ТҰЛҒАСЫ ТҰНҒАН ТӘЛІМ Момышұлы мұрасын жатқа білетін қария Избранное

Среда, 05 Май 2021 04:30 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4978 раз

Шымкент қаласының тұрғыны Алтай Қалыбеков – жасөспірімдер кітапханасының ең белсенді оқырманы. Жетпісті бағындырғанына қарамастан қария кітап, газет-журнал оқуды доғарған емес. Ақсақал қызықты мәліметті көзі шалса дәптерге түртіп жүреді. Тіпті қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының ерлігі жайындағы деректерді жинаған. Қазір ол даңқты қолбасшының таңғажайып ерлігі, қиян-кескі шайқастары туралы жатқа біледі. Ұлы тұлғаның батыр бейнесі де жадында қаз-қалпында сақталған.

734

 

–1958 жылы Шымкенттегі пединститутқа оқуға түстім. Сол жылы күзде Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы оқу орнының студенттерімен кездесті. Әскери формадағы Баукеңді құрметпен қарсы алдық. Екінші рет батырмен кездесуім Сарыағаш ауданындағы Абай селосында болды. Келес совхозы партия ұйымының хатшысы Қайыпберді Ерназаров Бауыржан Момышұлын өзімен бірге ертіп әкелді. Баукең Сарыағашта демалып жатқан екен. Әдеттегідей Халық қаһарманы тағы да баяндама оқыды. Кейін Абай кинотеатрында киносы көрсетілді. Бізбен бірге ұлы тұлға өзі туралы фильмді тамашалады.
Кейін қазақтың хас батырының ұлы Бақытжанмен, келіні Зейнеппен екі рет жолықтым. Не керек, даңқты қолбасшының еңбектеріне деген қызығушылық арта берді.

735


Иә, Бауыржанның ерлігі туралы басқалар тамсана жазды. Оған куә – Александр Бектің «Волоколам тасжолы» кітабы. Көркем шығарма соғыстан кейінгі жылдары әлемнің түкпір-түкпіріне тарады. Чех, грек, француз, неміс, поляк, фин, румын, корей тілдеріне аударылып, кітапқұмарлардың сүйікті туындысына айналғанын білеміз. Шығарма тек майдан барысын баяндады деп айта алмаймыз. Повесть әскерилер үшін заманауи майдан тактикасын дәріптеген оқу-әдістемелік құрал болды. Мұнан бөлек, жазушының өзі жайында жазылған «Ұшқан ұя», «Москва түбіндегі шайқас» сынды тамаша кітаптары бар.
Кейіпкеріміз тарихты жақсы көреді. Біле түссем деген ынтасы бөлек. Тіпті даңқты қолбасшының соғысқан жеріне дейін барып келгені өз алдына әңгіме. Қария бірнеше рет Жамбыл облысының Жуалы ауданында болады. Бір сапарында батырға арналған музейге арнайы соғыпты. Музейде даңқты қолбасшы жайында керемет естелік естиді. Оның айтуынша, өзі аялдаған орынға Алматыдан бір топ студент келіпті. Жастардың сапары қызық болған көрінеді.
Бірде олар қаладағы 28 Панфиловшы дивизиясы саябағына аялдайды. Сонда германиялық неміс келіп, «сендерде бір батыр бар еді» деп сұрайды. Студенттер қандай батыр екенін білмей таңырқайды. Араларынан біреу, «Бауыржан Момышұлы ма?» деп сұрайды. Шетелдік турист сол жерде аңызға бергісіз жайтты айтып береді. Жау әскері Мәскеу түбіндегі қиян-кескі шайқастың бірінде қолбасшыны өлтіруге екі снайпер мен мергендерін қалдырады. Сонымен, майдан алаңында сұрапыл соғыс жүріп жатады. Батыр шабуыл кезінде ақбоз атпен шауып өтеді. Тасада жасырынған неміс мергендері Момышұлын кірпік қақпай, бақылап отырады. Белгі берілген кезде қолбасшының ту сыртынан бірнеше рет оқ атылады. Бірақ жау оғы Халық қаһарманына дарымайды. Сонда фашистің бірі серігіне: «Бұл тегін адам емес. Енді атпа» деп бұйырыпты. Мұндай тамаша деректі естіген жастар Бауыржан Момышұлының музейімен танысқысы келеді. Германиядан ат терлетіп неміс келгенде «біздің батырды іздемеуіміз ағаттық болар» деп Жамбыл облысына жолға шығады. Мына қызықты хикаяны естіген Алтай атаның Мәскеуге аңсары ауады. Қазақтың хас батырының соғысқан жерін көзімен көргісі, бұрын білмеген деректермен танысқысы келеді. Содан Алтай ата белгілі стамотолог Мүсілім Дайырбековтің демеушілігімен Мәскеуге жол тартып, талайды тамсандырған Волоколамға барады. Бауыржан мен генерал Панфиловтың ескерткіші қойылған Дубосеково селосын көреді. Мұнан бөлек, Халық қаһарманы соғысқан Крюковоға аялдайды.

736


–Адамзат тарихының тағдыры шешілген Крюково селосында болдым. Бұл соғыстың соңғы нүктесі. Бүкіл әлемнің назары сол сәтте осы нүктеге ауды. Бауыржан Момышұлы жараланса да шайқас алаңынан кетпепті. Дәрігерге оқты алдырып, қаланы қорғауға жан-тәнімен кіріседі. Батыр басқарған батальонның ерлігімен қала жаудан аман қалады. Несін айтасың, бұл сапардан алған әсерім ерекше болды. Қазақтың хас батырының ерлігі ұмытылмаса деймін. Баукең – батырлығымен қоса даналығымен дараланған тұлға. Оның адамға азық боларлық өнегелі сөздері қандай?! Қанша шетелдік классик жазушыларды оқыдым. Бірақ бәрібір Бауыржанның даналығы, даралығы бөлек, – дейді кейіпкеріміз.
Қалалық жасөспірімдер кітапханасының сектор меңгерушісі Жанат Төлтебаева ның сөзінше, белсенді оқырман 200-ден астам қалың дәптерге батыр жайында естіген, көргенін жазып алған. Бауыржан Момышұлының басылымдарға шыққан мақалаларын да жинақтаған. Қысқасы, Алтай атаның еңбекқорлығы, ізденімпаздығы, патриоттығы жастарға үлгі. Қарт оқырманның ендігі арманы – қолжазбаларын кітапқа айналдыру.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.