ҚАЗАНҒА НЕ САЛСАҢ, ШӨМІШІҢЕ СОЛ ІЛІНЕР Избранное

Среда, 17 Август 2022 04:38 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1169 раз

Шымкент заманауи мегаполиске айналып келе жатқанымен, шаһарда ауыл шаруашылығы жерлері де өте көп. Жақында қала әкіміне есеп берген Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыровтың айтуынша, биыл 30 мың гектар алқапқа егін салынған. Жалпы, аграрлық саладағы жетістіктерді ешкім жоққа шығара алмайды. Себебі, басқарманың мәліметі бойынша, 2022 жылдың бірінші жарты жылдығында Шымкенттегі ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемі 114.4 миллион АҚШ долларын құраған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 23.3 миллион АҚШ долларына артқан. Ал салаға тартылған инвестицияның көлемі 3.6 миллиард теңгені құрап отыр.

311

 

Дегенмен, қаладағы егістік алқаптың басым көпшілігін бидай, арпа мен мақсары секілді мал азығы болатын дақылдар құрап отыр. Мамандардың айтуынша, Шымкенттің маңында бидайдың өнімділігі гектарына орташа 12-14 центнерден аспайды. Сәйкесінше, бидай еккен диқан гектарынан әрі кетсе 100-150 АҚШ доллары көлеміндей ғана пайда табуы мүмкін. Ал сол 30 мың гектар кең алқаптың ең болмаса оннан бір бөлігіне қарқынды бау егілсе, оның әр гектарынан 10-12 мың АҚШ долларына дейін табыс табуға болар еді.
Бүгінде Қазақстанда бау-бақша шаруашылығын қолдау үшін көшет алудан бастап, жабдық сатып алуға дейінгі барлық шығындарға мемлекеттік бюджеттен субсидия беру қарастырылған. Осының нәтижесінде бүгінде Шымкент қаласында да қарқынды бау еккен шаруа қожалықтарының қатары көбейіп келеді. Қазір қала аумағында 150 гектардан астам осындай бау бар. Солардың бірі – Шымкент қаласы Алтынтөбе тұрғын алабында орналасқан «Керемет сапа» шаруа қожалығының бауы.

304

 

– Бұл бау 2017 жылы егілген. Мұндағы 5 гектар аумақта 16 270 түп көшет отырғызылған. Дұрыс күтімнің нәтижесінде көшеттердің 97 пайызы ілініп, өсіп кетті. Қазір өнім беріп тұр. Жалпы, біздің бауда алманың «Голден делишес», «Гренни смит», «Фуджи» және «Пинк леди» деген төрт түрі егілген. Бұлардың барлығы күзде пісетін сұрыптар болып саналады. Яғни, мұның бәрі тасымалдауға шыдамды, қысқа сақтауға жарайтын алмалар, – дейді шаруа қожалығының агрономы Айдос Сәдуақасов.
Оның айтуынша, алма өсіру оңай шаруа емес. Ағашқа жүйелі, дұрыс күтім жасалмаса, ол ауруға шалдығып, өнім бермей қалады екен.
– Ең алдымен, бауды егуден бұрын топырақты арнайы зертханаға жіберіп, оның құрамын зерттеуден өткіздік. Бұл топырақтың құрамында қандай микроэлементтер жетіспейтінін көрсетіп берді. Зерттеудің қорытындысын біз тыңайтқыштар беретін кезде пайдаланамыз. Яғни, топырақта ағашқа қажет элементтердің қайсысы тапшы болса, құрамында сол элементі көп тыңайтқышты таңдап аламыз. Әсіресе, темір, қорғасын, бор мен мыс сияқты элементтер мен дәрумендерді шашып тұрған пайдалы. Бұл, бір жағынан, өнімділіктің жоғары болуына әсер етсе, екінші жағынан алманың дәмді әрі экологиялық тұрғыда таза болуына әсер етеді, – дейді кейіпкеріміз.
Агрономның сөзіне сүйенсек, тыңайтқыш беруден бөлек, алманы түрлі аурулардан қорғаудың маңызы зор. Әсіресе, бактериялы күйік пен фитофтороз деген аурулар жиі кездеседі. Сондай-ақ, өнімді түрлі зиянкестерден қорғауға да айрықша назар аудару керек екен.
– Қарқынды бауда өнімділіктің жоғары болатын себебі – мұнда тамшылатып суару әдісі қолданылады. Тамшылап тұрған су жерге терең сіңіп, оның төменгі қыртыстарына дейін ылғалдандырады. Ал арықпен жүгіріп ішкен су топырақтың беткі қабатын ғана ылғалдандырады. Содан кейін ағаштың бойын тым биіктетпей, басын қырқып отыру керек. Сонда оның діңі жуандап, өнімі көбейе түседі, – дейді А.Сәдуақасов.
Бауда қатар-қатар егілген алманың әр қатарына темір бағандар орнатылып, арматурамен керме жасалған, ал оның үсті тормен жабылған екен. Мұның сырын бізге шаруашылықтың
агрономы түсіндіріп айтып берді. Тамшылатып суарылғандықтан, ағаштың түбі үнемі ылғал, жер қыртысы жұмсақ болады. Қатты жел тұрса немесе көп жеміс салса, ағаш құлап қалуы мүмкін. Сондықтан ағаштың бәрі әлгі кермеге таңып қойылған. Әрі осы керменің бойымен тамшылатып суару жүйесінің түтіктері жүргізілген.
– Ал тордың пайдасы өте көп. Біріншіден, алма енді түйнеп жатқан кезде бұршақ жауып кетуі мүмкін. Ондай жағдайда жемістің бәрі көктей жерге төгіліп қалады. Ал мына тор бұршақтан қорғап қалады. Екіншіден, кешегі шілде айында 50 градусқа дейін аптап ыстық болды. Мұндай қатты ыстық та бауға зиянын тигізбей қоймайды. Тордың көлеңкесінде ауа температурасы сырттағыға қарағанда 6-8 градусқа төмен болады. Ал күзге қарай бұл тор пісіп тұрған алманы құстардың шұқып, бүлдіріп тастауынан қорғайды. Ең бастысы, баудың үстіне құрамында токсинді элементтері жоқ, табиғи таза материалдан жасалған тор жабу керек, – дейді агроном.
Осындай ерекше күтімнің нәтижесінде алманың әр түбінен 10-12 келіге дейін жеміс алуға болады екен. Яғни, қарқынды баудың бір гектарынан 20 тонна жеміс алынады. Осылайша «Керемет сапа» шаруа қожалығы Шымкент қаласының нарығын жергілікті өнімдермен қамтып, шаһардың өз азық-түлік белдеуін қалыптастыруға үлес қосып отыр.

303


Айта кетейік, егер инвестор 5 гектар және одан көбірек алқапқа қарқынды бау егетін болса, мемлекет оның шығындарының айтарлықтай бөлігін өтеп беруге әзір. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі бекіткен ережеге сәйкес, селекциялық жетістіктердің мемлекеттік реестріне тіркеліп, шаруаларға егуге ұсынылған алма сұрыптарын ексеңіз, әр түп көшетке – 315 теңге, ал басқа сұрыптарды ексеңіз, әр түп көшетке 125 теңге субсидия төленеді. Мұнан бөлек алма ағашына тіреу болатын бағандар орнату үшін – әр гектарына 1 миллион 200 мың теңге, қорғаныс торын жабуға – әр гектарына 1 миллион теңге, сондай-ақ, тамшылатып суару жүйесін жүргізуге – әр гектарына 500 мың теңге субсидия қарастырылған. Оған қоса шаруа қожалығының жаңа ауыл шаруашылығы техникасы мен басқа да өндірістік қондырғылар сатып алуға кеткен шығындарының 40 пайызына дейін субсидия беріледі.
Міне, мемлекет тарапынан берілетін осынау жеңілдіктерді қолдана отырып қарқынды бау егетін инвесторлар көбейсе, Шымкенттің айналасындағы мыңдаған гектарлық шыбық шаншысаң шынар өсетін құнарлы егіс алқаптарын тиімдірек пайдалануға мүмкіндік туындар еді. «Керемет сапа» шаруа қожалығының тәжірибесіне қарап осындай ой түйдік.