Ұлттық идеология – ел дамуының кепілі

Среда, 29 Июнь 2022 00:00 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1496 раз

Соңғы жылдары елімізде бірегей ұлттық идеология және оның ел болып қалыптасудағы рөлі кеңінен талқылануда.

1991 жылы ел егемендігін алып, ашық нарықтық экономикаға бет алды. Нарықтық экономикада өмір сүріп отырған өзге елдердің тәжірибесі көрсеткендей әрбір егемендік алған мемлекеттерде өз ұлттық идеологиясын жасауды талап етті. Ұлттық идеология ұлттық қоғамдық санамен, философиялық, моральдық, эстетикалық және діни көзқарастар мен теориялардың жиынтығы болуы қажет. Оның негізінде елдің мүддесін қорғау, оған адал қызмет ету секілді қасиеттер кіреді. Ол шындықты бейнелейтін сана болу керек. Ұлттық идеология ұлттық мүддені қорғау құралы болып, ол ғылымға сүйенуі тиіс. Ол үшін ұлттық идеологияның негізгі мақсатын нақты анықтап алуға міндеттіміз. Ұлттық идеологияның негізінде ел экономикасын дамыту, қазақ халқының тиімді әдет-ғұрыптарын сақтау және оған заман талабына сай өзгертулер мен толықтырулар енгізу, ұлттық патриотизмді қалыптастыру, дүниетанымға ие саналы жастарды тәрбиелеу және басқа ұлттық құндылықтарды енгізу қажеттіліктері тұр. Онда ел мүддесін негізге алып, мемлекетте жасап жатқан барлық ұлт пен ұлыстардың мүддесін ескере отырып, қызмет ететін бақытты миссия болу керек. Айтылған қағидаттарға қарсы әрбір іс әрекет заңмен жазаланып отыруы тиіс. Қабылданған заң талаптары міндетті түрде орындалуы ұлтымыздың әлем халықтарының алдында абыройын асырады. Бұның дәлелдері көп. Ғалым ретінде менің пікірім, ұлттық идеология келесі қағидаттарға сүйену керек:

1. Экономикалық шындықты объективті түрде тану.

2. Ұлттық мүддені анықтап, шындықты танып білуге ұмтылатын саяси экономика болу керек.

3. Ұлттық идеология қатаң түсінік емес, даму барысында онда күн тәртібіне қойылып отыратын мақсат-мүдде болу керек. Сондықтан, ұлттық идеология белгілі бір мақсатқа бағытталған идеялар жүйесі. Осы идеяларды жүзеге асыру арқылы ұлттық мақсатқа жету көзделеді.

4. Қазақстандай унитарлы мемлекетте жалғыз ресми идеология болу керек.

Ақыл-парасатпен жүзеге асырылатын ұлттық идеология ел экономикасын дамыған мемлекеттер дәрежесіне көтеруге өз үлесін қосары сөзсіз. «Тәртіп болмаса, ел тұрақты дамымайды» дейді дана халық. Заң бұлжытпай орындалса ғана елде даму болады. Ол – «Мәңгілік ел» болып қалыптасудың бірден бір тірегі.

М.ТҰРТАЕВ, Академик А. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің «Болашақ»
инновациялық ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.