Отан – қуат, отбасы – шуақ Избранное

Пятница, 29 Апрель 2022 04:44 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3015 раз

1995 жылдан бері елдегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты жүйелі іске асырып келе жатқан Қазақстан халқы
Ассамблеясы осы жылдар аралығында консультативті-кеңесші орган ретінде қалыптасып, конституциялық орган деңгейіне көтерілді. 2008 жылы «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» арнайы заң қабылданып, аталған институттың мәртебесі құқықтық тұрғыда бекіді.

110

 

Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы қоғамда екіұдай пікір қалыптасқан. Бір бөлігі – ҚХА институты, ең алдымен, мемлекет құраушы қазақ халқына қажет құрылым деген ұстанымда болса, енді бірі Ассамблея керек емес деген пікірде. Дегенмен, қоғамда болып жатқан оқиғалар аталған институттың қызметін жаңа бағытта жаңғырту қажеттілігін көрсетіп отыр.
Қазақстанда тұрып жатқан жүзден астам этнос өкілдерін бір шаңырақ астына жинап, қоғамда келісімді қалыптастыруға ықпал етіп отырған ҚХА осы бағытта өзіне жүктелген мерейлі міндетті жауапкершілікпен атқарып келеді. Қазір елімізде азаматтардың конституциялық құқығын сақтай отырып, этносына қарамай, тең мүмкіндік жасалған.
Шымкентте тұратын миллионнан астам тұрғынның ұлттық құрамының 68,14 пайызын – қазақтар, 17,49 пайызын – өзбектер, 8,55 пайызын – орыстар, 1,73 пайызын – әзірбайжандар, 0,8 пайызын – тәжіктер, 0,97 пайызын – татарлар, 0,71% пайызын – түріктер, 0,62 пайызын – корейлер, 0,22 пайызын – украиндар, 0,31 пайызын – күрдтер, 0,11 пайызын – немістер және 0,35 пайызын өзге этнос өкілдері құрайды.
Қалалық ҚХА маңайына топтасқан «Ынтымақ» этносаралық мәдени орталығы, өзбек, славян, әзірбайжан, түрік, татар-башқұрт, корей, иран, ұйғыр, шешен-ингуш, неміс, грек, грузин, армян, татар-башқұрт, еврей, күрді секілді 17 этномәдени бірлестік қашанда қоғамды бірлік жолына ұйыстыру бағытында қолға алынған байсалды бастамаларға қолдау көрсетіп, оны іске асыруға үлес қосуда.
Қалалық Ассамблея жанында қоғамдық негізде әрекет ететін Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, Медиация кеңесі сынды қоғамдық құрылымдар да жалпыұлттық бірлікті бекемдеуге атсалысып, маңызды жобаларды бірлесе іске асыруда.
Қоғамдық келісім кеңесінің отырыстарында қоғам тұрақтылығына тікелей ықпал ететін проблемаларға қатысты тыңдаулар өтіп, күрмеуі қиын мәселелердің түйінін тарқату бойынша ұсынымдар айтылады. Өз кезегінде Аналар кеңесінің мүшелері отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында ұлттық тілде білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары арасында «Қыз тәрбиесі – ұлт болашағы» тақырыбында кездесулер өткізіп, «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасын іске асыруға бел буа кірісті. Медиация кеңесі құрамындағы кәсіби медиаторлар этнос өкілдері жинақы тұратын аумақтардың тұрғындарымен кездесіп, орын алған дау-дамайды медиация арқылы шешуге болатынын түсіндіруде.
Баршаңызға мәлім, Ассамблея құрамындағы этномәдени бірлестіктер жанына топтасқан этнос кәсіпкерлері мұқтаж азаматтарға көмек беру ісінде алдыңғы қатардан көрініп келеді. Мәселен, 2021 жылы қалалық ҚХА мүшелерінің қолдауымен мұқтаж жандарға 32,3 млн теңгенің көмегі көрсетілді. Биыл І тоқсанда осы бағыттағы жұмыстар мақсатты жалғасып, 3,7 млн теңгенің көмегі (азық-түлік, ет, киім-кешек және т.б.) әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға таратылды. Бұл жұмыстарға өзбек, түрік, әзірбайжан, ұйғыр және күрд этномәдени бірлестігі құрамындағы кәсіпкерлер жұмылды.
Бүгінде қала құрамындағы Сайрам, Абдулабад, Базарқақпа, Жыланбұзған, Исфиджап сынды 23 тұрғын алапта этнос өкілдері жинақы қоныстанған. Тұрғын алаптардағы жас буынға дұрыс бағыт-бағдар беру, қазақстандық қоғамға кіріктіру, бейімдеу және түсіндіру жұмыстарын жүргізу – күн тәртібіндегі маңызды мәселелер қатарында. Осы бағытта қалалық ҚХА жанынан ақпараттық-насихаттық топ жасақталып, І тоқсанда 34 кездесу өтті.
Сәуір айынан бері осы мақсатты кездесулер орта білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары арасында ұйымдастырылуда. Кездесулерде этномәдени бірлестіктердің белсенді өкілдері қоғамдық келісімді және қолданыстағы заң талаптарын сақтау, жас жігіттердің Отан алдындағы қасиетті борышын өтеу ісіне салғырт қарамауы сынды жайттарды түсіндіріп, қоғамдағы этносаралық түсіністік пен татулықтың маңызын баяндады. Әзірге нәтиже жаман емес. Алдағы уақытта этнос жастарының бастамасымен жалпыұлттық бірлікті дәріптеу мақсатында тың жобаларды іске асыру жайы пысықталуда.
Биыл жыл басындағы оқиғалардан кейін бүкіл билік институттары халықпен жұмыс істеуді жаңа форматқа ауыстырды. Осы бағытта қалалық ҚХА да жұмыс тәсілін өзгертіп, жаңғыртуды қолға алуда.
Былтыр Шымкенттегі Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимараты қалалық Ассамблеяның теңгеріміне алынды. Енді нысанның әлеуетін ел кәдесіне толық жарату бағытында кешенді іс-шаралар қолға алынуда. Қоғамдық-көпшілік, мәдени іс-шаралардан бөлек, Достық үйінен қоғамды топтастыратын жаңа жобалар жайында тұрғындармен пікір алмасатын алаң ашу, жалпыұлттық бірлікке ықпал ететін жоба-жоспарларды қоғамдық ұйымдар, белсенді азаматтармен бірлесе талқылау көзделуде. Сондай-ақ, «Бірлік алаңын» ашып, дауласқан азаматтарды татуластыру ісін қолға алу жоспарда бар.
Жергілікті ғалымдар мен практик мамандардың әлеуеті арқылы қалада қалыптасқан этносаралық ахуалды ғылыми тұрғыда сараптап, проблемаларды анықтау, негізгі нүктелер бойынша кешенді жұмыс істеу межеленіп отыр. Сондай-ақ, этносаралық татулықты нығайту, ұлттар арасында өзара түсіністік пен бауырмалдықты қалыптастыру және этностарды мемлекет құраушы қазақ халқының маңайына топтастыру бағытында «Қазақтану», этнос жастарын қазақ тілі мен тарихын бойларына сіңіруге бағытталаған «Мың жүйрік», «Ұлт үні», «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Қазақ дастарханы», «Офарин», «Сабантой» «Ұлттардың тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі» сынды жобалар іске асады. Біз қоғамды топтастыруға ықпал ететін тың жобалары бар азаматтардың ұсыныстарын тыңдап, жан-жақты зерделеуге, оны бірлесе іске асыруға әрдайым дайынбыз.
Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы елімізбен бірге тұрақты дамып келеді. Бұл құрылымның бірлік, татулық және ынтымақ сынды құндылықтарды дәріптеп, қоғамдық келісімді сақтау ісіне белсене араласуы еліміздің баянды болашағына оң ықпал етері сөзсіз.
Қазіргі таңда елімізде ауқымды өзгерістер орын алуда. Жаңғыру жөніндегі жаңа міндеттер Қазақстан халқы Ассамблеясына да жүктеліп отыр. «Біз мызғымас бірліктің арқасында мемлекетімізді қорғап қалдық» деген Президент татулық пен тұрақтылық, тыныштық пен бейбітшілік қаншалықты маңызды екенін биылғы Жолдауында жан-жақты айтты.
Халықаралық деңгейде геосаяси жағдай күрделі екенін көріп отырмыз. Қазір әлемдегі ахуал күн санап өзгеруде. Жаңа құндылықтармен қатар күрделі сын-қатерлер пайда болуда. Осындай аумалы-төкпелі уақытта еліміз дамудың келесі кезеңіне қадам басты. Біз «Жаңа Қазақстанды» құруға бағыт алдық. Бұл – өте ауқымды міндет.
Бір сөзбен түйгенде, әр азамат ішкі бірлігімізді бекемдеуге үлес қосып, татулығымызға кері ықпал ететін жағдайлардан арылуға жәрдемші болуы қажет. Бүгін қолда бар бірлік, татулық, қоғамдық келісім сынды байлығымызды көздің қарашығындай қорғауға және оны сақтауға тиіспіз.

Мұхтар Төлепов,
Шымкент қалалық ҚХА Хатшылығының меңгерушісі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.