Әбжапар Жылқышиев көшесі… Избранное

Среда, 05 Май 2021 04:33 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3491 раз

Немесе жазушы ағамды сағынып жүрмін

 

«Шымкент келбеті» газетінен «Көшеңіз кімнің атында?» деген айдарды оқып риза болдым. Біздің қалада ұлт зиялылары мен қоғам қайраткерлерінің есімін ел есінде қалдыру үшін көшеге атын беру үрдісі игі істердің бірі. Ендігі жерде есімі көшеге берілген азаматтардың кім болғанын жастарға айтып отыру үшін осындай айдарлар керек-ақ. Дұрыс болған.

731

 

Шымкент қаласында Әбжапар Жылқышиев атында көше бар. Сол көшемен ұдайы серуендеп жүрген кезімде есіме Ұлы Отан соғысының ардагері, қоғам қайраткері, жазушы асыл ағам ойыма оралады да тұрады. Осы жолы Әбжапар Жылқышиевтің кім болғанын білмейтін жастар біле жүрсін деп қолыма қалам алдым.
Негізінде... Жазушы Әбжапар Жылқышиевтың «Дауылдан кейінгі жорық» атты романы оның қаламгерлік даңқын оқырмандар арасында биікке көтерді. Өзбекәлі Жәнібеков, Дулат Исабеков, Шерхан Мұртаза сияқты елге белгілі азаматтар Әбекеңді Шымкентке іздеп келіп өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Әбекеңді ардақ тұтатын інісі, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ақын Ұлықбек Есдәулетов жазушының шығармасын жоғары бағалады. Белгілі жазушы Роллан Сейсембаев кітапқа алғы сөз жазды.
Әбекең – аңыз адам еді.

732


Жылқышиевтің алғашқы повестері мен әңгімелер жинағы 1974 жылы «Айтолқын» деген атпен шықты. «Мешін жылы», «Өмір жыры», «Балжанның тағдыры» атты кітаптар жарыққа шыға бастады. Тынымсыз жазушылыққа бой ұрды. 1986 жылы «Өз арыңнан сұра» атты кітабы орыс тілінде жарық көрді.
Мен бірде жазушы Жәлел Кеттебековті ертіп жазушының үйіне бардым. Жәлел Москвадағы әдебиет инситутында екі жыл оқыған қаламгер еді. Өте талантты жазушы болатын. Терең білімді, әрі қарапайым жан еді.
Әбекең мен Шырынкүл апай жылы жүзбен қарсы алды. Үйдің қабырғасы толған кітап.
– Музей ғой! - деп Жәлел Кеттебеков таң қалды.
-Сен Москвада ақыл біліміңді жетілдірдің. Ал мен кешегі Ұлы Отан соғысында жаудан Москваны қорғап, ақыры Берлинге ту тіктік. Мені өмір жазушы жасады, - деді Әбекең.
Біз үнсіз қалдық. Жазушы ағаға қарай береміз.

733


Жазушы Әбжапар Жылқышиев екі рет Ұлы Отан соғысы орденімен, екі рет Еңбек Қызыл ту орденімен және екі рет «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлы, Әзілхан Нұршайықовтармен бірге түскен суреттерін көрдік.
– Әзілхан Нұршайықовпен көптеген кездесулер өткіздік. Тамаша жазушы. Мен көбінесе Әбіжәміл Нүрпейісовтың «Қан мен терін» оқып өзіме рух аламын. Әбіш Кекілбаев, Дулат Исабеков, Қабдеш Жұмәділов, Оралхан Бөкеев жазбаларын жаныма жақын тұтамын - деді жазушы.
Әбекеңнің өмірі бір тарих. Кезінде ол кісі Келес, Алғабас, Қызылқұм, Ленгер аудандарын басқарды.
1975 жылдан Шымкент облыстық партия комитеті жанындағы партия комиссиясының төрағасы болды.
Әбжапар Жылқышиев 1918 жылы 14-қарашада Жамбыл облысының Сұлутөр ауылында дүниеге келді.
1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысты. Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов сияқты ардақты ағалармен араласты. Өзбекәлі Жәнібеков Әбекеңді ардақ тұтты.
–Мен СССР Жазушылар одағының мүшелігіне жас ақын Ұлықбек Есдәулетовпен бірге өттім - деп Әбжаппар аға рахаттана отырып әңгіме айтушы еді. Сол Ұлықбек бүгінгі таңда Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы болып қызмет атқарады.
Бірде Әбжапар ағамен оңаша әңгімелестік. Мінезі салмақты жан еді. Сол жолы көп сырын ақтарды.
– Кеше Жұмабек Тәшенов үйде қонақ болды. Ол кісі Қазақ ССР-і жоғарғы Кеңесі призидумының төрағасы, Қазақстанның Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып жоғары қызметтер атқарды. «Қазақстанның жерін бөлшектетпеймін» деп Н. С. Хрушевпен айқасып қызыметі төмендеп 1961 жылы Шымкентке келді. Нағыз батыр адам! – деді.
– Өзіңіз туалы айтып беріңізші? - дедім мен.
Жазушы ағам тесіле қарады. Мырс етіп күлді. Сәлден соң барып:
–Мен басымнан 1931 жылғы ашаршылықты кештім. «Ақыртөбедегі» жетім балалар үйінде оқыдым. Аштан қырылған елді көрдім. Өз көзіммен. 1937-1938 жылы «Халық жауы» атанып жазықсыз атылған Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлиндердің еңбектерін далаға лақтырып, оларды отқа жаққандарды көрдім.
Мен 1941-1945 жылдардағы Отан үшін кеуделерін оққа байлаған батыр бауырларымның қан кешкен күндеріне куә болдым. Өзім де соғыста ауыр жарақат алдым. Мен осыларды ұмыта алмаймын! - деді жазушы.
Басқа сұрақ қоя алмадым. Үнсіз отыра бердік…

ххх

Қаладағы Әбжапар Жылқышиев атындағы көшені бойлап жүріп келемін. Өткен шақтар ойыма орала береді.
«Жақсының жаны жайсаң» – деген сөз ойыма оралады.
Әбекең шынымен де дана кісі болатын. Жүрегі жомарт жан еді. Қолынан келгенше халыққа жақсылық жасады. Ел сол үшін ол кісіні құрмет тұтты.
Ол Келес аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тұрған жылдары «Ленин жолы» мектебінің мұғалімі Өзбекәлі Жәнібековті аудандық комсомол ұйымының бірінші хатшысы етіп сайлады.
Сол Өзбекәлі Әбекеңді өзіне аға тұтты. Қазақстан Орталық Комитетінің хатшысы болған кезінде Өзбекәлі Жәнібеков Шымкентке келгенде Әбекеңнің үйіне барып сәлем беріпті.
«Әкенің баласы дұшпаның,
Адамның баласы бауырың!» деген данышпан Абайдың сөзі расқа айналды.
Әбжапар Жылқышиев адам баласын өзіне бауыр санады. Ол кісі өмір мектебінен өткен жауынгер жазушы болатын. Өмірде қарапайым ғұмыр кешті. Ұлы Отан соғысының аяқталғанына елу жыл толатын күнге елу күн қалғанды гвардия капитаны, жазушы, қоғам қайраткері Әбжапар Жылқышиев мына жалған өмірді тастап мәңгілік ұйқыға кетті.
– «Естен кетпес ер тұлға» - деп жазушы, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты Еркінбек Тұрысов мақала жазды.
«Шындық туралы шығарма» атты ақын Нәмет Сүлейменовтың Әбекең туралы кітабы шықты. «Құрмет формуласы» деген атпен жазушы Жәлел Кеттебековтың Әбжапар Жылқышиев туралы естелігі басылды. Жазушы Амантұр Мұсаев «Нарқасқа» деген естелік жазды.
Роллан Сейсенбаев жазушы шығармаларын терең зерттеп өзінің әділ бағасын берді…
Жазушы Әбжапар Жылқышиев осындай ардақты жан болатын.
ххх

Шымкент қаласындағы Әбжаппар Жылқышев атындағы көшемен жаяу жүріп келемін. Сәуір айының он бесінші жұлдызы 2021 жыл. Жазушы ағаны есіме аламын… Сағынамын… Сол көшенің тұрғындары жазушыны мақтан етеді. Ол тарихи адам. Одан үлгі өнеге алатындар көп еді.
Қазақтың белігі жазушысы, Халықаралық Алаш Әдеби сыйлығының лауреаты, драматург Мархабат Байғұт ағамыз Әбжапар Жылқышевті аса жоғары бағалаған азаматтың бірі.
Ол кісінің Әбекең туралы жазған «Текті төрдің Түлегі» – деген мақаласы өте әсерлі жазылған еді. Мархабат ағамыз суреткер жазушы. Әбекеңді былайша суреттейді…
« … Көшеде екі иығы тіп-тік. Бойы басы мұнтаздай, кірпияз күйінде, биік те мол денесін сергек ұстап, ширақ адымдап келе жататын. Алысырақтан қарасаң сәл сұстылау. Жақындай түссең жүзі нұрлы, шуақты көрінетін. Мейірбан да мінәиі мінезді. Шынайы сөзді ағамыз талғампыз, талапшыл, турашыл жаратылысымен айнала-төңірегін тәлімдеп, тәрбиелейтін..».
Міне Мархабат ағам жазушының қандай адам болғанын суреттеп берді.
«Ұлы адамдар бір-бірін алыстан таниды» деген сөз рас болып шықты.
Біздер Әбжапар Жылқышиевті осылайшы құрмет тұтқан едік …

Серік ЖАНӘБІЛ,
жазушы.
Шымкент қаласы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.