Версия для печати

Елдің даңқын қонағы шығарар

Среда, 06 Октябрь 2021 04:55 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2277 раз
Оцените материал
(0 голосов)

eldin-dankyn 1

Туризм – жай ғана қыдыру емес. Белгілі бір ел өмірінің тұтас саласы. Әлемде экономикасы мен жалпы ішкі өнімінің сүбелі үлесін туризм құрайтын елдер жетерлік. Мысалы, туризм Мальдив Республикасының жалпы ішкі өнімінің 80 пайызын (!) құраған. Ал Кариб және Сейшель аралдарындағы мемлекеттерде бұл көрсеткіш 60 пайызға жуық болатын.

Олай дейтін себебіміз, 2020 жылы басталған пандемия туризм саласын күйретіп кетті. Дүниежүзілік туризм және саяхат кеңесінің (WTTC) мәліметінше, 2020 жылдың қорытындысы бойынша әлемдік туризм саласындағы қаржы 4,5 триллион АҚШ долларға кеміді. Ал жалпы ішкі өнім көлеміндегі үлесі 2019 жылмен салыстырғанда 49 пайызға төмендеген. Соның салдарынан 62 миллион жұмыс орны қысқарып отыр. Бұл келеңсіз үрдіс Қазақстанды да айналып өткен жоқ. БҰҰ сауда және даму бойынша конференциясының мәліметінше, біздің елімізге сырттан келетін туристер саны 72 пайызға азайыпты.

Әлемдік сарапшылар енді туризм саласы пандемияға дейінгі деңгейге 2023 жылы немесе одан кейін ғана қайта оралуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Оған қажет алғышарттың бірі – тұрғындардың неғұрлым көбірек вакцина алуы дейді мамандар. Туризм дағдарысы, әсіресе, дамушы елдер үшін ауыр тиіп отыр.

Дегенмен, әр мемлекет қал-қадірінше туризмді дамытуға күш салуда. Әсіресе, биылдан бастап ішкі туризмнің тамырына біртіндеп қан жүгіре бастады. Көптеген отандасымыз алыс шетел асып, тәуекелге бас тіккенше, туған өлкенің табиғатын тамашалауды құп көруде. Оңтүстік өңірі, оның ішінде Шымкент маңайы табиғаты сұлу жерлерден құралақан емес. Үшінші мегаполистің іргесінде Тянь-Шань тауының бір сілемі – Сайрам-Өгем жатыр. Қарт Қаратау, қазыналы Қаратау да қаладан алыс емес. Биыл карантин шаралары біршама жеңілдетілген соң жерлестеріміз табиғат аясында саяхаттауды бастады.

eldin-dankyn 2

Дегенмен, осы тұста мәселенің екінші жағы шығады. Атап айтқанда – тәртіп. Иә, туризмде де тәртіп болуы керегін бұған дейін де көтергенбіз. Қоршаған ортаны таза ұстау, жүрген-тұрған орнында қоқыс қалдырмау әдетімізге айналмай келе жатыр. Өкінішке қарай, бұл – жеңіл қарайтын мәселе емес. Себебі, табиғат аясына шығатын туристерден қалатын қоқыстың жартысынан астамын пластик құрайды. Ал пластиктің 450-500 жылда бір-ақ шіритіні бізге белгілі. Ендеше, біліп тұрып неге тастаймыз?

– Басты мәселе – тәрбиеде деп ойлаймын. Адамдар жастайынан тазалықты сақтап үйренуі тиіс. Сонда өсе келе қоршаған ортаны да таза сақтауға тырысар еді. Себебі, қоршаған орта – біздің ортақ үйіміз. Адам баласы өз үйін таза ұстағаны сияқты, ортақ үйіне де қамқорлық танытуы керек, – дейді Ыбырай Төлемісов.

Ыбырай бірнеше жылдан бері табиғат аясын, өңіріміздің сырға толы нүктелерін жақсы біледі. Сондағы хоббиі – әсем орындарды суретке түсіру. Соңғы жылдары таныстарының өтінішін жерге тастамай, тұмса табиғаты сақталған аймақтарға апарып, жол бастап жүр. Қыдырушыларға қойылатын басты талап – тәртіп пен тазалық сақтау, қоқыс қалдырмау.

– Туризмнің дамығаны жақсы, әрине. Ендігі мәселе – адам аяғы жиі жететін орындарды қоқыс алаңына айналдырмау. Оған әрқайсымыз атсалысып, жұмылуымыз керек. Біз де өз тарапымыздан үлес қосып, бірнеше рет табиғат аясында қалған қоқыстарды жинап, өзімізбен ала кеттік, – деді Ыбырай.

Қала маңында ғана емес, туризм мегаполистің өзінде де шама-шарқынша дамып келеді. Шымкент қаласының туризм және сыртқы байланыстар басқармасының мәліметінше, 2021 жылдың 6 айында қалаға келушілер саны 158 224 адамды құрады. Қонақтар биыл Шымкенттің тарихи маңызды орталығынан ашылып, ел игілігіне берілген Shymqala этноқалашығы секілді тарихи-мәдени орындарды аралап, тамашалай алады. Оған қоса, көпшілікке белгілі қонақжайлылығымыз да бар. Ресми мәлімет бойынша, қаламызда қонақ қабылдап, орналастыра алатын 125 нысан болса, онда мыңнан астам адам қызмет етеді.

«Мегаполис қонақтарына қызмет көрсету мақсатында биылғы қаңтар айында қала әкімінің тапсырмасына сәйкес басқармаға қарасты «Visit Shymkent» туристік-ақпараттық орталығы құрылды. Қаладағы көрікті орындар, бағыттар мен өзге де жаңалықтармен таныстырып отыратын visit-shymkent.kz туристік порталы мен мобильді қосымшасы іске қосылған. Оған қоса қала аумағындағы әуежай, теміржол вокзалы, саябақтар мен Арбат секілді туристер көп шоғырланатын орындарда 7 ақпараттық дүңгіршек қызмет атқарады. Онда жыл басынан бері 10 мыңға жуық адамға анықтамалық-консультациялық қызмет көрсетілді. АҚШ, Ұлыбритания, Үндістан, Мажарстан, Ресей, Корея, Өзбекстан және т.б. елдерден келген қонақтарға 83 экскурсия өткізілді,» – деп мәлімдеді туризм және сыртқы байланыстар басқармасының баспасөз қызметі.

Медициналық туризмді дамыту мақсатында басқарма тарапынан Шымкент қаласына келетін қазақстандық және шетелдік емделушілер туралы мәлімет жіті зерделеніп, арнайы 3 туристік пакет әзірленді. Сонымен қоса, туризм саласындағы ынтымақтастықты арттыру мақсатында Өзбекстанның Самарқанд, Бұхара және Хиуа қалаларымен меморандумдарға қол қойылып, бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілді.

eldin-dankyn 1

Басқарма мамандары туризмге қолайлы орта қалыптастыру мақсатында қаланың негізгі 6 туристік нысанын анықтаған. Осылайша Әл-Фараби, Наурыз, Ордабасы алаңдарында, Бәйдібек би ескерткіші, Дендросаябақ және Цирк аумағында автобустарға арналған «Bus stop» тұрақтары жасалды. Жауапты мамандар туристік инфрақұрылымды жетілдіру аясында көрнекі орындарға бағыттайтын жол сілтегіштер мен туристік паспорттарды жыл соңына дейін орналастыруды жоспарлап отыр. Мұның барлығы да шырайлы Шымқаланың қонақжайлылығын бұрынғыдан да паш етіп, туризмін дамытуға бағытталған.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.