Әуезов һәм Абай Избранное

Среда, 19 Январь 2022 04:01 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5719 раз

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов мұрасы қаншама тарихи толқындардан мүдірмей өтіп, ел-жұртымен бірге  желкені қайырылмай  жүзіп келеді.  Оның себебі жазушы шығармаларының  уақытпен үндес, рухтас бола алғандығынан. Тарих сынына төтеп беру оңай шаруа емес. Ондай елден ерекшелік сирек тұлғалардың ғана маңдайына жазылатын еншілерден.

946

 

М.Әуезов – бүкіл шығармашылығында қазақ халқының арманын айшықтап, мұратын мәністеген, одан өзін ешуақытта бөле-жара қарамаған суреткер. Ол өзінің жазушылық миссиясын әу баста осындай өте биік, жоғары тұрғыдан қарап, түйсінген жан. Бүкіл өмірін ол осы ұлы жолға салып, соған арнау үдесінде болды. Ата-бабасы сонау қасиетті Түркістан топырағынан, Шыңғыстауға қоныс аударғанда да жай ғана күн көріс қамын күйттеу әрекетінде болмағаны анық. Бір-ақ себеп, ол атақты аға сұлтан Құнанбайдың қолқалауымен яки аузын айға білген найман Ақтайлақ бидің алқалауымен, Семей өңіріндегі қазақтарға иман нәрін егу үшін ентелеген. Сол көш артынан мол жеміс беріп, нәрлі нуға айналды. Осы бабы келіскен құнарлы топыраққа дер кезінде түскен дән жайқалып өсіп, аз ғана тобықты түгіл айбарлы алаштың өзін алты орап алатындай болып, ақыры әлемдік аренаға қанат жайды.
Әрине, ең алғашқы дәрістенген жері – Абай мектебі болды. Әліпті таяқ деп танытқан атасы Әуез бала Мұхтарды әуелі қасиетті
Құранмен сусындатты. Онымен қатар пар жегіп Абай өлеңдерін тұла бойына дарытты. Ана сүтімен қосып Құран сүрелерін һәм Ибраһим мырзаның мыйлы ойларын жүрек қатпарларына сіңірді. Одан кейінгі сүрлеуі Семей шаһарына салынды. Онда ол Камаледдин қазіреттің алдын көрді. Артынан ағасы Қасымбек медресенің оқуын малданбай орыс училищесіне ауыстырды. Осы жерде бала Мұхтар жүйелі оқу жетегінде болады. Орысшаның жілік майын шағып көреді. Соның арқасында мұғалімдер семинариясына түседі. Семинарияда еуропалық оқудың орманына кіреді. Оқып жүріп журналистиканың жүлгесіне ши жүгіртеді. Жүсіпбек Аймауытов атты семинариспен атақты «Абай» журналын шығарады. Олар сол кезде Семей семинариясында үзеңгі қағыстырып, бірге оқыған еді. Кейін бірі қазақ әдебиетінің – оң, бірі – сол аяғына айналды.
Осы журналда екі жас жалпақ жұртқа екеулеп: «Қазақ халқын надандықтың айсыз қараңғы түні ғылым сәулесінен бүркеп, тұншықтырып тұрған кезінде, тұншыққан елге дем болуға, қараңғы жерге нұр болуға, надандық-аждаһаны өртеуге Құдай жіберген хақиқаттың ұшқыны Абай туды» деп жар салды. Осы сөзді айтқанда Мұхтар Әуезов небәрі 21 жастағы темірқанат бала болатын. Жас бала бірақ жүз жылдық дана ақсақалдың сөзін айтты. Бір елге идеолог боларлықтай қауқары бар алып абыздың өзі боп шықты. Осыншама көрегендік, теңіздей тереңдік қайдан келе қалды? Бұл аяқ астынан бұрқ еткен вулкан емес. Ол сонау Жидебай топырағынан тамырланған, атасы Әуез ауыздандырған Абай жолы, Абай үрдісі болатын. Ол осылай о баста Абай жолына түскен еді. «Абай» журналын шығаруы да тегіннен тегін емес-тін. «Абай» журналында Әуезов әлемі алғаш рет айналаға аян болды. «Абай» арқылы Әуезов әлем ішінен шарқ ұрып өз елін іздеді. Неге? Бар болса да ел жоқ еді. Қазақ сол кезде көр тұманның ішінде қалғандай көмескі жұрт болатын. Ол көмескілікті көріп, қайғыдан у ішкен Абайдың жарығы сөнгені де кеше еді. Кезінде қазақтың маржан ақыны Мағжан:
Айрылып от екпінді ерлерінен,
Алаштың жанында ауыр дерт еді ғой.
Сонау дерт түгелімен ауып маған,
Дариға, жүрегімді өртеді ғой, – деп өзегі өртене жырлаған еді. Мұхтарды дендеген дерт те осы болатын. Елдік дерті. Оны ол алашордалықтардан жұқтырды. Содан ол тағы «Абай» журналында «Япония» атты мақала жазды. Онысы қазаққа Жапония үлгісін ұсынған түрі. Осы жерде автор сұңғыла саясаткер ретінде көрінеді. Ол мақалада былай дейді:
«Бұрынғы бір беткей айласыз, ғылымсыз қара күштің заманында ілгергі дәрежеге тез жету халықтың өз еңбегімен, басшының епті саясатымен ғана әзер болатын. Ал бұл заманда надан халықтың қатарға кіріп кетуіне себеп болатын жүз тараулы шарттары бар. Ол шарттардың бәрі де бас-басына терең оймен, еппен, қажымайтын қайратпен, малды, жанды аянбай сарп етерлік талап еткенмен ғана орнына келтіріп, одан кейін орыннан үміт қылуға болады».
Мэйдзи реформасы – бүкіл Жапон жұртын тарихи тығырықтан алып шыққан сәтті программа болды. Әуезов те оған содан қызығып отыр. Тек Әуезов қана емес, бүкіл Алашорда үкіметі де сол Жапония мұраттарын ұстанғысы келіп еді. Бірақ ол асыл идеяларды большевиктер болдырмай бордай тоздырды. Тарих бұл жерде қазақ жұртына даңғыл жол ашып бере қойған жоқ. Абай – ұлт тарихы қатты тезге түскен кезде рухани сілкініс жасаған ренессанстық тұлға. Олай болуына оның Нью-Йорк университетінің профессоры Д.В.Дрэпердің «Еуропаның ақыл-ой дамуының тарихы» атты фундаменталды еңбегін оқуы түрткі болған.
Қазақ қалай тезге түсті? ХХ ғасырда «Қайта өрлеу» реформасы арқылы өркениеттің әлемдік ошағына айналған Еуропаның көшпенді қалыппен қалған алаш жұрты шаңына ілесе алмай қалды. Шығыстан оптика мен алгебраны алған Батыс алғырлық танытып кетті. Кезінде Әл-Фараби мен Салахаддинге тамсанған Батыс, жақсы талапкер болып, олардың жұртын басып озды. Осылайша озушы ерушіге, еруші озушыға айналды. «Милләтләр цивилизованный озып кетті» деп Міржақыптың «Оян, қазақта» ой қозғайтыны содан. Абай осы тарихи формуланы анық аңғарды. Сөйтіп жаңа заманда жетілудің рухани іргетасын қалады. Рухани іргетас саяси қайратқа ұласпаса ол онда мардымсыз іс (Рухани іргетассыз құры саяси қайрат та ауаны өрім қамшымен осқылау әншейін). Сол үшін оны «Алашорда» саяси түрде жүзеге асырмақ болды. Бірақ оған жағдай мұрша бермеді. Еркін Еуропа орнына қазақтар қыспақтағы кеңестік қалыпқа түсті. Өркениетке жетті. Бірақ ол өз еркі жоқ ой қараңғылығы мен дене қамауындағы өркениет еді. Ондай жағдайда елдің көсіліп, көгермейтіні ақиқат болатын. Кеңестік тоталитаризм репрессия арқылы алаштың саяси имунитетін дімкәс қалыпқа түсірді. Кәмпіске арқылы байлардың сағын сындырды. Ашаршылық арқылы халықтың генефондын күйретті. Осындай алмағайып заманда бас көтерер бірен-саран тұлға қалды. Әуезов әупірімдеп аман қалды.
Жазушы алғашқыда Абылай хан туралы роман жазбақшы болды. Кейін оны кеңестік цензорлардың бәйгеге түсірмейтінін түсінді. Өйткені, Абылайхан арманы пролетариат диктатурасымен үйлесе алмайтын еді. «Хан Кене» пьесасы мен «Қилы заман» повесінің тағдыры Әуезовке осыны түсіндірді. Мың ойланып, жүз толғанып ақыры автор Абайға бет бұрды. «Абай жолынан» басқа жол қалмаған еді. Саяси арманды тәрк етіп, халықтың шала жансар рухын қайта тірілту қажет болды. ХІХ ғасырдағы Абайдың мойнына түскен жүк ХХ ғасырда Әуезовтың мойнына осылай түсіп еді.
«Абай жолын» терең түсінген Бауыржан
Момышұлы кезінде: «Құнанбай – ол қазақтың Иван Грозныйы. Иван Грозный мақсатына жетті, бірақ Құнанбай ойына жете алмады» деген болатын. Егер Құнанбай – Иван Грозный болса, онда Абайды – протопоп Аввакуммен теңестіру ләзім. Құнанбай, Абай тандемі – бізге қазір қатты керек. Бірін көтеріп бірін түсіріп яки бірін алып, бірін тастау – ескірген естілік. Әуезов ХХ ғасырдан болмаса да ХХІ ғасырдан үміт күтті. Рухани алтын көпірді жалғап кетуді ойлады. Ең болмаса келер ұрпақ үрлеп алар шоқ қалдырып кету керек еді. Сол оймен арпалысып алға ұмтылған жазушы ел-жұртына керегін беріп кетті.
Елбасы Н.Назарбаев: «Әр ұлттың осындай тәуелсіздікке қадам басқан тұсында соның рухани тұтқасына айналған тұлғалары болғаны белгілі. Үндістан үшін Тагор, Қытай үшін Лу-синь, Пәкістан үшін Мұхаммед Икбал, Түркия үшін – Атсыз қандай рухани тұтқа болса, біз үшін Мұхтар Әуезов те сондай ұлы тірек» деп бекер айтпаған болатын.
М. Әуезовтың бүкіл шығармашылық ғұмырының мәні болған «Абай жолы» роман-эпопеясы әлемнің 72 елінде 42 тілде тарады. Бәрі мойындап, өз таңданыстарын білдірді.
Бір-екеуін келтіре кетейік:
«Абай» – ойлы оқырман кітабы, бұл қазақ «Илиадасы» (Мирей Борис, Франция). «Мұхтар Әуезов – ұлттық рух символы» (Шанталь Лемерсье-Келькежей, Франция). «Абай» – тек автобиографиялық роман емес. Бұл 1858-1887 жыл аралығындағы өткен тобықты руы мен Абай өмірі аясындағы ХІХ ғасырдағы қазақ елі туралы калейдоскопиялық зерттеу» (Томас Виннер, Америка).
Яғни, Әуезов ХХІ ғасырдағы қазақ елі үшін әлемдік деңгейде интеллектуалдық ой-өріс даярлап кеткен қаламгер.
Әйгілі суреткер өзінің «Абай жолы» романын былай бітіреді: «Алтын терек, арсыға құлаш ұрған ардақты азамат, сен өлмейсің! Еліңнің жалғыз жан, ең соңғы ұлы ма, қызы ма, ең кейінгі нәсілі бірде-бір жан болса, соның да кеудесінде сенің атың бірге кетеді. Сенің тірлігің бірге жасайды, сенің нұрың бірге жарқырайды! Алдың жарқын, өзің солай сеніп ең... Ана жұртың сені өлді демейді. Жарық дүниеге жаңа келіп, шырылдап туғаныңда осы Жидебайда, осы Ши-Қорықта сені аялап, сені бауырына алған анаң бар еді. Ол алғашқы жалғыз анаң сені ақ құшағы, адал мейірімен бауырына басқан. Бүгін сені одан да ұлы өлмес анаң, ұмытылмас ұлым деп бауырына алады. Алдағы ұзақ дәурен, жарқын заман сапарына сені жүрегіне баса мәңгіге ала кетпек! Өлім де жеңбес жан бар! Олар аз болса, соның бірі сенсің! Бұл өңірде өткендердің ішінде ол жалғыз болса, соның өзі сенсің».
Осындағы «ұзақ дәурен» – ХХІ ғасыр көгі болды. «Жарқын заман сапары» – сіз бен біз жеткен Тәуелсіздік, ағайын! Осылайша елдік сұлбасын соғудың ұлы еншісі бізге тиіп отыр. Ендігі міндет – тәуелсіздік мұнарасын мың жылда да мызғымастай ғып тұрғызу. «Шаңырақ шайқалмауы керек» деген әрбір азамат үшін осы шарт болмақ! Ол үшін Абай, Әуезов тәлімдерін жаһандану заманында қатты ескеруіміз қажет.
Өйткені, өткеннің отын өшірмесек қана келешекті кемелдендіре аламыз!

Ақжол ҚАЛШАБЕК,
М.Әуезов атындағы ОҚУ, «Қазақ тілі мен әдебиеті»
кафедрасының доценті., филология ғылымдарының кандидаты

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.