Ұрпағың барда белгісіз болып қалмайсың

Пятница, 28 Май 2021 09:59 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3551 раз

Репрессия құрбаны Әбілқайыр Досов туралы ақиқат

abilkair-dosov-1

Биылғы жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Жарлығымен елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрылып, өз жұмысын бастап кетті. Осыған сәйкес мемлекеттік комиссияның қызметін жүзеге асыру және өңірлер бойынша ақтау материалдарын жинақтау үшін Шымкентте құрамына ЖОО орындарының ғалымдары, ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми қызметкерлері жұмылдырылған жұмысшы тобы еңбек етуде.

abilkair-dosovАталмыш комиссияның негізгі міндеттерінің қатарына саяси қуғын-сүргін құрбандарын құқықтық жағынан ғана емес, саяси тұрғыдан да толық ақтау, сондай-ақ репрессияға ұшыраған адамдарды ақтау процестерін ғылыми зерделеу де жатады. Осы мақсатта жұмысшы тобының мүшелері тарапынан Шымкент қаласында орналасқан саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің қор құжаттарына ғылыми сараптама жүргізілді. Музейде Шымкент қаласы мен Түркістан өңірі бойынша сталиндік репрессия жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған 6932 адамның құжат қоры жинақталған екен. Бұл құжаттардың басым бөлігі ҚР ІІМ қарасты арнайы мемлекеттік архивінен алынған, әлі күнге дейін ғылыми айналымға түспеген және «өте құпия» деп белгі соғылған қылмыстық істерден тұрады. Жоғарыдағы музей қоры құжаттарының ішінде біздің ерекше назарымызды аудартқаны – Оңтүстік Қазақстан облыстық комитетінің 1-хатшылығы қызметінде жүрген кезінде саяси қуғын-сүргінге ұшырап, небәрі 38 жасында жазықсыз атылып кеткен Досов Әбілқайыр Ысқақұлының тергеу материалдары болатын. Тергеу материалдарының құрамына тігілген Ә.Досовтың өз қолымен толтырған өмірбаяндық жазбасына сүйенсек, ол 1899 жылы Ақмола облысы, Көкшетау уезі, Қотырбұлақ болысына қарасты №1 ауылда дүниеге келген. Әкесі Ысқақ малы жоқ кедей, жатақ ретінде ағаштан астау, арбалар жасап сатып, өз отбасын асыраған.

Алайда кейін ауылға тиесілі жер мен орман массиві қоныстандыру басқармасының қарауына өтіп, патша өкіметі тарапынан жергілікті халыққа орман ағаштарын кесуге тыйым салуы себепті көпбалалы отбасының күнкөрісі күрт нашарлаған. Осыған байланысты 9-10 жастағы Әбілқайыр орыс байларына жалданып жұмыс істей бастайды. Орыс байы Николай Хамуллоның мұғалім баласын үйірсектеп жүріп, ол алғырлығының арқасында орыс тілін меңгеріп алады. Жас баланың оқуға деген ерекше ынтасы барын байқаған мұғалім оны Қотырбұлақ түземдік бастауыш мектебіне оқуға түсіреді. Арада екі жыл өткен соң, аталмыш мектеп курсын жедел аяқтап, Омбы қаласындағы жоғары-бастауыш училищесінің студенті қатарына қабылданады. 1916 жылы Омбы ауылшаруашылық училищесінің студенті Саматов Мұқтардың шақыруымен алғыр азамат қазақ жастарының «Бірлік» қоғамының мүшелігіне өтеді. «Бірлік» қоғамының жиналыстарына қатыса жүріп, М. Жұмабаев, Ш. Әлжанов, С. Сейфуллин сияқты зиялы қазақ жастарымен қатарласа қоғамдық және саяси істерге белсене араласады.

Осында жүріп студенттердің құпия «Балапан» журналына мақала теру, мұқабасын безендіру, карикатуралық сурет салу міндеттерін атқарады. Өзі айтқандай, «Бірлік» қоғамы ресми түрде мәдени-ағарту бағытын көздегенімен, шын мәнінде патша өкіметінің отаршыл саясатына қарсы қазақ халқының саяси-құқықтық сауатын ашуға жәрдемші, сондай-ақ «Алаш» партиясының бағдарламасын ел ішінде насихаттайтын көмекші ұйым болатын. Мұны Ә.Ысқақұлының тергеушіге берген мына қызықты мәліметі дәлелдей түседі: «1917 жылы желтоқсан айында Омбы қаласына Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханов келді. Осыған байланысты қалада көп адам жиналған митинг болды. Қала халқының барлығы дерлік оның ішінде «Бірлік» қоғамы мүшелері де «Алаш» партиясын қолдайтынын білдірді. Большевиктер партиясын қолдау керек деп пікір айтқысы келген бірлі-жарым адамдарды митингке жиналған халық трибунаға жолатпай, шуылдап сөзін аяқтатпай қойды. Осы митингтен кейін көп ұзамай «Бірлік» қоғамының арасында пікір алшақтығына байланысты жік туындап, мен мүшеліктен шығып кеттім».

Қазан төңкерісінің дүрбелеңі кезеңінде көбінесе оқуға емес, митинг, жиналыстарға жиі қатысқаны үшін оны училищеден шығарып жіберді. Азамат соғысы жылдары ол Омбы қаласынан қашып, Колчак террорына қарсы Көкшетау өңіріндегі Полиенконың партизан отряд құрамында шайқасады. Осында жүріп ол алғаш большевиктер партиясы қатарына қабылданады. 1920 жылы «Кедей сөзі» газетінің бас редакторы болып қызмет атқарады. Сол жылы Қазақ  АКСР-ның құрылуына байланысты Орынбор қаласына шақыртылып ҚазЦИК президумы мүшелігіне сайланады және оның хатшылығына тағайындалады. 1923-1924 жылдар аралығында Әбілқайыр Ысқақұлы Семей губерниялық атқару комитетінің төрағасы, 1925 жылы Түркістан республикасынан Қазақстанға өткен біріккен облыстар (Сырдария мен Жетісу) ревкомының төрағасы қызметіне тағайындалады. Осы қызметте жүріп аптал азамат оңтүстіктегі аталмыш екі облыстың шекарасын анықтап, жер даулаған көршілес республикалардың басшыларына батыл тойтарыс беріп жүрді. Мәселен, 1925 жылы Кироблревком жиналысында жасаған баяндамасында ол жаңа облыстар орталығы болып белгіленген  Шымкент қаласына Ташкенттен тек мемлекеттік мекемелер ғана көшіріліп, ірі шаруашылық органдар мен банктер қалып қойғанына қынжылыс білдіріп, бұрынғы уездік қаланы облыс орталығына сай бейімдеу үшін тез арада құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізуді, ірі өнеркәсіп орындарын салуды ұсынады. Әбілқайыр Ысқақұлының басшылығымен Шымкент қаласын аббаттандыру ісі жедел қолға алынып, Бау және Советтер көшесінің қиылысындағы бұрынғы Облисполком ғимаратының жобасы бекітіліп, Ленин атындағы орта мектеп, қалалық театр т.б. мәдени мекемелер бой көтере бастайды. Алайда сол жылы Түркістан облревкомы таратылғаннан соң, ол Орал атқару комитетінің төрағасы лауазымына ауысады. 1926 жылдың соңында Мәскеу қаласындағы ЦИК президиумы мүшесі қызметіне шақырылады. Ол 1930-1933 жылдары Мәскеуде ВКП (б) ОК аппаратында жауапты нұсқаушы, 1933 жылы Қазақ өлкелік партия комитеті қаулысымен Шығыс Қазақстан обкомының 2-хатшысы, 1934 жылы Ақтөбе обкомы 1-хатшысы, 1936 жылдың қыркүйек айынан ОҚО обкомының 1-хатшысы қызметтерін атқарады. 1937 жылы 26-қарашада осы қызметте жүрген кезінде Әбілқайыр Досов «қазақ халқын және партияны сатқан ұлтшыл» деген жалған айыппен НКВД органы тарапынан тұтқындалды.

Әбілқайыр Досовтың 4-томды құрайтын қылмыстық ісін талдай отырып байқағанымыз, ол тергеудің алғашқы күндерінде өзіне тағылған айыптарды түгелімен жоққа шығарып, мойындау қағазына қол қоюдан бас тартқан. Бірақ, НКВД қызметкерлері ойлап тапқан түрлі азаптау тәсілдерінің әсерінен болар, кейін барлық  «кінәсін мойындауға» мәжбүр болған. Әбілқайыр Досовтың 1938 жылы 15 қаңтарда тергеу протоколына сәйкес берген жауабында: «Мен ұлтшыл құпия ұйымның Оңтүстік Қазақстандағы жетекшісі ретінде Кеңес үкіметіне қарсы күрес жүргізіп, қарулы көтерілістер ұйымдастыруды көздедім.

Осы мақсатқа қол жеткізу үшін өзіме сеніп тапсырылған халық шаруашылығының барлық салаларында қаскүнемдік шаралар ұйымдастырдым. Мені 1929 жылы осы құпия ұлтшыл ұйымға кіруге үгіттеген – Н. Нұрмақов болатын. Мәскеу қаласында онымен үнемі тығыз байланыста болдым. Ол Қазақ өлкелік партия комитетінің жетекшісі Ф. Голощекинді әрқашан айыптап ашулы түрде боқтап отыратын. Халықтың жағдайымен санаспай, ұжымдастыру шарасын әбден бұрмалап былықтырғаны соншалық, енді оны түзету мүмкін емес, қазақтар шыбындай қырылуда деп қынжылатын. Мәскеудегі ВКП (б) ОК басшыларына жеткізу арқылы Қазақстанда орын алған бұрмалаушылықтарды түзетсек болмай ма деген менің пікіріме, басшылық сенің сөзіңе емес, әрине Голощекиннің сөзіне сенеді. Сондықтан бұл жол тиімсіз, әрі қауіпті. Бірақ қалайда болмасын бәріміз жабылып республика басшылығын тез арада орнынан тайдыруымыз керек. Бізге алдымен интернационалист емес, қазақ халқының патриоты болу маңызды дейтін. Өзімнің саналы ғұмырымда мен контрреволюционер, Алаш-ордашыл, яғни 1920 жылдан бастап Сәкен Сейфуллиннің ұлтшыл ұйымының мүшесі ретінде Кеңестер билігіне қарсы едім» – деп «ағынан жарыла» мойындайды.

Әбілқайыр Досовтың 1937 жылы 15-желтоқсанда тергеушіге берген жауабында мынандай мәліметтерді келтіреді: «А. Асылбеков, Н. Нұрмақов, Б. Төрегожин және т.б. халық жаулары деп айыпталғандармен таныспын. Мәскеу қаласында қызметте жүргенімде шай ішіп, бір-бірімізге қонаққа барып жүрдік. Қазақстандағы бұрмалаушылықтар жөнінде сөйлесетінбіз. Бірде Мәскеу қаласына Голощекин мен Исаев келді. Осыған байланысты М.И. Калининнің төрағалығымен жиналыс ұйымдастырылды. Осы жиында  Ф. Голощекин өз баяндамасын бастамас бұрын маған бұрыла қарап: «Досов жолдас! Сіз қазіргі таңда Қазақстандағы халықтың жағдайы өте ауыр, ұжымдастыру науқанында басшылық тарапынан бұрмалаушылықтар тіпті көп деген сыңайда әңгімелерді айтып жүр екенсіз ғой» деп дүрсе қоя берді. Мен «Голощекин жолдас! Қазақстанда орын алған қиын ахуал, ұжымдастыру кезіндегі бұра тартушылық бәріне белгілі жәйт емес пе» – деп жауап бердім. Менің осы сөзімді сіздерге олар өңін айналдырып  жеткізуі мүмкін. 1936 жылы Қазақ КСР құрылғанда Т. Рысқұлов, С. Қожанов, Н. Нұрмақовтар Казақстан делегациясына арнап қонақасы бергенде менде қатыстым. Ұ. Кұлымбетовпен тығыз байланыста болдым. ОҚО контрреволюциялық ұлтшыл ұйымға жетекшілік жасай отырып, жеке өзім осы ұйымға аудан басшыларын – Сайбовты, Избанов, Бөкейханов, Иралин, Есқараевтарды тарттым».

abilkair-dosov-2

Ә. 1938 жылы 8-наурызда КСРО Жоғары сотының әскери коллегиясы шешімімен РСФСР қылмыстық кодексінің 58-2, 58-7, 58-8, 58-11 тармақтары бойынша айыпты деп танылып, яғни антикеңестік ұлтшыл ұйымның Оңтүстік Қазақстандағы жетекшісі болған деген айыппен ең ауыр үкім – ату жазасына кесілді. Сол күні ату жазасы үкімі орындалды. Сонымен өзі жан аямай құруға белсене қатысқан кеңес үкіметінің жазалау органдары оны шіміркенбестен осылай құрбандыққа шалып жіберді.

Әбілқайыр Ысқақұлымен қызметтес болып, ағалық қамқорлығын көрген Жайық Бектұров «Қайран абзал ағалар» атты естелігінде былай деп жазады: «1938 жылы 6-12 март күндері Алматыда жабық сот процесі болыпты. Онда бір топ буржуазияшыл, ұлтшыл, отанға опасыздық еткен, фашистерге сатылған халық жауларының істері қаралыпты, бәрі де өздерінің шпиондық, зиянкестік, сатқындық ауыр қылмыстарын мойнына алыпты. Олар ату жазасына кесіліпті, үкім орындалыпты. Бұлар Ұзақбай Құлымбетов, Ізмұқан Құрамысов, Сүлеймен Есқараев, Т. Жүргенов, Ә. Досов, Ж. Сәдуақасов, Садықбек Сапарбеков, Қабылбек Сармолдаев, Нығымет Сырғабеков, Әзімбай Лекеров, Мұқаш Орымбаев, Хасен Нұрмұқанбетов, Жағыпар Сұлтанбеков, Әйтіке Мусин, Қасен Қошанбаев, Ілияс Молдажанов, Случак т.б. Аң-таңбыз. Әрине бұл ардақты абзал ағалардың өткен 1937 жылдың жазынан күзіне дейін 4-5 ай ішінде қамалғанын білеміз. Тек дәл осылай бәрі бірдей бір күнде атыла қалады деп ойламаппыз. Төбе шашымыз тік тұрды. Бірімізге біріміз жаутаңдап қараймыз. Үн өшкен, тіл кесілген».

1956 жылы 12 мамырда КСРО жоғары сотының әскери коллегиясы Әбілқайыр Досовтың тергеу ісінде қылмыстық құрам жоқ деп танып, толық ақтады. Ә. Досовты ақтау процесінде осы тергеу жұмыстарын жүргізген НКВД қызметкерлерінің 1939 жылы қылмыстық істерді көпе-көрнеу бұрмалағаны үшін сотталып, атылып кеткені де қаперге алынды.

Халқымызда «Өлі разы болмай тірі байымайды» деген даналықтан туындаған тәмсіл бар. Сол себептен аруақтарға тағзым ету, ұлт мұратына адал, Әбілқайыр Досовтай халқымыздың аяулы ұлдарын ұлықтау – баршамыздың азаматтық борышымыз. Осы орайда туған халқының тағдыры жолында арпалысқа түскен және осы жолда құрбан болған Әбілқайыр Досовтың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында Шымкент қаласынан көше атауын беру – қуғын-сүргін құрбандарын ардақтау жолында маңызды істердің бірегейі болар еді деп есептейміз.

 

Ержан ПАЗИЛОВ,
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі жұмысшы
тобының мүшесі, ғылыми қызметкер

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.