ЖАҢА КӘСІПКЕ – АЗ УАҚЫТТА Избранное

Среда, 21 Апрель 2021 04:14 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1251 раз

«Еңбек» бағдарламасының негізгі бағыттары

Үшінші мегаполисте «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының аясында ауқымды жұмыс атқарылуда. Бағдарлама аясындағы шараларды Шымкент қалалық әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы жүзеге асырады. Ол туралы толығырақ бізге жұмыспен қамту орталығы баспасөз қызметінің жетекшісі Майя Алибжанова айтып берді.

651

 

Жалпы, «Еңбек» бағдарламасының үш бағыты бар. Бірінші бағыт – бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету. Бұл бағыт бойынша Шымкентте биыл 2500 адамды қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберу жоспарлануда.

652


– Биылғы қысқа мерзімді кәсіптік оқытуда үйретілетін 30-дан астам мамандық тізбесі бекітілді. Олардың арасында дизайнер, кондитер, тігінші, автоэлектрші, тас қалаушы, кран машинисті, визажист, шаштараз, аспаз және т.б. сияқты мамандықтар бар. Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға қатысатын тұрғындарға оқу барысында ай сайын 17 мың теңге мөлшерінде стипендия төленеді, – деді Майя Смағзамқызы.
Жұмыспен қамту орталығы мамандарының мәліметінше, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту топтардың жинақталуына қарай жүзеге асырылады. Оқимын деген жерлестеріміз қалалық жұмыспен қамту орталығына келіп, құжат тапсыруы тиіс. Ол құжаттар:
1.Жеке басын куәландыратын құжат;
2. Еңбек кітапшасы (болған жағдайда);
3.Білім туралы құжаттың (аттестат, куәлік, диплом, сертификат) көшірмелері;
4.№907 бұйрықпен бекітілген денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттамасының №086-У нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы анықтаманың көшірмелері қатысушылардың құрамына қосу туралы шешім қабылданғаннан кейін қосымша ұсынылады (көшірме).
5. 20 сандық банк реквизиті (Jusan Bank).
Айта кетейік, «Еңбек» бағдарламасының кәсіптік оқыту бағыты мамандарды кәсіптік тұрғыда даярлауды, қайта даярлауды және біліктілікті арттыруды қамтиды. Бағдарламаға жұмыс қарастырып жүрген азаматтар болашақ жұмысына қажет кәсіптік біліктілігі болмаса немесе лайықты жұмыс таңдау мүмкін болмағанда қатыса алады. Немесе кәсіптік дағдыларға сай келетін жұмыстың болмауына байланысты мамандығын өзгерту қажет болуы мүмкін. Сонымен қатар бұрынғы мамандығы бойынша жұмысты орындау қабілетін жоғалтқан азаматтар да халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша кәсіптік оқуға қатыса алады.
– Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген 18 жастан асқан және зейнет жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады. Назар аударатын жайт, студенттер қатыстырылмайды. Оқуын тәмамдаған азаматтар біліктілік куәліктерін алады. Сол құжат арқылы ол мемлекеттік грантқа және жылдық пайызы 6%-дан аспайтын шағын несиеге құжат өткізе алады, – деп
қосты Майя Алибжанова.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Орталық мамандарының мәліметінше, жыл басынан бері әзірге 1 азамат шағын несие алған. Ал жуырда жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарды 600 адамға үйлестіру жоспарлануда.
– Грантқа алу үшін тиісті курс оқу керек. «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқуға біздің орталық тарапынан 1900 адамды жолдау жоспарлануда. Биылғы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты азаматтарға жолдама беру онлайн форматта жүзеге асырылады. Үміткерлерден құжат (жеке құжаты мен өтініші) Telegram желісіндегі @BastaubusinessBot ботында 1900 азаматтан өтінім түскенге дейін қабылданады. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы тарапынан оқытылатын 21 күндік оқу курсы 26 сәуірден басталады. Азаматтар өтінім беру мерзіміне қарай бекітілген оқу кестесіне сәйкес оқуға жолданады. Құжаттарды тапсыру бейнеролигінің үлгісі
қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының Instagram-дағы zhumispen.kamtu және Facebook-тегі «Шымкент жұмыспен қамту орталығы» парақшаларында көрсетілген,– деді Майя Смағзамқызы.
Бұл оқу курстарына мына азаматтар қатыса алады:
* Жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген-тіркелмегеніне қарамастан жұмыссыздар, кәсіпкерлік әлеуеті бар және ауылды елдімекендер мен аудан орталықтарында тұратын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар;
* ауылды елдімекендерде, қалаларда, оның ішінде моно және шағын қалаларда тұратын адамдар;
* мүмкіндігі шектеулі жандар (егер медициналық қорытынды бойынша денсаулығы еңбек міндеттерін орындауға кедергі келтірмесе, не олардың денсаулығына және (немесе) басқа адамдардың еңбек қауіпсіздігіне зиян келтірмесе);
* 50-ден асқан адамдар;
* жастар, сондай-ақ, NEET санатындағы жастар;
*табысы аз және/немесе көп балалы отбасылардың мүшелері;
* ауыл шаруашылығы кооперативтері және олардың зейнеткерлік жасқа жетпеген мүшелері;
* қоныс аударушылар және оралмандар.
Бағдарлама аясында оқуды бітірген қатысушыларға сертификат беріледі.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағыты – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту. Бұл бағыт бойынша жыл соңына дейін 21 842 жұмыссыз азаматты жұмыспен қамту жоспарланса, нақты жыл басынан бері 5 885 адам қамтылды. Атап айтқанда бос жұмыс орындарына – 2430 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 109, «Жастар практикасына» – 568, ақылы қоғамдық жұмыстарға 2778 адам жолданды. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі 229 азамат жұмыспен қамту шараларына жұмылдырылды.
– Өңірімізде бірнеше жылдан бері кең таралған «Жастар практикасына» тоқтала кетсек, ол – жас түлектерге арналған, арнайы не жоғары оқу орнын бітірген, жасы 29-ға толмаған, өз мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ азаматтарға арналған мемлекеттік бағдарлама. Түлектің оқу аяқтағанына 3 жылдан аспауы керек. Бұл бағдарлама бойынша жалақы мемлекет тарапынан төленеді. Биыл оның мөлшері – 25 АЕК. Бағдарламаға азамат бір-ақ рет қатыса алады. Жұмыс алты айға арналған. Онда жас маман өз мамандығы бойынша тәжірибе жинайды. Егер жұмыс берушінің көңілінен шығып жатса, 1-2 айдан соң-ақ, сол жерге тұрақты қызметке тұруына болады. Ал егер 6 ай бойы өзін көрсете алмаса, жұмыспен қамту орталығына қайта келіп тұрақты жұмыс іздейтін болады, – дейді Майя Алибжанова.
Ал «Қоғамдық жұмыс» бағытының негізгі шарты – өтінім берушілердің біліміне, жұмыс тәжірибесі маңызды емес. Онда қатаң талаптар жоқ. Бұл бағыт бойынша азамат 12 айға (жылдың соңына дейін) арналған уақытша жұмыспен қамтылады. Мұнда да жалақыны мемлекет төлейді, оның мөлшері – 72 мың теңге.
Үшінші бағыттағы әлеуметтік жұмыс орындарының өз ерекшелігі бар. Мұнда жұмыс берушілердің тарапынан штаттан тыс, қосымша орындар ашылуы керек. Бұл бағыт бойынша жіберілген жандарға төленетін жалақының 35 пайызы ғана мемлекет тарапынан төленеді, тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» ҚР Заңында айқындалған ең төменгі
жалақы мөлшерінен аспайды. Әлеуметтік жұмыс орындарына азаматтар мамандығын растайтын құжат (куәлік, диплом) бойынша жіберіледі.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.