Шымкент ірі агломерацияға айналады
Пятница, 10 Ноябрь 2017 04:25Бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Бақтыбай Дүйсебеков мәлім етті.
Шымкент қаласының халқы саны күн санап артып келеді. Қазіргі таңда Шымкент агломерациясының аумағы 1573,5 мың гектарға жеткен. Сондай-ақ, жақын маңдағы ірі аудан орталықтары мен қалалар арасындағы қарым-қатынас жақындай түсуде. Аумағында 1,8 миллион адам, 367 елдімекен орналасқан. Оған 9 қала, аудандар кіреді. Болжам бойынша 2020 жылға қарай Шымкент агломерациясы халқының саны 185093 адамға немесе 10,3 % артып, 1986087 адамды құрайды деп күтілуде. Осыған орай, қала ішіндегі кедергілерді азайтып, кішігірім қалалардың қарқынды дамуы үшін Шымкент агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы әзірленді.
Схема аралық (2020 жыл) және есептік (2030 жыл) жобалау мерзімдеріне аумақтың қала құрылысын перспективалы дамытудың жобалық ұсыныстарын қамтиды. Оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй, газ, электр жүйелері секілді инфрақұрылымды кешенді дамыту шаралары бар.
– Жоба бойынша оңтүстік бағытта – Сарыағаш қаласы, батыс бағытында – Арыс қаласы, шығыс бағытында – Т. Рысқұлов селосы контрмагниттік рөлі бар әкімшілік орталықтары ретінде анықталды. Ал серіктес елді мекендерге Леңгір, Ақсу, Қазығұрт, Бадам, Темірлан, Төрткүл, Шаян аудан, қалалары енді. Бұл жерлерде өмір сүруге қолайлы жағдай жасалып, одан әрі дамыту шаралары жүргізіледі, – деді Бақтыбай Елікұлы.
Айта кетейік, Шымкент агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасын әзірлеуші Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің Республикалық мемлекеттік қала құрылысын жоспарлау және кадастр орталығы.
«Шымкент медресе колледжі» – имандылық ұясы
Среда, 08 Ноябрь 2017 05:30Бүгінде елімізде имамдар, қарилардың жетіспеушілігі – жиі айтылатын мәселе. Ауылдық жерлердегі мешіттерде имамдар, Рамазан айында хатым түсіретін қарилардың тапшылығы байқалып, оларды Өзбекстан, Қырғызстан секілді көрші елдерден шақырып жататынымыз бар. Сонымен қатар, діни сауатсыздықтың салдарынан түрлі ағымдардың жетегінде кетіп жатқандар қатары көбейді. Қазір бұл мәселелер ақырындап өз шешімін тауып келеді. Осы бағытта қарқынды жұмыс атқарып жүрген мекеменің бірі– «Шымкент медресе коллледжі». Осы оқу орнында екі мамандықты қатар игеріп жатқан болашақ имам, әрі қари Рүстем Сүлейменовпен сұхбаттасқан едік.
– Рүстем, алдымен осы «Шымкент медресе коллледжі» жайлы айтып өтсеңіз. Түлектер қандай маман иесі болып шығады?
– «Шымкент медресе коллледжінің» тарихы тереңде. Бастапқыда Қазақ-Араб оқу орны, кейін медресе болды. Былтырдан бастап колледж атауын иеленіп, шәкірттерді 9 сыныптан кейін қабылдай бастады. Жалпы, оқу орны 1997 жылдан бастап қызмет етеді. Колледждің ұлдар бөлімінде 180-ге жуық, қыздар бөлімінде 100-ден аса шәкірт бар. 11 сыныпты бітіріп келгендер 2 жыл 10 ай, 9 сыныпты бітіргендер 3 жыл 10 ай оқиды. Осы жылдан бастап 16 мың теңге шамасында шәкіртақы тағайындалды. Бітіріп шыққандар имам және исламтанушы мамандығын алады.
Жалпы колледжде имам немесе ұстаз боламын деп емес, өзім үшін, діни сауатымды арттырып, руханиятымды байытуға келемін дейтін адамдар да бар. Бұл жерге келгендер міндетті түрде дін қызметкері болуы шарт емес.
Сонымен қатар, медресемізге теріс ағым жетегінде кеткен азаматтар да келіп, білім алады.
Медресе жыл сайын 3 ай демалыста жазғы лагерлер ұйымдастырады. Мен де осында келгенімде жақсы әсер алып, 2015 жылы оқуға түстім.
– Бүкіл Құранды жаттап алғаныңызды білеміз. Жалпы, қасиетті кітабымызды оңай әрі тез жаттаудың жолы қандай?
– 15 жасымда қари атанғанмын. Қазір 20-мын. Құранды жаттаудың түрі көп. Қазір көпшілік қолданып жүрген түрі – түрікше жаттау. Ол – айналым әдісі деп аталады. Мұнда әр параны (30 пара бар. Әрқайсысы 20 беттен тұрады) соңынан жаттауға ден қойылады. Қазір көпшілік осы тәсілмен жақсы жетістікке жетіп жатыр.
Құранды тез жаттау адамның қабілетіне де байланысты. Мәселен, үйренуді бірдей бастаған 10 баланың төртеуі ғана соңына дейін жеткізеді. Оның түрлі себептері бар. Бірі, ауырып қалдым десе, біреуі, сабырым жетпей жатыр дейді.
Бір ұстаздың айтқаны бар еді: «Сабырың жетсе қари боласың» деген. Ол Құран жаттаған кезде сағаттап бір жерде тапжылмай отыруға байланысты айтылған сөз.
– Кейде жаттағандарын ұмытып кететін қариларды кездестіріп жатамыз. Мұның себебі неде?
– Ұмытып кететіндердің негізгі себебі – қайталамау. Одан бөлек жаттаудың түріне байланысты. Санақ деген әдіс бар. Жаттаған кезде 99 рет санайды. Ал біреулер ойша санайды. Есте сақтау қабілеті жақсылары 10-15 минут қарап, 20 рет қайталайды. Солай ойда қалып кетеді.
Бір айта кетерлігі, жаман нәрселерге көп қарау да жаттау қабілетін нашарлатады. Көздің нұры да кетеді. Жалпы адамның жаттау қабілеті жаттаған сайын ашылады. Бір бетті жаттап үйреніп қалсаңыз, біраз уақыттан кейін екі-үш бетті оңай жаттайсыз.
– Жыл сайын ораза кезінде Қырғызстан, Өзбекстаннан қариларды алдыртып жатамыз...
– Оның негізгі себебі, имандылыққа баулыған үгіт-насихаттың аздығы деп білемін. Құран жаттаудың сауабын көбірек айту керек. Сонда жастарда қызығушылық пайда болады. Ал кішкене балалардың есте сақтау қабілеті жақсы.
– Бізде қариларға қандай да бір арнайы көмек көрсетіле ме?
– Ондайды естімедім. Бұл бір жағынан риякершілік те болатын секілді. Біздің елде қанша қарилар бар екені де нақты емес. Түркияда қариларды арнайы сынақтан өткізіп сертификат береді. Ал бізде ондай жоқ. Сол үшін де біздегі қарилар саны белгісіз.
Мәселен, Шымкенттегі «Ықылас» қариларды дайындау орталығынан биыл 10 қари шығыпты. Оның барлығы да бірдей діни қызмет тауып кетпейді. Осы уақытқа дейін 500 қари шыққан болса, соның 40-қа жуығы ғана қари болып жүруі мүмкін. Көбісінің есінен шығып кетеді.
– «Көп Құран кәрім оқитындар бар, Құран кәрім бұларға лағынет айтады» деген хадис бар. Бұл кімдер үшін айтылған?
– Бұл Құранды оқып оған амал етпегендер жайлы айтылады. Мәселен, Құранда «Зинаға жақындамаңдар» дейді. Ал сен оны жасасаң, бойынсұнбасаң біліп тұрып істеген боласың.
Осы жерде айтып өтейін, Құранды бастан аяқ жаттап алғандарды Хафыз дейді. Ал құранды оқушыларды қари деп айтады. Қари деген сөздің аудармасы – оқушы деген мағына береді. Орта Азияда қари сөзі көп тарағандықтан, бізде де осылай кеңінен қолданылып кетті.
– Рахмет!
Сұхбаттасқан
Сапарғали Қанат
Қоғамдық көліктерге GPS орнатылады
Среда, 08 Ноябрь 2017 04:45Қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай қоғамдық көлік компанияларының басшыларымен кездесті.
Жиында қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев қоғамдық көлік мәселесі бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, бірқатар компанияларда қоғамдық көліктерді бақылап отыратын GPS орнатылмаған. Аталған мәселеге жауапты компания басшылары бір апта ішінде олқылықтардың орнын толтыруға уәде берді.
– GPS барлық автобустарда орнатылуы керек. Біз ол арқылы әрбір қоғамдық көлікті бақылап отырамыз. Егер құрылғыңыз істемей қалса жұмысыңыз көрінбей қалады. Сондықтан, бұл мәселені ертерек түзету керек. Бұзылғандарын жөндеп, жаңасын сатып алуға бір апта уақыт беріледі, – деді Қ.Нұртай.
Сондай-ақ, жиын барысында қоғамдық көліктердегі билет бермеу, жүргізушілердің жол ережесін бұзуы, аялдамаға тоқтамау, кондукторлардың айқайлауы секілді мәселелер де талқыланды.
Іс-шара соңында әкім орынбасары компания басшыларына бірқатар міндеттер жүктеп, нақты тапсырмалар берді.
Qos’ keldin’, qazaq a’lipbi’i!
Пятница, 03 Ноябрь 2017 06:06
Жаңадан бой көтеріп жатқан «Шымкент СИТИ» қалашығы аумағында латын әліпбиін қолдау мақсатында «Qos’ keldin’, qazaq a’lipbi’i!» мерекелік іс-шарасы өтті. Оған қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, қала тұрғындары және 3000-ға жуық оқушы қатысты.
– Латын әліпбиі қазақ тілін әлемдік деңгейге шығарып, ұлттық санамыздың жаңғыруына жол ашады, – деді Қ. Нұртай.
«Шымкентсити» – бұл жаңа қалашық. Мұнда 70 мың тұрғынға арналған көпқабатты тұрғынүйлер бой көтереді. Аумағы 427 гектар. Іс-шара барысында оқушылар «Шымкентситидің» жаңа төселген тас жолына латын қаріптерін бейнеледі. Сонымен қатар, жас қылқалам шеберлерінің туындылары қойылып, флешмоб ұйымдастырылды.
Қалалық мәслихат жүлдесіне арналған турнир
Пятница, 03 Ноябрь 2017 05:25«Локомотив» стадионында футболдан 2006-2007 жылы туған жасөспірімдер арасында Шымкент қалалық мәслихатының жүлдесіне арналған дәстүрлі халықаралық турнир басталды.
Дүбірлі доданың ашылу салтанатында қалалық мәслихаттың хатшысы Нұрлан Бекназаров қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Мінекей, керемет ауа райында қалалық мәслихаттың дәстүрлі турнирі бастау алғалы тұр. Осы жарысқа қатысып жатқан түрлі облыстан, өзге елдерден келген футболшыларға, жаттықтырушыларына алғысымызды айтамыз. Ешқандай жарақатсыз, жеңімпаз командалармен жабылу салтанатында кездесейік, – деді Н.Бекназаров.
Бас-аяғы бір аптаға жоспарланған жарыста Ақтөбе, Астана, Талдықорған, Қызылорда, Тараз өңірлерінен сондай-ақ, көршілес елдерден келген футболшылар бақ сынауда.
Айта кетейік, турнир 1-8 қараша аралығында, «Локомотив» және Сайрам ауданының екі алаңында өтеді.
Шымқаланың жаңаруы: жоспардан нақты іске
Среда, 01 Ноябрь 2017 08:41Жақында облыстық сәулет және құрылыс басқармасының басшысы Еркін Жүсіпов облыс аймағында және Шымкент қаласында жүргізіліп жатқан құрылыс барысымен таныстырған болатын. Жоспар бойынша қалада жаңа әуежай, аймақты барлайтын «Қарауылтөбе», «Шымкент Арена» спорт сарайы секілді ғимараттар бой көтереді. Сондай-ақ, 40 қабаттан тұратын «Шымкент тәжі» тұрғын үйінің нобайы дайындалған.
Шымкентте биік ғимараттардан гөрі жер үйлердің саны көп екені белгілі. Мегаполис стандарттарына сәйкес қалаларда көпқабатты ғимараттар басым болуы керек. Қытайдың Чунцин қаласында 30 миллионнан астам тұрғын бар. Мамандар бұл мегаполистің таяу жылдары халық өсімі бойынша Токиоға жетуі мүмкін екенін айтады. Өйткені, мұнда урбанизация өте жылдам өріс алуда. Ал ауылдық жұртшылықты қалаға тез қоныстандырудың ең тиімді жолы – баспанамен қамтамасыз ету. Чунцин тау мен өзеннің маңында орналасқандықтан көпқабатты үйлер тек жоғары қарай өсуде. Мысалы, австралиялық компания «Belt Collins» Цзянбэй ауданында бар жоғы 76 шаршы метр аумақта саябағы бар тұрғын үй салуда. Жоспар бойынша онда 800 мың адам қоныстанады.
Шымшаһарда да көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы қызу жүріп жатыр. Кейбіреулері аяқталып та қалған. Мәселен, қаладағы Әкімшілік іскерлік орталығы маңындағы жаңадан бой көтерген зәулім тұрғынүйлер қаламыздың көркін ашып тұр. Қазірдің өзінде ол жаққа халық қоныстануды бастап кетті. Аумағы – 280 гектар. Ал «Шымкент ситиде» 403 гектарға 9, 12, 16 қабатты тұрғын үйлердің құрылысы қызу жүріп жатыр. Онда 70 мыңға таяу халық өмір сүреді деп күтілуде. 62 гектар аумақта үлкен саябақ және 7 мектеп салынады.
Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Шымшаһарда жер үйлердің көптігін және олардың қала көркін бұзып тұрғанын айтқан болатын. Мәліметтерге сүйенсек, Шымкентте 2042 тұрғын үй бар. Бұл – қалалықтардың 39,3 пайызы. Ал жер үйлер саны – 217 мың. Қазіргі таңда пәтер алу үшін кезекте тұрған адам саны – 87 214. Осы өзекті мәселелерді шешу мақсатында бірқатар бағдарламалар әзірленіп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
– Қала әкімінің тапсырмасы бойынша «Жаңарту 2017-2021» бағдарламасы аясында Қошқар ата өзенінің бас жағына жаңа аудан түседі. Онда 420 ескі үй бұзылып, орнына 61 көпқабатты тұрғын үй салынады. 600 орындық мектеп, 320 орындық балабақша, сонымен қатар 30-ға жуық коммерциялық нысандар бой көтереді, – дейді Шымкент қаласы сәулет және қала құрылысы бөлім басшысының орынбасары Жеңіс Байымбетов.
Зәулім ғимараттарды салып қана қоймай оның сапасына да мән беру керек. Әлемнің ең ірі мегаполистерінде төбесі көк тіреген ғимараттар көп-ақ. Алайда, болмашы табиғат апаттары мен техникалық ақаулардың салдарынан қирап, талай адамның өмірін қиғанын білеміз. Осындай жағдайларды ескеріп Шымкентте жаңадан салынып жатқан ғимараттарды арнайы сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, «Тұран» шағынауданында бой көтерген нысан сейсмологиялық зерттеуден өтті. Сынақ қорытындысы бойынша ғимарат 7 балдық сілкініске төтеп берген.
Германияның Гамбург қаласында «HafenCity» деген жоғары оқу орны бар. Онда сәулетші, инженер, геоматика, қалалық дизайн және мегаполис мәдениеті мамандарын оқытады. Олардың басты міндеті – қаланың экологиясы, ғимарат құрылыстары секілді салаларды дамыту. Студенттер білім ордасында түрлі жобалар дайындап, үлкен қалалар мен мегаполистерде жүзеге асырады. Шымқаланың келбетін бұдан да көркейте түсу үшін осындай мамандарды дайындау – заман талабы.
– Жаңа ғимараттар салу үшін алдымен сәулетшілерден ұсыныс болуы керек. «Мынадай жерлерді алсақ, осындай нысандар саламыз» деген. Соған қарай жер қатынастары бөлімі жер бөліп, құжаттарды дайындайды. Бас жоспарға сәйкес, қазір барлық аудандарда қай жерде мектеп, қай жерге дүкен салынатыны белгіленіп қойған, – дейді ОҚО құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ербол Ахметов.
Қала зәулім ғимаратымен көрікті. Менмұндалаған мұнаралар қала тұрғындарына саясын түсіріп, дауыл, желдерден қорғап тұруы керек. Алдағы уақытта макеттен көрген ғимараттар нобайын шынайы өмірімізде тамашалайтын күннің келеріне сенейік.
Ерекше көлік жуу орны ашылды
Среда, 01 Ноябрь 2017 08:37Қала тұрғындары бұдан былай өз көліктерін өздері жуа алады. Темірлан тас жолы мен Б.Алпысбаев көшесі қиылысында ашылған бұл ерекше қызмет түрі әсіресе көпқабатты үй тұрғындарына тиімді болып отыр.
Автоматтандырылған құрылғының суын 1 минут пайдалану үшін 100 теңге төлейсіз. Бір көлікке шамамен 300-400 теңге кетеді екен. Көбік пен арнайы балауыз шашудың 50 секунды – 100 теңге. Ал шаңсорғыштың бағасы 100 теңге (2,50 мин).
– Мен бұл жерге алғаш рет келіп тұрмын. Көлігімді өзге орындарда 2000-2500 теңгеге жуады. Мына жерде арзан. Судың ағыны да жақсы екен. Енді кептіретін қызметін қосса тіпті жақсы болар еді, – дейді қала тұрғыны Қалижан Алесов.
Көлік жуу орнының иесі Александр Гондаренконың айтуынша, бұл жерге жүк көліктері де келіп жуа алады. Бірінші рет келіп жатқандарға осындағы арнайы қызметкерлер көмек көрсетеді. Сондай-ақ, күн салқындай бастағанда жылы су және еден жылытқыш құрылғысы қосылады.
Айта кетейік, көлік жуу орны тәулік бойы, демалыссыз істейді.
Жаңа спорт алаңшасы ашылды
Среда, 01 Ноябрь 2017 08:05
Ақпан Батыр атындағы №10 жалпы орта мектебінде жаңа спорт алаңшасы ашылды. Салтанатты шараға мектеп директоры, ата-аналар, жергілікті тұрғындар қатысты.
Бұл оқушылардың көптен күткен алаңшасы. Аталған оқу орны бұрын ер балаларға арналған спорт мектебі болған. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлжан Бегалиева алдағы уақытта осы мектептен мықты спортшылар шығады деген үмітте.