысы біздің халқымыздың, әкелеріміз бен аналарымыздың биік рухын, ерлігі мен қаһармандығын әлемге танытты. Сондықтан Жеңіс күні аға ұрпақтың ерлігін мәңгілікке ел жадында сақтауға арналған ең қастерлі мереке. Бейбіт өмір үшін, ұрпақтың бақытты болашағы үшін отқа түсіп, қайғы-қасірет шеккен, соның бәрін қайыспай жеңе білген ардагерлердің жанкешті ерлігі мен еңбегі жадымыздан ешқашан өшпек емес. Сондықтан да Елбасымыз соғыс және тыл ардагерлеріне қолдау көрсетіп, олардың хал-ахуалын көтеруге көп көңіл бөліп келеді. Президент сонау зұлматты соғыста жеңіске бірліктің арқасында ғана жетуге мүмкін болғанын үнемі еске салып отырады. Біздің ардагерлеріміз – еліміздегі достық пен келісімнің берік іргетасы, – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Ұлы Отан соғысы және тыл еңбеккерлеріне арналған әскери өмірден театрландырылған көріністер қойылып, ардагерлерге дала асханасынан дәм ұсынылды. Айта кетейік, Ұлы Отан соғысына Оңтүстік Қазақстаннан 140 мыңнан астам адам аттанып, олардың жартысына жуығы туған жерге оралмаған. ІІ Дүниежүзілік соғыста жанқиярлық ерлігі үшін оңтүстікқазақстандық 51 азаматқа Кеңес Одағының батыры атағы берілсе, 8 жерлесіміз «Даңқ» орденінің иегері атанды. Жаужүрек қайсарлығы үшін мыңдаған ардагерлеріміз түрлі орден, медальдармен марапатталған. Бүгінде от пен оқтың арасынан елге аман-сау оралған майдангерлердің 233 ҰОС ардагерлері, ал, 996-сы соғысқа қатысушылар мен мүгедектеріне теңестірілгендер болса, 19 199-ы тылда тынымсыз еңбек еткен.
Ұлы Жеңістің 72 жылдығына орай, соғысқа қатысушы майдангерлерге биыл 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни, 226,9 мың теңге біржолғы материалдық көмек берілді. Ал оларға теңестірілген және тыл ардагерлеріне 5 АЕК, яғни, 11345 теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік қолдау көрсетілді. Сондай-ақ, 233 ҰОС ардагеріне 100 мың теңгенің көлемінде сый-сияпат жасалып, құрмет көрсетілген.
Ұрпақтың бақытты болашағы мен бейбіт өмір сүруі үшін шайқасқан ҰОС ардагерлеріне жыл сайын әлеуметтік қолдау, лайықты құрмет көрсетіліп келеді. Бұл қатарда, оларға медициналық көмек республикалық әрі өңірлік деңгейде ақысыз көрсетіледі. Жыл сайын аға ұрпақ өкілдерін сауықтыру мақсатында 7,8 мың жекелеген санаттағы азаматтарға облыстағы түрлі сауықтыру орталықтарына жолдама беріледі. Сондай-ақ, өңірде «Қамқорлық» акциясы шеңберінде демеушілер есебінен Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне коммуналдық қызметтерге жеңілдік ұсынылды.
Өтті күндер,отты күндер ол күндер...
Пятница, 05 Май 2017 06:13Ардагерлерімізді ардақтап, қарттарымызды құрметтеген халықпыз. Миллиондаған адам бәрін де майдан үшін, жеңіс үшін беріп, бел шешпей еңбек етті. Қазір біз аталарымыз бен әкелеріміздің арқасында бейбіт аспан астында өмір сүрудеміз, қуатты мемлекет құрып, болашаққа сеніммен қарап отырмыз.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ
Соғыс жылдарындағы өңірдің сұрқай тіршілік-тынысы, ауыр бейнет, қиындықпен бетпе-бет келген тұрғындардың бейнесі және сол жылдардағы жазылған хаттар, қолданылған тұрмыстық заттар... «Жеңіс» саябағында орналасқан «Ерлік» мұражайы бүгінде Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі Оңтүстік өңірінің өмірінен сыр шертетін шежіре орталығы іспетті.
Мұражайда арнайы жабдықталған 4 зал және галерея ҰОС мен Ауған соғысының өзіндік қасіреті мен тағылымын бейнелейді. «Азат етуші жауынгерлер» аталатын бірінші залдың экспозициясында 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлердің құжаттары мен орден-медальдары, майдан даласынан табылған тарихи жәдігерлер орын алған.
«Оңтүстік өлкесі қаһарлы жылдарда.» Осы атаумен аталатын екінші залдың экспозициясы соғыс кезеңіндегі тылдағы тауқымет жайлы сыр шертеді. Мұнда тылдағы қарттар мен балалардың ел үшін еткен ерен еңбектері бейнеленеді. Соғыс жылдарында өңірге көшірілген 17 зауыт-фабриканың еселі қызметі жөнінде мол мәлімет беріледі. Соғыстың алғашқы айларында өлкемізге Веронеж пресс-автоматтар зауыты, Харыповтың шұлық және айна фабрикалары, Подальскінің илеу-құю зауыты, Киевтің химия-фармацевтік зауыты, Мәскеу алколоид зауыты, Кеременчуг электростансасы көшіріліп әкелінді.
Кәсіпорындардың бірсыпырасы облыстың аудандарында орналасты. Шыны зауыты – «Күйік» совхозында, трактор шеберханасы – Сайрам ауданына, электрстанция Түркістан ауданына, мақта иіру фабрикасы – Мақтаарал ауданына қоныс аударды.
1942 жылы барлық көшіп келген кәсіпорындар алғашқы өнімін бере бастады. Облысқа сонымен бірге КСРО Архитектура академиясы, Дүниежүзілік экономика мен саясат институты, география институты, дәрілік шөптердің Бүкілодақтың ғылыми зерттеу институты көшіріп әкелінді. Көшірілген ұжымдардың арасында Моссовет атындағы театр да бар.
Соғыс басталысымен-ақ облыс КСРО-ның Германиядан әскери экономикалық артықшылығын қамтамасыз етуге қомақты үлес қосты. Басқыншыларға қарсы атылған әрбір 10 оқтың 7-уі Шымкент қорғасын зауытында құйылды. Оңтүстік Қазақстан облысы еліміздің аса маңызды ауылшаруашылық аймағына айналды. Ол майданды және Орал, Сібір, Еділ бойының ірі өнеркәсіп орталықтарын астықпен, маймен, жүнмен, қамтамасыз етті. Майданға жеміс-жидектер мен көкөністер жіберіп отырды. Соғыс жылдарында облыс отанымызға 2 миллион пұт ет, 800 мың литр сүт, 100 мың ірі қара мал және 1 миллионнан артық қой және ешкі терісін, 44 мың 80 пұт жүн, 2 миллион 120 мың пұт астық берді. Облыс тапсырған мақтадан тоқылған матамен Қызыл Армияның 7 миллион жауынгерін киіндіруге болатын еді.
Соғыс жылдары Шымкент қорғасын зауытында негізінен Калашников автоматы мен «Русская винтовка» қаруына оқ дайындалды. Сондай-ақ, зеңбірек оқтары мен танктің қосалқы бөлшектері де шығарылды. Зауытқа қажетті қорытпалар Бәйдібектегі Байжансай мен Кентаудағы Ащысай, Мырғалымсай кеніштерінен жеткізілген. Күн-түн демей белсене еңбек еткен жұмысшылар жәшікке салынған дайын оқ-дәрілерді вагондарға тиеп, алыстағы майдандарға жіберіп тұрған.
Соғыс жылдары қорғасын зауытының 400-ге жуық жұмысшысы қолына қару алып, өз еріктерімен соғысқа аттанды. Кейіннен, жаппай демобилизациядан соң, майдан даласында ұрысқа қатысқан жауынгерлер зауытқа оралып, жұмыстарын қайтадан жалғастырды. Олардың қатарында Кеңес Одағының батыры Хасан Мамытов, сондай-ақ зауытта құрмет биігіне көтерілген Л. Онуфриев, А. Абдиев, Н. Бовута, А. Андреев, П. Лалетина, С. Нурметов, В. Елманов, Л. Николотов, У. Умаров, Е. Тұрғымбаев, Н. Голдобин, Г. Валитов, Г. Георгиев, С. Митрянин, А. Әліқұлов, И. Иванов сынды еңбек ардагерлері болды.Зауыт жұмысшыларының еңбегі өз кезегінде ескерусіз қалған жоқ, олар әр түрлі орден-медальдармен құрметтеліп, басшылық тарапынан зор алғысқа бөленді. Атап айтар болсақ, «Ленин» орденімен – 15, «Қызыл Ту» орденімен – 52, «Құрмет белгісі» орденімен – 32, І және ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен – 17 адам марапатталды. Соғыс аяқталған соң барша жұмысшыларға «Ерен еңбегі үшін» медалі берілді.
Мұражайдың келесі экспозициясы этнографияға арналған. «Соғыстың қатыгез бейнесі» тақырыбында соғыс кезеңіндегі ауыл үйінің ішкі көрінісі бейнеленген. Қан қилы соғыс кезіндегі май шам көмегімен шұлық тоқып баласын күткен ана, сағынышын хатпен жеткізбек болып, қалам ұстаған бала, өзге де тұрмыстық қажетті заттар бейнеленген. Сол жылдарда қолданған қол диірмен, шырағдан, темір ошақ, қолдан жасалған киіз, келі-келсап... Оңтүстікте ғана өсетін дәрілік шөп – дермене. Ауыл тұрғындары дерменені дәрі-дәрмек ретінде қолданған.
Оңтүстік Қазақстан облысының еңбекшілері соғыстың алғашқы күнінен бастап тылда аянбай еңбек етті. Мәселен, Ащысай полиметалл комбинатында кен өндіру күннен күнге үздіксіз артып отырды. Комбинатта 237 әйел жұмыс істесе, 1942 жылдың басынды олардың саны 1000-нан асты.
Мұражай галереясында Ұлы Отан соғысының ардагері, суретші Пономаренконың қолынан шыққан туындылар елеулі орын алады. Ол соғыста көзбен көргендерін күнделігіне түсіріп, елге оралған соң осы күнделік желісімен салған өнер туындылары таныстырылады. Сондай-ақ, тыл, еңбек ардагерлеріне арналған жеке кешендер, сонымен қатар, әскери киімдер экспозициядан орын алған. Кеңес Одағының батыры, Днепрді қорғауға қатысқан жерлесіміз Тоғанбай Қауымбаевтың сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметовке сыйға тарту еткен шапаны да мұражайдың төрінен орын алып тұр. Мұражай меңгерушісі Ақмарал Құдайбергенованың айтуынша, танымдық жәдігерлер мен мұнда келушілердің қатары уақыт өткен сайын арта түсуде.
– Мұражай қорында қазіргі таңда 3000-нан астам жәдігер жинақталған болса, соның 2000-нан астамы экспозицияда көрсетілген. Ондағы жәдігерлермен таныса отырып, келушілер ата-апаларымыздың жеңісті жақындата түскен ерлігі мен ерен еңбектерін зерделейді, – дейді Ақмарал Асанқызы. – Өткен жылы мұражайда 306 мәрте «Ашық есік күнін» ұйымдастырып, оқушылардың, жалпы, арнайы келген қала тұрғындарының танымдық біліктілігін арттырдық. Нәтижесінде, жыл ішінде 11 мың 586 тұрғын мұрағаттармен танысуға мүмкіндік алды. Және былтыр мұражай 510 жәдігермен толықты. 87 материал ғылыми негізгі қорға қабылданды.
Ұлы Отан соғысына қазақ даласынан 1 миллионнан астам жауынгер аттанған болса, соның ішінде, Оңтүстік өңірінен 18 мың 547 азамат қолына қару ұстады. Қазақ қыздары да соғыс ауыртпалығын ер азаматтармен бірдей көтерді. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап соғысқа сұранып хат жазған қазақ қыздары көп болды. Мысалы, Қарағандының әскери комиссариатына соғысқа сұранып өтініш жазған арулар саны 10 мыңнан асқан. Семей қаласы бойынша соғыстың алғашқы күндерінде 3 мың өтініш, ал Алматы қаласынан Фрунзе ауданы бойынша 112 өтініш түскен. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 1941 жылы 12 мыңдай арудан соғысқа бару туралы өтініш түсіпті.
1942 жылы Қазақстанда құрылған 34-ші жеке әйелдер ротасының 300-ге тарта аруы Курск майданында шайқасқа қатысып, ерлік көрсеткен.
Кеңес әскерінің қатарындағы жауынгерлердің 15 мың 960-ы туған жерге оралды. Қазіргі таңда, Шымкент қаласында 105 соғыс, 6 мыңға таяу тыл ардагері бар.