КӘСІБИ ҺӘМ ӘДЕПТІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ – МЕМЛЕКЕТТІҢ АЙНАСЫ

Пятница, 29 Июль 2022 05:12 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1221 раз

Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы және әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті.

 

Демек, қоғамда ол туралы дұрыс пікір, оң көзқарас, оған деген айқын сенімділік қалыптасуы қажет. Мұндай сенім мен құрметке жету, әлбетте, оңай емес. Бұл үшін бір ғана кәсіби білімділік пен білгірлік жеткіліксіз, одан басқа мемқызметшінің жеке мінез-құлық мәселесі де бар. Яғни, мемқызметшінің кәсіби деңгейі мен жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттері қатар тұру керек. Өте жоғары этика мен кәсібилік тиімді мемлекеттік аппарат құрудың негізгі өлшемі болатынын әрбір мемлекеттік қызметші естен шығармауы тиіс.
ҚР Президентінің 2022 жылғы 22 ақпандағы Жарлығымен мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілігі және қызметтік әдеп мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің жаңа редакциясы бекітілді. Жаңа Әдеп кодексі қызметтік әдеп стандарттарын белгілейді және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға негіз болады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары – адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарлану айқындалды. Кодекстің жаңа редакциясында «клиентке бағдарланған» мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және мемлекеттік қызметтерді көрсетуде ашықтық қағидаттарын сақтау бойынша басым талаптар қарастырылған. Сонымен бірге мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидалары мен Әдеп жөніндегі кеңестер туралы ережеге өзгерістер енгізілді. Тәртіптік жаза қолдану қағидаларында қызметтік тергеп-тексеру, тәртіптік комиссия материалдарын қарау тәртібі және тәртіптік комиссияның ұсынымы бойынша уәкілетті адамның шешім қабылдау мерзімдері нақтыланды. Енді мемқызметшілерді әдеп стандарттары үшін жазалау тек қызметтік әдеп нормаларын бұзғанда ғана жүзеге асырылмақ.
Бұдан бөлек ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Әдеп жөніндегі комиссиясына облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдері орынбасарларының, облыстық маңызы бар қалалардың, облыс аудандары мен қала аудандары әкімдерінің, облыстардың әкімшілік орталықтары болып табылатын қала әкімдерінің, комитеттер төрағаларының, сондай-ақ облыс әкімі аппарат басшыларының қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны және мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтар жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілігін қарауға өкілеттік берілген.
«Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» дейді Алаш арысы Әлихан Бөкейхан. Қандай болғанда да, мемлекеттік қызметші әдеп нормаларын сақтауға қалыптасуы, Әдеп кодексін оқып, өзін-өзі үйретуі, өзгеден үйренуі және өзгені де үйретуі керек. Осы ретте ұжым арасындағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйін мониторингтеу мақсатында жүргізілетін анонимді сауалнаманың пайдасы бар. Әдеп уәкілі болғандықтан, бекітілген жұмыс жоспардағы реттілік бойынша біз осы сауалнаманы жүргізуді қолға алдық. Соның қорытындысы бойынша қызметкерлердің арасындағы, қызметкер мен басшылардың арасындағы қарым-қатынас, сенімділік, әдеп нормаларын сақтау жағдайлары талқыланып, басшыларға қандай мәселелерге көбірек көңіл аудару қажеттігіне нақты кеңестер беріліп отыр. Осындай көпшілікпен атқарылатын жұмыс ұжым арасындағы өзара қызметтік ынтымақтастықты нығайтуға, қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және ұжымды қызмет барысында ортақ мақсаттарға жетуге біріктіреді деп ойлаймын.
Осы орайда азаматтармен өзара қарым-қатынас та тиімді мемлекеттік аппараттың негізгі өлшемдерінің бірі. Біз әркез қызмет көрсетудің жоғары стандарттарына сәйкес болуға, адалдық, ашықтық және әділдік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, қызметтерді кәсіби көрсетуге талпынамыз. Сол себепті азаматтармен қарым-қатынас жасау кезінде мемқызметшілер мына жайттарды жадында ұстауы тиіс: өз ойымызды дұрыс және дәлелді түрде баяндау; сөйлеп отырған адамның сөзін бұзбай, азаматтың сұрақтарын мұқият тыңдау, әңгімелесушіге ізгі ниеттілік пен құрмет білдіру; толық консультация беру және болуы мүмкін тәуекелдер туралы азаматтарды хабарландыру; жасы үлкен адамдарға, ардагерлерге, мүгедектерге ізгі ниетпен қарау, оларға қажетті көмекті көрсету. Шағым түскен жағдайда біз туындаған мәселені жылдам шешу үшін бірден шаралар қабылдаймыз және болашақта ұқсас жағдаяттардың алдын аламыз. Мұндай қарым-қатынас бізге мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық мәдениеті мен кәсібилігі туралы оң пікірді қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Оң пікір қалыптастыру демекші, ертеде Хазіреті Омар кешкілік үйінде май шаммен қазынаның жұмысын істеп отырады. Осы мезетте есік қағылып, ішке рұқсат сұрап, өз шаруасымен бір адам келеді. Хазіреті Омар май шамды қолымен өшіріп, екінші май шамды жағып, келген адамның шаруасын сұрайды. Әлгі адам шаруасын бітірген соң, кетерінде: «Мына май шамдардың қандай айырмашылығы бар? Жарық сәулесі бірдей ғой» - деп, таңдана сұрақ қояды. Сонда Хазіреті Омар «Мен істеп отырған жұмыс та, май шам да – қазынаныкі, ал сіз жеке шаруаңызбен келгендіктен, оған өзімнің жеке май шамымды қолдандым» - деген екен. Осындай әдепті әрбір мемлекеттік қызметші саналы түрде түйсінуі керек. Біз өз тарапымыздан қазынаның мүлкін үнемді, тиімді пайдаланып та мемлекетке орасан зор пайда әкелуге толық мүмкіндігіміз бар.

М. АКИШЕВ,
Шымкент қаласы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.