«ОРТАЛЫҚ АЗИЯ БЕЙБІТШІЛІК ПЕН ГҮЛДЕНУДІҢ АУҚЫМДЫ АЙМАҒЫ БОЛУЫ ТИІС» Избранное

Пятница, 22 Июль 2022 04:44 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1236 раз

Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуінде сөйлеген сөзінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан көшбасшылары қатысты. Басқосуда Қазақстан Президенті сауда-экономикалық хабтар желісін іске қосу, экспорт көлемін арттыру, аймақтық транзит тізбегін кедергіден тазарту, Орталық Азияның экологиясын сақтау, білім мен ғылымды бірлесіп дамыту туралы ұсыныстарын жеткізді.

32

 

–Біздің Консультативтік кездесуіміз халықаралық саясаттың маңызды факторына айналды. Бұл жиын аталған аймақтың алдағы даму бағытын өзара сенімге негізделген рухта айқындауға мүмкіндік береді. Құбылмалы геосаяси және әлемдік экономиканың тұрақсыздығы жағдайында өткен кездесуіміз Орталық Азия елдерінің ынтымағы берік екенін көрсетеді. Сондай-ақ жаңа сын-қатерлер мен қауіптерге бірлесіп қарсы тұруға деген ортақ ұмтылысымызды білдіреді. Мемлекеттеріміздің жан-жақты жақындасуы уақыт талабынан туындап отыр және бауырлас халықтардың түпкі мүдделеріне толық сай келеді. 2018 жылы Қазақстанда өткен бірінші Консультативтік кездесуден бері өңірлік ынтымақтастық барлық бағыт бойынша тұрақты түрде нығайып келеді. Шынайы тату көршілік және одақтастық рухындағы қатынастарды қарқынды дамытуға бағытталған мемлекетаралық саяси диалог мүлде жаңа деңгейге көтерілді. Өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастық қарыштап кеңеюде. Күш біріктіре отырып, ықпалдастықтың пандемияға дейінгі деңгейін қалпына келтіріп қана қоймадық, сондай-ақ тауар айналымын едәуір арттыра алдық, - деді Қазақстан Президенті Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуінде.

Мәліметтер бойынша, соңғы 5 жылдың ішінде Қазақстанның Орталық Азиядағы өзге елдермен тауар айналымы 42 пайызға артып, 6,3 млрд долларға жеткен.
Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдеріне шекара маңы сауда-экономикалық хаб желісін құруды ұсынды.
– Орталық Азия елдерінің Бірыңғай тауар жөнелту жүйесінің тірек нүктесі қызметін атқаратын, келешекте одан ары кеңейтілу мүмкіндігі бар шекара маңы сауда-экономикалық хабының желісін іске қосу үшін пәрменді іс-шаралар қабылдау тиімді болар еді, - деген Мемлекет басшысы Қазақстан қырғыз және өзбек әріптестерімен бұл бағытта нақты қадам жасап жатқанына назар аударды. Атап айтқанда, қазақ-өзбек шекарасында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы жобасы, қазақ-қырғыз шекарасында Индустриалды сауда-логистикалық кешені іске асырылып жатыр. Тәжікстанмен көтерме-тарату орталықтарын құру туралы уағдаластық бар. Ал Түрікменстанмен бірге астық терминалын салуды жоспарланған. – Бұл жобалар біздің өзара тауар айналымы көлемін арттыру, сонымен қатар ЕАЭО мен өзге елдердің нарықтарына өнімдерді экспортқа шығару ортақ мүддемізге жауап береді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек Қ.Тоқаев Орталық Азия елдері басшыларын Аралды құтқаруды жандандыруға шақырды.
–Климаттың өзгеруі жөніндегі Халықаралық сарапшылар тобының баяндамасына сәйкес біздің аймақтың температурасы планетаның басқа бөліктеріне қарағанда әлдеқайда жылдам жылып келеді. Климаттың өзгеруі аймағымыздағы судың басты көзі мұздықтар көлемінің кішіреюіне әкеп соқтырады. Олардың Орталық Азиядағы көлемі соңғы 50 жылда 20, тіпті 30 пайызға кішірейген. Болашақта бұл Сырдария мен Әмудария өзендерінің ағысын бірнеше есе қысқартады. Бұның барлығы аймақтың азық-түлік, энергетика және экология салаларындағы қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіріп отыр. Сондай-ақ шұғыл шара қабылдауды талап етеді, - деді.
Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейту де өзекті мәселе. Бұл бағытта Қазақстан Президенті жоғары оқу орындары арасында студент алмасу ісін кеңейту, озық жоғары оқу орындары және үздік мектептердің филиалдарын аймақ мемлекеттерінде ашу, этногеографиялық және тарихи зерттеулерді ұйымдастыру, сондай-ақ ғылыми еңбектерді жариялауда Ғылым акадамиялар арасында тығыз байланыс орнатуды ұсынды.
Саммиттің қорытындысында Қазақстан Президенті Орталық Азиядағы бейбітшілік, қауіпсіздік және өркендеу үшін аймақтық кооперацияны дамытудың жаңа кезеңі болады деп санаймын деді. Уақыт сынына төтеп берген тығыз әрі сенімді қарым-қатынасымыз, ортақ тарихи және рухани тамырымыз елдеріміз арасындағы достығымыздың сарқылмас көзі болатынына сенім білдіретінін жеткізді.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.