Сүйікті қалама сыйлық!

Вторник, 27 Апрель 2021 10:15 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2976 раз

МЕЦЕНАТ «ҚЫЗЫР МҰНАРАСЫН» АБАТТАНДЫРДЫ

Қаламызда өткен дәуірлерден сыр шертетін жәдігерлер көп. Соның бірі – Сайрам тұрғын алабындағы Қызыр мұнарасы. XVIII-XIX ғасыр еншісіне жататын ескерткіш «Қазақстанның киелі жерлері» арнайы жобасына енгізілген. Республикалық маңызы бар Шымкенттегі 8 киелі мекеннің бірі саналатын ескерткіштің жағдайы сын көтермейтін. Ал қабырғасының қалыбын сақтаған тарихи орындардың ілуде бір кездесетіні анық.

kizir

Өйткені ғасырлардан келе жатқан мұнара келушілердің назарын өзіне еріксіз аударады. Ескі замандарда бой көтеріп, бүгінге аңыз болып жеткен әйгілі ескерткіштің ғажайыбы өз алдына бөлек әңгіме. Сондықтан сыны кетсе де, сыры кетпеген тарихи орынға алаңдаушылық білдірмегендер кемде-кем. Кезінде қараусыз қалғаны жөнінде жергілікті басылымдар да мәселе көтерді. Ащы сын да, жанашыр ұсыныс та айтылған. Олқылықтың орнын Шымкент қаласы Туризм басқармасының «Туристік ақпарат орталығы» қалпына келтірді. Сөйтіп қараусыз қалған жәдігер жаңа кейіпке енді. Жұдырықтай жұмылған азаматтардың іскерлігі, патриоттығы көпшілікке үлгі дер едік.

Рухани қадамға бастаған эстафетаны 20 наурызда Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы бастаған болатын. Жанашыр азаматтар «Сүйікті қалама сыйлық» акциясына бір кісідей атсалысты. Олар Қошқар ата өзенінің жағасына тербелмелі орындық қойған еді.


 Қызыр мұнарасы

Мұнара жайында аңыздар жеткілікті. Деректерде Қызыр (а.с.) шын аты Ілияс ибн Мәлкән ибн Әмир ибн Шалих ибн Арфахшид ибн Сам ибн Нұх деп айтылады. Сайрам өңірі ислам дінін қабылдаған соң, қала ортасынан зәулім мұнара мен мешіт тұрғызады. Сөйтіп Пайғамбар құрметіне «Қызыр» мұнарасы деп атаған дейді. Енді бір аңызда Қызыр а.с.-ды көзі тірі пайғамбарлардың бірі деп есептеген. Отырған жері әп-сәтте жасылға айналғандықтан Хызыр болған деседі. Ал бір деректерде су пайғамбары ретінде танылған. Кей халықтарда ол теңізге сапар шегушілердің қамқоршысы болып есептелген. Сондай-ақ, өрт, су, тасқыннан сақтайтын пір саналған.


 Шымкент қаласы туризм басқармасының «Shymkent Tourism Center» туристік ақпараттық орталығының басшысы Айдарали Рамановтың сөзінше, алғашқыда Қызыр мұнарасын жөндеу оңай болмаған. Алдымен Сайрам ауданы тұрғындарымен басқосулар өтті. Талай ғасырға куә ескерткішті кейінгі ұрпаққа жеткізу жөнінде меценаттармен келіссөздер жүргізілді. Мұнан бөлек, туристерге елімізде ежелден өнер мен мәдениеттің болғандығын көрсету үшін де аз тер төгілген жоқ. Өйткені саяхатшылар Қызыр мұнарасына соқпай кетпейді.

Ақыры меценат Бауыржан Мырзатаев бұл іске білек сыбана кірісіпті. Ол «Қызыр мұнарасының» абаттандыру жұмыстарына өз қаржысынан 15 миллион теңге бөлді.

kziir-2

Осылайша нысанның 200 шаршы метр жаяу жүргіншілер жолына арналған тақталар салынды. Мұнараның жан-жағы темір қоршаумен қоршалды. 500 шаршы метрге көгал төселді. Орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылып, жарық шамдары қойылды. Келушілердің көліктері аялдайтын орын да ескерілді.

– «Сайрамда бар сансыз бап» деген ұлағатты сөзді жастайымыздан естіп өстік. Сондықтан киелі орындарды көзіміздің қарашығындай сақтау біздің парызымыз. «Сүйікті қалама сыйлық!» эстафетасының басталғанын естігенде үнсіз тұра алмадық. Маңызы бар киелі жерді көріктендіріп, тарту жасадық. Қала тұрғындарын осындай акцияны қолдауға шақырамын, – дейді меценат Бауыржан Мырзатаев.

Қала күнін тойлауға біршама уақыт бар. Алайда, шымқалалықтар тазалыққа үндейтін керемет бастама көтеріп, мерекені таза қалада тойлауға барын салуда. Ол үшін шаһардың барлық аумағына тазалық шараларын жүргізіп, қаланы қоқыстан тазарту жоспарлануда.

Последнее изменение Четверг, 29 Апрель 2021 04:38
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.