Ұстаз көштен қалмаса, шәкірт те озады

Пятница, 27 Август 2021 09:08 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2103 раз

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Дәстүрге айналған тамыз кеңесі биыл Ы. Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясында еркін пікір алмасу негізінде ұйымдастырылды. Шаһар басшысы Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен алқалы жиынға қалалық мәслихаттың хатшысы Б.Нарымбетов, «Nur Otan» партиясы Шымкент қаласы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Бектаева, қалалық мәслихат депутаттары қатысты.

mektep

–Биыл 350 мыңға жуық білім алушылармен жаңа 2021-2022 оқу жылын дәстүрлі форматта бастаймыз. Бала саны 17 мыңға артты. Сәуір және тамыз айларында бірінші сыныпқа 25 мың оқушыны онлайн қабылдадық. Бұл жұмыстар әлі жалғасуда, - деді Ж.Тәжиева.

Ал қаладағы 524 мектепке дейінгі білім беру мекемесінде 66 132 бала бар. Оның ішінде, мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 3-6 жас аралығындағы 52 859 бала қамтылған. 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту үшін жан басына шаққандағы қаржыландыруға сәйкес, әр балаға 37 527 теңгеден белгіленіп, жалпы 29 млрд. 946 млн.теңге қаржы қаралған.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі әзірленді. Жаңа жүйені енгізу жаңа оқу жылынан басталады. Бұл үшін «Ойын арқылы оқыту» қағидаты негізінде мемлекеттік стандарт өзгертіліп, үлгілік оқу бағдарламасы қайта қаралады. Сонымен қатар, «Балаларды ерте дамыту институтын» құру бойынша жұмыстар жүргізіліп, тәуелсіз ұлттық бағалаудың жүйесі енгізілетін болады. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру яғни қаржыландыру жүйесі де жаңартылуда, - деді басқарма басшысы.

Жанат Арысбекқызы кадрлық әлеуетті дамыту бойынша педагогтер еңбекақысын кезең-кезеңімен көтеру, өзіне тән емес функциялар мен тексерулерден босату бойынша шаралар қабылданғанын жеткізді. Сонымен қатар біліктілікті арттыру курстарынан өткізу, шеберлік деңгейі бар мамандар үлесін және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында «Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту» мамандығы бар педагогтер үлесін арттыру жоспарланған.

– Қазіргі таңда қаладағы жалпы орта білім беру ұйымдарында шеберлік деңгейі бар педагогтер саны - 10 503 (55,9%). 2021 жылға біліктілік деңгейі бар ұстаздар санын белгіленген көрсеткішке (59,5%-ға) жеткізу үшін 4 080 мұғалімді Ұлттық біліктілік тестілеуден өткізу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда 2 657 ұстаз ҰБТ тапсырған. Тест тапсыру қараша айына дейін жалғасатын болады. Педагог қызметкерлердің сапалық құрамын арттыру бойынша жыл сайын «Өрлеу» БАҰО Шымкент қаласы филиалында, педагогикалық шеберлік орталығында біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылуда. Ол 2025 жылы 85%-ға жетеді деп күтілуде және ұстаздар еңбекақысы 2 есеге ұлғайып, орташа еңбекақы 253 мың теңгені құрайды деп жоспалануда, - деді Жанат Арысбекқызы.

Ал Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ұстаздарды жаңа оқу жылымен құттықтады. Қала басшысы балалардың денсаулығын сақтау бірінші кезектегі мәселе екендігін алға тартты. Мұрат Дүйсенбекұлының айтуынша, зияткер ұрпақ тәрбиелеу басты стратегиялық міндет болып белгіленген. Білім саласында мақсатты индикаторлық көрсеткіштер қойылып, адами капиталдың сапасын арттыру міндеттері межеленген. Бұл бағытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, білім беру ұйымдарының құрылысын жүргізу, олардың жабдықталу деңгейін арттыру, білім саласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті жолға қою, педагог кадрлардың әлеуетін көтеру, тағы басқа маңызды көрсеткіштер қамтылған. Алдағы 5 жылда қалада 72 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланып, үш ауысымды мектептер мәселесі мен мектебі жоқ шағынаудандар мен тұрғын алаптарда жаңа мектептер салынбақ. Биылдың өзінде 32 мектептің құрылысы басталып, 20 мектеп жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. 16 мектептің құрылысына жеке инвесторлар тартылған.

Білім саласына мемлекет тарапынан қамқорлық жыл санап артып отырғандығын мәлімдеген қала басшысы мұғалімдерден тек білім сапасын арттыру ғана күтілетінін айтты.

– Оқушыларымыз білім олимпиадалары мен ұлттық тестілеу көрсеткіштерінен оқ бойы озық тұруы керек. Бүгін мектебіне үлес қосқан бала, ертең еліне үлес қосатын болады. Зияткерлік бәсеке орныққан бүгінгідей кезеңде балаларымыз өздерін күнделікті жетілдіруі тиіс, - деді қала әкімі.

Мектептің бала тәрбиесіндегі роліне тоқталған қала әкімі оқушыларды қосымша біліммен, тәрбие шараларымен қамтудың маңызы зор екенін жеткізді. Бұл бағытта спорттық және шығармашылық үйірмелер жанданып жатқандығын, балаларымыздың жан-жақты дамуы үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған деді. Сынып жетекшілерін осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға шақырды.

Технологиялық мүмкіндіктер тұрмысымызды барынша оңтайландырып жатқандығын атап өткен қала басшысы интернет кеңістіктің бала тәрбиесіне теріс ықпал ететін факторларын да ескеруді сұрады. Балаларды киберкеңістіктегі нашақорлық бизнесінен барынша қорғап, олардың әлеуметтік желідегі белсенділігін бақылауда ұстауды тапсырды.

Мұрат Дүйсенбекұлы колледждер еңбек нарығына қажетті техникалық мамандар даярлаудың орталығы болуы тиіс екендігін атап өтті. Бұл бағытта сала жетекшілеріне қала колледждерінде құрылысшы мамандықтар бойынша кадрлар даярлауды тапсырды.

Тамыз кеңесінде білікті ұстаздар жарыссөзге шығып, білім беру мен тәрбие саласының озық тәжірибелерін сөз етті. Сондай-ақ, бірқатар ұстаздарға қала әкімінің грамоталары табыс етілді. Жиынды қорытындылаған Мұрат Дүйсенбекұлы берілген тапсырмалар қаланың білім сапасын жаңа деңгейге шығарады деген сенімін білдірді.