Бар қамқорлық балаларға

Пятница, 15 Июль 2022 06:35 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1732 раз

Шымкентте «Дені сау бала» жобасы жүзеге асырылып жатыр

screening-balalar-2

Дені сау ұрпақ — ұлт болашағы. Иә, ұлт болашағының кемелдігін қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп бекітіп, өскелең ұрпақтың білімі мен білігіне, денсаулығына, әлеуметтік дамуына үлкен мән беріп отыр. Бүгінде Шымкентте балалардың денсаулығын жақсартып, созылмалы аурулардың алдын алу мақсатында қалалық денсаулық басқармасы тарапынан көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Әсіресе, балалар жылына орай кешенді іс-жоспар бекітілген. Тақырыпты тарқатар болсақ.

«Дені сау бала» — ауқымды жоба

— Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы қолға алған іс-шаралар негізінде «Дені сау бала» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бүлдіршіндердің, мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын жақсартып, оңалту жұмыстарын жүргізу үшін жобаға меншік нысанына қарамастан, қаланың барлық медициналық ұйымдары қатысып отыр. Мәселен, Шымкентте 39 баланы дамыту кабинеті жұмыс істеп тұр. Онда тәжірибелі медицина қызметкерлері кішкентай бүлдіршіндерге проактивті скринингтер жүргізеді, жас ата-аналарды бала күтіміне үйретіп, сәбидің тамақтандыру дағдысын қадағалайды. Емшек сүтінің пайдасы, қажет болған жағдайда қосымша тағамдарды енгізу нормасын үйретеді, - дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы И.Глазебная.

inna

Ресми деректерге сүйенсек, жобаның «Арман жолы» бағыты бойынша 6 ай ішінде 3773 бала оңалту емін қабылдаған. Бұл нәтижені өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырар болсақ, биылғы жұмыс 29,7 пайызға артық орындалған. Сонымен қатар, мамандар оңалтудан өткен балалардың 1 891-і (50,1%) ерекше балалар екенін айтып отыр.

Кез келген дертті ерте кезеңде анықтау ұрпақ саулығының кепілі екені анық. Осы мақсатта биыл 1 жасқа дейінгі балалардың денсаулығын бақылау және жүйелі түрде скринингтен өткізу жұмыстары күшейтілген.

— Жоба аясында арнайы жұмыс жоспары бекітіліп, «Ерте анықтау — табыс кепілі» бағытында 1 жасқа дейінгі балаларды проактивті бақылаумен және скринингттік тексерумен қамту көзделген. Онда неонаталдық, аудиологиялық, офтальмологиялық, психофизикалық тексеру жүргізіледі. Мәселен, проактивті скринингтен өтуі тиіс 76 039 баланың бүгінге дейін 64 245-і қамтылды. Бұл 84,5 пайызды құрап отыр. Жыл соңына дейін жаңа туылған балалардың санына қарай тексеру динамикасы өзгеріп отыратынын да айта кеткен жөн. Сонымен қатар, мектеп жасындағы балалардың да денсаулығын бақылау мәселесі жобадан тыс қалмады. «Оқушы денсаулығы» бағыты бойынша қала мектептерінде 140 медициналық бекет бар. Өткен оқу жылының соңына дейін профилактикалық тексеруге жататын 225 737 оқушының 146 729-ы, яғни 65 пайыз тексеруден өткен. Жаңа оқу жылында да бұл жұмыс өз жалғасын табатын болады, - дейді Инна Михайловна.

Қуантарлығы сол, жуырда «Балаларға күлкі сыйла!» акциясы ұйымдастырылып, балаларды тегін стоматологиялық тексеруге меншік нысанына қарамастан 22 медициналық ұйым қатысқан. Оның ішінде 10-ы мемлекеттік, 6 жеке БМСК және 7 жеке стоматологиялық клиника. Акция аясында 737 баланың I-II дәрежелі үстіңгі және орта тісжегісі емделген.

 

Скрининг жүйелі жүргізіліп жатыр

«Балалар жылына орай жаңа туған сәбиден 17 жасар жасөспірімдерге дейін қамтитын скринингтік тексерудің ауқымы кеңейді. Биыл Шымкент қалалық №6 емханасында 28 161 баланы скринингтен өткізу жоспарланған болатын. Жарты жылдық қорытындыға сәйкес, скринингтен өткендердің саны 16 946-ға жетіп отыр. Яғни, 60 пайыздан астамы тексеруден өтіп, оның 4224-і денсаулығынан анықталған дертіне байланысты «Д» есепке алынды». Шымкент қалалық №6 емхананың бас дәрігері Айгүл Қылышбаева Ақпараттық-коммуникациялық орталықтың көшпелі брифингінде осылай деген болатын.

Емхана дәрігерлерінің айтуынша, жалпы тәжірибелік дәрігерлер скринингтік тексеруден өткен балалардың талдама қорытындыларын зерделеп, дерті бар балаларды тиісті бейінді дәрігерлердің кеңесіне жолдайды.

aigul

— Профилактикалық медициналық қарап-тексеру аяқталғаннан кейін бейінді мамандардың қорытындысы мен зертханалық-диагностикалық зерттеулерді ескере отырып, педиатр, терапевт немесе жалпы тәжірибелік дәрігерлер кешенді бағалау жүргізіп, балалардың «денсаулық тобын» айқындайды. Мәселен, 1 топқа дені сау балалар, ал 2 топқа дені сау, бірақ функциялық ауытқулары бар, сондай-ақ жіті және созылмалы ауруларға қарсы тұру қабілеті төмен бар балалар алынады. Ал, денсаулығына байланысты диспансерлік есепте тұратындар 3, 4, 5 топ тізіміне алынып, тиісті бейіндік дәрігерлер динамикалық бақылау және сауықтыру жұмыстарын жүргізеді, - деді Айгүл Орынбасарқызы.

Айта кетейік, Шымкент қалалық №6 емханасына 64 899 тұрғын тіркелген. Оның 26022-сі 14 жасқа дейінгі балалар.

 

Ата-аналардың жауапкершілігі артқан

Көшпелі брифинг барысында Шымкент қалалық №6 емханасының балаларды скринингтен өткізуге арналған арнайы бөлімнің жұмысымен танысудың сәті түсті. «Аудиограмма» бөлмесінің жауапты мейіргері Ш.Самбетованың айтуынша, мұнда жаңа туған сәбиден бастап 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндердің есту қабілеті толығымен тексеруден өтеді.

— 2021 жылдың соңында емханаға отоакустикалық эмиссияны және есту әсерінен туындаған әлеуетті тіркеу әдісімен аудиологиялық скринингке арналған құрылғы алынып, мамыр айында іске қосылды. Мұнда арнайы медициналық нұсқаулыққа сәйкес, 3 айлық сәбилер, 1-2 және 3,6 жасар бүлдіршіндер тексеруден өтіп жатыр. Биыл аудиоскрининг аппаратынан 5360 баланы өткізу жоспарланып, бүгінге дейін 1421 бүлдіршін қамтылды. Аудиологиялық скрининг жаңа туған нәрестелердің, ерте жастағы балалардың есту қабілетінің бұзылуын уақтылы анықтау, ерте араласу, мүгедектікке әкелетін ауруларды оңалту және алдын алу үшін жүргізіледі, - дейді Ш.Самбетова.

Емхана дәрігерлері ата-аналардың жауапкершілігі артқанын алға тартып отыр. Аудиоскринингке шақырылғандар дер кезінде келіп, дәрігерлердің кеңесін ұқыптылықпен орындайтын болыпты. Тіптен, скрининг жасына сәйкес болмаса да, аудиоскринигтен өтуге өтініш білдіретіндердің саны артқан.

Шымкенттік тұрғын Нұргүл Беркімбай 6 жасар қызын аудиоскринингтен өткізуге ертіп келіпті.

— Біз отбасымызбен қалалық №6 емханаға тіркелгенбіз. Жуырда учаскелік медбике хабарласып, 6 жасар қызымды аудиоскринингтен өткізуге шақырды. Ол үшін ешбір дерт белгісі болуы маңызды емес екенін, есту қабілетінде қандай да бір ақау болса, дер кезінде әрекет ету арқылы баланың денсаулығын жақсартуға болатынын түсіндірді. Үш перзентімнің ішінде қызым скринингтен өтетін жаста болған соң, біреуін ғана әкеліп отырмын. Қорытындысы жақсы, бұл шара биыл баланы мектепке берер алдында сенімділік сыйлап отыр, - дейді Н.Беркімбай.

screening-balalar

Дәрігерлердің айтуынша, қалаға өзге аудандар мен өңірлерден көшіп келген, пәтер жалдап тұратын азаматтардың көптігінен емханаға қарасты аумақтағы «Д» есепке алынған балалардың саны жиі өзгеріп тұрады екен.

— Аудиоскрининг арқылы баланың есту қабілетін ғана емес, оның ағзасындағы мүгедектікке әкелетін аурулардың алдын алуға, оңалту жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік туады. Мәселен, «Дене шынықтыру» бөлмесі амбулаторлы оңалту жұмыстарын жүргізуге, «Д» есепке алынған балалардың ата-анасына үй жағдайында да жасалатын емнің әдіс-тәсілдерін үйрету мақсатында жасақталған. Мұнда тілі кеш шыққан балалар, моторикасы дамымаған бүлдіршіндер, церебральді сал ауруының жеңіл түріне шалдыққан, яғни қимыл-қозғалысын дамыту қажет балалар келіп, денсаулығына қарай ем алады. Яғни, емханадағы мамандармен мультидисциплинарлы топ құрылған.   Әр бала 10 күн бойы 20-30 минут аралығында амбулаторлы ем алады. Ата-анасы да біздің ем барысын көріп, қажетіне қарай үй жағдайында қайталайды. Монтессори әдісімен моториканы дамытуға арналған бұрыш, құрғақ бассейн, қимыл-қозғалыс үшін ортопедиялық кілемшелер мен механикалық жүгіру тренажері бар. Ата-аналар оңалту жұмысынан соң логопед, дефектолог дәрігерлердің кеңесіне жүгінеді. Қазіргі уақытта ДЦП диагнозымен 31 бала, сөйлеу қабілетінің кешігуі бойынша 50-ден астам бүлдіршін ем алып жүр. Ал, жағдайы күрделі балалар арнайы орталықтарда жолдама негізінде ем қабылдайды, - дейді емхананың балалар неврологы Ақбота Манашева.

P.S. Ұлт келешегін ойласақ, тек балалар жылының аясында ғана емес, барлық уақытта өскелең ұрпақтың денсаулығына ерекше көңіл бөлінуі керек. Мұны жуырда қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Н.Асылбеков те тілге тиек еткен-ді. Бас дәрігердің айтуынша, биыл неонатолог дәрігерлер шетелдік мамандардан сабақ алып, біліктілігін арттырмақ. Сондай-ақ, балаларға күрделі оталарды мегаполисте жасау үшін хирургияны да дамыту көзделіп отыр. Лайым ұлтымыздың келешегі, әр отбасының көзқуаныштары аман болғай.