Версия для печати

Картамызды «қымтап» ұстайық Избранное

Пятница, 09 Апрель 2021 03:25 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4176 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Цифрлы дәуір, заманауи технология. Соңғы жетістіктер адамзатқа қызмет етіп келе жатқаны қашан. Әсіресе, 2020 жылғы пандемия кезіндегі карантинде онлайн сауда жасау көлемі еселеп артты. Қашықтан тауар алып, қолымыз ұзарып қалғаны рас. Дегенмен, таяқтың екі ұшы болатынын да ұдайы есте сақтап жүруіміз керек.

 

604

Бұл ой неден шықты? Әлеуметтік желідегі чатта таныс жігіт күдіктімен хат алмасуының скринін бөлісті. Оның жиі қолданып жүрген хабарландыру сайтында сатпақ болған телефоны туралы хабарласқан әлдебіреу ары-бері алдаусыратып көріпті. Сондағысы ақшасын алдын ала төлеп, телефонды жеткізу қызметімен алдырмақ. Ол үшін сілтеме жіберіп, соған өтуді сұраныпты. Бірақ, интернет алаяқтықтан хабары бар жерлесіміз сыр бермеген. Сол-ақ екен, чаттағы бірнеше қатысушы да жақын күндері осындай жағдайға тап болғандарын жеткізген. Бір қызығы, екі адамға бір нөмірден жазылған. Яғни, алаяқ нөмірін ауыстыруды ойлап та жатпай, құнды заттар сатып отырған адамдармен шетінен хабарласып келе жатыр деген сөз.

Қазіргі таңда жалпы алаяқтық, оның ішінде интернет алаяқтық қылмысы өршіп тұр. Телефонның арғы жағында отырып-ақ қаржымызға қол салып, опық жегізіп кеткісі келетіндер көбейді. Және әдістері де күн сайын құбылып отырады. Соның негізгілеріне тоқталып өтсек.

Ең көп тарағаны – сату-сатып алу сайтына қойған дүниеңізді алыстан ақшасын төлеп, жеткізу қызметімен аламын деушілер. Олар майда тілмен сенімге кіріп, басқа қаладан хабарласып тұрғанын, тауарды келіп көрмей-ақ, ақшасын төлеп, сатып алатынын айтады. Сәлден соң ақшаны аударып жібергенін, енді оны өзіңізге алу үшін сілтемеге кіру керегін айтып, сілтеме жібереді. Міне, осы тұста әңгімені шорт кесу керек. Себебі, аударылған ақша бірден шотымызға түсетіні белгілі. Ал оны алу үшін күмәнді сілтемеге кірсек, карточканың 12 нөмірімен қоса жарамды мерзімі, аты-жөніңіз бен сыртындағы cvv кодты енгізуді сұрайды. Ақша сол кезде түседі-міс. АЛ ОЛАЙ ЕШУАҚЫТТА ІСТЕУГЕ БОЛМАЙДЫ!

Соңғы кезде жиілеп кеткен алдау әдісінің бірі – телефонға банк қызметкерінің атынан қоңырау шалушылар. Олар бастырмалата, өзіне сенімді сөйлеп, белгілі бір банктің қауіпсіздік қызметкерімін деп таныстырады. Сол сәтте сіздің атыңыздан басқа біреу ірі сомаға несие рәсімдеп жатқанын, келеңсіздіктің алдын алу мақсатында ақшаны резерв шотқа аудару керек екенін айтады. Ол үшін «Телефоныңызға смс-код барады, соны маған қазір айтыңыз» дейді. Тағы да stop! Дәл осы сәтке жеткенде телефон тұтқасын тастай салыңыз. Себебі, сіз үшін келеңсіздік деген – осы. Ары қарайғы әңгіме бос әрі сіздің қаржыңыз үшін қауіпті болуы мүмкін. Себебі, банктің нағыз қызметкерлері ЕШҚАШАН смс-кодты сұратпайды. Айта кету керек, расында, біреудің атынан біреу білдірмей несие алып, тақырға отырғызып кету жағдайлары кездесіп тұратыны да таңсық емес. Осыдан сақтанам десеңіз, банктің көпшілікке белгілі call-орталығына қоңырау шалған жөн.

Алаяқтар неліктен смс-код сұрайды? Негізінен, мобильді банкинг жүйесіндегі сіздің жеке кабинетіңізге кіру үшін. Мобильді қосымшаға кіретін құпия сөзді кейде ұмытып қалатынымыз бар. Сол кезде не істейміз? Қосымшаға кіріп, телефон нөмірімізді теріп, «Парольді ұмыттым» батырмасын басамыз. Сізге хабарласып тұрған алаяқтар да дәл осы функцияны қолданбақ болады. Оларға сіздің телефон нөміріңіз белгілі, ендігі қалғаны – парольді ұмытқан кезде жаңалау үшін қажет смс-код. Міне, сіз пароліңізді ұмытпадыңыз, жайбарақат отырған сәтте сырттан біреу сол қызметті пайдаланып, сізді алдаусыратып отырып, смс-кодты біліп алғысы келеді. Себебі, смс-код келетін нөмір әзірге сізде. Ол смс-ті бердім дегенше алаяқтар бірден жеке кабинетіңізге кіріп, парольді ауыстырып, бар ақшаны өздеріне аударып алады.

Жалпы, мобильді банкинге қатысты мәліметтер алаяқтардың қолына қалай түседі? Ол енді өз алдына бөлек әңгіме. Цифрлы заманда адамдар туралы цифрлы мәліметтер сатылатын немесе ұрланатын құнды ақпаратқа айналғаны қашан. Суық қолдылар адамдардың ЖСН, телефон нөмірін, аты-жөнін, аккаунттары мен басқа да мәліметтерін іздеп жүріп жинайды, сатып алады, ұрлайды. Түрлі әлеуметтік желі, платформалар, сайттар мен мобильді қосымшаларға кіреміз, қолданамыз. Сол кезде қалдырған мәліметтеріміз бен парольдерімізге аса мұқият болып, екінші біреуге білдіруге болмайды. Дегенмен, өкінішке қарай, мұндай жеке мәліметтерді сататындар да жеткілікті. Осынау жеке мәліметтерді мұқият жинастырған немесе сатып алған, әйтеуір қолға түсірген алаяқтарға енді тек телефон нөміріне келетін смс-код қана қажет. Осыдан келіп сізге телефон шалады...

 

card

 Кейде өзіміздің жеке мәліметімізді өзіміз байқамай жариялап қоятынымыз да бар. Мысалы, әлеуметтік желіде қайырымдылық мақсатта қаржы жинамақ болып, жеке картамыздың суретін саламыз. Немесе кафе-ресторанда тамақтанып отырғанда есеп айырысатын сәт келгенде даяшыға карточканы беріп жібереміз, ол кассаға барып, төлеп, чекті әкеліп береді. Міне, киберқауіпсіздік мамандарының айтуынша, бұл – өрескел қате.

– Себебі, банк карточкасынан ақша ұрлау үшін алаяққа бірнеше мәлімет қажет. Олар – карточканың 12 цифрлы нөмірі, жарамдылық мерзімі мен иесінің аты-жөні және, ең бастысы – картаның сыртындағы cvv-код. Ал картаның суретін жариялағанда бетіндегі 12 цифр, аты-жөні мен мен жарамдылық мерзімі бірден жария болады. Ал жаңағыдай кафе-мейрамханада ақысын төлеу үшін біреудің қолына ұстатып жіберген картамызды шырт еткізіп, суретке түсіріп алмасына кім кепіл? Енді сыртындағы cvv-код белгілі, түрлі интернет-дүкендер мен сайттарға картаның мәліметтерін толтырып, ақша жарата беруге болады. Ол үшін картаның өзі қажет те емес, тек суреті жеткілікті, – деді бағдарламашы Жанболат Амангелді.

Картаңыздағы қаржыңызға қол салатын алаяқтар қолданатын тағы бір әдіс бар. Яғни, телефон арқылы ақша ұрлағысы келетіндер кейде қоңырау шалмай, тек смс-хабарлама жіберуі мүмкін. Ол күнде қолданып жүрген банктің атынан келетін смс-ке өте ұқсас. Тек мұқият қарасаңыз, банктің немесе сайттың атының бір ғана символы немесе әрпі өзгерген. Яғни, жалған. Асығыс кезде оны көбіміз аңғармай, смс-тегі сілтемені басып кеп жібереміз. Бұл – фишинг-шабуылдың бір түрі. Ал сілтеме өту арқылы смартфондағы барлық жеке мәліметтер екінші біреудің қолына түседі.

Ондай қауіпті сілтемелер күнделікті кең қолданатын чаттар арқылы да жиі тарауда. Түрлі топтарда біреуден күмәнді сілтемесі бар смс келетіні есіңізде ме? Оны сол адам жіберді екен демеңіз. Күмәнді сілтемеге өткен соң вирусты сілтеме автоматты түрде сол адамның контактілерінің барлығына автоматты түрде тарайды. Бұрын осы арқылы вирус жұқтырып алудан қауіптенсек, енді ол жайына қалып, ақшамыздан айрылып қалмауды ойлайтын болдық. Сондықтан, қай жақтан келсе де кез келген сілтемеге өте беруге болмайтынын есте сақтаңыз. 

Чат дегеннен шығады, сол чаттарда мобильді қосымшадағы «картаның лимитін жауып жүріңіздер немесе ең төменіне қойыңыз. Әйтпесе, ақшаңызды ұрлайды екен. Құдамыздың көршісі солай пәлен теңгесінен айрылып қалыпты, біреу «шешіп» алыпты деген сипаттағы дауысты хабарлама есіңізде болар? Соған сеніп, картамыздың интернет саудаға арналған лимитін қаншамыз жауып тастадық. Оны ұмытып кетіп, ертеңіне бір зат ала қояйық немесе таксидің ақысын төлейін десең, төлем өтпейді. Неге? Себебі, лимитті өзіміз жауып тастадық. «Қап!..» деп алып, лимитті қайтадан аштық, ия? Асықпай отырсақ, бір сәрі екен, ал қауырт кезде, көліктен түсіп бара жатқанда немесе көшеде тұрғанда, кімді екені белгісіз, бір сыбап та алған боларсыз?

Ал бұл лимитті төлем жасайтын кезде ашып, одан кейін қайтадан жауып отырудың қажет шамалы. Жоғарыда айтылғандай, картаның 12 сандық нөмірі мен cvv-коды алаяқтардың қолына түспесе, болды. Картаңыздан ақша ұрлай алмайды.

 

alayak

 Сонымен, алаяқтар кімдер? Бұрынғыдай үй-үйді аралап, алдайтындар азайғандай болғанымен, енді телефонмен-ақ жер сипатып кететіндер көбейіп тұр. Олар, жоғарыда айтқандай, әр адамның жеке мәліметтеріне түрлі жолмен қол жеткізіп, соны өз мақсатына пайдаланатындар. Ең қиыны – мұндай алаяқтардың түрін көріп, түстемегеннен кейін, қолға түсіру қиын. Соны сезсе керек, былтырдан бері алаяқтар айылын жимай, көбейіп кетті. Мұны құзырлы орган өкілдері де нақтылап отыр.

– 2015-2018 жылдар аралығында Шымкент қаласында тіркелген алаяқтық қылмыс саны төмендеп келіп, ал 2019 жылдан бүгінгі таңға дейін көбеюде. Мысалы, 2020 жылы жалпы 3446 алаяқтық қылмыс тіркелген. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 29 пайызға артық. Ал биыл тіркелген алаяқтық қылмыс саны да 2020 жылдың тиісті мерзіміне қарағанда 29 пайызға көп. Олардың басым көпшілігі ішкі істер органдарында тіркелген, – дейді ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Шымкент қаласы бойынша басқармасының аға прокуроры Ақтоты Айменова. 

Құзырлы орган өкілдерінің мәліметінше, алаяқтарға көбінесе егде кісілер кісілер алдануда. Әсіресе, қаржылық, құқықтық сауаты төмен азаматтарға қиын. Сондықтан, тәртіп сақшылары әлеуметтік желі мен БАҚ беттерінде жиі-жиі алаяқтардан сақтану туралы хабарландырулар жариялап, ескерту роликтерін таратуда. Ал біз, өз тарапымыздан, жеке мәліметтеріне мұқият болып, ешкімге, ешқайда таратпағанымыз дұрыс. «Сақтансаң, сақтайды» деген сөз бар. Ендеше, картамыздағы қаржымызды «қымтап» ұстайық. 

Нұрлан БЕКТАЕВ

Последнее изменение Воскресенье, 21 Ноябрь 2021 12:32
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.