Ұстаз болу – жүректің батырлығы...

Среда, 17 Август 2022 05:02 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 900 раз

Ұстаз деген – ерекше тұлға, дара шың,
Ұмытылмастай көңілде мәңгі қалатын.
Ұстаз деген – аяулы адам, асыл жан,
Шәкірт көңілінде мәңгі күн боп жайнап, жанатын...

315

 

Осы өлең жолдарынан ұлағатты ұстаз, марқұм Қаншагүл апайдың бейнесін көргендейміз. Біреудің табиғаты – ұстаз, біреудің кәсібі – ұстаздық.
Алғашқысы – туа бітті ұстаз, соңғысы – жүре келе қалыптасқан ұстаз. Ал Қаншагүл Бекназарқызы осының алғашқысына жататыны сөзсіз еді.

Шымкент қаласындағы №68 жалпы орта білім беретін мектеп ұжымы ауыр қазаға душар болды. 2022 жылғы 11 маусымда 64 жасқа қараған шағында облысқа педагогикалық еңбегімен, жан-жақтылығымен танылған биология пәнінің мұғалімі, еліміздің оқу-ағарту ісінің үздігі Балажанова
Қаншагүл Бекназарқызы өмірден озды... Ол 40 жыл ұстаздық қызметте табысты еңбек етіп, бүгінде түрлі салада жүрген шәкірттерді тәрбиеледі.
1958 жылы 20 қарашада Ордабасы ауданы, Бөген елді мекенінде дүниеге келген ол 1976 жылы Алматы қаласындағы Киров университетінің түлегі атанып, еңбек жолын қарапайым ұстаздықтан бастады. 1981 жылы М.Әуезов атындағы орта мектепте өзінің ұстаздық қызметін бастады. 1992 жылдан бастап №68 жалпы орта мектепте бастауыш сынып және биология пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеп жүрді. Осы мектепте 1992-2006 жылдары директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Химия-биология бiрлестiгiндегi мұғалiмдердi, оқушыларды ғылыми жоба жұмыстарға дайындады, мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсетіп, тәлімгер бола білді.
Биология пәні апталығы кезінде биология пәнінің ғылыми тұрғыдан мәнін ашуда әрі оқушыларға кәсіби бағдар беру мақсатында қала көлемінен дәрігерлерді, ғылыми кызметкерлердi апталықтарға шақырып, кездесулер ұйымдастырып отыратын. Мысалы, облыстық аурухананың ортопед дәрiгерi А. Сопбеков, хайуанаттар бағының ғылыми қызметкері С.Қойлыбаев, қалалық қан құю станциясының дәрiгерi Т.Аблаевтар кездесуге келiп, тақырып бойынша косымша деректер берiп, оқушылардың медицинаға деген қызығушылығын арттырды. Қаншагүл
Бекназарқызы «Биология және ұлттық дүниетаным» тақырыбында өзiнiң еңбектерiн жинақтап, тәжірбиесiн бөлісті.
Бүкіл ғұмырын ұстаздыққа арнаған Қаншагүл апайдың егемен еліміздің ертеңін ойлар білімді де саналы, Отанын, туған жерін, ұлтын сүйетін ұлтжанды парасатты азаматтар тәрбиелеуде еңбегі орасан зор.
Тәлім-тәрбие – ата-анадан, оқу-білім – ұстаздан. Осы екеуі сәйкес келсе, талай ұрпақтың жұлдызы жанып, мәртебесі биіктейді. Сол себепті, ұстаз білгенін үйретуші ғана емес, тұла бойы тұнған өнеге болуы тиіс. Осындай өнегелі ұстаздардың бірі болып, барша әріптестерінің жүрегінен орын алған
Қаншагүл апай үлкен не кіші деп адам таңдамай, кез келген адамды әңгімеге тартып, көркем мінезімен тез баурап алатын қасиеті бар, қолынан келгенше жоқ-жұтаңға көмек көрсетіп, қамқорлық таныта білген адам.
Ұстаздықтың ең биік шыңын көрсет десе, мұғалім бола жүріп мемлекеттік наградалармен марапатталған, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын алған, тиісті дәрежеде өз еңбегінің еленген жемісін, нәтижесін көрген ұстазды айтатын шығармыз. Осы орайда өз еңбегін адал атқарып қана қоймай, сол тұрғылықты елді мекенде Ыбырай атамыз сияқты сыйлы, еліне елеулі, халқына қалаулы, әрбір түтіннің қалай тұтанып отырғанын, оның бала-шағасының жай-күйін терең білетін, сонымен бірге мемлекеттік білім беру стандартын оқушысына меңгертіп қана қоймай, оған жол көрсете білетін ұстаздардың бірі де бірегейі – №68 жалпы орта мектептің ардагер ұстазы Балажанова Қаншагүл Бекназарқызы еді.
ҰБТ тапсырудың алғашқы жылдарында тест нұсқалары жинағы сирек шығатын, сол кездері апайымыз әр тақырып пен тарауға тест құрастырып, оны қолмен жазып келіп, әр оқушыдан қорытынды тест алатын. Соның нәтижесі болар, мектебіміздің химия-биология пәндері бірлестігінің мұғалімдері бірге, ынтымақта жұмыс істеді. Нәтижесінде медицина мамандығына қызығушылық танытып, ұлттық бірыңғай тестілеуде оң нәтиже көрсеткен оқушылар көп болды. Қаншагүл Бекназарқызы – педагогикалық әрекетте шеберлікке жеткен ұстаз. Тәжірибесін бақылай және талдай алатын, туындаған жағдайға байланысты аса бір педагогикалық сезімталдықпен жылдам да тапқыр, әрі дәл шешімдер қабылдай білетін жан еді.
2014 жылы Шымкент педагогикалық институтының оқытушыларымен бірге студенттер мен жоғары сынып оқушыларына арнап «Зоопсихология» оқулығын жазды. Осындай дара тұлғаның еңбегі білім мекемесінде де еленбей, ескерілмей қалған жоқ. Еңбек жолында қалалық, облыстық білім бөлімдерінің көптеген алғыс хаты, құрмет грамотасымен марапатталса, тағы бірде «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгісін иеленді. Ұлағатты ұстаз Қаншагүл Балажанованы 2017 жылы ұжым зейнетке шығарып салса, 2018 жылы №68 мектепте ардагер ұстаз құрметіне биология-лабораториялық дәрісхана ашылды.
Әл-Фарабидің мына сөзі еске түседі: «Ұстаз... жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жақсану дегенді білмейтін батыл, ер жүрек болуы керек»... Байқасаңыз, бұл сөздер
Қаншагүл апайға арналып айтылғандай... Ұстазбын дейтін адам ғұмырының жартысынан астам уақытын мектепте өткізіп, қазақ балаларының білімді әрі озық ойлы болуына атсалысқан Қаншагүл апайдың ізімен жүрсе, мамандығын жан-тәнімен сүйсе екен дейсің.
Зымыраған уақыт... Апайымыздың қайтқанына да қырық күннен асыпты. Анасын жоқтаған ұл-қыздарына өзі қызмет еткен №68 орта мектеп ұжымы атынан қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.
Жүйткіген жүйріктей, аққан жұлдыздай зулап өтіп жатқан уақыт-ай. Арамызда жүрген жақсы адам өмірден өтіп кетсе де көңілден ешқашан өшпек емес. Оның соңында ұстанымы жақсы ұрпақ, қабырғаны қайыстырған қимастық пен Алатаудай сағыныш қалады.
О бастан өлмек айқын. Бұл пәниде темір өзекті пенде жоқ. Өлмес адам елде жоқ. Өлімнен өтер өткел де жоқ. Дегенмен, төрге шықса – төбедей, төбеге шықса – төредей, жақын мен алысты бірдей, тең көрген, елінің жігері, қоғамның тірегі бола білген зейнеткер ұстазымыз
Балажанова Қаншагүл Бекназарқызын өлімге қию да, енді арамызда жоқ дегенге сену де қиынның қиыны. Албырт жүректі, алмас мінезді, сөйлесе сөздің шешені, бастаса көптің көсеміндей болған ұстаз анамыздың арамызда жоқтығы көңілге мұң ұялатып тұрғаны.
Ана үшін балаларының бақыты мен халық игілігі үшін еңбек етуден артық бақыт бар ма? Қай кезде де алып жүректі аналар текті жерден шығады. Асыл ұстаздың бейнесі жүрек төрінен мәңгі кетпейтіні хақ дей отырып, жаныңыз жәннатта болсын дейміз.

Гүлнұр Піржанова,
Шымкент қаласы
№68 жалпы орта мектептің директоры

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.