АССАМБЛЕЯ – қазақ мүддесі үшін құрылған институт Избранное

Пятница, 30 Апрель 2021 05:04 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 961 раз

«Қазақстан отыз жыл ішінде халқы тату, жері тыныш, қоғамы тұрақты мемлекетке айналды. Бұл – шын мәнінде мақтан тұтарлық жетістік. ...Біз сыйластық пен келісімнің, бауырмалдық пен өзара құрметтің негізінде еңселі, өркениетті ел болып отырмыз. Бұл, әрине, Елбасының арқасы».

714

 

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сессиясында аталған институттың төрағалығын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан салтанатты жағдайда қабылдап алған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді.
Иә, еліміздің Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерінің барлығының негізінде елдің бірлігі, халықтың татулығы, этносаралық және конфессияаралық келісім жатыр десек, сол ырысты ынтымақты сақтауда Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихи рөл атқарғаны талассыз.

707


Әлемде баламасы жоқ бірегей институтты құру идеясының авторы Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев екені баршаға аян. Елбасы 1992 жылы Тәуелсіздіктің бір жылдығына арналған «Қазақстан халқының форумы» атты жиында осындай идеяны алғаш рет айтқан болатын. Арада үш жыл өткенде, яғни 1995 жылғы 1 наурызда Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлығы шықты.
Содан берідегі ширек ғасырдан астам уақытта Ассамблеяның деңгейі Президенттің жанындағы консультативті-кеңесші органнан конституциялық мәртебеге ие органға дейін көтерілді. Нақтырақ айтар болсақ, 2007 жылғы конституциялық реформа кезінде оған осындай биік мәртебе берілді. Сөйтіп, Ассамблеядан ҚР Парламенті Мәжілісіне мемлекетқұрушы қазақ ұлтын қосқанда 9 депутат сайланатын болды. Осы арқылы Ассамблеяның қоғамдық-саяси рөлі айтарлықтай артты.
Елбасы 2008 жылғы 20 қаңтарда «Қазақстан халқы ассамблеясы» туралы әлемде баламасы жоқ заңға қол қойды. Сөйтіп, Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің саяси жүйесінің ажырамас бөлшегіне айналды. Әуелде тек руханият, тіл және мәдениет саласындағы іс-шаралармен ғана шектелген Ассамблея қызметінің нормативтік-құқықтық негіздері айқындалып, енді ол саяси өмірге де араласу мүмкіндігіне ие болды.
Ассамблея мүшелерінің басым көпшілігі тарихи Қазақ жеріне депортацияланып немесе басқалай тарихи тағдыр айдап келген түрлі этностардың өкілдері. Осыған қарап бұл институттың негізгі мақсаты этникалық азшылық топтардың құқығын қорғау деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ, мәселеге тереңірек үңілсеңіз, Қазақстан халқы Ассамблеясы, ең алдымен, қазақ ұлтының мүддесі үшін жұмыс істейтінін аңғарасыз. Бұл сөзімізді негіздеу үшін мынадай екі дәйек келтірейік.
Біріншісі қысқа және өте айқын: Ассамблея қызметі Қазақстанда бейбітшілік, тыныштық пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Ал елдегі тыныштық басқадан бұрын қазаққа керек.
Кемінде соңғы үш ғасыр бойы сан алапат нәубеттер мен қиындықтарды, жаугершілік пен соғыстарды, аяусыз езіп-жаншылған ұлт-азаттық қозғалыстар мен көтерілістерді, халықты қынадай қырып салған жаппай ашаршылықтар мен зиялы атаулыны атып-асып, итжеккенге айдап, абақтыға жауып, ұлттың бетіндегі бар қаймағын сылып алған репрессияны, шоқындыру мен арақтандыру саясаттарын, халықты ата діні мен ана тілінен, мың жылдық әдебиеті мен салт-дәстүрінен ажыратуға бағытталған рухани отарлауды бастан кешкен қазаққа тап қазіргі тарихи дәуірде ең алдымен не керек? Тыныштық, тыныштық, тағы да тыныштық керек.
Отыз жыл сақталып келе жатқан бейбітшілік пен келісім кезеңі кемі бір ғасыр жалғасса, шіркін... Сонда қазақтың саны көбейіп, сапасы жақсарып, пассионарлық күш-қуаты қалпына келіп, айдарынан жел еседі. Сонда қазақ өз тарихының әр дәуірінде әлемді аузына қаратқан алып империялар құрған, қайталанбас өзіндік өрнегі бар өркениет жасаған ұлы бабаларының асқақ рухына қайта қауышып,
Қазақия қайтадан әлемнің маңызды орталықтарының біріне айналады. Ал оған дейін...
Оған дейін бізге әлемдік және өңірлік державалардың ешбірінің шылауында кетпейтін, тіпті, бүйіріміздегі өзіміз секілді жас та дамушы елдермен де тату көршілікті сақтайтындай күрделі, көп қырлы, көп векторлы сыртқы саясат керек. Ондай сыртқы саясатты шеберлік және сенімділікпен жүргізу үшін бізге әуелі ішкі бірлік, ұлттық бірлік ауадай қажет. Міне, осының бәрін санаға салып таразылаған сәтте Ассамблея дегеніңіз қазақ мүддесі үшін жұмыс істеп жатқан құрылым екенін бағамдайсыз. Ассамблея деген тереңнен тамыр тартып, алыстан сермейтін, ғасырлық мақсаттарға бағытталған саясаттың құралы екенін түсінесіз. Осының бәрін күні бұрын ойлап, пайымдай білген Елбасының кемеңгерлігіне тағы бір рет тәнті боласыз.
Екіншіден, ынтымақ пен бірлікті сақтау бар да, оны одан әрі нығайта түсу деген жауапкершілігі зор жұмыс тағы бар. Себебі, бірліктің іргесін үнемі бекемдей түспесек, бір күні барымыздан айрылып қалуымыз да ғажап емес. Олай болса, бірлікті бекемдей түсу үшін не істеуіміз керек? Мұның негізгі жолын Елбасы өзінің 2016 жылы жарық көрген «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында анық көрсеткен. Ол жол – азаматтық біртектілік пен бірлікке негізделген біртұтас ұлтқа айналу жолы.
Елбасы «Қазіргі заманғы әлемде барлық дамыған мемлекеттер – біртұтас ұлттар. Олар бірыңғай экономикалық, саяси және мәдени рет-тәртіппен өмір сүреді» деп қадап айтқан болатын. Демек, тарихи қазақ жерінде өмір сүріп жатқан жүзден астам этностың ХХІ ғасырдағы басты арманы біртұтас ұлтқа айналу болуы тиіс.
Қазақстан халқы біртұтас ұлтқа айналғанда ғана бірлігіміз баянды, өміріміз бейбіт болып, келер ұрпақ дамыған, өркениетті қоғамда өмір сүре алады.
Әрине, жүз этностың тілі мен танымы ортақ, арман-аңсары мен мақсат-мұраты орайлас біртұтас ұлтқа айналуы – өте күрделі, көп қырлы және ұзақ мерзімді процесс. Бірақ, қанша жерден күрделі болғанымен, бұл – табиғи процесс. Себебі, мемлекет құрудағы мақсаттың өзі жаңа ұлт қалыптастыру емес пе? Мемлекет – қоғамдық жүйенің ең жоғарғы көрінісі болса, ұлт – оның жемісі. Демек, Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап-ақ біздің атамекенімізде жаңа, біртұтас ұлттың қалыптасу үдерісі басталып кеткен десек, артық айтқандық емес.
Сонымен, Қазақстанда қалыптаса бастаған біртұтас ұлт қандай ұлт?
Елбасының ұсынған біртұтас ұлт идеясы әр этностың ерекшеліктерін сақтай отырып, азаматтық біртектілік пен біртұтастықты қалыптастыруға негізделген. Бұл жерде «азаматтық» деген сөздің астын сызып көрсету керек. Демек, ең маңызды принцип – біртұтас ұлтты құрайтын азаматтардың қай этностан шыққанына қарамастан, олардың заң алдындағы теңдігі.
Ұлт дегеніміз – бір тілде қалыптасып, аумақтық-әкімшілік, психологиялық, экономикалық-рухани тыныс-тіршілігі тұтас тарихи категория. Демек, ұлтты ұлт ететін тілі екені анық. Бұл жерде «Болашақ біртұтас ұлттың тілі қай тіл болады» деген сұрақ туындамауы тиіс. Себебі, Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында ашып көрсетілгендей, қазақтардың ата-бабалары қазіргі Қазақстан аумағында кемінде 4 мың жылдан бері өмір сүріп келеді. Демек, елдің де, жердің де иесі қазақ екеніне талас жоқ. Демек, қазақ жерінде қалыптаса бастаған біртұтас ұлттың тілі қазақ тілі болады, оның мәдениеті де Ұлы далада қалыптасқан тарихы бай мәдениеттің негізінде дамиды.
Демек, өзінің өмірін, балаларының болашағын Қазақстанмен байланыстыратын кез келген азамат біртұтас ұлттың өкілі атануға іштей дайындалуы тиіс. Ол үшін қазақ тілін үйреніп, қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрін бойыңызға сіңіруіңіз керек. Ал ол үшін Қазақстан тарихын тану, қазақ әдебиеті мен баспасөзін оқуы керек. Бұл бәрінен бұрын болашақта өзіңіздің және балаларыңыздың өмірлік қажеттіліктерін өтеуге керек қадамдар.
Тағы бір айта кетерлігі, біртұтас ұлт қалыптастыру дегеніміз, өзбектің доппы киюіне, ұйғырдың лағман созуына, күрдтің өз тілінде сөйлеуіне, тәжіктің өз салт-дәстүрін сақтауына шек қою деген сөз емес. Қазақстан халқы Ассамблеясы секілді әлемдегі бірегей ұйымды құрған мемлекетте өзге этнос өкілдерін шетқақпайлау немесе оларды ассимиляциялау туралы әңгіме қозғалуы мүмкін емес. Қазақ өзінің тумысынан интернационалист, кең қолтық, бауырмал халық екенін тарихта талай рет дәлелдеген.
Күні ертең 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін тойлаймыз. Кейбір замандастарымыз бұл мерекеге кеңестік кезеңнің сарқыншағы ретінде қарайтынын байқап қаламыз. Бірақ, бұл – шолақ ойлаудан туған жаңсақ көзқарас. Елдіктің іргетасы ынтымақ екенін ескерсек, бүгініміз бен болашағымыз халқымыздың бірлігіне тікелей байланысты екенін түсінсек, бұл ағат ойдан тез-ақ арылар едік...