Версия для печати

Жылжымалы екпе пункті – сауда орталықтарында

Среда, 28 Апрель 2021 06:14 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2646 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Ұжымдық иммунитетті қалыптастырып, коронавирустың алдын алуда екпе нүктелерінің санын арттыру маңызды. Осы мақсатта Шымкент тұрғындарына медициналық ұйымдардағы 42 екпе пунктінде вакцина егілуде. Қазір емханалардан бөлек сауда орталықтарында да жылжымалы екпе бекеттері ашылған.

jyljymali-ekpe

Соның бірі – «SHYMKENT PLAZA» сауда орталығындағы егу пункті. Мұнда қалалық теміржол ауруханасының дәрігерлері сағат 10:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Дүкен аралауға келгендерге бұл ыңғайлы әрі жақсы мүмкіндік.

Жылжымалы пункт дәрігері Жадыра Намазованың айтуынша, вакцина адамдарға бірден салынбайды. Алдымен денсаулығы жан-жақты  тексеріледі. Созылмалы ауруының бар-жоғы анықталады. Сонан кейін тұрғын сауалнама мен келісім парағын толтырады. 20 сәуірде мұнда алғаш рет 10 адам  ресейлік «Спутник V» вакцинасының бірінші бөлігін қабылдапты.

– Вируспен күресудің жолы – екпе салдыру. Вакцинациялау ұжымдық иммунитет қалыптастырады. Аурудың таралуына жол бермеу үшін әр азамат жауапкершілікті сезінуі тиіс, – дейді дәрігер Жадыра
Шалқарқызы.

Мұнда емханадағыдай санитарлық талап сақталған. Эпидемиологтар алдын ала тексеруден өткізген. Сондай-ақ келушілерге үгіт-насихат жүргізетін топ құрылды. Олар келушілерге түсіндіру қағаздарын таратуда.
– Расында сауда орталығында екпе пунктінің  ашылғаны дұрыс болды. Өйткені, біз күні бойы адамдармен тығыз жұмыс істейміз. Ал індет көбейген сайын, бойды қорқыныш билейді. Байқаусызда ауру жұқтырып аламын ба деп алаңдаймын.

Жақындарымды ойлап, вакцина аламын деп шештім, – дейді сатушы-кеңесші Динара Шеркебай.

Құрылыс саласының өкілі Давран Усманов та медициналық бекетке екпе қабылдауға өзі келіпті. Вакцинадан кейін ауырсыну белгілерінің болмағанын, жағдайы жақсы екенін айтады.
«Шымкент теміржол ауруханасы» ЖШС-нің директоры Жадыра Мұхаметқызының сөзінше, алдағы уақытта «Спутник V» вакцинасына сұраныс артуы мүмкін. Ұжымдық иммунитет қалыптаспайынша,
індеттің таралуын толық тоқтату мүмкін емес. Вакцинаның бірінші компонентін сауда үйіндегі егу пунктінде қабылдағандар екіншісін де осы жерде немесе Шымкент теміржол ауруханасында алуы қажет.

Екі бөлігін салған тұрғынның келісім қағазы арнайы базаға енгізіледі. «Egov» мобильді қосымшасына кіріп, азамат өзінің «егу паспортынан» вакцинаны қай күні қабылдағанын, нешінші партия, сериясын көре алады.

Қазір Шымкентте екпе қабылдағандардың қатары 71 мыңнан асты. II компонентті  7 057 адам алып үлгерген.

Айта кетейік, жіті және созылмалы аурулармен ауыратын, сондай-ақ, жүкті, емізулі баласы бар әйелдерге және сәбиді жоспарлап жүргендерге  вакцина қабылдауға болмайды. Қауіпті індетпен ауырған адамға жарты жыл ішінде екпе егілмейді.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.