Версия для печати

Талғат БАЛТАБАЕВ, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты: «ШЕШІЛМЕЙТІН МӘСЕЛЕ ЖОҚ, ОНЫ ШЕШЕ АЛМАЙТЫН АДАМДАР БАР»

Пятница, 30 Апрель 2021 04:25 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4778 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Жасыратыны жоқ, осы кезге дейін дәулеті барлар ғана депутат болады деп ойлайтындар болған. Қазір де бар... Бола беруі де мүмкін. Бірақ мұның қасаң түсінік екенін сөзбен емес, іспен дәлелдей алғандар жетерлік. Жыл басында өткізілген Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау қорытындысы бойынша қолынан іс келетінінің нәтижесінде кейбір азаматтардың мандатты болып, мінберден көрінуі соның жарқын мысалы. Солардың бірі – Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Талғат Балтабаев. Жас депутат содан бері қандай жұмыс атқарды? Биліктегілерге халықтың қандай аманатын жеткізіп жүр? Оның нәтижесі қандай? Бұл сұрақтарға жауап алу үшін Талғат Балтабаевпен тілдескен едік.

702

 

– Талғат Дүйсебайұлы, депутат болып сайланғаныңызға бірнеше ай өтті. Халық қалаулысы болу сізге оңайға соқпағанын жақсы білеміз. Жетінші шақырылымдағы Мәжіліс пен мәслихат сайлауына дейін, депутат болу үшін екі рет бағыңызды сынап көрдіңіз. Түрлі кедергілерге қарамастан депутат болу туралы мақсатыңыздан айнымауыңыздың себебі неде?

– Оныңыз рас. 2021 жылға дейін Шымкент қаласы мәслихатының депутаттығына екі рет бағым мен бабымды сынап көрдім. Бірақ айым оңынан тумады. Иә, көңіл-күйім түсті. Дегенмен де, тауым шағылып, таусылмадым. Адамға сәттілік әрдайым серік бола бермейтінін жақсы түсінемін. Ол сонысымен де құнды. Арагідік, қатты қалаған, сарылып күткен ісің орындалмай қалатыны заңдылық. Сондай кезде «Әр сүрінгеніңді бақытсыздық деп санама. Бәлкім, сенің шын бақытың сол жерден басталар» деген Лев Толстойдың сөзін темірқазық етемін де, қайта күресемін. Бұл жолы мүмкіндік есігі жабық болса, келер жолы ол міндетті түрде айқара ашық болады деген үміт зор менде. Өзгелер де өз бойына осындай сенім ұялата білуін сұранар едім.
Бәрінен де бастау қиын деп айтады ғой. Дегенмен, өзім депутаттық жұмысқа оңай қойып кеттім. Бұған осыған дейін екі рет депутаттыққа түсу кезінде жұртпен жүздесіп, пікірлесіп, көп мәселеден хабардар болған тәжірибемнің ықпалы әсер еткен болса керек. Депутат болудағы мақсатым айқын. Ол – Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесімді қосу. Қаланың қоғамдық-саяси өмірінде болып жатқан өзгерістерге диванда немесе кабинетте отырып үлес қосқым келмейді. Өзгерістердің ортасында жүргім келді. Бұл ретте қаладағы тұрғындардың тіршілігіне, оларды толғандырған мәселелердің шешілуіне баса назар аударудың маңызы зор. Осы мақсатта мәслихаттағы әр депутатқа белгілі бір округтер бөліп берілген. Осыған сәйкес мәслихаттағы әріптесім Бәйкен Әшірбаев екеуміз өзімізге бөлініп берілген сайлау округіндегі негізгі мәселелерді көтеріп, олардың шешілуіне атсалысып жатырмыз.

703

 

– Халықтың көңілін күпті еткен мәселені шешу жолындағы жұмысыңызды қалай алып жүрсіз?

– Қабылдауыма жазылу арқылы немесе өзге де жолдармен талап-тілектерін айтып жатқан тұрғындардың мәселелерінің оң шешімін табуына бар күшімді салудамын. Мәселен, осыдан бірер ай бұрын Қайнарбұлақ саяжайындағы Степная көшесіндегі жарықшамдардың қайта жануына, ондағы №83 жалпы орта мектеп ғимаратындағы әжетханаға су жүйесін жүргізуге бар мүмкіндігімді салдым және оны депутаттық сауал арқылы оң шештім. Сонымен қатар, Қайнарбұлақ саяжайы тұрғындарының өтініштері бойынша әкімге аталған аумақты көгілдір отынмен қамтамасыз ету туралы депутаттық сауал жолдадым. Бұл мәселені мәслихаттағы әріптестерім де қолдады. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттар әзірлену үстінде. Мына нәрсені айта кетейін. Қайнарбұлақ саяжайы депутат Айжан Наимбекованың сайлау округі болып табылады. Бірақ соған қарамастан мен мұндағы тұрғындардың талап-тілектерін тыңдаудан, одан нақты нәтиже шығарудан бас тарта алмаймын. Себебі, мұндағы халық праймериз кезінде маған қолдау білдіріп, зор сенім артқан болатын.

– Тұрғындар сізге көбіне-көп қандай шағымдар айтады? Келіп түскен өтініштер бойынша қандай нақты нәтижеге қол жеткізе алдыңыз?

– Бұл тұрғыда бір мәселені ғана айту мүмкін емес. «Жер бетінде қанша адам болса, сонша арман, қиял, мүдде бар» дегендей, тұрғындарды толғандырған мәселе де әртүрлі. Біреулер үшін жарық мәселесі жүйкеге тисе, келесі адамдар елдімекендеріне жол түспегені үшін өкпелі. Келесі бір азаматтың бар уайымы – балаларына ас-ауқат табу. Енді бір азаматтар әлеуметтік нысандардың қазіргі ахуалына алаңдайды. Айта берсең көп. Өзім журналист болған соң, біраз кәсіпкерлерді тартып, көмекке мұқтаж адамдардың жәрдемге ие болуына мүмкіндігінше ұйытқы боламын. «Жақсы көргенін, жаман бергенін айтады» деген ғой. Сондықтан бұл мәселеге терең тоқталмай-ақ қояйын. Ал жалпы халықтың көпшілігін жол, тұрғын үй, ауыз су мәселесі көп толғандырады.

– Талғат Дүйсебекұлы, шыны керек, мәслихатта депутат деген аты болмаса, нақты ісімен халық жадында сақталмаған азаматтар болды. Сіз қандай депутатсыз?
Ұстанымыңызды нық ұстайсыз ба?

– Мәслихат – ол үлкен қаланың тағдыры таразыға түсіп, терең талданатын алаң. Қазіргі шақырылымда 30 депутат бар. Үш партияның өкілдері жиналған. Олар миллион тұрғынның ішінен іріктеліп, таңдалғандар. Әрқайсысы үлкен дайындықпен келген деп айта аламын. Біздер ортақ мақсат жолында көп шаруаны тындырамыз деп сенемін. Ал енді «Сіз қандай депутатсыз?» деген сұрағыңызға келсек... Мен өзіме баға бере алмаймын. Оны халықтан сұрағаныңыз дұрыс сияқты. Бірақ, депутат болғаннан бері осы күнге дейін сәлемім түзу болған біраз азаматпен ара қатынасымыз бұрынғыдай болмай қалды. Не үшін? Себебі бюджет қаржысын бақылау, оны жүйелі жарату бойынша депутат ретіндегі менің қарсылықтарымды, өз ұстанымды дәлелдегенім бәріне бірдей ұнай бермейді ғой.
Бірақ бұл үшін өкінбеймін. Ең бастысы, халықтың аманатын лайықты арқалап жүрсем болды.

– Алға қойған мақсатыңыз қандай?

– Мақсатым өте көп. Ал депутаттық жұмысыма қатысты жоспарым анық. Біз, «Nur Otan» партиясы сайлау қарсаңында халыққа алдағы бес жылда Шымкент қаласында 80 мың жұмыс орнын ашамыз деп уәде бердік. Бұдан бөлек, осы уақыт ішінде қаланың инфрақұрылымын толықтай шешеміз деп сендірдік. Сол сөзіміздің үдесінен шығу үшін еңбек етуіміз керек.

–Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – А.НҰРЖІГІТ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.