COVID АНЫҚТАЛҒАН ЖАҒДАЙДА НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Пятница, 23 Апрель 2021 10:22 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2441 раз

21 сәуірдегі дерек бойынша  Шымкентте 112 адамның коронавируспен ауырғаны ПТР арқылы расталды. Еліміз бойынша күн сайын індет жұқтырған науқастар саны артуда. Осы тұрғыда, кез келген жан өзінің ковид жұқтырғанын білгенде не істеуі қажет? Індеттің кең таралып кетпеуі үшін қандай алдын алу шаралары жүргізілуде? Осы және газет оқырмандарынан келіп түскен ең маңызды деген сауалдарды санитар мамандарға қойған едік...

 

ПТР-тест қандай жағдайда тегін алынады?

Клара АДЫРБАЕВА, Шымкент қаласы Абай ауданы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы

– Клара Аманқызы, егер адам өзін жайсыз сезінсе, дене қызуы көтерілсе, «вирус жұқтырдым-ау» деген күдігі болса не істеуі керек?
– Мұндай жағдайда науқас бірден өз мекенжайы бойынша емханаға хабарласып, дене қызуы көтеріліп жатқанын айтуы керек. Әр емханада арнайы мобильді топ бар, солар барып науқастан ПТР анализ алып, емшара дайындайды. Немесе жедел жәрдем қызметіне хабарласуы қажет.
Егер науқас жұмыс істейтін болса, сол емхана науқасқа еңбекке жарамсыздығы туралы парақ ашады. Оң нәтиже анықталған әрбір жағдайда біздің мамандар, яғни санитар-эпидемиологтар барып, әрі қарай ошақта (ұжымда, отбасында) зерделеу жұмыстарын жүргізеді. Яғни сол науқаспен қарым-қатынаста болғандарды анықтайды. Ал аймақтық емханадан дәрігер барып бәрінен анализ алады.

– ПТР тест тапсырған адамнан COVID-19 аурушаңдығы анықталды делік. Әрі қарай ол адамға СЭС не істейді? Отбасына, қатынастағы адамдарға ше? Тест  нәтижесі шыққаннан соңғы СЭС әрекеті қандай?
– Егер науқастан оң нәтижелі ПТР шықса, біздің басқармаға шұғыл хабарлама мен науқастың зертханалық нәтижесі жіберіледі. Шұғыл хабарлама алған кезден, департамент және аудандық басқарма мамандары эпидемиологиялық тексеріп-зерттеу жұмыстарын бастайды. Егер науқаста симптомды түрі болса,  жұқпалы аурулар ауруханасына  жатқызылады. Симптомсыз жағдайда науқас үй  карантинінде қалдырылып, медициналық ұйымдардың бақылауында 14 күндік карантинде болады. Ошақта науқаспен тығыз қарым-қатынаста болғандарды анықтап, карантинге жіберіледі. Қарым-қатынастағыларды КВИ аурушаңдығының алдын алу мақсатында 3-ші және 12-ші күндері зертханалық ПТР-ге сынамалар алынады. Сонымен қатар науқастың жұмыс орнындағы қарым-қатынастағылар саны анықталып, жұмыс істейтін мекемеге санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысымен 14 күндік карантинге қаулы шығарылады. Науқас ауруханаға жатқызылған  жағдайда және науқастың жұмыс орнына қорытынды залалсыздандыру жүргізу үшін  дезинфекция орталығына сұраныс беріліп, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізілуін қадағалайды. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандарының тарапынан ошақтың эпидемиологиялық тексеру  картасын рәсімдейді. Карантин жүйесін бақылайды.

– Абай ауданы бойынша бүгінгі ахуал қандай? Індеттің кең таралмасы үшін қандай іс-шаралар жүргізіліп жатыр?
– Қазіргі таңдағы мәлімет бойынша Абай ауданының тұрғындар арасында жыл басынан бері жалпы коронавирус инфекциясының 745 жағдайы тіркелді. Оның симптомдысы - 410, симптомсызы - 335 жағдай. 18 жасқа дейінгі жас арасында 164 жағдай тіркелді.

Қала тұрғындары мен қонақтары қолданыстағы қаулыларда көрсетілген карантин және шектеу шараларын сақтамау салдарынан  Шымкент қаласы «қызыл» аймаққа енгізілгені белгілі. Осыған байланысты санталаптар да күшейтіліп отыр.

Сала мамандары ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің «Карантиндік шектеу шаралары және оларды кезең-кезеңмен жеңілдету туралы» қаулысын және Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулыларын негізге ала отырып әрекет етуде. Мысалы, Абай аудандық полиция қызметкерлері, аудандық әкімдік және санитариялық-эпидемиологиялық басқарма мамандарынан құрылған 6 мобильдік топ күнделікті жеке кәсіпкерлерге  санитариялық-ағарту жұмыстарын жалғастыруда.

Халық арасында COVID-19 коронавирустық инфекциясының  таралуының алдын алу, болдырмау үшін карантиндік шектеу іс-шараларын қамтамасыз ету жұмысы тоқтаған емес. Ал карантин режимінің талаптарын  қайта-қайта өрескел бұзған  нысандарға, атап айтқанда «Әл-Акрам» тойханасының жалға алушысына ҚР ӘҚБтК 462 бабы 3-бөлігі негізінде  мамандандырылған әкімшілік сотқа  іс-құжат тапсырылып, сот шешімімен  жұмысын уақытша 1 ай мерзімге тоқтату туралы және  айыппұл салынып, шешім шығарылды. Сонымен қатар мониторинг тобының анықтаған кемшіліктері бойынша Шымкент қаласы Абай аудандық полиция басқармасынан келіп түскен баянаттар бойынша да ҚР ӘҚБтК 425 бабы 1-бөлігі негізінде  әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, айыппұлдар  салынуда.  

Абай аудандық полиция басқармасынан 2021 жыл басынан  бүгінгі күнге дейін 437 баянат келіп түсті. Ұйғарым талаптарын орындамай, карантин режимінің талаптарын  қайта-қайта өрескел бұзған  нысандарға, атап айтқанда «Малибу», «Асем ана», «Омархан ата» кафелерінің жеке кәсіпкерлеріне  ҚР ӘҚБтК 462 бабы 3-бөлігі негізінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
Бақылаушы және қадағалаушы орган ретінде аудандық басқармалардың қызметкерлері карантиндік режимді сақтау үшін өз деңгейінде санитариялық-ағарту жұмыстарын жүргізу күшейтіліп, атап айтқанда  аудан аумағында орналасқан газ, электр қуатын, су төлеу кассалары, халыққа қызмет көрсету орындары, кеңсе,  несиелік кредит  төлеу банк бөлімшелері, «Халық банкі», Асқаров, Гагарин көшелерінде орналасқан  «Казпошталар», Темірлан тасжолы бойында орналасқан «Тамерлан Моторс» , «Тулпар Моторс» автосалондары, «Колесо КZ» және «Бекжан» сауда орталығында орналасқан автоцон мекемелерінің қызметкерлеріне және қоғамдық автокөліктер жүргізушілеріне, жолаушыларға карантин талаптарын қатаң сақтау жөнінде санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргізді. 


 

Өз бетіңізше ем жүргізбеңіз...

Талғат СЕРМАНИЗОВ, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы:

– Аудан көлемінде «COVID-19»  ауруымен бүгінгі таңға дейін 278 жағдай, оның ішінде клиникалық белгісі жоқ 93 жағдай тіркелген. Әрбір тіркелген жағдайға басқарма мамандары арнайы сақтану костюмдерін  киіп, ошақты зерделеуге барады. Осы мезетте ошаққа жедел жәрдем мамандары немесе аумақтық емханадан мобильді топ мамандары да келеді.

Аурудың клиникалық белгілері орын алған жағдайда науқас тез арада жұқпалы аурулар ауруханасына немесе қалалық провизорлық орталықтарға емделуге жатқызылады. Ауруда клиникалық белгілер болмаса отбасында 14 күн күнделікті хабар алу арқылы бақылауға алынып, науқасқа санитариялық талаптарды сақтау бойынша маман кеңесі беріледі.

Ал егер науқас ауруханаға жатқызылса арнайы мамандандырылған залалсыздандыру мекемелерінің мамандарымен залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі.

Ең бастысы «COVID-19» вирусы анықталғанда науқас өздігінен ем-дом жасамағаны абзал. Медицина маманының ұйғарымын күткені жөн. Әрі орынсыз қобалжып даурығудың да қажеті жоқ. Мейлінше сабырлық сақтап, тиісті ем қабылдауға, өкпені тыныс алдыратын жаттығуларды жиі жасағаны артықтық етпейді.


ПТР өтпеген жолаушылар оқшауланады

Мұрат БЕЙСЕНБАЕВ, Шымкент қаласы Еңбекші ауданы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы:

–Еңбекші ауданы бойынша жыл басынан бері COVID-19 коронавирус инфекциясы ауруымен 327 жағдай тіркелді. Оның 115 жағдайында  симптомсыз түрі байқалған. Санитариялық-гигиеналық бөлім мамандары коронавирус инфекциясының алдын алу бойынша тұрғындар  арасында және аудан көлемінде орналасқан жеке кәсіпкерлік нысандарда COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында  бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып, халық арасында санитариялық-ағарту жұмыстарын жүргізуде.

Шымкент қаласына шетелден әуежай арқылы келген барлық жолаушылардың COVID-19-ға зертханалық тексеру нәтижелерін тексеріп, ПТР тестілеуден өтпеген жолаушыларды карантиндік провизорлық орталықтарда тексеру нәтижесін алғанға дейін оқшаулауды қамтамасыз етудеміз. 

Аудан көлемінде арнайы құрылған мобильдік топтың жұмыстары барысында карантин шаралары мен карантин режимдерін сақтамаған нысандар мен жеке тұлғаларға Еңбекші ауданының полиция қызметкерлерінен келген баянат, шұғыл хабарлама негізінде ӘҚБК 425 бабы 1 бөлігіне сай Әкімшілік құқық бұзушылық
туралы хаттамалар толтырылуда.

Карантин шараларын өрескел бұзған нысандарға тексеру туралы акт тағайындалып, жоспардан тыс тексерулер жүргізудеміз.

Ал COVID-19 ауруымен тіркелген ошақтарға басқарма тарапынан дезинфекциялық іс-шаралар жүргізетін арнайы мекемеге хат жолданып, нормативтік құқықтық актілерде көзделген тәртіп бойынша жүргізілуі
бақылауда.


Ковидпен ауырған науқаспен қарым-қатынас болғанда...

Айнұр ПЕРНЕЕВА, Шымкент қаласы Қаратау ауданы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы:

– Шымкент қаласы Қаратау ауданы бойынша 2021 жылдың басынан бері бүгінге дейін барлығы 831 адамда COVID-19 індеті анықталып, тіркеуге алынды. Жалпы ошақ саны  562. Тіркелгендердің ішінде 340 науқас ауруханаға жатқызылған. Өкінішке қарай, олардың  14-ін аман алып қалу мүмкін болмады. Дәрігерлер қолдағы бар мүмкіндікті жасағанымен ағзаға дендеп енген вирустан қайтыс болғандар бар.

Ауруханаға жатқызылған науқастың оқшауланған ошақтарында  Түркістан облысы бойынша дезинфекция орталығының филиалына тапсырыс түсіру арқылы залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. 2021 жылдың 3 айында Қаратау ауданы бойынша барлық ошақта залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.

Айта кету керек, COVID-19 – SARS-CoV-2 деп аталатын жаңа коронавирусқа ұласатын ауру. ДДҰ жаңа вирус туралы 2019 жылдың 31 желтоқсанында  Қытай Халық Республикасының Ухань қаласында «вирустық пневмония» ауруының жағдайы туралы хабарламадан білді.  COVID-19-дың кең тараған клиникалық белгілеріне: безгек, құрғақ жөтел, шаршағыштық жатады. Науқастарда кездесетін басқа да аса кең тарамаған белгілеріне: иіс сезбей қалу, дәм сезудің жоғалуы, мұрынның бітелуі; конъюнктивит (немесе көздің қызаруы), тамақтың ауыруы, бас ауруы, бұлшықет пен буындардағы ауру сезімі, терідегі әр түрлі бөртпелер, лоқсу немесе құсу, диарея,  қалтырау немесе бас айналу жатады.

Санитариялық гигеналық қадағалау бөлімі мамандарының қатысуымен аудан көлемінде орналасқан нысандарда коронавирустың алдын алу бойынша санитариялық ағарту жұмыстары жүргізілуде.
 Егер COVID-19 аурушаңдығы зертханалы дәлелденіп, анықталса, ең алдымен аймақтық емханаға дәрігердің кеңесіне жүгіну қажет. Өздеріңіз білетіндей, Ковид аурушаңдығы симптомды немесе симптомсыз болып келеді.

Мысалы симптомды түрінде өткір респираторлы жұқпаға ұқсас дене қызуы көтеріледі, тамақ ауырсынуы, жөтел, дене қақсап, әлсіздік, тамаққа тәбеттің төмендеуі және дәм, иіс сезбеу болады. Ал симптомсыз науқаста аурудың белгілері жоқ болғандықтан зертхана арқылы анықталады.

COVID-19 ауруы анықталған науқас симптомы болған жағдайда ауруханаға жатып, толық емін алуы тиіс. Симптомсыз анықталған науқас үй жағдайында оқшауланып, 14 күнге үй карантинінде болуы шарт, және науқаспен үй ошағында немесе жұмыс, оқу орнындағы қарым-қатынаста болғандар зертханалық сынамаға 3 және 12 күндері ПТР тест тапсырып,  теріс анықталған жағдайда  жұмысқа рұқсат беріледі.

COVID-19 ауруының алдын алудың ең маңызды әрі сенімді жолы ауруға қарсы вакцина салдыру. Тұрғындардың вирусқа қарсы жаппай Вакцина салдыру нәтижесінде ғана бұл індеттен құтылып, қалыпты өмірге қайта ораламыз.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.