Версия для печати

Шымкент – жасыл желекке бөленген қала

Пятница, 24 Сентябрь 2021 04:44 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2330 раз
Оцените материал
(0 голосов)

zhasyl-zhelek 1

Әлемде бүгінгі таңда экология мәселесі бірінші орынға шықты. Адамзаттың табиғат байлығын ретсіз пайдалануы салдарынан қоршаған орта зор зиян шегуде. Әсіресе, ірі мегаполистерде көлік пен өндіріс орындарынан шығатын түтіндер тұрғындардың денсаулығына теріс әсерін тигізіп жатқаны жасырын емес. Сондықтан көгалдандыру, жасылдандыру мегаполистердің негізгі стратегиялық мақсатына айналып отыр. Соның ішінде республиканың үшінші мегаполисі саналатын Шымкентте де бұл іске баса көңіл бөлініп келеді. Тәуелсіздіктің 30 жылында жеткен жетістіктің бірі ретінде қаланы жасыл желекке көмкеру жұмыстарын айтуға болады.

Осы тұста кері шегініс жасасақ, тоқсаныншы жылдардың басындағы қиын жағдай еске түседі. Ол кезде тұрғындар жан бағу үшін барлық әрекетке барды. Табиғи газ, электр энергиясынан қағылған қалалықтар амалсыздан қазанға от жағып, далада тамақ істеуге мәжбүр болды. Тұрмыстық ахуал осындай күрделеніп тұрған шақта жасыл желекті ойлауға мүмкіндік болмағаны да анық. Сол бір қиын кезеңде қаншама ағаш-тал кесіліп, табиғатқа айтарлықтай зиян келтірілді.

Дегенмен,Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізген сарабдал саясатының нәтижесінде экономика бірте-бірте жақсарды. Халықтың тұрмыстық әл-ауқаты түзелді. Жұрт енді табиғатқа жанашырлықпен қарап, қоршаған ортаға көңіл бөле бастады. Қалалық әкімдік мемлекет қаржысын экология саласына бұрып, шаһардың «өкпесін» ашуға бар күш-жігерін жұмсады. Бүгінгі таңда Шымкентте 8 саябақ, 39 гүлзар бар. Олардың барлығы да жайқалып тұр. Арнайы қызметкерлер күн сайын оларға ерекше күтім жүргізеді. Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ғалымжан Ильясов 30 жылда экология бағытында талай іс тындырылғанын, дегенмен әлі де атқарылатын шаруа көп екенін айтады.

Мәселен шаһарда ағаш көшеттерін егумен айналысатын «Жасыл белдеу» мекемесінің алдына қойылған маңызды міндеттердің бірі – қаланың айналасындағы жасыл алқап көлемін ұлғайту. Осы мақсатта қазіргі таңға мекеме теңгеріміне барлығы 2235,8 гектар, оның ішінде ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 9 ақпандағы №41 қаулысымен мемлекеттік орман қорынан 752,8 гектар жер учаскесі бекітіліп берілді.

zhasyl-zhelek 2

Жасыл белдеудегі орман ағаштары қаланың экологиясын жақсартып, тұрғындардың демалуына қолайлы жағдай туғызады. Ғаламдық экологиялық дағдарыс – климаттың жылынып кетуіне қарсы жасыл екпелер қоршаған ортада «ылғалдандырғыш» рөлін атқарады. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-
Жомарт Тоқаевтың алдағы бес жылда еліміздің орман қорында 2 млрд ағаш егу жөніндегі тапсырмасы еліміздің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болары сөзсіз.

Жоспарланған іс-шараларды жүзеге асуыру үшін ағаш-бұта көшеттерін өсіруге арналған орман тұқымбақтарын дамыту қажет. Осыған байланысты мекемеге Шымкент қалалық «Nur Otan» партиясының сайлауалды жол картасының экологияны жақсарту бөлімінің 2-тармағына сәйкес тұрақты тұқымбақты ұйымдастыру туралы тапсырма беріліп, бірқатар ұйымдастыру іс-шарасы белгіленді. Тұқымбақ жер учаскелерінде қаланың жасыл белдеу көлемін ұлғайту мен қала көшелерін, өндірістік нысандарын көгалдандыруға қажет ағаш-бұта көшеттерін өсіру көзделуде. Бірінші кезекте тұқымбақтың 8,3 гектарына 19 түрлі ағаш-бұта тұқымдары өңдеп себіледі және 1,7 гектар жерге әртүрлі тал, ағаш, бұталардың 140 мың дана қаламшасы отырғызылады. Жоба бойынша өсіріліп жатқан ағаш-бұта көшеттерінің саны 1 миллион 770 мың данаға жетуі тиіс.

Еуропа елдерінде әр адам басына 24 шаршы метр жасыл желектен келеді екен. Ал елімізге тоқталсақ, Алматыда – 13 шаршы метр, Шымкентте 7-8 шаршы метрді құрайды. Жалпы стандарт бойынша жан басына шаққанда жасыл желек 5 шаршы метрден кем болмауы тиіс. Сондықтан Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің хаттамалық тапсырмасына және шаһарды көгалдандыру мен көріктендіруге байланысты жасалған арнайы бағдарламаға сәйкес 2025 жылға қарай қосымша 20 гүлзар, 4 саябақ салынады. Парк, аллеяларды күтіп-ұстауға, олардың санын көбейтуге жыл сайын жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді. Және ол қаражаттың көлемі жылдан жылға артып келеді. Биылға қала бюджетінен осы салаға 1,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Алдағы уақытта тағы да жаңа саябақ, гүлзарлар салынса, оған қаралатын қаржының да көлемі арта түсетіні сөзсіз.

Шымкент еліміздің оңтүстігінде орналасқандықтан, климаты өте жайлы. Сол үшін республиканың басқа өңірлерінен қыдырып келушілерге қала ерекше ұнайды. Тіпті шетелдік туристер де Шымкенттің ауасы мен өзіне тән мәдени стилі айрықша әсер қалдыратынын айтады. Ал біз мегаполистің жұртты қызықтыратын ерекшеліктерінің ішінде көшелерді сан-алуан түске бөлеген гүлзарларын, жанға сая сыйлаған саябақтары мен салқын лебін сездірген субұрқақтарын атар едік. Шымкент – гүлді, жасыл қала деген атқа лайық болуы үшін жергілікті әкімдік те көріктендіру ісіне барынша көңіл бөліп келеді. Соның бірі – қала шежіресінде естен кетпес оқиға ретінде қалатын қызғалдақ гүлінің егілуі. Оқырманның есінде болар, өткен жылы шаһарда ерте көктемде гүлдейтін, қала келбетіне ерекше сән беретін 1 миллион 300 мың дана қызғалдақ гүлі отырғызылып еді. ТМД елдерінің мәдени астанасы мәртебесін иемденген қала осылайша қонақтар мен туристерді құлпырған әсем гүлдерімен қарсы алды.

Шымкенттің символы саналатын қызғалдақтардың басым көпшілігі голландық сұрыптағы сары, қызыл, көк, қызғылт және күлгін түсті болды. Ал қызғалдақтың гүлдеу маусымы аяқталған соң оның орнын жаздық гүлдер алмастырды. Былтыр гүлдер саны алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе артты. Яғни, жалпы алғанда 2 миллионға жуық жаздық гүл көшеттері қалаға сән берді.

Бұдан бөлек, өткен жылдың көктем және күз айларында көп жылдық 25 мыңнан астам раушан гүл көшеті мен 90 мың лигуструм бұтақшасы, 30 мың қылқан және жай жапырақты ағаш көшеті отырғызылды.

Тәуелсіздік жылдарында Шымкентте бірнеше жаңа саябақ пайда болды. Олар шын мәнінде егемендіктің арқасында жеткен зор жетістіктеріміз. Бұрынғы сауда аумағының орнына салынған, ескі қалашық маңындағы биік төбеде орналасқан саябақ нағыз тәуелсіздіктің берген жемісіндей, Тәуелсіздік саябағы деп аталады. Көк байрағымыз желбіреген осынау парктің тарихына аздап тоқтала кетсек, азаттық пен ұлттық құндылықтарымыздың қадір-қасиетін танытатын саябақ ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап ашылған. «Тәуелсіздікке» «Алтын көпір» арқылы көтерілесіз. Қарсы беттен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері алаңы қарсы алады. Рәміздер алаңы 2009 жылы салынды. 50 метр биіктікте көк ту желбіреп тұр. Тудың көлемі – 8 х 16 метр. Ал найзалардың биіктігі 25 метрді құрайды. Тап осы тұстан Шымкент алақандағыдай болмаса да, қаланың біраз бөлігі көрінеді. «Рәміздер алаңында» еліміздің картасы бейнеленген.

Содан кейін «Қазына» этно-тарихи кешенінде орналасқан этносаябақтың ел игілігіне берілгеніне көп уақыт өте қойған жоқ. Десе де қаланың у-шуынан, мазасыз тіршілігінен бір сәт бой жазу үшін бұл жерге ағылатын тұрғындар көп. Жасыл желекпен көмкерілген баққа көпшілік бір жағынан әуенмен мың бұрала билейтін субұрқаққа қызығып келеді. Сонымен қатар этносаябақта 20-дан астам тарихи-сәулет ескерткіштің макеті қаз-қатар бой тізген. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи, Отырар, Баба түкті Шашты Әзіз, Кемеқалған әулие, Арыстанбаб, Үкәш Ата, Қарашаш ана секілді киелі орындардың көшірмесін тамашалаған жан тарихқа терең бойлайды.

zhasyl-zhelek 3

Көгалдандыру бойынша ауыз толтырып айтарлық құрылыс жобаларының ішінде Наурыз саябағын атауға болады. Аталған демалыс орны 26 жылдан берi қараусыз жатқан едi. Қалалық әкімдіктің қолдауымен толық жөнделіп, кiреберiс қақпасы жаңартылды. Iшi гүлдермен көмкерiліп, көгалдандырылды. Жасанды су қоймасының жағалауына серуендеушiлерге қолайлы жағдай жасау үшін орындықтар қойылды. Аумағы 8 гектарды құрайтын Наурыз саябағы ашылғалы келушілер қатары саябырсымаған.

— Қаладағы 8 саябақ пен 39 гүлзардың суландыру жүйелері қалпына келтірілді. Ондағы субұрқақтар да жөнделді. Кеңес дәуірінен қалған субұрқақтарды түгендеу жұмыстары жүріп жатыр. Олардың ешкімге тиесілі еместерін басқарма өз теңгеріміне алады. Қаладан 23 жер аумағы бөлінген. Ол аймақтарда жыл сайын гүлзарлар салынады. Келесі жылға 10 аумақта гүлзар құрылысын жүргізу жоспарда тұр. Шымсити шағынауданынан 40 гектар аумаққа саябақ салынады. Ол көлемі жағынан шаһардағы дендросаябақтан кейінгі екінші үлкен парк болады. Биыл «Фиркан сити» сауда–ойын-сауық орталығының маңындағы бұрынғы қоқыс полигонының орнынан салынып жатқан жаңа саябақтың құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Және келесі жылы 12-шағынауданда 2 гектар аумақты құрайтын тағы бір саябақтың құрылысы басталады. Шымкент қаласын дамытудың бас жоспарына сәйкес 13 мың гектар жер жасыл белдеу жасауға бөлінген. Бүгінгі таңда бұл жерлерді мемлекетке қайтару ісі жүріп жатыр. Ол аяқталған соң осыншама аумақта қаланың жасыл белдеуі құрылады. Бұған қосымша шаһардың Қайнарбұлақ тұрғын алабында 976 гектар жерге қарағаш талының көшеттері егілген. Тұқымбақтағы көшеттерді күтіп-ұстау жұмысы өз деңгейінде атқарылып жатыр. Осы аталған жоспарлар толығымен іске асса, Шымкент экологиясы жақсарған нағыз жасыл қалаға айналады, – деді жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ғалымжан Молдабайұлы.

Қорыта айтқанда, тәуелсіздік жылдарында экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында қаламызда көптеген жұмыс қолға алынды. Соның нәтижесінде қаншама жаңа саябақтар мен гүлзарлар шымкенттіктердің
серуен құратын сүйікті мекеніне айналды. Орман қорын молайту жобасының нәтижесінде шаһарда жайқалып өскен ағаш-бұталар көбейді. Бұл да болса экология мәселесін шешуге өз септігін тигізуде. Жалпы, тал егу бүгінгі күннің ісі емес. Сонау ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр. Қазақта «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөз бар емес пе?! Міне, осы бағытта атқарылып жатқан бар шаруа сол өскелең ұрпақтың қамы үшін екенін ұмытпауымыз керек.