Версия для печати

Асқаровтың №1 көмекшісі

Среда, 14 Апрель 2021 03:49 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3557 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Исмат Тұрсынқұлов – ОҚО, Қазығұрт ауданы, «Алтынтөбе» кеңшарында 1941 жылы туған. Қазақ Ауылшаруашылығы институтын бітірген соң, еңбек жолын өз мамандығы бойынша «Сельэнерго» электр жүйелерінің Жамбыл, Қаратау басқармаларында бастады. Сосын Шымкент облыстық комсомол комитетінің нұсқаушысы, Ленгір аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, облыстық партия комитеті қаржы-шаруашылық бөлімінің меңгерушісі, Алғабас аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық ауыл шаруашылығы департаментінің бастығы қызметтерін атқарған.
Бүгінде мерейлі сексен жасқа толып отырған ағамызбен өткеннің естелігін шертіп, аз-кем сұхбаттасқан едік.

615

 

– Исмат аға, кезінде лауазымды қызметтер атқарып, облыстың, Шымкент қаласының өсіп-өркендеуіне бір кісідей атсалысқан азамат екеніңізді жақсы білеміз. Сіздің замандастарыңыз әлі де қоғамдық өмірде белсенді. Түрлі жиын, кездесулерден қалмай, төбе көрсетіп қояды. Сіз көрінбей кеттіңіз ғой...
–Құдайдың бұйыртқан өмірін сүріп жатырмыз. Біраз жыл «Ауыл» партиясының біздің облыстағы филиалын басқардым. Өз басым мақтансүйер емеспін. Сол себепті көп ретте ана жер, мына жерге барып іс-шара ұйымдастырушыларды жалаң мақтап жүргенді қаламаймын.

614


– Дегенмен, алдынғы буын ағаларды айтпағанда өмір тарихыңыздан хабардар болған жастардың өзі бір кездері Асқаровтың №1 көмекшісі болған азамат жайлы көбірек білгісі келеді…
– Жоқ, мен жайлы емес, әңгімені Асанбай ағамыз жайында айтайық.
– Өзіңіз жайлы айтуға неге сараңсыз?
– Мен жайлы көбірек білмек болсаң «Шуақты өмір» атты кітабымды сыйға берейін, соны оқып танысарсың. Ал оқырманыңа Асанбай Асқаров жайлы көбірек айтқан орынды болар.
– Онда айтыңызшы, Асанбай аға басшы ретінде қандай еді?
– 1978 жылдан 1980 жылға дейін Асанбай ағамыздың көмекшісі болдым. Менен кейін ол кісіге, әр жылдары Жармахан Тұяқбаев, Жеңісбек Мәуленқұлов, Әбдіқадыр Мәмбетов көмекші болды. Бәлкім, сосын да шығар, ел мені Асқаровтың №1 көмекшісі деп жүргені. Жалпы басшы ретінде Асанбай ағамыз өте сауатты, көп қырлы азамат болатын. Ол кісі барлық саладан хабары болуымен ерекшеленетін.
Өзі ауылшаруашылық саласын жіті меңгергендіктен болар, бір ғана біздің облыстың жағдайын талдай отырып, «мысалы дәл осындай жағдайда отырған Алматы облысында былай екен, Жамбыл облысының көрсеткіші мынадай екен» деп өзге облыстардан дәйек, дерек, мысал келтіріп отырушы еді. Мұнысы біздің мамандарға үлкен өнеге, сабақ болғаны рас. Облыстағы шаруашылықтарды аралап жүрген бір сапарымызда «Талдықорғанда жүгері егіп, мол өнім жинап, табысқа жетіп отыр. Дәл сондай климаттағы біздің өңірде неге осы жүгеріні қолға алмасқа» деді. Мамандар мұның мүмкіндіктері барын мойындады. Соның арқасында біздің облысымызда да жүгері егумен айналысатын шаруашылықтар пайда болды.
– Естелік кітаптарын оқып отырсақ, Асқаровтың тарихқа, әдебиетке қызығушылығы жоғары болғанын аңғарамыз. Қым-қуыт тірлігі көп өңірді басқарып отырған азаматтың кітап оқуға уақыты табылғаны таңқалдырады...
– Ия, ол кісі өте көп оқитын. Айтып отырмын ғой, сұхбаттасқан адамымен кез-келген тақырыпта әңгіме-дүкен құра алатын. Тарихты өте жақсы білетін. Ал, әдебиеттен Лермонтовты, Пушкинді, Есенинді жиі оқитыны есімде. Ол жылдары кітап сөрелерінде орыс тілді әдебиеттер көп болушы еді ғой. Соған қарамастан қазақша әдеби кітаптарды іздестіретін. Абайдың, Әуезовтың шығармаларын бірнеше қайтара оқып жүргенін байқағаным бар. Шығыс шайырларының да шығармаларын іздеп оқитын-ды. Фердауси, Әлішер Науаи шығармаларынан үзінділер айтып отыратын.
Әлі есімде Бабырнаманың екі томдығын Өзбекстаннан арнайы тапсырыспен алдыртқаны бар. Ал өздеріңіз білесіздер, Асанбай ағамыз зейнеткерлікке шыққан соң да осы әдетінен жаңылған жоқ, тарихымызды, өнерімізді түгендеуге мұрындық болды. «М.Х.Дулати атындағы» қор құрып, өмірінің соңына дейін сол қорды басқарды. Бұл игі ісінен де ілік іздеушілер табылмай қалған жоқ. «Өзі Дулат болған соң, Дулати қорын құрды, соны басқарды» деген ой-санасы таяз азаматтар табылды. Тарихқа жүгінетін болсақ, М.Х.Дулатидың заманында қазақтың рулық жүйесі әлі қалыптаса қоймағаны белгілі. Осыны білмейтіндер Асанбай ағамызға күйе жағуға тырысты.
– Күйе жағу дегеннен шығады, 1986 жылғы желтоқсанның ызғары Асқаровты да айналып өтпегені бар. Абақтыға жабылғанын көзіқарақты оқырманның барлығы біледі. Бұл қуғындау Асқаровтың №1 көмекшісіне де өз салқынын тигізген болар? Сосын Асанбай ағаны өзінің қоластындағы қызметтестері «сатты» деген сөз бар. Арызға қол қойғандар кімдер еді? Солар туралы айта аласыз ба?
– Жоқ!
– Неге?
– Оны Асанбай ағамыз өзінің кітабында айтып қойған жоқ па? Қызыққан адам сол кітапты оқып-ақ біле жатар. Асқаровтың өзі-ақ жазып кеткен кімнің кім екенін. Кімдер адал болғанын, кімдерге сенім артқанын.
– Ия, ол кітапты оқығанмын. «Осыларға дәйім сенім артамын» дегендердің сапында Сіздің де аты-жөніңіздің барын білемін. «Асқаровтың сенімді өкілі» болғаныңыз үшін кейін қуғын көрген жоқсыз ба?
– Тікелей «Асқаровпен жақын болғаның үшін» деп айтпаса да, түрлі қысымдар жасалғаны рас. 1985 жылы Мәскеуден келген тергеушілер құйтырқы әрекеттермен, әбден тергеуге ала бастады. Бірақ, менен ешқандай ілік таппады. Сондықтан да болар, мен одан әрі қарай ауданда қызметімді жалғастыра бердім. Дегенмен, мені қудалау 1988 жылы, облысқа Төлебеков басшы болып келген соң басталды. Облысқа кадрлар солтүстік жақтан келе бастады. Өзіміздің мықты, іскер жігіттер лауазымды қызметтерінен айырылып, іске жарамсыз деп танылып жатты.
Орыстілді кадрларға басымдық берілді. Мен басшылық жасап жүрген Алғабас ауданының көрсеткіштері төмендеп кетті деп дәйексіз айыптаулар айтылып, сын тағыла бастады. Кейін білдім ғой, Алматыда қарап отырыпты, «Асқаровтың адамдарынан кім қалды, кім кетті?» деп. Қисынсыз сын тағыла бастаған соң, «орным керек болған шығар» деп түйдім де, қызметтен кету туралы арызымды жазып, кетіп қалдым. Алматыға жолым түсіп бір барғанымда, мені қудалаған сол кездегі лауазымды қызметкердің қабылдауына арнайы кірдім. «Сонда неге маған қисынсыз шүйліктіңіз?» дедім. Білгім келді, шынымен де мен басқарып отырған ауданда кемшілік болмаса да, не себепті қудалағандарын өз аузымен айтса екен дедім.
– Сонда не деді?
– Не дейді, заман солай еді ғой, саясат басқаша болды ғой деп міңгірлейді…
– Абақтыдан ақталып шыққан соң Асанбай ағамен қарым-қатынасыңыз қандай болды?
– Жақсы. Сол баяғыдай. Абақтыда жатқан кезінде де Асанбай ағаның үйіндегі Фатима апаймен хабарласып тұратынмын. Ағаның түрмеден жазған хаттарын оқып таңғалатынмын. Фатима апайды жігерлендіріп, жұбатып жазатын. «Түбінде бәрібір мен ақталамын, бала-шағаға бас-көз бол, солар жаман жолға түспесін» деген қамқорлыққа толы хаттары Асқаров әулетіне ғана емес, барлығымызға жігер, күш бергені рас. Түрмеде де неше түрлі қылмыскер, баскесерлермен бір торда жатып, оларға руханият, әдебиет, тарих, өнер турасындағы ойларын айтып отырады екен. Пушкин, Есенин, Абайдың өлеңдерін жатқа оқып беріп, оларды таңқалдырғанын кейін өзі күліп еске алатын-ды. «Абақты абыройымды көтерді» дейтін қалжыңдап.
– Асқаровтың Шымкент қаласын дамыту үшін жасаған жақсы ісі көп екенін білеміз. Көптеген зәулім ғимараттар, мәдени орындар сол кісінің тұсында салынған. Осындай азаматтың ісін қайталағандардың сапында облыстың кейінгі басшылары арасынан кімдерді ерекше атар едіңіз?
– Облысты, Шымкент қаласын басқаруға келген азаматтардың барлығы да өз хәлдерінше өңірді түлетуге тырысқанын жасыруға болмайды. Бердібек Сапарбаев әкім болғанда «Асанбай ағамен хабарластым. Осында келгенімді айттым. Облысты түлетуде айтқан кеңестерін құп алдым» дегені бар. Негізі Бердібек Мәшбекұлы көп іс тындырды. Ал Асқаровтай құрылысты жандандырған басшылардың бірі – Болат Жылқышиев. Болат әкім болған тұста Шымкент қаласындағы Д.Қонаев гүлзары даңғылға айналды. Көркейді, көріктенді. Бүгінде көз қуанышымыз болып отырған «Нұрсәт» шағынауданы бой көтерді.
Одан кейін басшы болған Өмірзақ Шөкеев аз уақытта талай өзгеріс жасағанын ерекше атап айтқан жөн. Облыс орталығы гүлденіп, реңі ашылды. Бұл Өмірзақтың елеулі еңбегі. Асқар Мырзахметовтің де талай ісі қалды. Ел айта жүретін қолтаңбасы Шымкентте сайрап тұр. Әсіресе, ерекше риза болатыным Асанбай ағамыз ашқан Дендросаябақты ретке келтіріп, қаншама жылдан соң қайта түлетті.
Қазіргі қала басшылығы да дендросаябақты ретке келтіру мәселесіне ұдайы көңіл бөліп отыратынын БАҚ беттерінен оқып біліп жүрмін. Шымкентті көркейту бойынша жасалынған жоспарлардың жүзеге асқанын құптаймын. Тұрғындарға саялы гүлзарлар, өмір сүруге ыңғайлы тұрғын үй кешендері, көп әуреге салмайтын қызмет көрсету орындарының жұмысы жақсарса, одан артық не керек?!
Менің білетінім, Шымкентті басқарған азаматтардың қай-қайсысы болмасын қаланы көркейтуге күш салады. Тек соны бағалай білсек болғаны.
– Аға, сұхбатыңызға рақмет!
– Сендерге де рахмет. Оқырмандарың көбейе берсін.

Последнее изменение Четверг, 15 Апрель 2021 05:34