«Мен үшін елдің сенімі қымбат»

Среда, 30 Декабрь 2020 04:23

413

Сәкен Майғазиев 1975 жылы 1 қаңтарда Түркістан облысы, Созақ ауданында дүниеге келген. 1993 жылы Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада - цирк колледжінде «Соқпалы аспаптар және эстрада әншісі» бөлімі бойынша, 1997 жылы Т.Жүргенов атындағы «Өнер» академиясының «Эстрада әншісі» бөлімі бойынша білім алған. 2001 жылдан бастап эстрадалық «МузАРТ» тобының мүшесі.
2012-2018 жж Ж.Елебеков атындағы Эстрада және цирк колледжінде ұстаз, 2018-2020 жж. аралығында Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының шығармашылық жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры қызметтерін атқарды.

Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» МКҚК директорының міндетін атқарушы болып жуырда белгілі әнші, ҚР мәдениет қайраткері, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Сәкен Майғазиев тағайындалды.
Шынын айтқанда шымкенттіктер үшін үлкен жаңалықтың біріне айналған бұл тағайындау әлеуметтік желіде де қызу талқыға түсті. Бәрі де Сәкен Майғазиевтің алдағы жоспарлары қандай екенін білуге құмартқанын аңғару қиын емес еді. Біз өз оқырмандарымызға мәселенің мән-жайын жеткізу үшін Сәкен МАЙҒАЗИЕВТІҢ өзімен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

– Сәкен Қордабайұлы, өзіңізді алдымен Шымкентке жаңа қызметке тағайындалуыңызбен мегаполистің бас басылымы «Шымкент келбеті» газетінің ұжымы мен оқырмандары атынан құттықтаймыз!

– Көп рахмет! Газетті жақсы білемін. Бұрын сайттарыңыздан аракідік қарап жүрген болсам, Алла қаласа, енді газеттеріңізді қолға алып, оқып тұрамын.

– Шынын айтқанда сіздің Шымкент қалалық мәдениет үйінің басшылығына тағайындалуыңыз біраз оқырманымызға күтпеген жағдай болғаны рас. Бұл қызметтің тізгінін ұстауға сізге кім ұсыныс жасады? Сіз басқаратын бұл мекеменің негізгі міндеттері қандай? Алдымен осы сұрақтардың жауабын біліп алсақ деп едік...

– Біздің мекеменің ресми атауы – «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» мемлекеттік коммуналдық қазынашылық кәсіпорны. Оқырмандарға түсініктірек айтар болсақ, «Қазақконцерт» ұйымы секілді концерттік бағдарламаларды ұйымдастырушы ұйым.
Осы ұйымды басқаруға мені лайықты көріп, ұсыныс жасағанда шынымды айтсам өзім де таң-тамаша болғаным рас. Әрине үлкен сенім жүгін жүктегені үшін ең алдымен қала әкімі Мұрат Әйтенов, бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, мәдениет басқармасының басшысы Ханзада Есеноваға алғысымды айтамын. Дегенмен, келісуге келгенде біраз ойлануға тура келгенін жасырмаймын. Алдымен анаммен ақылдасу, қабырғаммен кеңесу дегендей, анамның ақ батасын алған соң барып, туған жерді түлетуге, теңізге тамшыдай болсын өз үлесімізді қосуға тырысайын деп шештім. Оның үстіне «Кіндік қаның тамған жерге ащы терің тамсын» деген ұстанымдағы азаматтың бірі болған соң бұл ұсынысты ықыласпен қабылдап, елге аттың басын бұрып отырмыз. Құдайға мың шүкір, шымкенттіктер әуелбастан жатырқамайтын жұрт қой, жатсынбай, керісінше ыстық ниет, кең пейілдерін білдіріп қарсы алып жатыр. Енді сол сенім үдесінен шығып, үміттерін адал жүріп ақтасақ дейміз.
Ал, жаңа қызметке тағайындалған соң әрбір азаматтың өзінің стратегиялық жоспары, жобасы болуға тиісті деп ойлаймын. Кез келген жағдайда «Мен не істей аламын?» деген сауалды іштей өз-өзіме қойып жүретіндіктен Шымкент концерт ұйымына келе салысымен осындағы жігіттермен ақылдасып, бірқатар жобаларды жүзеге асырсақ деп отырмыз. Оны Алла қаласа алдағы кезде шымкенттіктер көріп, өз бағасын беретін болады. Бастысы, «Шымкент концертті» «Қазақконцерт» деңгейіне жеткізсек дейміз.
Өздеріңіз білесіздер, талай сахна саңлақтарын жұртшылыққа танытып, жақындатып жүрген «Қазақконцерттің» деңгейі өте жоғары. Бұл орайда осы ұйымды басқарған ұстазымыз Алтынбек Қоразбаевтан, ұйымның қазіргі басшысы Жеңіс Сейдоллаұлы ағамыздан үлгі алатын тұстарымыз өте көп.
Дәл сондай дәрежеге «Шымкент концертті» де көтерсек, еліміздегі үшінші қала мәртебесіне ие болып отырған шаһардың өзіне тән мәдениетін өзгелерге таныта жүріп, дамытсақ, жаңғыртсақ деген мақсатымыз бар. Қала әкімі Мұрат Әйтеновпен кездесу барысында да бірталай тың жобаларымен таныстым. Шымкентте мәдени-тарихи туризмді дамыту жолында әсіресе, қолөнер шеберлерінің орталығын қалыптастыру, рухани байыта түсетін мәдени іс-шараларды қалыптастыру қажет. Біздің қаламызға келген қонақтар мегаполиске тән мәдениетке тәнті болып кетсе дейміз.

– Сәкен Қордабайұлы, отаншылдық сезім, туған жерді түлету мақсатындағы ізгі ойлар әрине көпті қуантады. Әрі, осындай мақсатты ту етіп Шымкентке келген азаматтар да аз емес. Дей тұрғанмен, талай саңлақтың талантын шыңдауға негіз болған Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы да үлкен мектеп, өнердің ұстаханасы. Қарапайым оқырман үшін сіздің сол академиядағы проректорлық қызметіңіз де жаман орынтақ еместігі анық. Үйреніскен ортаңызды, өнер ордасы Алматыны қиып Шымкентке келу де оңай болмаған болар....

– Мансап қуып, билікті аңсап келген жоқпын. Қаржылай байлық мәселесі де мені қызықтырмайды. Себебі, Аллаға шүкір, өз несібемді адалынан тауып жеп жүргендіктен Құдайдың нәсіп еткеніне қанағатшылмын. Жалпы болмысым жемқорлыққа, парақорлыққа қарсы адаммын. Сондықтан өнер, мәдениет саласында тазалықтың болғанын қалаймын. Концерт дегеннің қалай ұйымдастырылатынын әншіден артық ешкім де білмейді. Өнерге бөлінген қаржы тек өнерді өрістетуге жұмсалуы керек.
Ал, сіз айтып отырған Өнер академиясына да о баста үлкен толғаныспен барған адаммын. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының шығармашылық жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры қызметіне ректор Асхат Максимұлы Маемиров өзі ұсыныс жасап шақырғанда да бір апта ойландым.
Тек Асхат ағамыз «Бимен көркемделген, күймен көмкерілген талай концерттің басы-қасында жүрген азаматсыз, бүгін өнерге аяқ басып жатқан жастардың барлығы болмаса да 50 пайызы сіздерге еліктеп өсіп келеді, Көбі «МузАрт» арқылы эстарадаға қызыққан жастар. Соларға әрі қарай да өз тәжірибеңізбен бөлісіп, бағыт-бағдар беріп тәрбиелесеңіз» деген кезде айтып отырған ұсынысы орынды ғой деп шештім. Әрине, әнші үшін түрлі дайындықтар мен концерттік бағдарламалардың арқасында уақыттың тапшы болуы мұндай жауапты қызметте өз кедергісін келтіретіні жасырын емес. Мұндай кезде де сол Асхат Максимұлының «Үлгеретін адам бәріне де үлгереді. Ал, үлгермеймін деген адам қызметі жоқ болса да ештеңеге үлгермейді» деген сөзі қамшы болды.
Осылайша Өнер академиясында екі жыл абыройлы қызмет атқардым. Шымкентке қызмет ауыстырып кететінімді айтқанда академияның қазіргі ректоры Ахан Жылқышыбайұлы Әбдуәлиев батасын беріп, жақсы тілектерін айтып шығарып салды. Біраз жобаларымызды жүзеге асырдық. Бірқатарына қазір әлемді алаңдатқан вирустық дерт өз кедергісін келтіргені де жасырын емес. Алла енді осы аурудың шипасын беріп, бұрынғыша жаймашуақ қалпымызға оралып жатсақ әлі де жүзеге асыратын жобаларымыз жоқ емес.

– Жаңа қызметке тағайындала салысымен өзіндік жоба, жоспарларымды түзе келдім дедіңіз. Құпия болмаса шымкенттіктер үшін алдағы жобаларыңызбен бөлісе кетсеңіз...

– Әрине, оның аса құпия ештеңесі жоқ. Басты жоспарымыз Ұлыстың Ұлы күні Наурызды жоғары деңгейде атап өту, «Шымкентте өтетін Наурызға міндетті түрде баруым керек» деп қазақтың батысы мен шығысынан ел арнайы келіп, тамашалайтындай концерттік бағдарлама ұйымдастырсақ дейміз. Бір сөзбен айтқанда Наурыз мерекесін өзіне лайық деңгейде тойлау мәселесіне үлкен мән беріп отырмыз.
Айта кету керек, маған Ханзада Әзімханқызының «Белгілі бір жоба ұнамай ма өзгесін ұсын. Ұсындың ба оны жүзеге асыр» деген принципі қатты жігер берді. Наурыз тойды жалпыхалықтық мерекеге айналдыру үшін, ел жыл сайын «Паһ, шіркін Шымкенттің Наурыз тойы-ай?!» деп тамсана айтып жүруі үшін бар күшімізді саламыз деп отырмыз.
Бұдан бөлек, келесі жылы еліміздің ең басты мерекесі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы, Шымкент қаласының 2200 жылдығы, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы сынды бірқадау мерейтойлық іс-шаралар ұйымдастыру жоспарда бар.

– Сөзіңіз аузыңызда, «МузАрттың» 20 жылдығы да 2021 жылдың еншісінде болғалы тұр...

– Иә, ол да бар.

– Қалай десек те көпшілік көрермен сізді «МузАрт» арқылы танып білді. Осы топпен ән әлемінде әйгілі болдыңыз дегенім ғой...

– Көкейіңіздегі сауалды түсіндім. Өз басым «МузАрт» тобын отбасымнан кейінгі орынға қоямын. Аязбидің шапаны сияқты қайдан шыққанымды есіме салып тұру үшін де «МузАрт» көкейде үнемі «ілулі» тұрады. Маған Шымкенттен жаңа қызмет ұсынған кезде де осы «МузАрттың» мерейтойлық концертіне дайындығымыз қалай болатынын алға тартқаным бар. Бірақ, түптеп келгенде мерейтойлық іс-шараларды бір-бірімен байланыстыра отырып, бір өңірді ғана қамтымай, ел болып ұйысып атқаруға болады емес пе?! Мысалы, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы, Мұқағали ағамыздың 90 жылдығымен «МузАрттың» 20 жылдығын байланыстыра отырып, ел амандығын берсе, өңірлерді аралап шымкенттік концерттік бағдарламаны өзге облыстарға да таныстырып, тамашалатып қайтуға болады емес пе?! Жалпы өнер елмен елді татуластыратын, байланыстыратын құрал. Өнер арқылы бар қазақты біртұтас етуге болады. Сырдың жыр сүлейлері, батыстық мақам, Шығыстың шайырлары бәрін бір-бірімен тығыз байланыста ету үшін, бір өңірдің өнерін, бір өңірге насихаттау, әр аймақтың өнерпаздарын өздерінде ғана шектеліп қалмауы үшін, концерттік бағдарламалар жобасын жүзеге асыру жақсы нәтиже береріне сенімдімін.
Ал, қоғамда қалыптасқан бүгінгідей жағдайға да дайын болуымыз керек. Қазір цифрлы қоғам. Бұл орайда да отандық өнім ұсына отырып, арнайы канал ашу, сол арқылы қашықтан, онлайн концерт ұйымдастыру жобасын да ойластырудамыз. Жүзеге асып жатса, бұл да бір үлкен жетістігіміз болғалы тұр.

– Сіз әлеуметтік желі қолданушысы ретінде де өте танымалсыз. Белсенділігіңізден болар «Сәкеннен қымыз», «Аlhadaya қара зере майы» сынды бизнесіңізді де әлеуметтік желі арқылы жақсы біліп отырамыз. «Шымкент концертті» басқару бұл бизнестеріңіздің тоқтап қалуына кедергі келтірмей ме?

– Әлеуметтік желіде 3 млн 700 мыңнан астам оқырманым бар екен. Олардың маған деген сенімі мен үшін қымбат дүние. Олай болса, мен әлеуметтік желі арқылы бір затты жарнамаламас бұрын, оның адам ағзасына қаншалықты пайдалы екенін, әсіресе, балаларға зияны болмауына мұқият мән беремін. Ұстанымым солай. Өзім тексеріп көрмей біреуге ұсынбаймын. Сондықтан да сіз айтып отырған, қымыз, қара зере майы адам ағзасына пайдалы заттар. Денсаулықты жақстартатын отандық өнімдер.
Бизнесімді біраз жылдан бері ұлым басқарып, жүргізіп жүргендіктен, балама толықтай сенім артып отырмыз. Қаржыгер мамандығын меңгерген ұлымыз әрі қарай да бұл бизнестерді дамыта бермек. Ал, жұмыстан тыс уақытта өз оқырмандарыма әлеуметтік желі арқылы жарнама жасасам оның еш сөкеттігі жоқ деп ойлаймын.

– Сәкен Қордабайұлы, газетіміздің оқырмандары үшін айтқан ақжарма әңгімеңіз үшін көп рахмет!

– Сіздерге де табыс тілеймін. Шымкент қаласының мәдениетін дамытуда бірлесіп атқарар ісіміз көп бола берсін.

 DSC7442

Биыл «Адамзаттың Абайы» атанған Ұлы ақынның мол мұрасын жаңғыртқан, өшпес өнегесін дәріптеген, ақынның аманаттай болған өлеңдері арқылы ұрпақтың санасын тағы бір сілкінткен, ой саларлық іс-шаралар ұйымдастырған мерейлі жыл болғаны рас.

Бірқатар өңірлерде хакім Абайға арналған ескерткіштер қойылды. Ескерткіш дегеннен ойға оралады, Шымкент қаласында Абай Құнанбайұлына арнап 1995 жылы ескерткіш орнатылған еді. Ол кезде...
Бәрі де еліміз өз Тәуелсіздігін алған кезеңнен бастау алған-ды. Алдымен Шымкентте үш аудан құрылды. Соның біріне Ұлы Абайдың есімі берілді. Абай ауданындағы кең көше ақын атымен аталып, көркейтілген. Шымкенттегі Абай даңғылы сол жылдардағы көрікті көшелердің бірінен саналатын. Көп ұзамай бұған дейін 25 жыл бойы «Октябрьдің 50 жылдығы» аталып келген саябаққа қазақтың бас ақынының есімін беру туралы ұлт зиялыларының ұсынысы қабыл болып, ҚР Үкіметінің арнайы қаулысы шықты. Бұл 1991 жыл болатын. Одақтық жүйенің құрсауынан енді шыққан жас мемлекет үшін, сол кездегі қала тұрғындары үшін бұл қуанышты жаңалық «Ақ түйенің қарны жарылған күндей» әсер еткені рас.

 

10


–Абай ауданы 1992 жылдың 14 наурызында құрылды. Әлі есімде мені алдымен осы ауданға «глава района» етіп тағайындады. Уақыт өте келе қызметіміз «аудан әкімі болып» өзгерді. Осы ауданды 5 жыл 7 ай басқардым. Аудан құрыла салысымен Абай саябағына Ұлы ақынға ескерткіш қою туралы қала әкіміне ұсыныс жасадық. Ол кезде қала әкімі Сейіт Белгібаев болатын. Зиялы қауымның атынан жазылған
ұсынысымызды әкім қолдап, саябақта алдымен ескерткіштің орнын нақтылап, белгі тас орнаттық. Арада бірнеше жыл өтсе де сол белгі тастың орнына ескерткіш қою ісі кейінге қала берді. Ол кезде елдің экономикалық жағдайы мәз емес еді ғой. Оның үстіне ескерткішке бюджеттен қаржы бөлінбейді. Демеуші болар қалталы азаматтардың да қатары көп емес. Бірақ, солай екен деп қарап отыруға тағы да болмайтынын түсіндім. Аудандағы зауыт басшыларына тікелей шығып, көмектесуін сұрадым. Бұл орайда аудан аумағында орналасқан сол кездегі электр-механикалық, қорғасын зауыты секілді ірі кәсіпорындар мен
«ХХІ-партсьезд» совхозының жігіттері көп қолдау көрсетті, – дейді сол кездегі Абай ауданының әкімі Пернебай Әбубәкіров.
Ескерткіш орнату ісіне білек сыбана кіріскен Пернебай аға шығармашылық топ ұсынған 5-6 жобаны комиссия қарауына бергенін айтады. Көпшіліктің талқылауында қазіргі ескерткіштің сызбасы мақұлданған.
–Абай ескерткішін марқұм досым Дәурен Әлдеков екеуміз жасадық. Жалпы ол екеуміз бірігіп сомдаған ескерткіштердің саны жүзден асады. Соның ішінде әсіресе, Абай
Құнанбайұлына арнаған ескерткіштер көп-ақ. Шымкент қаласында ғана емес, біз орнатқан ескерткіш, бюст Қазығұрт, Жетісай, Шардара аудандарында да бар. Ең сәтті шыққаны деп мен Шардарадағы Абай ескерткішін айтар едім, - дейді мүсінші, Мемлекеттік сыйлықтың иегері
Насыр Рүстемов.
Мүсін авторының айтуынша, Абай ескерткішін жасауға қажетті мысты сол кездегі қорғасын зауытынан алған. Абай ауданының әкімі П.Әбубәкіровтың тікелей араласуымен зауыт осы ескерткіш үшін арнайы металл бөлдірген.
Айта кету керек, сәулет, ескерткіш өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар Насыр Рүстемов пен Дәурен Әлдековтың бірігіп жасаған ескерткіштері өте көп. Шымкентте, қазіргі Шәмші Қалдаяқов көшесіндегі (бұрынғы Ильич көшесі) Ұлы композиторға қойылған ескерткіш, Әлия Молдағұлова көшесіндегі батыр қыздың бейнесі, «Ордабасы» алаңындағы Жер ана монументі, «Қасірет» мемориалдық кешеніндегі әйел-ана бейнесі, Сайрам ауданының орталық алаңындағы Абылайхан, Шәуілдірдегі әл-Фараби ескерткіштері, Қазығұрт ауданындағы Батырлар аллеясындағы мүсіндер осы екі азаматтың еншісіндегі еңбектер.
–Ең алғаш мүсіндеген ескерткішіміз Тараз қаласында тұр. Мұхамед Қайдар Дулатиге арнаған сол ескерткіш әлі күнге көңілімізге ыстық. Жамбыл облысында Бауыржан Момышұлына, Бәйдібек бабаға арнап ескерткіштер орнаттық. Ал, Шымкенттегі «Тәуелсіздік» саябағындағы Тәуелсіздік монументі үшін Елбасы Н.Назарбаевтан мақтау сөз естіп, Мемлекеттік сыйлыққа ие болуымыз көп жылғы еңбегіміздің жемісі дер едім, - дейді Насыр Рүстемов.
Абай ескерткішіне қайта оралатын болсақ, «біткен іске сыншы көп» дегендей түрлі пікірлердің айтылатынын ескерткіш авторы да, оны орнатуға мұрындық болған Пернебай Әубәкіров те жоққа шығармайды. «Ол кезде бастысы Ұлы ақынды ұлықтауға күш салғанымызды, сол арқылы тұрғындардың ұлттық рухын оятқанымызды мақтаныш еттік» дейді олар.
Жалпы Қазақстанда Абай Құнанбайұлына орнатылған ескерткіштер саны аз емес. Әрқайсысы өзіндік кескін-келбетімен ерекше. Мүсіншінің шығармашылығына қарай әрқилы болғанымен қайсібір ескерткіш болмасын елдің рухын көтеретіні рас.
Қазақстанда А.Құнанбайұлына арналған 14 ескерткіш бар.
Ал, Абай атамызға әсіресе шетелдерде мүсін орнатылып жатқанын естігенде тіптен марқаямыз. Мысалы, Өзбекстанның астанасы Ташкентте Абай Құнанбайұлына еңселі ескерткіш бар. Әзербайжанның орталығы Бакуде, Ресейдің астанасы Мәскеуде орнатылған Абай ескерткіші қазақ деген халыққа дара да дана тұлғасы арқылы құрмет көрсетіліп тұрғандай. Бұдан бөлек Стамбулда, Каирде, Будапешт пен Тегеранда, Қытайдың астанасы Бейжіңде, Францияның Ренн қаласында Абай мүсіні көрнекі орындарда ұлтымыздың абыройын асқақтата түсуде.
Лондонда Абай музейі бар. Үндістан, Германия, Украина, тағы басқа елдерде Ұлы ақынға көше аты берілген.
Бұл да болса Ұлы ақынның «Адамзаттың Абайы» атына лайықты құрмет деп білеміз.

Өзекті сауалдар жауапсыз қалмайды

Пятница, 11 Декабрь 2020 04:00

4e3b0f9a0cd6f504f146e761290866df

Осылай деген «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ филиалының мамандары оқырмандардан келген сауалдарға жауап беруге әзір. Редакцияға қоңырау шалып, жолдаған сұрақтарды топтастырып отырмыз. Шымкент қалалық «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ филиалы салымшыға барып қызмет көрсету бөлімінің басшысы Ләззат ДҮЙСЕНОВАНЫҢ жауабын назарларыңызға ұсынамыз.

Лаззат

Сұрақ:
Ләйлім, қала тұрғыны:

–Бірнеше жыл бұрын мен БЖЗҚ-ның ресми сайтындағы Жеке кабинетке тіркелдім. Бірақ біраз уақыттан кейін паролін ұмытып қалдым. Кейінірек телефонымды жоғалтып алып, бұрынғы нөмірімді қайта қалпына келтірмедім. Енді маған Жеке кабинетке кіріп, үзінді көшірмені онлайн режимде қалай алуға болады?

Жауап:
–Жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірмені Сіз ұялы қосымшадан, БЖЗҚ және электронды үкімет сайттарынан көре аласыз. Ол үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамынан алуға болатын электронды цифрлық қолтаңбаның негізгі кілтін пайдалануға болады.
Бұдан басқа, БЖЗҚ автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде тіркелген жекелеген деректемелерді (электрондық мекенжай, ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының телефон нөмірі) сіз ЭЦҚ-ны пайдалана отырып немесе БЖЗҚ кеңселерінің біріне жүгіну арқылы мәселеңізді шеше аласыз.

Сұрақ:
Спабек ЖОЛЖАҚСЫН, зейнеткер:

–Жақында мен 63 жасқа толып, зейнеткер атандым. Бірақ жұмысымды одан әрі жалғастыра беруіме жұмыс беруші қарсы емес. Сіздерден сұрайын дегенім, енді менің жалақымнан міндетті зейнетақы жарналары ұстала бере ме?

Жауап:
–Жоқ, зейнетақы қорына сіздің жалақыңыздан міндетті жарна аударылмайды. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабы 2-тармағының ережелеріне сәйкес зейнеткерлік жасқа толған адамдар БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналарын және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады.

Сұрақ:
Сәндігүл, қала тұрғыны:

–Материалдық жағдайымның ауырлығына байланысты мерзімі өткен және төленбеген екі несием бар еді. Осы қарыздарды менің зейнетақы жинақтарымнан өндіріп ала ала ма?

Жауап:
– Жоқ, өндіріп алу мүмкін емес. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 50-бабының 3-тармағына сәйкес салымшының (алушының) борыштары бойынша міндетті зейнетақы жарналарына, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарына, өсімпұлдарға, зейнетақы активтеріне және
зейнетақы жинақтарына тыйым салуға немесе олардан өндіріп алуға жол берілмейді.
Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 98-бабының 14-тармағына сәйкес өндіріп алу салымшының (алушының) борыштары бойынша зейнетақы жинақтарына қатысты қолданылмайды.

Сұрақ:
Ақжан Байсариева, қала тұрғыны:

– Ағам қайтыс болғаннан бері бір ай мерзім өтті. Біз оның зейнетақы жинақтарын алу үшін қандай құжаттар қажет екенін және нақты қандай қаражат ала алатынымызды білмей отырмыз. Жөн сілтеп жіберсеңіздер...

Жауап:
–«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 50-бабының 5-тармағына сәйкес (бұдан әрі – Заң) алушы, сондай-ақ, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар және Заңның 11-бабының 1-3-тармақтарына сәйкес зейнеткерлік жасқа толмаған адам қайтыс болған жағдайда, оның отбасына не жерлеуді жүзеге асырған адамға БЖЗҚ республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселенген мөлшері шегінде, бірақ жеке зейнетақы шотындағы (бұдан әрі- ЖЗШ) қаражаттан аспайтын мөлшердегі жерлеуге арналған біржолғы төлем төлейді.
Егер жерлеуге арналған біржолғы төлем жүзеге асырылғаннан кейін алушының ЖЗШ-сындағы зейнетақы жинақтарының қалдығы тиісті қаржы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен зейнетақы мөлшерінен аспайтын соманы құраған жағдайда, бұл қалдық жерлеуге арналған төлем ретінде төленеді.
Бұған қоса Заңның ережелерінде БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылатыны айқындалған.
Заңның 34-бабы 9-тармағының 2) тармақшасына сәйкес БЖЗҚ алушыларға зейнетақы төлемдерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асыруға міндетті. Аталған тәртіп, сондай-ақ, қажетті құжаттар тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 02.10.2013 ж. № 1042 қаулысымен бекітілген Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру қағидаларында айқындалған.
Төлем түріне, оларды БЖЗҚ-ға беру тәсіліне (өзі келгенде/пошта байланысы құралдары/үшінші тұлға арқылы жүгінген кезде) байланысты қажетті құжаттардың өзекті тізбесі, оларды ресімдеуге қойылатын талаптар, сондай-ақ, өтініш бланкілері және төлем валютасының түріне қарай оларды толтыру және сенімхат үлгілері www.enpf.kz сілтемесі бойынша БЖЗҚ-ның веб-сайтында орналасқан.

Сұрақ:
Мирас, құрылысшы:

–Коронавирус індетіне байланысты жұмыс берушім біраз уақыт жалақы төлемеді. Егер мен ресми түрде жалданып жұмыс істейтін болсам, алдыңғы айлар үшін міндетті зейнетақы жарналарын өз бетімше аудара аламын ба?

Жауап:
–ҚР қолданыстағы зейнетақы заңнамасына сәйкес міндетті зейнетақы жарналарын салымшылар салымшы агентінің (жұмыс берушінің) аударуы арқылы төлейді. Бұл ретте «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-на аудару арқылы өз пайдасына міндетті зейнетақы жарналарын мына жеке тұлғалар ғана төлей алады:
- жеке кәсіпкерлер;
- жеке нотариустар;
- жеке сот орындаушылары;
- адвокаттар;
- кәсіби медиаторлар;
-азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар;
- бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер.
Осылайша егер сіз жоғарыда аталған тұлғалар санатына жатпасаңыз, онда МЗЖ есебінен қалыптастырылған жеке зейнетақы шотын өз бетіңізше толықтыру мүмкін емес.

ЕЛБАСЫДАН БАТА АЛҒАН НҰРСҰЛТАН

Среда, 09 Декабрь 2020 04:38

5

Шымкенттік Нұрсұлтан Зиябеков Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен екі рет кездесіп, бата алған санаулы жастың бірі.

99Бала кезден өзіне Нұрсұлтан есімі тектен текке қойылмағанын анасынан көп естіп өскен ол Елбасымен кездесуді мектеп қабырғасында жүргенде-ақ армандайтын. Қазақстанның тұңғыш Президентімен жүздесу үшін жақсы оқу керектігін, қай салада болмасын жоғары жетістікке қол жеткізуі қажеттігін мектепте жүріп жақсы түсінген бала Нұрсұлтан бар күшін сапалы білім алуға жұмсайды.

– Газет-журналдардан, теледидардағы жаңалықтардан Нұрсұлтан Назарбаевтың талантты жастармен кездескені туралы ақпараттарды оқып, көрген сайын, мен де сондай боламын, ерте ме кеш пе Елбасымен кездесуге қатысамын деп алдыма мақсат қоятынмын, – дейді Нұрсұлтан Зиябеков.
Асқақ арманы алдамады. Шымкенттегi Қ.Сыпатаев атындағы №7 гимназия мектебiнде жақсы оқыған бала Нұрсұлтан бесінші сыныпты бітіретін жылы халықаралық қазақ-түрiк ерлер лицейiне түсуге бақ сынап көрді. Қатаң іріктеу, арнайы тест тапсыру сынақтарынан сүрінбей өткен ол лицейде білім алумен қатар өзінің қарым-қабілетін жан-жақты сынап көруге мүмкіндік алды. Лицейдегі қоғамдық жұмыстарға белсене қатыса жүріп, болашақта кім болатындығын нақтылай түсті. Талаптың тұлпарына мінген жас 2010 жылы лицейді бітіретін шақта «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-тағы жоғары оқу орындары мен елордадағы Назарбаев университетiне оқуға түсуге бағын сынап көрді. Мақсатына жетіп, екі оқу орнынан да оқуға қабылданғаны туралы хабарлама алғандағы әсері әлі есінде. Әсіресе, әкесі ерте қайтыс болып, бауыры Мейіржан екеуін анасы жалғыз өзі өсіріп, ержеткізгендіктен әзиз жанның үмітін ақтағанына қуанғаны есінен кетпейді.

 

0

 

 

Дегенмен, беделді деген екі оқу орнының бірін таңдауы керек. Бала Нұрсұлтан ел астанасындағы Назарбаев университетiн таңдады.
–Нұрсұлтанның есімін атасы қойған. Қазақ ырымшыл халықпыз ғой. Әр ырымның астарында жақсы ниет жатады. Қайынатамның бұл ниетіне жақсылықтан үміттену, баланың болашағынан зор сенім арту деп қабылдадым. Оның үстіне еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда Нұрсұлтан есімді ұл көбейіп жатты.
Жолдасым жол апатынан қаза тапқанда қос ұлым оң, солын танып та үлгермеген бала еді. Нұрсұлтаным кiшкентайынан алғыр, зерек болып өсті. Өзі қатарлы балалармен салыстырғанда ойы озық, бауырына өте мейірімді. Өз айтқанынан қайтпайтын қайратты бала, – дейдi анасы Әлима Қасымқызы.
Өз мақсатына жетуден аянбайтын Нұрсұлтан білім іздеп шетелге кетпей, Назарбаев Университетін таңдағанына еш өкінген емес.
– Университетімізде шетелден шақырылған профессорлар бiзге жоғары деңгейде бiлiм бердi. Ағылшын тiлiн үйренуге басымдық берiлдi. Бұл әрине жақсы, дегенмен, шетелдiк оқытушыларға біздің елдің тұрмысы, ұлттық салт-дәстүр, мәдениеті таңсық. Оларға неге осыны үйретпеске, мәдениетімізбен таныстырмасқа деген ой келді. Өзім қатарлас студенттерге де рухани байлығымызды насихаттап, қазақстандық патриотизмді тек қазақ тілі арқылы насихаттау керек деп ойладым. Осы ойдың жетегімен студенттік «Сәруар» ұйымын құрдым. Достарыммен бірігіп студенттiк журнал шығардық, – дейдi
Нұрсұлтан Зиябеков.
Бала Нұрсұлтан өз есімі оған зор жауапкершілік жүктейтінін жақсы біледі. Сондықтан да қателікке ұрынбауға тырысып бағады. Ал мектеп жасынан «Елбасымен кездессем екен, «менің атымды атам сіздің құрметіңізге орай қойған» деп айтсам ғой....» деген бала қиялы жүзеге асатын сәт туғанда тіптен қуанды.
– Тұңғыш Президент –
Елбасы Н.Ә.Назарбаев біздің университетке Астана саммитiнен кейiн келiп, студенттерге дәрiс оқыды. Мұндай мерейлi сәт естен әсті шығар ма?! Нұрсұлтан атамыздың әр сөзі есімде. Елбасы студенттерге бiлiмнің мүмкіндіктері туралы, ғылымды дамыту керектігі туралы терең мағыналы әңгіме айтты. Ел жастарына үлкен мүмкіндіктер жасалып отырғанын жеткізді. Тұңғыш Президентіміздің бұл әңгімесі маған қатты әсер етті. Мен ғана емес, кездесуге жиналған жастарға үлкен сенім артылып отырғанын сезінудің зор рух бергені сөзсіз. Әлi есiмде, студенттердің бірі Нұрсұлтан Назарбаевтан «Егер сіз осы оқу орнына түссеңiз қай мамандықты таңдаған болар едiңiз?» деп сұрады. Елбасы өз жауабында кезiнде инженер-металлург мамандығын меңгергенін, егер қазіргі таңда тағы да сол сәттегідей мамандық таңдау мүмкіндігі туса еш ойланбастан қайтадан инженер-металлург мамандығын таңдайтынын айтты. Бұл маған «адам өз мақсатынан айнымау керек. Дұрыс таңдау жасай білу қажет және оған еш өкінбеген жөн» деген ойды санама мықтап енгізуге түрткі болды. Расында да бүгiнгі тұрмыста техникалық мамандықтарға деген зәрулiк басым. Сол себепті де мамандық таңдаушы жастар осы салаға көбірек көңіл бөлсе деймін, – дейді Нұрсұлтан Зиябеков студенттік шақты еске ала отырып.
Ол Елбасымен Назарбаев Университетінде өткен келесі бір кездесуде де биік мінберден сөз сөйлеп, бүгінгі жастардың арман-мұраттары жайлы өз ойын паш етті.
–Бір байқағаным Елбасы жастармен тең дәрежеден пікір алмасады. Бұл мүмкіндік жастардың өз ойын еркін айтуына негіз болады. Білім, ғылым жайында тереңінен ой қозғағанда Елбасының көп оқитыны, қайсыбір сала туралы болмасын көп мағлұмат білетіні аңғарылып тұрады. Елбасы алдында екі рет сөз сөйледім. Екеуінде де пікірімді ыстық ықыласпен қабыл алып, «Өркенің өссін! Қазақстанның болашағы өзіңдей жастардың арқасында жарқын болмақ. Елді дамытуға үлес қоса беріңдер!» деп батасын берді. Жүзінен нұр төгіліп тұрады, – дейдi жас Нұрсұлтан.
Назарбаев Университетін саясаттану және халықаралық қатынастар мамандығы бойынша табысты аяқтаған Нұрсұлтан Зиябеков бүгінде өз кәсібі бойынша жемісті еңбек етіп жүрген жас мамандардың бірі. Өз арманына жету жолында тынбай еңбек етуден жалықпайтын жалынды жастың әлі талай белесті бағындырары сөзсіз. Себебі, оның мақсаты – айқын, талабы – таудай.

Ir5wnMdQ

WhatsApp Image 2020-10-14 at 17.00.20Жаңа 2021 жылдан бастап әлеуметтік төлемдердің мөлшері артады. Бұл туралы ҚР Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің
Шымкент қаласы бойынша департаментінің зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Әнуар ІЛЕСПАЕВ айтып берді.

– Қазақстан Республикасының «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасына сәйкес келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап:
- Айлық есептік көрсеткіш – 2 917 теңге;
- Ең төменгі зейнетақы – 43 272 теңге;
- Ең төменгі төменгі базалық зейнетақы төлемі – 18 524 теңге;
- Күнкөріс деңгейі мөлшері – 34 302 теңге;
- Ең төменгі жалақының мөлшері – 42 500 теңге болып белгіленді.

 

ЗЕЙНЕТАҚЫ – 7%-ға

Сонымен бірге, жаңа жылдан бастап айлық есептік көрсеткіштің және күнкөріс деңгейінің артуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік төлемдердің де мөлшері біршама өзгерді.
- 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемі мен еңбек сіңірген жылдары үшін алып жүрген зейнеткерлердің зейнетақысының негізгі мөлшері - 7 пайызға көбеймек.
Ал зейнетақы төлеміне қосымша төленетін базалық зейнетақы төлемінің мөлшері әрбір азаматтың 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы қорына қатысушы болған кезеңіне сәйкес 18 524 теңгеден 34 302 теңгеге дейінгі аралықта арттырылады.
2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңадан тағайындалатын зейнетақы төлемдерін есептеу үшін, ең жоғарғы орташа айлық табыстың мөлшері 46 айлық есептік көрсеткішпен шектелініп анықталады, яғни, орташа айлық табыс шектеліп 134 182 теңгеден ( АЕК 2917 х 46 =134 182) анықталады.

 

АРНАЙЫ ЖӘРДЕМАҚЫ ШЕ?

Айлық есептік көрсеткіштің 2 917 теңгеге өсуіне байланысты:
№1 тізім бойынша мемлекеттік әлеуметтік төлемдер — 27 479 теңгеге;
№2 тізім бойынша мемлекеттік әлеуметтік төлемдер — 24 445 теңгеге ұлғаяды.

 

unnamed

ЖӘРДЕМАҚЫ 5%-ға АРТАДЫ

Жәрдемақылардың мөлшері, күнкөріс деңгейінің мөлшері өзгеруіне байланысты жаңа жылдан бастап:
Мүгедектердің жәрдемақысы:
І топқа — 65 860 теңгеге;
ІІ топқа — 52 483 теңгеге;
ІІІ топқа — 35 675 теңгеге;
16 жасқа дейінгі мүгедек баланың жәрдемақысы — 48 023 теңгеге артады.
16 жастан асқан мүгедек балаға берілетін жәрдемақы:
І топ — 65 860 теңгеге;
ІІ топ — 54 541 теңгеге;
ІІІ топ — 41 163 көбейеді.
Мүгедек баланы тәрбиелегені үшін — 48 023 теңге;
Бала кезінен І топтағы мүгедек баланың күтімі үшін — 48 023 теңге алады.
Асыраушысынан айырылғандарға:
1 балаға — 29 500 теңге;
2 балаға — 51 110 теңге;
3 балаға — 63 459 теңге ;
4 балаға — 67 232 теңге;
5 балаға — 69 634 теңге ;
6 және одан көп балаға — 72 378 теңге көлемінде жәрдемақы төленеді.
Тұл жетімдер:
- Әрқайсысына бөлек — 40 477 теңге жәрдемақы төленеді.

 

GQL0IPNV

БАЛА КҮТІМІ БОЙЫНША

Бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы мен бала күтімі жөніндегі жәрдемақылар,
- 1, 2 және 3-ші балаға — 110 846 теңгеге;
- 4-ші және одан көп балаға 183 771 теңгеге артады.
1 жасқа дейінгі бала күтіміне:
- 1 балаға — 16 802;
- 2 балаға — 19 865;
- 3 балаға — 22 899;
- 4 және одан көп балаға — 25 962 теңге тағайындалмақ.
Айтпақшы...
Егер жас ана декрет демалысына шықпай тұрып жұмыс істесе, онда 1 жасқа дейінгі бала күтіміне төленетін жәрдемақы мөлшері оның жалақысының мөлшеріне қарай тағайындалады. Бұл мемлекеттік сақтандыру қорынан төленеді.
- 4 және одан да көп баласы бар, көп балалы отбасылардың бала санына қарай жәрдемақы тағайындалды.
4 балаға – 16,03 АЕК = 46 760 теңге;
5 балаға – 20,04 АЕК = 58 457 теңге;
6 балаға – 24,05 АЕК = 70 154 теңге;
7 балаға – 28,06 АЕК = 81 852 теңге;
8 балаға- 2917 АЕК х4=11668х8=93 344 теңге;
9 балаға- 2917 АЕК х4=11668х9=105 012 теңге;
10 балаға- 2917 АЕК х4=11668х10=116 680 теңге;
11 балаға- 2917 АЕК х4=11668х11=128 348 теңге;
12 балаға- 2917 АЕК х4=11668х12=140 016 теңге;
13 балаға- 2917 АЕК х4=11668х13=151 684 теңге;
14 балаға- 2917 АЕК х4=11668х14=163 352 теңге;
15 балаға - 2917 АЕК х4=11668х15=175 020 теңге төленетін болады.
«Алтын алқа», «Күміс алқа» немесе бұрындары «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар – 18 669 теңге көлемінде жәрдемақы алады.

 

200427191212239a3643355i

АРНАУЛЫ МЕМЛЕКЕТТІК ЖӘРДЕМАҚЫ

Кеңес Одағының батырлары мен 3 дәрежелі Даңқ орденінің иегерлері – 404 384 теңге;
Социалистік Еңбек Ері, 3 дәрежелі Еңбек даңқы орденінің иегерлері – 404 384 теңге; «Қазақстанның ғарышкер ұшқышы», «Халық қаһарманы», «Еңбек ерілері» – 404 384 теңге;
Ұлы Отан соғысына қатысушылар – 46 672 теңге;
Ұлы Отан соғысының мүгедектері – 46 672 теңге;
Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілгендер – 18057 теңге;
Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестірілгендер – 22 024 теңге;
Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлер жесірлері – 13 069 теңге;
Қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасыларына – 13 390 теңге;
Қайтыс болған соғыс мүгедектері, соларға теңестірілген мүгедектердің әйелі(ері) – 7 468 теңге;
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы еңбегі үшін – 6 214 теңге;
1988-1989 жыл Чернобыль АЭС-дағы апат зардаптарын жоюға қатысушылар – 14 002 теңге;
Саяси қуғын-сүргін құрбандары, мүгедек немесе зейнеткер болып табылатын – 3 122 теңге;
ҚР ерекше еңбек сіңіргені үшін зейнетақы тағайындалған адамдар – 3 122 теңге;
Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде, Ирактағы халықаралық бітімгершілік пен Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілерге – 14 002 теңге көлемінде арнаулы жәрдемақы төленетін болады.
Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі төлемдерді капиталдандыру кезеңі аяқталғаннан кейін банкроттық салдарынан таратылған заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының азаматтарына ай сайынғы төленетін төлемдері 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 5 пайызға арттырылады.

Сыралғы Сұлтанов

Пятница, 27 Ноябрь 2020 04:27

 DSC2758

немесе «Рэкеттермен» ымырасыз күрескен генерал-майор

Тоқсаныншы жылдардың басы. Оңтүстікте ғана емес бүкіл елде «рэкет» дегендер сайран салып жатқан кез. Кәсіптің көзін тауып, жаңадан бизнес бастағандарға қоқан-лоққы көрсету, тірлігіне тосқауыл болу, «тапқан табыстың тең жартысын бізге бермесең жұмыс істетпейміз» деп бопсалау белең алып жатты. Әсіресе, дәмханаларға барып, мол дастархан жайдырып, ақысын төлемей дәмхана иесін сазға отырғызып кету жиіледі. Онсыз да жүдеу тұрмыс қажытып, жоқ-жұтана жағдай жанға тиіп жатқанда «рэкеттердің» бұл қылығына наразылар бір шара көре алмай отырған билікті кінәлап жатты.

Сұлтановтың идеясы

Сол кездегі облыс әкімі М.Үркімбаев алқалы жиында кәсіп бастағандарға қырғидай тигендерді құрықтай алмай отырған құқық қорғау органдарын сынға алды. Жеңісбай Сұлтанов ол кезде облыстық Ішкі істер Басқармасы басшысының бірінші орынбасары. Қоғамдағы дәл осы келеңсіздікке қарсы күресте қолбайлау болып тұрған мәселелерді тікелей басшысына талай рет айтып, ұсыныс тастап жүрген. Облыс әкімі тарапынан айтылған сын намысына тиді. Өз басшысын көзге ілмей әкімге бар мәселені жайып салу әскери тәртіпке жат қылық. Сұлтанов ыңғайлы сәтті күтті. Тілеуін беріп, еңбек демалысына кеткен басшының орнына, полковник Сұлтанов уақытша міндетін атқарушы болып тағайындалады. Шымбайына батып жүрген мәселені шешудің реті келіп тұрғанын, осы сәтті тиімді пайдалану керектігін түсінген ол бірден облыс әкімінің қабылдауына барады. Ж. Сұлтановты әкім «қолыңнаң не келе қояр дейсің» деп сенімсіздікпен қабылдағаны рас. Дегенмен, облыста белең алған ұйымдасқан қылмысқа тосқауыл қоюдың жоспарын ұсынғанда қолдауға әзір екенін айтады.
–Нақты жоспарды таныстырған соң облыс әкімі ұсынысымды қолдап, арнайы бөлім ашуыма, оған қосымша 25 штат ашып, 4 «Газель» автокөлік алуыма көмектесті,-дейді Жеңісбай Әбдікәрімұлы сол күндерді еске алып.
Айтса айтқандай, бұл бөлім тек сол кездегі ОҚО ішкі істер басқармасында ғана құрылды. Атауы да «Рэкетке тосқауыл қою бөлімі» болды. Кейін ғой, арада екі жылдай уақыт өткенде озық тәжірибе ретінде Сұлтановтың жобасы ҚР ІІМ-де қаралып, Үкіметке ұсынылғаны. Сол кездегі ҚР Премьер министрі С.Терещенко ұсынысты қолдап, өзге облыстарға да осындай арнайы бөлім ашуды міндеттеп, арнайы қаржы бөлдірген. Аты да өзгеріп, ұйымдасқан қылмысқа тосқауыл қою бөлімі болған.
Ал Ж.Сұлтанов өзі қолға алған іске құлшына кірісті. Қылмыскерлерге қарсы аяусыз күрестің нәтижесінде талай серкелер тұзаққа түсе бастады. Екі жылдың ішінде облыс көлеміндегі «Маған заң жүрмейді» деп шіренген, білгенін істеп, тайраңдап келген біраз «авторитет» рэкет темір тордың арғы жағына тоғытылды. Осылайша «Олар полициямен ауыз жаласқан, сондықтан да заңды белден басуда» деген абыройсыз әңгіменің шындыққа жанаспайтынын дәлелдеп, өңірдегі барша погон таққандардың абыройын сақтап қалды.
Әңгіме ыңғайында генералдан:
–Қылмыс әлемінің сіз айтып отырған «серкелері» де оңай азаматтар емес еді ғой, жан-жақтан қысым болған шығар, – деп сұрадым.
–Қайдан оңай болсын? Талай қоқан-лоққыны көрдік қой. Бірақ біздің арнаулы бөлімге кілең өз ісінің нағыз мамандары жиналды. Адал тергеушілер, кезінде спортпен кәсіби шұғылданған шымыр жігіттерді топтастырғанбыз. Әсіресе, «Сайгак», «Черный» атты рэкеттік топтармен күресте табандап тұрып алдық. Заңды бұзды екен, заң алдында жауап беруі керек. Несін жасырамыз, ол кезде полициядағылар да елмен бірдей қиындықты көріп жүрген азаматтар еді. Нанды кезекпен алып, үйінде жылу, газ жоқ, свет жиі өшетін уақытта органдағы жігіттердің де қылмыскерлер ұсынған ақша, байлыққа алдануы бек мүмкін еді. Ұсынған ақшаны малданып, қылмыскерлерге жақтасқандар да болды. Абырой болғанда біздің арнаулы бөлімнің жігіттері мұндай арсыздыққа бармады. Бірінен соң бірі ұсталып, сотталып жатқан «рэкеттеріміздің» «крышалары» «халықты жаппай көшеге шығарамыз. Жолды жауып елді шулатамыз. Саған сол керек болып жүр ме?» деп те хабарласып жатты. Солай жасауға тырысып бақты да. Әлеуметтік жағдайдың нашарлығын айттырып көшеге аналарды, «жалақымыз айлап берілмей жатыр» деп зауыт жұмысшыларын митингіге шығаруға тырысты. Бәрінде де заң аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, арандатушыларды дер кезінде құрықтап отырдық.
Арнаулы бөлімнің адалдығына кесірін тигізген оқиғалар да болмай қалмады. Әсіресе, зардап шегушінің өз арызынан бас тартуы полиция қызметкерлерінің қылмыскерлермен ымырасыз күресуіне кедергі келтірді. Ал, былайғы жұртқа «бізді қамата алмайсыңдар, полицияны сатып алдық» деп өтірік ақпарат таратып, сес көрсету қылмыскерлердің үйреншікті әдетіне айналып бара жатты.
–Осындай оқиғалардың бірі әлі есімде. Ордабасы ауданынан арызданып келген азамат, ала жаздай жер жыртып, картоп, пияз еккенін, мол өнім алған шақта рэкеттердің келіп «табыстың жартысын бізге бересің әйтпесе барлығын тартып аламыз» деп қорқытып жатқанын айтты. Шұғыл шара көру барысында қоқан-лоққы көрсетуші топтың серкесін қолға түсірдік.
–Сіз айтып отырған қылмыс серкесі туралы бүгінгі ел естелік айтқанда халық батыры етіп сипаттайды ғой...
–Менің түсінгенім, полицияны ешкім де жақтырмайды. Себебі, тәртіпке шақырғанды кім ұната қойсын. Оның үстіне әлгі рэкеттің шаруаның табысын тартып алғанынан бөлек, қыз зорлау, кісі өлтіру сияқты ауыр қылмыстары дәлелденді. Жәбірленуші тарапты әбден қорқытып қойғанын жұрт білмейді. Оның үстіне шаруадан зорлықпен тартып алған пияз, картобының төрттен бір бөлігін ауыл-аймақтағы ардагерлерге, тұрмысы нашар отбасыларға бөліп беру арқылы аймақта ұпай жинағаны бар.
Тоқсаныншы жылдардың ауыртпалығы аз болмады. Ұрлық, қарақшылық белең алған қоғамда тәртіп орнату оңай емес еді. Өңір тыныштығын сақтау бұл кезде облыстық ішкі істер басқармасының бастығы болып тағайындалған Ж.Сұлтановтың тікелей бақылуында болды. Түннің жарымында қараңғы көшелермен үйіне қайтып бара жатып Ж.Сұлтанов «мына қараңғы түнектен шығатын кезіміз болар ма екен» дегенді жиі ойлайтын.
–Құдайға шүкір, Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың арқасында біртіндеп еліміз дамып, ауыл, қалалардың жағдайы жақсарып, көшелер жарықтанды ғой.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресіп, қоғамдық тәртіпті нығайтуда көрсеткен ерен еңбегі үшін Жеңісбай Сұлтановқа 1995 жылдың сәуір айында ҚР Президентінің Жарлығымен генерал-майор шені берілді.
Шымкент қалалық ішкі істер басқармасы жайғасқан ғимараттың да кезінде дәл осы генерал Сұлтановтың табандылығы арқасында мемлекет меншігіне қайтарылғанын бүгінгі полицейлер мақтанышпен айтады. Заңсыз жекешеленіп кеткен зәулім ғимараттарды қайтару ісінде 1996 жылы Ж.Сұлтанов тағы да ымырасыз күрес бастайды. Жоғары сотқа дейін барып, өз талабының заңды екенін дәлелдеп шығады. Сол кезде ғой, Ішкі істер министрлігіндегі әріптестерінің «осы сіз жүрген жер неге у да шу, соттасу болып кетеді» дейтіні. Жеке басының мүддесі үшін емес, елдің ортақ мүлкі үшін болған соттасулар.

«Балаға қатысты қылмысты кешіре алмаймын»

Жеңісбек аға Сұлтанов Түлкібас ауданы Шақпақ ата ауылында туған. Генералдың балалық шағындағы естен кетпес естелігі өте көп. Дегенмен, мына бір оқиға есінен кетпейді.
–Мектепке де бармаған кезім. Кешкі апақ-сапақ шақ. Малды ауылдың кеші белгілі ғой. Ауыл адамдары өрістен қайтқан малды жайғап жатқан. Балаға қарайтын адам жоқ. Ауылдың ортасын кесіп өтетін үлкен жолдың бойында ойнап жүргенмін. Алыстан екі есекке мінгескен адамдар көрінді. Бірінде туысқан апам Мапия, екінші есекте менімен қатарлас Ілес пен Алтынбек. Олар Майлыкент ауылынан келе жатты. Менің тұсыма келгенде апам «Біздің ауылға барасың ба?» деді. Ауылда өзім қатарлы бала аз. Есекке мінгескен Ілес пен Алтынбекке қызығып та тұрмын. «Барамын» дедім. Жаздыкүні болған соң мәйкішеңмін. Мапия апам мені есегіне мінгізіп ала жөнелді. Оның үйі Машатта болатын. Сонау 1400 метр биіктіктегі таудың басындағы ауылға жетеміз дегенше түн болды. Жолай «Қызыл құдық» аталатын құдықтан су ішіп, нан жеп алдық. Не керек мені әке-шешем бір апта бойына ауыл аймақты іздеп таппай шарқ ұрған ғой. Мен Мапия апамның үйінде жүре бергенмін. Бір күні әкемнің ағасының әйелі – апам келе жатыр. Мені көре сала атының басын қайырып, «мұны әкесі шарқ ұрып іздеп жүр ғой, мен барып сүйінші сұрайын» деп кетіп қалды. Осы кезде барып, Мапия апамның күйеуі Нияз атам мән-жайды түсінді де «баланы неге рұқсатсыз алып кеттің?» деп дүрсе қоя берді. Әкем Әбдікәрім ауылдық кеңестің төрағасы. Ауыл-аймаққа құрметті адам. Жеңгесінен хабар естісе кеп қалатыны белгілі. Нияз атам мен Мапия апам енді бір сәт дастархан қамына кірісіп кеткен. Мал сойып, көкемнен кешірім сұрамақшы. Көп ұзамайды ақбозатына мінген көкем де көрінді. Келді де ләм-мим деместен мені алдына отырғызып алып, кете барды. Мапия апам да, Нияз атам да аңтарылған күйі қалды. Көкем үнсіз келе жатты. Ұзақ жол. Бір кезде басыма тамшы су тамғандай болды. Басымды көтеріп әкеме қарасам көзінен жас тамып келеді. Бала болсам да сол кезде бір апта бойына баласын іздеген әкемнің жан дүниесінің астан-кестеңі шыққанын үнсіз түсіндім. Мұндай кездегі анамның не күй кешкені айтпаса да белгілі.
Бала күнімдегі осы бір жағдай маған қатты әсер еткені сонша, қоғамда кездесетін балаға қатысты зорлық-зомбылық, баланы ұрып-соғу, ұрлап кету оқиғаларына кінәлі қылмыскерлердің ісін еш ақтай алмаймын. «Білместік, қателесу» деген факторларды ескергім келмейді.
Жеңісбай Әбдікәрімұлы бір әке-шешеден жеті ағайынды. Бүгінде өзінің ұл-қыздары, немерелерінен бөлек, бауырларының бала-шағасы мен жиендеріне қамқоршы үлкен әулеттің басиесі.

Полиция мектебін түлетті

Генерал-майор Жеңісбай Сұлтанов 1997-2002 жылдар аралығында ҚР ІІМ Шымкент заң колледжінің бастығы болды. Осы жылдар ішінде білікті полиция қызметкерлерін дайындау ісінде колледж ұстаздарынан үлкен жауапкершілік талап етілді. Колледжге Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлының есімін беру, батырға еңселі ескерткіш орнату ісі де дәл осы Сұлтановтың кезінде жүзеге асқан игілікті іс еді. Өзі де білімін шыңдай түсіп, заң ғылымдары бойынша докторлық еңбегін қорғады. Шымкенттегі бірқатар жоғары оқу орындарында да «Қылмыстық процесс» пәнінен дәріс беретін Сұлтановтың лекциясына студенттер қызыға қатысатын.
–Полиция қызметкері ең алдымен өз мамандығын шексіз сүйетін азамат болуы керек. Сонда ғана өз мамандығына кір келтірмеуге тырысатын болады.
Сұлтановтың ұстанымы осындай.

Генерал ашқан кәсіп

Зейнеткерлік демалысқа шыққан соң да генерал үйде қарап отыра алмады. Қолынан келсе ел экономикасының дамуына үлес қосуды, ауылдастарына жұмыс көзі болатын кәсіп ашуды мақсат тұтты. Онысына жетті де. Бүгінде Сұлтанов басшылық ететін «Gold Aluminium» ЖШС өңірдегі ең мақтаулы кәсіпорындардың бірі. Бұл орайда Жеңісбай Сұлтановқа о бастағы алғашқы мамандығы химия-технологиясы саласының инженер-механигі біліктілігі көп септігін тигізді. ҚазХТИ-ді бітірген соң 1968 жылы Ж.Сұлтанов сол кездегі Гурьевтегі химия зауытында еңбек еткен. Сонда жинаған тәжірибесі зая кетпеді.
2017 жылы өңірге жасаған іс сапары барысында Елбасы Н.Назарбаев дәл осы «Gold Aluminium» зауытының жұмысымен танысып, жылы лебізін білдірді. Альюминиден жасалатын құрылыс материалдарының түр-түрін жасап шығаратын зауыт өнімдері жоғары сұранысқа ие.
Ал туған ауданындағы Күмісбастау ауылында бөтелкеленген ауыз су цехын ашу арқылы ауылдастарын жұмыспен қамтып отырғаны тағы бар.
Бұдан бөлек, Жеңісбай Сұлтанов 2003 жылдан бері облыстық Аңшылар және балықшылар қоғамы Басқармасының төрағасы. Басқарманы бұған дейін басқарған азаматтан мұрагерлікке қалған қаншама қарыздарды жауып, жекешеленіп кеткен ғимараттарды сот шешімімен қоғам меншігіне қайтару жұмыстары да Сұлтановтың табандылығының арқасында жүзеге асқан іс болды.
Ж.Сұлтановтың ішкі істер органындағы болсын, бүгінгі кәсіпкерлік саласындағы болсын ерен еңбегі мемлекеттік деңгейде еленуде. Оған талай марапаттары дәлел. Соның бірі 2017 жылы Президент Жарлығымен Жеңісбай Сұлтановқа «Құрмет» ордені табыс етілді.
Былайғы жұрт біле бермейтін тағы бір қыры, генералдың жазушылық та қабілеті бар. Генералдың қаламынан туған «Белес, белес, бел екен...» , «Қазақстан полигондары» атты кітаптары оқырман тарапынан үлкен құрметке ие болған, белгілі қаламгерлер мақтау айтқан шығармалар.
Осының бәрі де «ұрпағыма ұлағатты сөз қалдырсам, өскелең жастар тәлім-тәрбие алса екен» деген мақсаттан туған игі істер. Ж.Сұлтановтың жақыны көп. Бүгінде жетпіс бес жасқа толып отырған Жеңісбай ағаның жақсыға жаттығы жоқ. «Жақсы жүрген жеріне кент болар», «Жақсының жақыны көп болар» дегеніміз осы шығар...

 DSC2435

немесе оны Санкт-Петербургтен арнайы іздеп келетіндер бар

Етікшіге адам еріккенінен бармайды ғой. Мен де сөйттім. Әжептеуір теңгеге алған етігім таза былғарыдан болғанымен, ішіндегі қаптама астарлы матасы синтетика аралас болып шықты. Аяққа ауа өткізбейді, қысады. Киіп көріп алғанмын. Шап-шақ секілді еді... Ойыма етікші Әлішер ағай орала кетті. Өз ісінің нағыз шебері. Ол кісіні танығалы 15 жыл болыпты. Осы уақыт аралығында алдына қанша рет барғанымды санап бере алмаспын. Өзімнің де, бала-шағаның да аяқкиімін жөндетуге тек осы шеберге ғана келемін.

...Аяқкиім шеберіне келген бейтаныс бойжеткен етігі балтырын қысатынын айтып, оны етікшіге ұсынып жатты.
–Тастап кетіңіз, тапсырыс көбейіп тұр...
–Тастай алмаймын, кешке пойызға мінуім керек. Бұл жаққа апайымдікіне қонаққа келгенмін. Мен Питерде тұрамын ғой.
–Қай жақта?
Әлішер ағай екеуміздің даусымыз қосарлана шықты.
–Санкт-Петербургте. Шымкентте тұратын анамды былтыр қолыма көшіріп алдым. Сол кісі қоймады. «Ақыры Шымкентке бара жатырсың, Әлішер деген шебер бар. Мына етікті соған апар, сол ғана көңілдегідей жөндеп береді» деп.
–Питерлеріңізде етікші жоқ па?
Бейтаныс бойжеткенге әлі де тандана қарап тұрмын.
–Бар ғой, апардым бірнешеуіне. Бәрі де «одан да жаңасын сатып ала салыңыз» дейді. Етігім онша ескі емес, тек қонышының тарлығы болмаса...
Әлішер ағай өзге тапсырыстарын тастай сала, алыстан келген қонақ қыздың өтінішін орындауға кірісіп кетті.
Етікші Әлішер Хаджиметов Шымкентте туып-өскен. Қаладағы Ұлықбек атындағы мектепті бітірген. Әскерге барғанша дүкенде сатушының көмекшісі болып еңбек етіпті. Сосын, армияға кеткен. Отан алдындағы борышын өтеп оралғанда «Заря» аяқкиім фабрикасына жұмысшы қабылдап жатқанын естиді. Бұл кез фабриканың аты дүрілдеп тұрған шақ. Аяқкиім өндірісіндегі нағыз шеберлердің мектебінен өткен Әлішер аға ерлер аяқкиімін тігу цехында алдымен үйренуші болып жүріп, ақырында осы цехтың белді қызметшісіне айналады. Тоқсаныншы жылдардың басындағы экономикалық тоқырау тұсында «Заря» фабрикасы да жабылған еді. Әлішер сынды талай шебер өз күнін өзі көруге ұмтылған кезең. Кәсібін ауыстырып, басқа саладан нәпақа тауып кеткендер де аз емес. Бірақ, Әлішер Октамұлы аяқкиім тігуден ажырағысы келмеді. Нәсібін осы кәсіптен айыруды мақсат тұтқан ол бастапқыда өзгелердің иелігіндегі шеберханада жұмыс істеп жүрді. Уақыт өте келе шын шебердің ісіне тәнті болған клиенттер көбейді. Шеберханаға кіргендердің бәрі аяқкиімін тек Әлішерге сеніп тапсырып жүрді. Ойлана келе ол өз алдына шеберхана ашуды жөн көрді. Үйреншікті клиенттері жетерлік. Тек ерінбесе болғаны.
...Әлішер ағайдың шеберханасының табалдырығын аттай сала «Ой, Әлішер батыр, қалайсың?! Құда-жекжатыма асыққандай асығып жеттім ғой, саған ауылдан» деп даудырай сөйлеген қария етікшінің қолын қыса амандасып жатты.
–Мынаны "адам" етіп жөндеп берші...
Қария пакеттен тозып кеткен бәтеңкені шығарды. Тозғаны аздай бәтеңкенің бес батпан қатып қалған лайынан тұмсығы да көрінбейді.
–"Адам" ете алмаймын, бірақ киюге жарамды етіп берейін.
–Өй, сенің қолыңа тисе, «тіріліп» шығатынын білем ғой тамтығы қалмаған аяқкиімнің де...
–Ауылыңызға су келді ме? Әлішер ағай қарияға қулана езу тартты. Әзілінің астарын ұғып тұрмын. Ал қария сол самбырлаған қалпы:
–Келді ғой. Колхоздың суын ұмыттық. Колонканы таудың суына жалғады. Су өшпейді қазір, – деп қолын сермеп қойды.
–Еее, таудың суы мұздай болады ғой. Сол себептен екен дә мына бәтеңкенің лайын жуа алмай жүргеніңіз...
Мысқылын сыпайы әзілмен жеткізген етікшінің сөзінің астарын енді түсінген қария қарқылдап күліп жіберді.
–Балалар малға киеді. Сүйретіп әкеп тастай салады сосын... – деп ақталып қояды.
«Мал қораға киіп жүрген, әбден «сілесі қатқан» бәтеңкені қалай жөндемекші?» деп ойлап қоям. Тар туфлиімді кеңейтіп беруді өтініп келген кезім ғой. Әлішер ағай оның қалыпта бір-екі күн тұратынын айтқан соң кетіп қалғанмын. Алып кететін күні шеберханасына кіре сала өз туфлиімді сұраудан бұрын, «өткендегі атаның лай бәтеңкесін жөндедіңіз бе?» дедім.
–Иә, міне, келіп әкетуі керек еді, – деп қасында тұрған бәтеңкені көрсеткенде таң қалдым. Бес батпан лайдан тазарғаны былай тұрсын, өткендегі мыжырайған бәтеңкені басқа аяқкиімге ауыстырып қойғандай.
Таңданысымды байқады білем, Әлішер шебер «Ееее, ең бастысы ерінбеу керек қой. Ерінбесең бәрін де жасауға болады» деді. Рас-ау, ерінсе етікші болар ма?
Көзіме бір топылай оттай басылды. Менің әріптесімнің аяқкиіміне қатты ұқсайды екен. Өткенде ғана, «кеңейіп кетті, жүрсем салпылдап аяғымнан түсіп қала жаздайды» деп көрсеткені бар еді туфлиін. Дегенмен, мынаның алқымының бауы бар екен. Әлгіні айналдыра қарап, әріптес құрбымның туфлиіне қатты ұқсайтынын айтқаным сол, Әлішер ағай «сол, сонікі» деді жымиып. Қалайша? Оның мынадай ілмек бауы жоқ еді ғой?! «Аяғына салпылдап кең болғасын осылай ілмек бау жасап бердім. Енді түспейді». Міне,
нағыз өз кәсібінің шебері. Жоқтан бар жасап отыр.
Дәл осы кәсібімен Әлішер аға отбасын асырап келеді. Үш ұл, екі қызды үйлі баранды етіп, немере сүйіп, ата атанған.
–Менің күйеуімді бүкіл Шымкент таниды десем болады, – дейді келіншегі Мұхаддас апай мақтанышпен. – Себебі Әлішер әка ешкімге «мынауың жөндеуге келмейді» деп айтпайды ғой. Түкке алғысыз аяқкиімнің өзін кәдеге жаратып жасап береді.
Онысы рас. Шеберханасында неше түрлі аяқкиім бар. Жылдап жатқандары қаншама.
–Жөндеп қойсаңыз, неге әкетпейді?
–Ұмытып та кеткен шығар. Жарай ма, жарамай ма, көрерсің... деп екіұдай оймен әкеп тастағандары да бар арасында. Жөндеп қойғанымнан хабарсыз шығар. Бір күні іздеп кеп қала ма деп, жинап қоямын. Бір жыл емес, екі үш жылдан соң есіне түсіп, «туфлиімді тастап кеткен едім ғой» деп кеп тұратындар да бар, - дейді Әлішер ағай сабырлы қалпынан танбай.
Ол өзі туралы айтуға өте сараң адам. Суыртпақтап жүріп әзер сыр алғандайсың.
–Аяқкиіміне қарап иесін тануға болатын шығар, я? – деймін өте сабырлы етікшіні әңгімеге тартып.
–Мүмкін... Ұқыпты кисе бір аяқкиімді ұзақ киюге болады ғой. Көбісі аяқкиімге қытайдың жақпа майын сүйкейді. Қандай аяқкиім кремі болса да оны әбден теріге сіңдіріп щеткалау керек. Бір жағып жылтырата салған болмайды, жағылған кремді сіңдіріп әбден ысқыласа аяқкиім тозбайды. Әйтпесе, үсті үстіне жағылған май тоң болып, етіктің бетінде белдеу-белдеу сызық түсіп, сол аралықтан қиылып кетуі де ғажап емес.
Шын шеберден алар кеңес аз емес. «Көйлек-көншегіңізге қалай күтім жасасаңыз, аяқкиімді де солай жуып, сүртіп, кептіріп, майлап күтім жасап жүрген абзал» дейді етікші ағай.
Өз кәсібін жан тәнімен сүйетін етікші Әлішер Хаджиметовтың шеберлігіне тәнті болғандар оның Қырғы базарға қарсы беттегі шеберханасын жарты қаланы айналса да, іздеп тауып келеді. Бәлкім, «Етікшіні балға мен бізі асырайды» дегеніміз осы шығар...

 DSC7373

Шымкентте жолаушылар тасымалдау ісіне тың жаңалық енгені белгілі. Қарашаның 9-ынан бастап автобустарда «Төлем» электронды билет жүйесі жүзеге асуда. Осыған байланысты тұрғындар тарапынан түрлі сұрақтар туындап, түсіндіруді қажет ететін мәселелер бас көтеруде. Редакцияға да хабарласып, көкейдегі сауалдарын жолдап жатқан оқырман көп. Сол сұрақтарды топтастыра отырып, мәселенің мән-жайын айтып беру үшін қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мұхтар ҚОҚАНБАЕВТАН өтінген едік. Оқырмандар сұрағына сала маманы жауап берді.

Сұрақ:
Сарбиназ ЖАНҰЗАҚОВА, қала тұрғыны:
–«Төлем» картасын табу қиын болып тұр. Автобус жүргізушісі немесе контролердің сатуына мүмкіндік жасалса екен. Сондай-ақ, студенттер үшін бұрынғысынша жолақыға жеңілдік жасала ма? Жалпы «Төлем» картасын сатып алуға асықпаңдар» деген де сөздерді естіп жүрміз. Бұл қаншалықты анық ақпарат?
Жауап:
– Автобустарда «Төлем» картасымен жүргендердің қатары күн сайын артып келеді. Бұл жолаушылар тасымалы ісінде тәртіп орнату үшін қолға алынған жоба. Өздеріңізге белгілі тұрғындар тарапынан ең көп арыз-шағым дәл осы жолаушылар тасымалына қатысты болып келді. Ендігі жерде жаңа жоба жолаушыға ыңғайлы жағдай жасауға, әрі бұл саладағы көлеңкелі бизнестің жолын кесуге бағытталып отыр. Иә, расымен де, осы аптаның басында автобустардағы арнайы қондырғының уақытша істен шығуына байланысты туындаған қиындықтардан жолаушылар біраз әбігерге түсті. Дегенмен, бұл мәселе дер кезінде шешілді. Қазір автобустарда «Төлем» қондырғысы толық жұмыс істеп тұр.
Жүйедегі мұндай техникалық ақауларға байланысты орын алған жағдайларда «Төлемі» бар жолаушылардан жолкіре үшін 70 теңге алынуда. Ал, «Төлем» картасы жоқ жолаушылар алдын ала хабарланып, ескертілгеніндей 100 теңгеден төлеуге тиісті.
Сондай-ақ, оқушылар, студенттер және тегін жүретін санаттағы жолаушылар бұрынғысынша студенттік картаны немесе кітапшасын көрсету арқылы жеңілдікпен жүре алады. Бұл баға тарифтік жүйе толық іске асқанша сақталады.

Азамат ЖӘДІГЕРҰЛЫ, қала тұрғыны:
– Автобустағы аппарат істемесе «Төлем» карточкасы барларға 70 теңге деп еді. Дегенмен, кейбір автобустарда кондукторлар 100 теңге талап етуде. Мұның дұрыс еместігін дәлелдейтін қаулы ма, құжат па бар ма? Кондукторларға көрсетіп, өз құқығымызды қорғайтын.
Жауап:
–Техникалық ақау болған жағдайда картаңыз болса, 70 теңге төлейсіз. Бұл барлық автобус жүргізушілеріне ескертілген. Егер, бұл талапқа бағынбаған жағдайда сол автобустың бағыты мен нөмірін жазып алып, басқармаға хабарлап айтуыңызға болады.
Сұрақ:
Әнипа АЙТУҒАНОВА, қала тұрғыны:
–«Төлем» картасына ақшаны қалай салуға болады?
Жауап:
–«Каспи голд» қосымшасы немесе Qiwi терминал арқылы баланс салып толықтыруға болады.
Сұрақ:
Асылхан ТӘУІРХАНҰЛЫ, қала тұрғыны:
–Карта қанша тұрады? Ішіне ақша салған соң бір рет болса да автобуспен қатынау жеңілдігі қарастырылған деп естіп едім. Сол рас па?
Жауап:
– Карта құны – 500 теңге. Сол картамен бір рет жол жүру ақысы тегін. Бір автобустан екінші автобусқа бір сағаттың ішінде ауысқан жағдайда «Төлем» картасымен төлеген кезде бір-ақ рет жолақы алу мәселесі қарастырылуда. Алдағы кезде бұл жаңалықпен бөлісетін боламыз.
Сұрақ:
Сара ШАНШАРОВА, көпбалалы ана:
– Мектеп оқушылары үшін арнайы карта бар дейді. Оны қалай, қайдан аламыз? «Көпбалалы аналарға картаны тегін береді» деген әңгіме рас па?
Жауап:
– Телеграм желісінде «Электронное билетирование» деген бот-жүйе бар. Сол жерге өтінім беру арқылы немесе ХҚКО (ЦОН) жүгінуіңізге болады. Көпбалалы аналарға тегін жүру мүмкіндігі өкінішке орай қарастырылмаған.
Сұрақ:
Сабырхан ТАСТАНОВ:
–«Төлем» картасын қолдануға мәслихат депутаттары тарапынан келісім болды ма?
Жауап:
– Жолаушылар тасымалдау ісінде «Төлем» жүйесін қолдану туралы ұсынысты Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары қолдап, мәслихаттың 2020 жылғы 12 маусымдағы 65/579-6с шешімімен келісілген. Жүйенің енгізілуі заң аясында жүзеге асырылуда.
Сұрақ:
Аида Насырова:
– Оқушылар мен студенттерден де 100 теңге талап етіп, төлемеген жолаушыларды түсіріп жіберген кондукторларды әлеуметтік желіде байқап жатырмыз. Ондай кезде не істей аламыз?
Жауап:
– Міндетті түрде транспорт басқармасына немесе «Төлем» жүйесінің кеңсесіне, автобустарда ілулі тұрған тасымалдаушы компания басшылығына хабарласып, мән-жайды жеткізуді сұраймыз. Сонымен қатар, мамандар әлеуметтік желіде де ұдайы мониторинг жүргізіп, сауалдарға жауап беріп отыр. @transport.shym немесе @tolemcard.kz инстаграм желісіне автобус пен маршрут номерін және видеосын жолдасаңыздар болады. Ондай дөрекі, жалған ақпарат тарататын кондукторларға шара көреміз.
Сұрақ:
Аида ЕРҒАЛИҚЫЗЫ:
– Жүйе қашан толық жүзеге асады?
Жауап:
– О баста бұл жобада сараланған тарифті қолданып, тұрғындарды толық картамен қамтамасыз ету жоспарланған. Дегенмен оқушылар мен студенттердің қашықтан оқуына байланысты, карталарды әзірлеу уақыт алуда. Сондай-ақ, аппараттардағы байланыс жүйесінде кедергілер кезігуде. Бұл мәселе таяу күндері толық шешіледі. Техникалық мәселелер шешілген бойда, толық енгізілетін болады.
Сұрақ:
Нұртөре ӘЛІШЕР, қала тұрғыны:
– Осы жобаны жүзеге асыру үшін мемлекеттен қанша қаржы бөлінді?
Жауап:
– «Төлем» жүйесін енгізу үшін мемлекеттен ешқандай қаржы бөлінбеді. Жобан жеке инвестор, «КазСмартТранс» ЖШС компаниясы өз қаражатына жүзеге асыруда.

Страница 5 из 8