ЖОЛ КАРТАСЫНЫҢ ИНДИКАТОРЛАРЫ КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН ОРЫНДАЛЫП КЕЛЕДІ Избранное

Пятница, 22 Апрель 2022 03:35 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2207 раз

Бүгiнде елдiң алдында тұрған экономикалық және әлеуметтiк мiндеттердi орындауға ықпал етуде мәслихат маңызды рөл атқарады.  Мәслихат өкілді орган ретінде халықты толғандыратын проблемаларды шешу үшін өңірдің бюджетін, даму бағдарламаларын бекітеді және оның орындалуы жөнінде атқарушы органдардың есептерін тыңдайды.  Әрине, бюджетті бекіту кезінде сайлауалды бағдарламадағы шаралар мен жобаларды іске асыру тетіктері де қарастырылады.

72

 

Осы ретте, AMANAT партиясынан сайланған мәслихат депутаты ретінде біздің партия әрбір қазақстандықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатының жақсаруына жұмыс істеп келетіндігін ерекше атап өткім келеді. Бұл мақсатта, партия алдағы бес жылда елді дамытудың тың жоспарын жасап, оны жүзеге асыру бойынша Жол картасын бекітті. Қазір осы құжаттың іске асырылуын партиядан сайланған мәслихат депутаттары қатаң қадағалап, жүзеге асыруда.
Естеріңізге салсам, 2020 жылдың 25 қарашасында партияның кезектен тыс өткен XX съезінде «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған партияның сайлауалды бағдарламасы қабылданған болатын. Партияның Шымкент қалалық филиалының кезектен тыс өткен конференциясында бағдарламаның өңірлік жоспары бекітілді. Бұл бағдарламаны қала тұрғындарымен жан-жақты талқылау нәтижесінде қалыптасты. Праймериз кезінде тұрғындардан қаншама ұсыныстар жиналды. Бұдан бөлек, үгіт-насихат кездесулері кезінде тағы да қосымша аманаттар түсті. Олардың көпшілігі осы аймақтық сайлауалды бағдарламаны бекіту кезінде ескерілді. Сөйтіп, құжатта көрсетілген іс-шаралардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған өңірлік Жол картасы әзірленді.
Жол картасының ерекшелігі сол, қала тұрғындарын алаңдатқан мәселелер түгел електен өткізілді десе де болады. Мұнда көрсетілген басым бағыттар аясында 2025 жылға дейін қаланың экономикасы өркендеп, тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалатын болады. Жол картасында Шымкент қаласы бойынша 475 көрсеткіш пен 149 іс-шара бекітілген. Барлығы 10 басымдыққа топтастырылған іс-шараның орындалуы партияның Саяси кеңесінің, оның жанынан құрылған қоғамдық кеңестер мен фракция мүшелерінің қатаң бақылауына алынған. Енді Жол картасындағы басымдықтарға, оның орындалуы бойынша 2021 жылы қол жеткізген көрсеткіштерге тоқталсақ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауында білім беру саласындағы ең өткір мәселелердің бірі – мектеп тапшылығын ерекше атап өткені белгілі. Егер мәселені шұғыл қолға алмаса, 2025 жылға қарай мектептердегі орын тапшылығы 1 миллионға жетуі мүмкін екенін ескерткен болатын. Соған орай, алдағы бес жылда еліміз бойынша 1000 мектептің бой көтеруін тапсырды. Бұл – Шымкент қаласында да өзекті. Сайлауалды бағдарламаны жасау кезінде осы мәселе де ескерілді. Оны шешу мақсатында алдағы бес жылда 42 мектеп салу жоспарланса, Президент тапсырмасын орындау үшін былтыр Шымкент қаласында 12 714 орынға лайықталған 25 мектеп пайдалануға берілді. Оның ішінде 4 мектеп бюджет есебінен салынса, 21 мектеп жеке инвесторлардың қаржысына тұрғызылды. Бұдан өзге, мемлекет есебіндегі мектептерді турникетпен толық қамту үшін бюджеттен 359,4 млн. теңге қаржы қаралып, оларды орнату жұмыстары бүгінде толығымен аяқталды. Сондай-ақ, 56175 оқушы ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп, тегін жол жүру, кеңсе тауарлары мен мектеп формасымен қамтылды.
Жол картасындағы басым бағыттардың бірі – халықтың саулығы. Осы бағытта 2025 жылға дейін шаһарда 10 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланған. Былтыр 5 медициналық мекеме салынып, ел игілігіне берілді. Атап айтар болсақ, Асар шағынауданында модульдік жұқпалы аурулар ауруханасы, Қазыбек би көшесінде орын тепкен №14 емдеу орталығы, Қазығұрт шағынауданында орналасқан «Klinika Qazygurt» клиникасы мен «Asem Medikal» медициналық орталығы пайдалануға берілді. Сонымен қатар, №2 қалалық аурухана, «Ана мен бала» орталығы, қалалық перзентхана және №1 қалалық емхана ғимараттары күрделі жөндеуден өткізіліп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалды. Сайлауалды бағдарламада бұқаралық спортты дамытуға да айрықша назар аударылған. Мәселен, 2025 жылға дейін 6 спорт кешенін салу жоспарланса, былтыр соның екеуі пайдалануға берілді. Ерекше атап өтерлігі, қалада спорт алаңшаларының саны да артып отыр. Айтар болсақ, былтыр қала бойынша 73 спорт алаңшасын салу көзделсе, жоспар артығымен орындалып, 115 спорт алаңшасы ел игілігіне берілді. Алдағы бес жылда спортпен шұғылданатындар үлесін 33 пайызға жеткізу межеленіп отыр.
Еліміздегі ең өзекті мәселелердің қатарында қазір баспана айрықша мәнге ие. Бұл туралы Мемлекет басшысы өзінің «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында «Тұрғын үй азаматтарымыз үшін қашан да басты мәселе. «Баспана хит» және «7-20-25» сияқты тұрғын үй бағдарламаларының мерзімі таяу уақытта аяқталады. Сонымен қатар, нарықтық ипотека ставкасы әлі де жоғары және жұрттың бәріне бірдей қолжетімді емес. Осыған орай, бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленетін болады», - деген болатын. Президенттің бұл бастамасы алдағы бес жылда Шымкентте 5 миллионға жуық шаршы метр тұрғын үй салу жоспарының жүйелі әрі жедел іске асуына ықпал етері анық. Бүгінге дейін 1692 пәтерлі 25 үй пайдалануға беріліп, бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жоспарға сай жүзеге асырылып жатыр.
Партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша бекітілген Жол картасында жұмыссыздық мәселесіне де айрықша көңіл бөлінген. Мәселен, былтыр 14 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамту көзделсе, бұл бағыттағы жұмыстардың мерзімінде орындалғанын атап өткен жөн. Соның айғағы ретінде, былтыр «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 1900 азаматқа кәсіпкерлік негізде білім беру жоспарланса, жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша 2101 адам 5 оқу курсына жіберілді. Олардың 1839-ы оқуды аяқтап, сертификат алса, 236 адам оқуын жалғастыру үстінде. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының екінші бағыты бойынша шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу үшін шағын несиелер беру қарастырылған. Бағдарлама аясында 250 адамның кредит алуына мүмкіндіктер жасалып, 2500 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберілді. Бұдан бөлек, 584 азаматқа гранттар беріліп, 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде 2578 адамға «Жастар практикасы» үшін жолдама ұсынылды.
Тағы бір жағымды жаңалық – азаматтарға психологиялық, құқықтық және кәсіптік кеңес беру мақсатында қалада «Шаңырақ» орталығы ашылды. Орталық ашылғалы бері оған 6 мыңға жуық адам өтінішпен жүгінсе, олардың 5450-не дер кезінде көмек көрсетілді. Қаланың экономикалық әлеуетін жақсарту үшін Оңтүстік арнайы экономикалық аймағында 23 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, бүгінге дейін оның 12-сі іске асып үлгерді. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша бес жылда жүзеге асуы тиіс 42 инвестициялық жобаның былтыр 8-і орындалды.
Былтыр қуаты 220 МВт болатын «Бозарық» қосалқы стансасы іске қосылып, 250 мың тұрғынның сапалы электр энергиясын тұтынуына мүмкіндік жасалды. Сондай-ақ, қала бойынша 4,48, 10,61 және 9,37 шақырым келетін магистральдық желілердің құрылысына 4,8 млрд. теңге қаралып, ұзындығы 4,48 шақырымдық магистральдық су құбыры пайдалануға берілді. Жалпы, Жол картасында көрсетілген 149 іс-шараның сапалы әрі дер кезінде орындалуы бойынша қалалық әкімдіктегі тиісті басқармалардың жұмыс қарқынына AMANAT партиясының фракция мүшелері жүйелі түрде бақылау жүргізіп келеді. Себебі, партияның сайлауалды бағдарламасы қаланы кешенді дамытуға бағытталған. Біз AMANAT партиясынан сайланған Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары Жол картасының әрі қарай да бірізді орындалуына, қаламызды қауіпсіз және өмір сүруге ыңғайлы етуге бар күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз.
Дана халқымыз айтқандай, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», ынтымақ пен қажырлы еңбектің арқасында және халықтың қолдауымен шырайлы Шымқаламызды экономикасы дамыған, әлеуеті өркендеген қалаға айналдырамыз деп сенемін.

Нұрсұлтан БАЛАБИЕВ,
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.