«Бостандық ізгі періште...» Избранное

Среда, 23 Июнь 2021 03:47 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3444 раз

Біздің қатарымыз орта буыннан өтіп, аға буынға аяқ басқандар екі ғасырдың куәсі болдық. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» кеңестік қамсыз, бейбіт қоғамның екінші жартысында армансыз өмір сүрдік. Біздің бақытымыз – туған халқымыздың бодандықтан бостандыққа қалай өткенін көзбен көрдік, көп нәрсеге сенер-сенбесімізді білмей жүрген кезіміз де болды.

260

 

Тәуелсіздік алғалы да 30 жыл өтті, бұл ата тарих үшін қас-қағым сәт. Ендігі арман не? Үш жүз жылға жуық қанын төгіп, жанын пида етіп, азап пен қасіреттен құтылу үшін күрескен бабаларымыз жете алмаған бостандыққа біз жеттік. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 2021 жылды – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы ретінде жариялады. Қастерлі мереке жайлы: «Біз қастерлі Тәуелсіздіктің отыз жылдығына қадам басамыз. Бұл – баршамызға ортақ өнегелі өлшем, тағылымды кезең. Жаңа мемлекет құруға атсалысқан бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің тарихи шежіресі. Сондықтан, мен келесі жылды «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жарияладым. Өткен әрбір он жылдық атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр. Алғашқы он жылдық егемен Қазақстанның өз дербестігін қалыптастыру кезеңі болды. Екінші он жылдықта еліміз тұғырын нықтап, керегесін кеңейтіп, іргесін бекітті. Үшінші он жылдықта мемлекетіміз шын мәнінде кемеліне келіп, әлемдік саясаттың төріне озды» деп тебіреніспен атап көрсетті.
Тәуелсіздік атты қасиетті тойдың 30 жылдығында оқырман қауыммен аз-кем ой бөліскенді жөн санадық. Тәуелсіздік, бостандық жайында жадыда жүрген кейбір қағидаттарды ортаға салудың да реті келгендей.
Қазақ халқы 1990 жылдың 25 қазанында ел қатарлы Егемендік туралы декларация қабылдады, одан әрі 1991 жылы 16 желтоқсан күні тәуелсіздігін жариялап, заң жүзінде шынайы бостандыққа жеттік. Жетпіс жыл бойы үстемдік еткен кеңестік қоғамның күйреу кезеңіне тап болған біздің ел көптеген қиыншылықтарды бастан кешірді. Бір қуанарлығы бабаларымыз айтқандай: «күннің жаманы кетті»… «Мен ауызбіршіліктен айнымайтын ақжүрек жұртымның қуатты ұлтқа, шуақты ұлысқа айналарына кәміл сенемін» (Президенттің Қазақстан халқына жолдауынан) дейтін Елбасы аманатының жүзеге асып жатқанына баршамыз куәміз. Қазақ халқының алдында мәңгілік мұраттар мен ұлы міндеттер бар, соның бірі, ең бастысы – бостандықты баянды ету, сақтап қалу, одан әрі нығайту, мәңгілік ел болу мұратына жету.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, яғни тоқсаныншы жылдардың басында естіген бір аңыз әңгіме менің жадымда ұдайы жаңғырып тұрады. Аңыз мазмұны былай өрбиді: Орман ішінде қорек іздеп келе жатқан аш қасқыр ойда жоқта жал-жүні күдірейген, семіздіктен найқалып жүре алмай қалған бір итке кездеседі. Бір-біріне тұқымдас жануарлар болғандықтан тез тіл табысып, аш қасқыр иттің мұндай тоқтығына сүйсініп, семіздіктің сырын сұрайды. Ит өз кезегінде мақтанып, «менімен бірге жүр», «жегенің алдыңда, жемегенің артыңда, яғни аштықтан құтыласың» деп жұбатады. Аштықтан көзі қарауытып жүрген қасқыр бірден келісіп, ере жөнеледі. Жолай келе жатып иттің мойнындағы қарғыбауды көзі шалып қалады, шыдай алмай қарғыбаудың қандай қажеттілігі бар екенін сұрайды. Сонда әлгі тоқ ит керек кезінде өз иесінің қарғыбауға шынжыр тағып, оны қазыққа байлап қоятынын ескертеді. Мұны естіген әлгі қасқыр «аш жүрсем де, бостандығым қымбат» деп кілт бұрылып, өз жөнімен кете берген екен.
Тәптіштеп баяндап жатқан бұл мысалды келтіріп жатқан себебіміз де жоқ емес. Әлі күнге дейін күні кешегі құлдық қамытты аяусыз кигізген кеңестік қоғамды аңсап, «анау арзан еді, мынау бар еді» іспетті әңгімені айтушылар жоқ емес. Бір сөзбен айтқанда Совет Одағынан бөлінбеу керек еді, осы тәуелсіздік бізге не береді дегенге дейін саяды. Осындай әңгімені естігенде жоғарыдағы мысал ойыма еріксіз түседі. Бізге керегі тек тоқшылық па? Ең қымбат байлық бостандық емес пе, сол бостандықты бағалауға келгенде неге енжарлық танытамыз, қастерлі бостандықты қарын тоқтығымен өлшеуге бола ма?
Тәуелсіздікке қол жеткен халықтың бостандығын айғақтайтын қасиетті Ата заңымыз бар. Одан әрі мемлекет екенімізді әлемге танытатын Елтаңба, Ту, Әнұран бар. Қаншама ғасырлар бойы білектің күші, найзаның ұшымен қорғаған жерімізді, шекарамызды түгелге жуық белгіледік, бұл да ең қымбат бостандықтың басты сипаты. Экономикалық өрлеу үстіндеміз, құрсақ тойып, киім бүтінделіп, көлік мініп, жекеменшік иесі, жер иесі болып шыққан халық бостандықтың тәтті жемісін көруде. Білім-ғылымда да бостандық исі аңқып тұр. Күні кеше ғана (1990 жылдары) екі университет болса, ендігі жерде екі институт табу қиын, білімді толығымен университет, академия дәрежесіне жеткіздік. Мұхиттың арғы жағында, дүниенің төрт бұрышында бала оқытып жатырмыз. Білім туралы айтқанда тілді де ұмытпайық, «Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі», бұл да есіктегі тілімізді төрге шығарудағы игілікті қадам, тіл бостандығына қамқор болатын Ата Заңның арнайы бабы бар. Бостандықтың ең үлкен жетістігі – енді өз байлығымызға өзіміз ие болдық, кеңес кезіндегі алып зауыттар, комбинаттар, мұнай, газ, мыс, алтын қорларына қолымыз жетті. Мәскеудің нұсқауымен, шешімімен миллиардтаған пұт астығымызға дейін батыстағы батыр қалаларды азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін кетіп жататын, соңғы жетпіс жылда Қазақстаннан тасымалданған байлықты айтып тауыса алмайсың.
Ең соңғы тәуелсіздіктің бір жемісі – ол ел билеу жүйесі. Кеңестік кезеңдегі 70 жылда елі бай, жері бай Қазақстанды грузин, еврей, орыс, армян, украин, ұйғыр т.б. бауырлар армансыз биледі, қазақтан шыққан Мырзағалиев, Шаяхметов, Қонаев сынды санаулы ғана тұлғалар болды.
Бұл күндері бостандыққа шын мәнінде жеттік, бүкіл халық болып сайлаған, Президентіміз бар, Үкімет, Сенат, Мәжіліс бар. Әкімдік басқару жүйесі нәтижелі жұмыс істеп келеді. Билік халықтың қамын ойлап, халық билік басындағыларға қолдау көрсетіп тәуелсіз, азат ел екенімізді дәлелдеп келеміз.
Тәуелсіздік тағылымы жайында айтқанда, шаттанып айтатынымыз – ол өз астанамыз бар. Ұлы хандарымыз ту тіккен Ұлытау, Көкшетау, Түркістан аймағы мен кеңес билігі Қазақстанның астанасы еткен Орынбор, Қызылорда, Алматы қалалары тарих қойнауына өтіп, ғасырлар тоғысында өз тәуелсіздігін жариялаған мемлекеттердің ішінде біз тұңғыш рет ғажайып астана - Нұр-Сұлтан қаласын асқақтаттық. Бұл Тәуелсіздігімізді әлемге танытудағы басты көрсеткішіміз, жетістігіміз болды. Жұрт тығырықтан шығудың жолын іздеп жүргенде, біз қырандай самғап, Азия барысына айналуды алдымызға мақсат етіп қойып, әсем қала тұрғыздық. Бас қаламыз Нұр-Сұлтан өр рухтың, асқақ сезімнің, ұлттық мақтаныштың басты көрсеткіші.
Тәуелсіздіктің аренасына өз желкенін көтеріп шыққан еліміздің халықаралық қатынастағы жеңісі мен жетістігі де бостандығымызды айқындайтын биік өлшем. Бұл күндері бізді әлемнің түкпір-түкпірі таниды, жүзден астам елдермен елшілік қатынас орнатқан салиқалы, салмақты елдер санатындамыз.
Біз бостандықтың ең қастерлі, ең қымбат, ең үлгілі жағын санамалап қана көрсеттік, ал бостандықтың асыл қасиеті, ізгі мұраты жөнінде айтып тауысу мүмкін емес. Басты мақсат жақсы жайттар мен жетістіктерді айту арқылы да алға ұмтылып, биікке самғауға болады деген сенімім бар.
Тәуелсіздік, бостандық бір күннің әңгімесі емес немесе тәуелсіздікті айтулы тойдың 30 жылдығы күндері ғана мерекелік лебіздермен, кейде-кейде мақтангөйлік әңгімеге жеткізілетін шара деуге болмайды. Өр рухты бабаларымыздың арманы болған, бүгінгі бақытты ұрпақтың келешегін баянды ететін бостандықтың көк туын биік көтеріп тағзым ету – ұлттық парызымыз. Тәуелсіздік, азаттық, бостандық – ең қымбат байлығымыз.
Қорыта айтқанда, қазақ халқының кәрі тарих алдында жүзі таза, пейілі ақ, ниеті түзу. Халқымыздың дәл осы пейіліне ғасырлар бойы күткен, іздеген тәуелсіздік, бостандық ақ періштедей («Бостандық ізгі періште...» М.Жұмабаев.) қолымызға қонды. Енді осы пейілімізге келген тәуелсіздіктің туын биік ұстау – перзенттік парызымыз, бабалар алдындағы мәңгілік қарызымыз.

Нариман Нұрпейісов
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық
университетінің, филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.