Елді іс біріктіреді, сөз бұзады Избранное

Пятница, 29 Апрель 2022 04:46 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1863 раз

Елімізде 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесінің мәні қай кездегіден де айрықша болып отыр. Себебі, Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Жаңа Қазақстанды құру мақсатында ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр.

109

 

Бұл реформалардың нәтижелі болуы үшін бүкіл қоғам жаңару мен жаңғыру идеяларының маңына топтасуы керек. Яғни, Жаңа Қазақстанды тек ұлттық бірлік арқылы ғана құра аламыз. Дегенмен, бұл бірлік құрғақ сөз бен жалаң ұрандарға емес, әлеуметтік әділеттілікке, заң үстемдігіне және ашықтық пен жариялылыққа негізделген бірлік болуы тиіс.
Жалпы, бір мемлекеттің іргесі берік болып, өзінің егемендігі мен аумақтық тұтастығын, халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алуы және жаһандық масштабта болмаса да, өзі орналасқан аймақта сөзі өтімді, салмағы бар күшке айналуы үшін 7 критерий маңызды.
Біріншісі – энергия. Сыртқа тәуелді болмайтындай энергия көздеріне ие болу және оның өз бетінше өңдей білу қабілеті. Екіншісі, жоғары технологияларға негізделген заманауи әскери өнеркәсіп саласының қалыптасуы. Үшіншісі, тәрбиелі, отаншыл, білімі мен біліктілігі жоғары жастардың көп болуы әрі орнықты демографиялық өсім қамтамасыз етілуі керек. Төртіншісі, сыртқы факторлардың әсерінен шайқалып кетпейтін күшті экономика болуы шарт. Бесіншісі, тәуелсіз әрі мықты, мемлекетшілдік мұраттарына адал барлау және арнаулы қызметтер болуы. Алтыншысы, мемлекеттің әлемдік және өңірлік деңгейдегі мәселелерге қатысты тәуелсіз әрі берік ұстанымы, сол ұстанымға негізделген дербес сыртқы саясаты болуы керек. Және ең соңғы әрі маңыздысы – мемлекет осының бәріне ие болуы үшін ол ұзақ мерзімді бейбітшілік, тұрақтылық және дайындық кезеңіне мұқтаж.
Мұның бәрін не үшін айтып отырмыз? Тыныштық пен бейбітшілік кезеңін үзіп алмауымыз, орнықты дамуды жалғастыра беруіміз үшін, ең әуелі, ішкі бірлік ауадай қажет. Қаңтар оқиғасындағыдай арандатулардан, қоғамның ішіне іріткі салудан, әлеуметтік тоқыраудан бойымызды аулақ ұстауға талпынған жөн. Демек, қазақ мемлекетіне қызмет етуді ойлаған адам елдің ынтымағы мен бірлігін нығайтудың қамын ойлауы тиіс. Мерекенің маңызы, міне, осында жатыр.

Сәкен МӘЖІНБЕКОВ,
М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің проректоры, саясаттанушы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.