Мемлекеттік қызметші – мерейлі міндет
Среда, 28 Июнь 2017 12:53Мемлекеттік қызметшілер күніне орай, қала әкімдігінде салтанатты шара ұйымдастырылды. Онда Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қызметкерлерді кәсіби мерекемен құттықтады.
– Мемлекеттік қызмет әр адамнан жауапкершілікті, туған жерге деген ынтасыз қызметті талап етеді. Біздің міндетіміз – күн сайын халықтың мемлекетке деген сенімін арттыра түсу. Біз мемлекеттік қызметке қабылданған күні берген антымызды ұмытпауымыз керек. Халықтың мемлекетке деген сенімі қарапайым мемлекеттік қызметшіден басталады. Осы орайда, әкімдік қызметкерлерін тұрғын үймен қамту да басты назарда – деді Ғабидолла Рахматоллаұлы.
Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкентте 500-ге жуық мемлекеттік қызметші еңбек етуде. Биыл «Б» корпусындағы 369 мемлекеттік қызметшінің барлығы аттестациядан өтіп, өздерінің біліктілігін дәлелдеген. 15 маманның лауазымын жоғарылату жөнінде ұсыныс жасалыпты.
Салтанатты шара барысында түрлі дәрежеде еңбек өтілі бар 10 мемлекеттік қызметкерге қала әкімінің «Алғыс хаты» табысталды. Ал тағы 10 қызметкер «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сәйкес, салтанатты түрде ант қабылдады. Концерттік бағдарлама аясында құрылымдық бөлім қызметкерлері өздері де ән салып, би биледі.
Қоғам тыныштығын күзеткендерге құрмет
Пятница, 23 Июнь 2017 05:33Шымкентте Ішкі істер органының 25 жылдығына арналған салтанатты шара сала мамандарының қырағы қызметін ұлықтауға арналды. Жиынға қатысқан қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қоғам тыныштығын күзеткен қызметкерлерді кәсіби мерекесімен құттықтап, ізгі лебізін жеткізді.
– Полиция қызметкері болу оңай емес. Ол үшін байыпты білім, шыныққан білек те, айбарлы жүрек те керек. Сабыр мен төзім, қажыр мен қайрат та қажет. Жылдам әрекет ету, ұстамды әрі сыпайы болу да маңызды. Погон әрине әдемі, бірақ оны тағып жүру үлкен жауапкершілікті жүктейді. Олай болса, осындай толып жатқан талаптың үдесінен шығу сіздерге міндет, – деді Ғ. Рахматоллаұлы.
Өз кезегінде, Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының басшысы, полиция полковнигі Арман Бейсенбаев қоғамдағы полиция қызметкерінің еңбегін айрықша атап өтті. Сонымен қатар, жыл басынан бері тіркелген құқық бұзушылық саны біршама төмендегенін жеткізді. Тиісінше, мемлекет тарапынан саладағы материалдық базаны нығайту қызметі де артып келеді. Мәселен, 2014 жылы қала аумағында полицияның бар болғаны 29 учаскелік бекеті болса, қазір олардың саны – 68-ге жеткен. Сондай-ақ, қала аумағындағы 17 стационарлық бекетке қосымша тағы 10 бекет салу жоспарлануда. 2015 жылы жол полицейлерінің қызметінде бар болғаны 5 эвакуатор болса, бүгінде тағы 5 эвакуатор мен 30 «Киа Серато» көлігін сатып алуға қаржы бөлінген.
– Қазақстан полициясы күнінде жауапты қызметті абыроймен атқарып, қоғам тыныштығын күзеткен жандарға ризалық сезімін білдіріп, алғыс айтуға тиіспіз. Бастысы, бұл күн бейбіт уақытта жергілікті тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін құрбан еткендерге лайықты құрмет көрсету болып саналады, – деді Арман Арун-Рашидұлы.
Салтанатты шара барысында қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовқа «Қазақстан полициясының 25 жылдығы» естелік медалі табыс етілді. Сондай-ақ, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Тұрар Артықбаев пәтер кілтіне ие болды.
Бұл кеште қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған полицейлердің есімі аталып, марқұмдардың туыстарына сый-сыяпат тапсырылды.
«Шымкент-Дордой» базары ашылды
Пятница, 23 Июнь 2017 05:31Шымкент қаласындағы ірі сауда орталығының бірі – «Бекжан» базары енді «Шымкент-Дордой» атауын иеленбек.
Бішкектегі әлемнің ең ірі базарларының бірінен аталатын «Дордой» сауда орталығының басшылығы «Бекжан» базарын 10 жылға жалға алып отыр. Ол үшін қырғыз-қазақ бірлескен серіктестігі 3 миллион АҚШ доллар көлемінде инвестиция құймақ.
– Келісім-шарт аясында аталмыш базар ғимараты әзірге серіктестікке 10 жылға жалға берілуде, – дейді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Әсет Әбдіраханов. – Тиісті уақыт өткеннен кейін базар аталмыш серіктестіктің толыққанды иелігінде қалатын болады.
Айта кетейік, «Бекжан» базары қаладағы соңғы үлгіде жабдықталған жабық 2 кешеннің бірі болатын. Алдағы уақытта сауда ғимаратында атракциондар, ойын-сауық кешендері пайдалануға берілмек. Базардың жаңа иелері жергілікті кәсіпкерлер үшін тиімді шарт та ұсынуда. Яғни, базар дүңгіршектерін жалға алушылар үшін алдағы бір жыл бойы салық салынбайды және дүңгіршектерді жалға алу құны да біршама төмендетілмек.
Ескерткіштер қамқорлыққа алынады
Пятница, 23 Июнь 2017 05:23Бұл мәселе қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов пен белгілі тарихшылар, сәулетшілер мен әкімдік бөлімдерінің өкілдері қатысқан жиында кеңінен талқыланды.
– Шымкенттегі ескі қалашық аумағында тек ғылыми қалпына келтіру жұмыстарын ғана жүргізуге болады, – деді академик Бауыржан Байтанаев. – Шымкенттегі көне қалашық ЮНЕСКО тізіміне ену үшін барлық жұмысты ЮНЕСКО конвенциясымен тиісті дәрежеде атқаруымыз керек. Егер біздің тарихи орындар осы қалашық пен Сайрам ЮНЕСКО нысандарының тізіміне енсе, онда әлемдік бірегей тарихи ескерткіштермен теңестіріледі.
Жиын барысында бірнеше маңызды шешім қабылданды. Олардың қатарында сәулеттік ескерткіш маңындағы жерлерді заманауи құрылыс нысандарынан тазарту және учаскелерді мемлекет мұқтажына алу, сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру жұмыстары зерделенді. Сонымен қатар, осы жобаға қаржы құю үшін кәсіпкерлерді ынталандыру да маңызды болмақ.
Жол құрылысы: сан мен сапа артып келеді
Пятница, 16 Июнь 2017 06:14Жалпы ұзындығы 2900 шақырымға жуықтайтын қала көшелерінің тек 50 пайызы асфальтты-бетонды төселіммен қамтылған. Тиісінше, 40 пайызын шағал тас жолдары құраса, қалған 9 пайызы топырақ жол деңгейінде.
– Ел аумағында жер көлемі бойынша жетекші орынға ие Шымкент қаласында күн сайын 500 мыңға таяу көлік қозғалысы тіркеледі. Қала аумағын сапалы жолмен қамту үшін жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда, – дейді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жол құрылысы секторының меңгерушісі Ерлан Есіркепов.
Бүгінде «Шұғыла» шағынауданындағы атауы жоқ №1, 2, 3 және 4 көшеде қайта құру жұмыстары қызу қарқын алған. Бұған дейін еріген қар, жауған жауынның салдарынан шұрқ тесікке айналған асфальт жолдың тауқыметін тартқан жергілікті тұрғындар тіпті, қала әкіміне де өтініш-сауал жолдаған. Мәселенің өзектілігі ескеріліп, бүгінде мұнда қайта құру жұмыстарының алғашқы кезеңі жүргізілуде. Келесі жылға өтпелі нысан құрылысына 542 миллион теңге қаржы қаржы бөлінген. Мұндағы қайта құру жұмыстарының жалпы аумағы 5,5 шақырымды құрайды.
Сонымен қатар, магистралдық көшелердің құрылысы және қайта құру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Атап айтқанда, жалпы ұзындығы 36 шақырымды құрайтын 8 көшені қайта құру үшін 8,7 миллиард теңге бағытталыпты. Қазіргі таңда, Төреқұлов, Жібек Жолы, Байтұрсынов, «Тассай» шағынауданындағы Тәуке хан көшесі және А-2 тасжолы ретке келтірілуде. Бұдан бөлек, «Самал» базарының жанында және Республика даңғылындағы «Халыққа қызмет көрсету орталығының» алдында жерасты жаяу жүргіншілер өткелі, Темірлан тас жолы бойында жол айрығын салу жұмыстары жүргізілуде.
Сала мамандары сонымен қатар, биыл жалпы ұзындығы 14 шақырымды құрайтын 11 көшеде аяқжол құрылысы салынатынын айтады. Бұл қатарда, «Шымқорған» және «Жаңаталап» тұрғын алабы, «Таскен», «Қызылжар», «Самал-3», «Шаңырақ» шағынауданының тұрғындары жаңа аяқжолдың игілігін сезінетін болады. Бұл үшін қазынадан 101 миллион теңге қаржы бағытталған.
2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму Тұжырымдамасын айқын белгілеп алған Шымкент қаласы үшін республикалық, облыстық маңызы бар күре жолдармен қатар, қала көшелерінің жолдарын да заман талабына сай қайта құру – негізгі міндет. Осы орайда, сала мамандары жауапты істе мердігер мекемелерге жоғары талап қойылатынын айтады.
Қошқар ата бастауынан – жаңа шағынаудан
Пятница, 16 Июнь 2017 05:34Қошқар ата өзенінің бастауында жаңа шағын-аудан салынады. Бұл бағытта өзен маңайындағы ескі үйлерді бұзып, осы ауданды көркейтуге қатысты «Жаңарту» бағдарламасы қабылданған. Құрылыс 2018 жылы басталмақ.
Жаңартылуы тиіс ауданның жалпы көлемі – 29 гектар. Енді Қошқар ата өзенінің оң жағалауындағы 460 нысан сүрілмек. Соның ішінде 420 жекеменшік үй бар. Бұл нысандар сүрілген соң орнына 9 және 12 қабатты 61 үй, балабақша салынады. Ал мұндағы мектеп кеңейтіліп, танымастай өзгереді. Сала мамандары бұл орайда нысандар құрылысы тұрғындарға кедергі келтірмейтінін айтады.
Үйлерді мемлекет мұқтажына алу мәселесі біртіндеп шешіледі. Бұл тұста бірнеше жол қарастырылған. Яғни, бірінші жолы бойынша тұрғындарды уақытша үйлерге көшіріп, құрылыс аяқталған соң бұрынғы үйлерінің ауданымен тең болатын пәтер беріледі. Өзге жолы ретінде тұрғындардың үйлері бағаланып, сатып алынбақ. Енді бұл екі жолды тұрғындардың өздері таңдайды.
Бұған қоса, қазіргі таңда Қошқар ата өзенінің бастауынан Ордабасы алаңына дейінгі сағасын кеңейту жобасы талдануда. Өзен жағасындағы өсіп тұрған ағаштар толық сақталады.
Әбдіғабит Шегебаев: «Әскери борышын өтеуге ниеттілердің қатары артуда»
Пятница, 09 Июнь 2017 05:26Оңтүстік өңірі әскери құрылымдарға, әскери қызметтерге азаматтарды шақыру бойынша ел аумағында үздік үштіктің қатарына енеді. Қазіргі уақытта жазғы оқу кезеңіне өткен әскери құрылымдар қызметінде оқу-жаттығу жиындары жаңа бағытта жүргізілуде. Осы орайда, Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының басшысы, полковник Әбдіғабит Шегебаевпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Әскерге шақырылушылар Отан алдындағы парызын өтеуге қаншалықты дайын? Жастардың белсенділігі мен денсаулығының жарамдылық көрсеткішін қалай бағамдауға болады?
– Отан алдындағы борышын өтеуі тиіс жастардың денсаулығы жарамды, жарамсыз деп медициналық сараптама комиссиясының төрағасы анықтай алады. Облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінен біздің басқармаға жыл сайын қанша жасты әскерге жіберу туралы сұраныс келеді. Сол сұранысқа байланысты басқарма жұмыс атқарады, оның ішінде Қарулы күштер, Шекара қызметі, Ұлттық гвардия, Мемлекеттік күзет қызметі бар. Қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма жастардың денсаулықтарына қарай отырып, осының бәріне сұраныс бойынша жібереді. Шымкент қаласы бүгінде үшінші мегаполис, республикадағы үлкен қалалардың бірі. Сол себепті, біздерге жүктелер талап та қатаң. Нағыз шыныққан, денсаулығы мықты, жан-жақты сауатты, спортпен шұғылданған жігіттер іріктеледі. ҚР Қорғаныс министрлігінің 96-шы бұйрығына сәйкес бізде әскерге шақыру комиссиясы жұмыс істейді. Елбасының өкімі, облыс, қала әкімінің қаулысы шыққаннан кейін әскер қатарына шақыру басталады. Медициналық сараптамадан өткіземіз. Кейбір жастар өткір, сауатты болғанымен денсаулығы жарамсыз болып шығады. Көз аурулары, сосын салмақ өлшемі жетіспеушілігі, одан кейін майтабан аурулары көп. Аға дәрігер бәрін қадағалап өткізеді. Жарамды болса облыстық медкомиссиядан өткеннен кейін ғана қай әскер түріне баратыны нақтыланады. Жастар психолог мамандардың сүзгісінен өтеді. Дегенмен, айта кету керек, жастардың басым бөлігі моральдық жағынан дайын болмай шығады. Психолог оның ішкі жан дүниесіне кірігіп, бәрін білуі керек. Суицид мәселесін жоққа шығара алмаймыз. Бәрін қадағалайтын мамант – психолог. Қорғаныс істері жөніндегі департаментте де, қалалық қорғаныс істері басқармасында да, әскери бөлімде де арнайы психолог штаты бөлінген. Шақырылым кезінде осылардың бәрі біріге жұмыс істейді.
– Әскер қатарына шақырылушыларды медициналық сараптамадан өткізетін медицина мамандарының біліктілігі қандай?
– Арнайы өзінің санаттары бар. Медкомиссияның құрамындағы мүшелер облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарайтын мекемелерден келеді. Басқармамызда жұмыс істеп жатқан дәрігерлердің тәжірибесі мол. 15-20 жылдан бері жұмыс атқарып келе жатқан тәжірибелі мамандар. Жоғары санатты, бірінші санаттағылар. Әр сатылы сұрыптаудан өткен жастар әскер қатарына кеткен кезде дәрігерлер бәріне жауап береді. Қандай да бір ақаумен, денасаулығында кінәраты болып баланы қайтаратын болса, оған қаншама шығын кетеді. Соның бәріне дәрігерлер жауапты. Медициналық сараптамадан қалай өтіп жатқанын соның бәрі тексеріледі. Егер қандай да бір кінәрат табылса заң шеңберінде бізге де жауап беруге тура келеді.
Әскери бөлімдердегі командирдің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына артылар жүк ауыр. Әскери бөлімде де өздерінің психологтары, дәрігерлері бар. Бұрынғыдай емес, қазір қанша сұраныс болса да, сапаға көп көңіл бөлінеді. Әскер қатарына шақырылушы жан-жақты болуы керек. Ата заңымыздың 36-шы бабында «Отанды қорғау – әр азаматтың парызы» деп көрсетілген. Алдын ала үгіт насихат жұмыстары жүргізіледі. Шақырылушылар көп, барамын деп тілек білдірушілер одан да көп. Бірақ соның ішінде көбісінің денсаулығы нашар, сол жағынан ақсап жатады. Жоғары оқу орнында оқитындар оқуын бітіргенше әскери кафедрада білім алады. Олар да қорғаныс істері жөніндегі басқарманың сүзгісінен өткеннен кейін ғана әскери кафедраға түсе алады. 18 бен 27 жас аралығындағы жастарды жылына екі рет шақырамыз. Көктемгі және күзгі шақырылушылар. Одан бөлек жасы 22 мен 27 жас аралығындағы жоғары білімді, орта арнауы оқу орнын бітіргендер әскери техникалық мектепке жіберіледі. Медкомиссия мүшелерінің, психологтың сараптауынан, одан кейін тестілеуден өтеді. Жарамдылығы анықталса, айлық курстарға жібереміз.
– Жасөспірімдер арасында әскери қызметке ынталандыруға қаншалықты көңіл бөлінеді?
– Әскери патриоттық тәрбиені кешенді жүргізіп, оны мектеп оқушыларына кеңінен насихаттау және жасөспірімнің бойына сіңіру – қазіргі уақыттың талабы. Жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында қала мектептерінде «Ерлік сабағын» жүйелі түрде өткізіп тұрамыз. Сол сабақтардың аясында Қарулы Күштердің бүгінгі жағдайы, бағдары, келешегі түсіндіріледі. Нәтижесінде, келешекте әскерге барғысы келетінін айтып, ниет танытқан жасөспірімдердің қатары да арта түсуде.
– Әңгімеңізге рахмет!
Қаланың бас мешітІ – халық игілігіне
Среда, 07 Июнь 2017 06:54
Рамазан айының қасиетті жұма күнінде Шымкенттегі Ордабасы алаңында орналасқан Абдулxамид Қаттани мешіті күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне берілді. Құрылысы 8 айға созылған ғимараттың қасбеті толығымен ақ мәрмәрмен апталыпты. Жаңарған мешітті жамағатқа қайта табыстау үшін қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов салтанатты шараға қатысып, тұрғындарға ізгі лебізін жеткізді.
– Қазіргі таңда Шымкент қаласындағы 103 мешіт тұрғындарға қызмет етеді. Бұл қатарда, қаланың бас мешіті мәртебесіне ие нысанның жөндеу жұмыстары жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен жүзеге асты. Сауапты іске үлес қосқан Дархан Сатыбалды, Әсет Қайыпбеков сынды азаматтарға айтар алғысымыз шексіз, – деп атап өтті Ғабидолла Рахматоллаұлы.
Айта кетейік, құлшылық үйі 1997 жылы бой көтерген. Ұзақ жылдар бойы күрделі жөндеу көрмеген мешіттің ішкі-сыртқы келбеті аздап ескіре бастаған болатын. Осы орайда, мешіт әкімшісі, бас имам Бақдәулет Әбдірахманов мешіт ғимаратын ретке келтіру үшін қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтан көмек сұраған болатын. Игілікті шараға ұйытқы болған шаһар басшысы аталған нысанды күрделі жөндеуден өткізіп беруге уәде еткен. Нәтижесінде, өткен жылдың қазан айында басталған жөндеу жұмыстарын «Сити-Строй» ЖШС жүргізіп, қасиетті Рамазан айында қала тұрғындарының игілігіне берді.
Нысанның ішкі қасбетін әрлеуге арнаулы мешіт безендірумен айналысатын ұсталар Ташкент қаласынан шақырылған. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, мешіт ауласындағы қорған-қоршаулар алынып, сауда-саттықпен айналысатын дүңгіршектер өз қызметін тоқтатыпты.
Мешіттің есік-терезесі, едені, жарық, жылу жүйесі де жаңаланған. Кілем-төсеніштер де ауыстырылды. Енді мұнда 60 кісіге арналған дәретхана да бар. Мешіттегі қабылдау және құран оқу мен әйелдерге арналған бөлме, діни қызметкерлердің залы толығымен соңғы заманауи үлгідегі жаңа жиһаздармен жабдықталды.
Мешіт аумағында 250 орынды асхана мен діни дүкендер де қызметін бастады. Құлшылық үйінде 15 діни қызметкер жұмыс істейді.
Сауд Арабиясына қарасты Қаттани ауылының азаматы Абдул Хамид Қаттанидің демеушілігімен бұл нысанның құрылысы 1995 жылы басталып, 1997 жылғы қарашада пайдалануға берілген. Сол себепті, бұл ғимаратқа осы қайырымды жанның есімі берілген.
Мешіт ғимараты үлкен намаз оқу залы, Құран оқу бөлмесі, имам бөлмесі, наиб имам мен баспасөз хатшысының бөлмесі сынды 7 бөлмеден тұрады. Ішкі сиымдылығы 800 орындық болса, сыртымен қоса есептегенде 2000 адам бір уақытта намаз оқи алады.
Тек, 2006 жылғы шілде айында күмбез жаңартылып, алтын түстес сары металмен қапталды. Елордадағы «Нұр-Астана» және Алматы орталық мешітінен кейінгі елдегі күмбезді мешіттің бірі осы «Абдул Хамид Қаттани» мешіті.
Күмбездің тотықпайтын алтын түстес сары қаңылтыры балық қабыршығының көрінісін білдіретін өрнекпен өрнектелген. Күмбез ішіне «Фатиха» сүресі жазылып, бұған қосымша мешіт михрабының көрінісі бейнеленген. Михрабта «Аятул курси» сүресі өрнектелген.
Мұнда дінімізді насихаттау үшін арнайы кітапхана, дәрісхана бөлмелері жұмыс істейді. Бұдан бөлек, көпшілікке рухани көмек көрсету мақсатында «Сабырлық» бөлмесі ашылған.
Мешіт айналасы электр шамдармен жаңартылып, жеке жылыту газ қондырғысы орнатылған. Ауласында 100 автокөлікке лайықталған арнайы автотұрақ бар.
Мешіт ауласында Діни басқарманың ислам дінін насихаттайтын, арнайы сараптаудан өткен кітаптары мен кітапшалар, қолөнер бұйымдары, ислами тұрғыдағы т.б. да түрлі заттар сататын дүкендер мен қатар, Астанадағы Хазрет Сұлтан мешітінің «Мұмтаз» кафесінің осындағы бір бөлімшесі жұмыс істейді.
Діни басқарма өкілдерінің айтуынша, Тәуелсіздікке дейін ел аумағында 68 ғибадат үйі қызмет еткен болса, бүгінде ҚМДБ-ға қарасты 2500-ден астам мешіт бар. Оның 808-і Оңтүстік өңірінде тіркелген.