Версия для печати

«Конституциямыз дала заңдарымен сабақтасып жатыр»

Пятница, 27 Август 2021 09:28 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2926 раз
Оцените материал
(0 голосов)

konstitutsia-kuniӘлемдегі барлық мемлекет азаматтарының ерік-жігері мен таңдауы сол елдің басты заңы аясында жүзеге асатыны анық. Басты заңы деп отырғанымыз – Конституция. Тура 26 жыл бұрын қабылданған қазақ елінің Ата Заңы мемлекеттігіміз бен біртұтастығымыздың қайнар көзі. Осы уақыт аралығында ол өрлеу мен рухани-саяси тұрақтылықтың алтын қазығына айналып үлгерді. Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ербол ЖАНҒАЗИНМЕН Конституция күні қарсаңындағы сұхбатымыз тәуелсіздік төлқұжатының салмағы мен сотқа артылған сенім турасында өрбіді.

– Ербол Әмірғалиұлы, ел Конституциясы әз Тәукенің «Жеті жарғысы» сияқты әділеттік пен құқық нормаларына қаншалықты жауап береді?

erbol-a– Жеті жарғыны «Тәуке хан заңдары» деп те атап жүр. Оған әкімшілік, қылмыстық істер, азаматтық құқық нормалары, сонымен қатар салық, діни көзқарас туралы ережелер енгізілген. Бір сөзбен айтқанда, қазақ қоғамы өмірінің ешбір қыры елеусіз қалмаған. Әйтеке би ұсынған бір ғана сүйек құнына тоқталайық.

1685 жылы Әлі сұлтан мен қарапайым халық арасындағы жанжал үлкен дау тудырады. Сұлтанның есерсоқ баласы сұлу, әнші-домбырашы қызға бүркітін шүйліктіріп, қастандық жасайды. Қыз бүркіттің тегеурініне шыдамай, көз жұмады. Ашынған ағайындары төреге келіп құн сұрайды. Әлі сұлтан оларды қабылдамай кері қайтарып жібереді. Талабы орындалмаған құн сұраушылар Әйтеке биге келіп шағымын айтады. Әйтеке жанына сіргелі батыры Қазыбекұлы Жабайды, байбақты батыры Шоланды ілестіріп Әлі сұлтанға барады. Бидің айбарынан аяқ тартатын Әлі сұлтан амалсыз құн төлеуге келіседі. Алайда Әйтеке қыз құнына қосымша оның өнерлі екенін айтып, «өнер құнын» және қыздың жоқтаушыларын келеке қылып, сүйек сындырғаны үшін «сүйек құнын» төлеуді талап етеді.

Ал қазақ елінің қазіргі Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Мемлекет тарихында ерекше маңызға ие Ата Заңымыз өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Онда Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны, ең қымбат қазынасы – адам және адам өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені келтірілген. Бағамдай білгенге басты құжаттың жүздеген жылдар бойы қалыптасып, жетілдіріліп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғымен» сабақтасып жатқанын аңғару қиын емес.

Мысалы, шешендік өнер қағидаттары өз мән мағынасын жоймай, іске асып келеді. Конституцияның 77-бабындағы қарапайымдылық, тараптардың, іске қатысушылардың мүмкіндігін шектемеу, тараптарды татуластыруға тырысу, сот шешімдерінің кінәлі тараптарға қатаң жаза тағайындалғанның өзінде қоғам алдындағы әділеттілігі мен дала заңдарына сай болуын қамтамасыз ету талабы билер сотының мазмұнын айшықтайды. Қазіргі уақытқа дейін бұл үрдіс үзілген емес.

– Ата Заңымызда судьяның құқықтары мен міндеттері қалай белгіленген?

– Конституцияда көрсетілгендей, Қазақстан Республикасының сот төрелігін сот жүзеге асырады. Заңда көзделген жағдайда қылмыстық іс, сот ісін жүргізуді алқабилер халықтың тікелей қатысуымен жүзеге асырады. Заң аясында құрылған Жоғарғы сот және басқа да соттар республиканың соттары ретінде айқындалады. Сот жүйесі конституциялық заңмен белгіленеді. Қандай да бір атаумен дереу, шұғыл, төтенше сот құруға жол берілмейді. Сондықтан соттардың құқықтары мен міндеттері заңмен белгіленсе, сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады. Сонымен қатар сот билігі Конституция мен нормативтік-құқықтық актілер, халықаралық шарттар негізінде туындайтын барлық істер мен дауларға қолданылады. Сот шешімдерінің, үкімдері мен қаулыларының республиканың бүкіл аумағында міндетті күші болады. Ол қандай жағдайда болса да орындалуы керек. Әйтпесе, үлкен жауапкершілік қарастырылған.

Сот төрелігін іске асыру кезінде судья Конституцияға бағынады. Нақты істер бойынша есеп бермейді. Бірінші сатыдағы сот үкіміне разы болмаған адам аппеляциялық сатыдағы сотқа, оған да қанағаттанбаса Жоғары сотқа шағымдана алады. Дамыған елдерде сотқа деген құрмет те, құқықтық сана да жоғары. Ал судья айыпталушыға үкім шығармайынша ол адам кінәсіз деп есептеледі. Әдетте аяғына жетпеген істер бойынша кісіні алаяқ, қылмыскер, жемқор айыптап жатады. Алайда, үкім күшіне енбейінше оны бұлай атауға ешкімнің құқығы жоқ.

Еліміз егемендікке қол жеткізгелі сот билігінің әділ әрі ашық болуы үшін көптеген жобалар жүзеге асырылды. Соның бастысы медиация тәртібінде істерді қарау тәжірибесі жемісін беріп, нәтижесінде халықтың сотқа деген сенімі артты. Медиация арқылы татуласу тараптар үшін де, сот үшін де өте тиімді. Себебі сотта қаралатын істер саны азайып, тараптар үшін дауды медиатор арқылы жылдам әрі шығынсыз шешуге мүмкіндік бар.

– Соңғы жылдары жиі орын алып жүрген қылмыс түрлері қандай? Былтырғы және биылғы статистиканы сөз етсек...

– Өткен жылмен салыстырғанда биылғы 6 айдың көрсеткішінде қылмыс саны көп. 2020 жылы 6 айда 932, ал осы жартыжылдықта 1060 іс түсті, яғни 13,1 пайызға артық. Қаламызда ұрлық, алаяқтық жиі кездеседі. Оңай жолмен үй, әлеуметтік көмек алғысы келетіндер сан соғып қалып жатады. Қай қайсысы да соңын ойламайды, байыбына бармайды. Олар пара берудің де жауапкершілігі барын түсінуі тиіс. Өздері ақша бергеніне өкініп, кінәсін мойындаған соң олар жазаға тартылмайды. Одан бөлек, көлігін қараусыз қалдырып кететіндер, малды өріске иесіз жіберетіндер де көптеп келеді. Дегенмен, аң аулаушыларға қатысты жаза қатаңдатылғалы мал ұрлығы азайды. Жол апаттары бойынша да енді тараптардың кешірімі қабылданбайды.

– Карантин жұмыстарыңызға қаншалықты әсер етті?

– Ия, өткен жылдан бері әлемді алаңдатқан пандемиядан қашықтан жұмыс істеуге тура келді. Бірақ қиын кезеңде абдырап қалған жоқпыз. Біз бұған дайын болдық. Сот ісі, сот төрелігі бір күнде тоқтаған жоқ. Санитарлық талапты сақтап, сот отырыстарын жүргізіп отырдық. Кейбір адамдар әлі күнге жағдайды дұрыс түсінбейтін секілді. Онлайн сот отырыстары кезінде көбі сотта отырғанын сезінбей жүрдім-бардым жауап беріп жүрсе, біздің ескертуімізден кейін кемшіліктер қалпына келді.

– Қазақстандағы кез келген азамат өз құқығын білуі міндетті. Алайда, құқықтық сана деңгейінің төмендігінен қазіргі таңда азаматтардың алдануына, заң бұзушылықтарға байланысты көптеген істер орын алуда. Осындай жағдайлар болмау үшін құқықтық сана деңгейін қалай көтеруге болады деп ойлайсыз?

– Бұрын көшеде келе жатқанда адамдардың көлігінен темекіні сыртқа лақтырып жататынын жиі байқайтынмын. Бір кездері азаматтар көлікте қауіпсіздік белдігін тақпайтын. Қазір айыппұл салынатын болғандықтан бұдан арылды. Біз құқықтық сана мәдениетін насихаттай беруіміз керек. Қазақстанның алдында құқықтық мәдениеті жоғары, заңды құрметтейтін, гуманизм мен әділеттілік қағидалары әрекет ететін құқықтық, азаматтық қоғам құру міндеті тұр. Ал азаматтық қоғамның құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыруда сот жүйесі негізгі роль атқарады.

– Алқабилердің қатысуы сот жұмысына қаншалықты оң ықпал етуде?

– Алқабилер соты қазақ тарихында әлімсақтан бар. Араз болып келгендердің дауын билер алқалы топта шешкен. Ал алқабилердің сот залындағы процеске қатысуының өзіндік мәні бар. Олар, ең алдымен, тараптардың мүдделерін қорғайды. Көзқарасын ашық білдіріп, кейбір жағдайларда судьяның істі дұрыс қарауына ықпал етеді. Сөйтіп, судьяның істі оңтайлы қарауына септігін тигізеді.

Елімізде бұл жүйе 2007 жылдан бері қолданыста. Бұл демократияның ажырамас бөлігі ретінде азаматтық қоғам институттарын дамыту мен адам құқықтарын қорғаудағы жауапты кезеңге айналды. Одан бері талай іс алқабилердің қатысуымен қаралды. Ең бастысы, мұндай сот процестерінің ізгілікті және әділдікті арқау ететіні халық көңіліне үлкен сенім ұялатады.

– Дауласушы тараптардың көңілінен бірдей шығу мүмкін емес. Осы орайда халықтың сотқа деген сенімі немен өлшенгені дұрыс?

– Ата Заң аясында мемлекетіміз Президент басқаруындағы үш билік тармағынан құралып, оның бірі ретінде тәуелсіз сот билігі бекітілді. Соттың қызметі мен мәртебесі заңды түрде анықталғаннан кейін сот өкілдері өздеріне артылған орасан зор жауапкершілікті айқын сезініп келеді. Сот жұмысына қандай да бір араласу, сот актілерін орындамау сотты құрметтемеу болып саналады. Ондай әрекеттері үшін қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілік көзделген. Дегенмен, қандай істе болмасын, біздің шешімімізге тараптардың бірінің көңілі толмауы қалыпты құбылыс. Бірақ қара қылды қақ жаратын судьялар қашанда құрметке лайық. Сотқа сенім – судьяға сенім. Сондықтан әріптестеріміз шиеленіскен мәселелерді ушықтырмай шешуде бар күш-жігерін салып, әділ сот төрелігін әрі қарай жалғастыра беретініне сенім зор.

– Сот саласының жұмысы судьяларға үлкен жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Тақырыптан сәл ойыссам деймін. Еңбек жолыңыз туралы айтсаңыз...

– Еңбек жолымды Өскемен қаласындағы мемлекеттік мекемеде заңгер кеңесшісі болып бастадым. Одан соң Зырян қаласының (қазіргі Алтай) прокуратурасында аға тергеуші болып тәжірибе жинақтадым. Кейін Алматы қаласының Әуезов аудандық прокуратурасында, Бас прокуратурада қызмет атқардым. Кадр басқармасының, сот актілерінің қадағалау бөлімінің прокуроры ретінде тәжірибе жинақтадым. 1995 жылы тамыз айында сотқа келдім. Содан бері осы салада қызмет етіп келемін.

– Судья ретінде қараған алғашқы қылмыстық істі еске түсіріп, жай-жапсарын айтып берсеңіз...

– Қазақ қызына қатысты іс есіме түсіп отыр. Бизнесмен жігіт әйелі жоқта оны үйіне қонаққа шақырады. Екеуі бірге тамақтанады, көңіл көтереді. Сол сәтте қыз оның өте дәулетті адам екенін байқайды. Ұйықтап жатқан жігіттің көзін жоймақшы болып, денесіне пышақ сұғып алады. Ауыр жарақат алғанына қарамастан жігіт жоғары қабаттың терезінен секіріп, құтылып кетеді. Кейін қылмыскердің нашақор екені анықталды. Сол кезде қыз пәтерде қолына іліккен бағалы заттарды тонап кетеді. Айыпталушы ұзақ жылға сотталды. Істің ақиқатын анықтадым. Жігіт те кінәлі болған соң кешірім берілді. Қызға профилактикалық емдеу ісін тағайындадым. Одан кейін де небір ауыр қылмыстық істер кездесті.

– Ербол Әмірғалиұлы, мерейлі мереке құтты болсын! Оқырманға айтар тілегіңіз...

–Бұл – еліміз үшін ең қастерлі, ең ұлық мереке. Мемлекетіміздің құқықтық негізін айқындаған Ата Заңымыздың қабылданғанына 26 жыл толып отыр. Аз уақыт ішінде Ата Заңымыз заман талабына сай екенін дәлелдеді. Тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп, мемлекетіміздің бүгіні мен болашағын баянды етті. Осы орайда Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдаған атаулы күнмен баршаңызды құттықтаймын. Басты құндылықтарымыз – тәуелсіздігіміз, келісім мен бірлігіміз нығая берсін. Әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.